Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақша ою-өрнек түрлері және мағынасы

Опубликовано:

Ұлттық ою-өрнектермен безендірілген шаңырақ. Көрнекі сурет
Ұлттық ою-өрнектермен безендірілген шаңырақ. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ халқы қолөнерге бағзы заманнан ерекше мән беріп, оны күнделікті тұрмыс-тіршілігінің бір бөлігі санаған. Халқымызда киіз үйден бастап, оның ішіндегі әр бұйымға дейін шебер қолөнершілердің қолымен дайындалып, ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келген. Бүгінгі материалда қазақша ою-өрнектерге тоқталып, олардың қандай мағына беретіні жайлы әңгімелейтін боламыз.

Қазақша ою-өрнек түрлері

Қазақ халқы түркі тілдес халықтары арасында түрлі ою-өрнекке бай халық болып есептеледі. Ата-бабаларымыз ежелден ұлттық нақыштағы оюларды киім, үй жиһаздары, ат әбзелдері, күнделікті тұрмысқа қажет ыдыс-аяқ, зергерлік бұйымдар және т.б. пайдаланған. Бір қуанарлығы, олардың бірқатары қазіргі күнге дейін жеткен.

Ғалымдар қазақ халқының ұлттық ою-өрнектері Андронов мәдениетінен бастап, ежелгі сақ, ғұн, үйсін тайпаларынан бастау алып, жан-жануарлардың табиғи және фантастикалық бейне ретінде бейнелетінін айтады.

El.kz сайтында жарияланған "Қазақ халқының ою-өрнектері" атты Айжан Есеналинаның мақаласында ұлттық ою-өрнектер былай деп жіктеледі:

  • Ғарыштық, символ-белгілер: Күн, Күннің көзі, Ай, Айшық, айтаңба, аймүйіз, Шолпан, жұлдыз, жұлдыз гүл т.б.
  • Әлеуметтік символ мотивтері: өмір жолы, бұғы мүйіз (өмір ағашы ретінде), райхангүл (аңыз бойынша Райхан атты қыздың гүлі), тұмарша, қырық мүйіз (байлық, молшылық), семсер, пышақ т.б.
  • Табиғат объектілері: өсімдік тәріздес өрнектер. Оларға алмагүл, гүл, көк шөп, жапырақ, үш жапырақ, бүлдірген, бұтақ, т.б. 2-ші тобына жануарларды жатқызамыз: мүйіз, қошқар мүйіз, арқар мүйіз, сыңар мүйіз, сынық мүйіз, түйе мойын, ат ерін, құс қанаты, көкпек, көбелек, тіс т.б. 3-ші топқа тұрмыс заттарын жатқызамыз: балға, балта, ожау, шақпақ, табақ, сырға т.б.

Ал танымал ғалым, этнограф С. Қасиманов қазақ ою-өрнектерін былай деп үш топқа жіктейді:

  • Мал шаруашылығы, аңшылықты білдіретін ою-өрнектер
  • Жер-су, көшіп-қону элементтерін білдіретін ою-өрнектер
  • Күнделікті өмірде кездесетін, түрлі бұйымдарға қолданылатын ою-өрнектер

Сонымен бірге автор халық қолөнерінде ою-өрнектердің алуан түрлілігіне қарамастан, олардың ежелден сақталған төрт түрлі символ бар екенін айтады. Мәселен, шеңбер, S пішіндегі оюлар, крест және үш бұрыш тәрізді ою-өрнектер. Соның ішінде шеңбер аспан денелеріне байланысты қолданылса (Күн, толған Ай, жеміс-жидек, аспан), S пішіндегі оюлар табиғат құбылыстарына қатысты – өзен ағысы, өсімдіктер мен жануарлар, құстар бейнесінде болған екен.

Сол сияқты крест тәрізді ою түрлері түркі елдерінде от жағуға байланысты пайдаланылған қамыс таяқшаларына қатысты пайла болған дерек бар. Сонымен бірге оюдың бұл пішіндегі түрі шығыс пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті көрсеткен деген болжам бар. Ал, үшбұрышты өрнектер ата-бабалардың аруақтарымен байланысты дейді мамандар. Олар сакралды мәні бар бұйымдарда қолданылған екен.

Қазақ қолданбалы өнерін зерттеуші ғалымдар халқымызда ұлттық ою-өрнектердің 230 түрі бар екенін алға тартады. Солардың ішінде ұлттық өнерде ең кең тараған түрі – мүйіз тектес ою-өрнектер екен. Оларға: "қошқар мүйіз", "арқар мүйіз", "бұғы мүйіз", "қырық мүйіз", "қос мүйіз", "сыңар мүйіз", "сынық мүйіз", "төрт құлақ", "түйе табан", "сыңар өкше", "қос алқа", "құс қанаты", "қаз-табан" сынды ою түрлері жатады. Колөнер шеберлері аталған ою-өрнектерді шебер үйлестіріп, күнделікті тұрмыста жиі пайдаланған.

Зерттеушілер, сондай-ақ, ұлттық ою-өрнектердің атаулары да олардың неге ұқсас болуымен белгілетінін атап өткен. Мысалы:

  • Көк әлеміне байланысты - Ай, Айшық, жұлдыз, Күн, шұғыла т.б.
  • Малға байланысты – айыртұяқ, арқармүйіз, атерін, қошқармүйіз, түйетабан және т.б.
  • Аңдарға байланысты – бөрітабан, бөрікөз, иттабан және т.б.
  • Құрт-құмырсқаларға байланысты – жұлдызқұрт, құмырсқа, көбелек және т.б.
  • Жер-су, өсімдіктерге байланысты – ағаш, жапырақ, ирек, ирексу, райхангүл, шиыршық және т.б.
  • Қару құралдарына байланысты – айбалта, айыр, балдақ, балта, шынжыр және т.б.
  • Геометриялық пішіндерге байланысты – қос дөңгелек, қос тұмарша, сүйір және т.б.

Бұл жөнінде зерттеуші А.Қ. Ахмедина өзінің "Сәулет өнеріндегі қазақтың ұлттық ою-өрнегінің маңызы" атты зерттеуінде былай дейді:

"Қазіргі уақытта ою-өрнек жасау өнері халықтың мәдени дамуының негізгі бағыттарының біріне айналды. Ою-өрнектер уақыт өте келе жетілдіріліп, бай мазмұн мен жаңа келбетке ие болады. Қазақтың ұлттық ою-өрнегі заманауи сәулет өнерінің жаңа стилі. Бұл жаңа стиль барлық дизайн элементтері мен сол элементттерд ің ішкі жүйелерін табиғи түрде саралау және жетілдіру үшін кеңістікті пайдаланады", - деп жазады автор.

Қазақы ою-өрнектер. Көрнекі сурет
Қазақы ою-өрнектер. Көрнекі сурет: "Қазақ газеттері" ЖШС ресми сайты

Ұлттық ою-өрнектердің мағынасы

Ұлттық ою-өрнектер өздерінің түрлеріне қарай, әр түрлі мағына береді. Мысалы, бас киімге арналған оюды аяқ астына салынатын текеметке ешқашан қолданбаған.

"Су өрнегі", "ирексу" немесе "ирек" түрінде келетін ою – ою арасындағы шекараны білдірген екен. Оюдың бұл түрін әйелдер көбінесе киімнің шет тұстарына, мысалы бас киімнің жиегіне, бешпет, камзолдардың жағалары мен жиектеріне пайдаланған екен.

Сол сияқты шаршы өрнегі – дүниедегі жамандық пен жақсылықтың жеңісін, күн мен түннің теңелуін, жаз бен қыстың алмасуын білдіреді екен.

Одан бөлек, ата-бабаларымыз "итқұйрық" деп аталатын ою түрін ешқашан бас киімдерге қолданбаған. Себебі олар мұндай өрнекті бас киімге пайдаланса, дұшпан басқа шығады деп сенген. Сонымен бірге халқымыз итті жеті қазынаның бірі деп есептегіндіктен, оны ұзақ сапарға, жолға шыққан адамдардың киіміне серік болсын деген мағынада тігіп беріп отырған.

Тұмарша оюы – Орта Азия мен Қазақстан жерінде қасиетті, киелі, қорғаушы деген мағынаны білдіреді. Халқымызда тұмаршаның төбе ұшы жоғары қарап салынса – әйел адамның, төмен қарап салынса – еркек адамның белгісі деп есептеген. Егер екі өрнек бір киімде үйлесім тапса, онда ол екі адамның шаңырақ көтеруінің, жаңа өмірдің басталуы деген мағынаны білдірген.

Құстұмсық деп аталатын ою – әділдік пен мейірімділікті білдірген. Сондықтан қазақ халқында қос дөңгелекті "құдағи жүзікті" үлкен кісілер келіннің анасына сыйлауды жөн көрген. Жалпы қазақ халқында құс атауымен байланысты оюлардың барлығы ұрпақ жалғасы деген мағынаны білдіреді екен. Сол себепті аққу өрнегі – махаббат символы болса, үкі оюы – сәбидің қорғаушысы, қарлығаш оюы – шаңырақ сақтаушысы саналған.

Ал, халық арасында кең таралған қошқармүйіз өрнегі – молшылықтың, тоқшылықтың белгісі саналады. Әсіресе, түркі халықтарында мүйізді жануарлардың барлығы дерлік киелі саналады. Оған дәлел, "Алтын адам" киімінде дәл осы өрнектің көрініс табуы болып отыр.

Қазақ қолданбалы өнері үшін ұлттық ою-өрнектердің орны бөлек болмақ. Себебі, онда бір ұлтты өзгелерден ерекшелейтін ұлттық нақыш пен белгі бар. Сондықтан халқымыз үшін қастерлік саналатын ою-өрнектерді атадан балаға мирас етіп, көздің қара шығындай сақтағанымыз абзал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2043622-qazaqsa-oyu-ornek-turleri-zane-magynasy/

pixel