Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Байғазы, көрімдік, сүйінші: қазақ халқы қай уақытта кімге, қандай сыйлық берген

Опубликовано:

Қазақтың салт-дәстүрлері. Көрнекі сурет
Қазақтың салт-дәстүрлері. Көрнекі сурет: Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының ресми сайты

Қазақ халқында сый тартуға қатысты ырым-жоралғылар жетерлік. Солардың қатарында "байғазы", "көрімдік" және "сүйінші беру" дәстүрі бар. Аталған дәстүрлердің бір-бірінен айырмашылығы қандай? Бүгінгі материалдан білетін боласыз.

Байғазы деген не?

Байғазы дәстүрі халық арасында көрімдік беру мен сүйінші сұрау дәстүрі сынды кең таралмағанымен, ертеректе аталған ырымды ата-бабаларымыз жиі қолданған. Islam.kz сайты ұсынған мәліметтерге сәйкес, байғазыны ертеде жаңа киім, жаңа ат әбзелдерін немесе жаңа зат алғанда берген екен.

Мұндайда жаңа заттың иесі оны жақындары мен туыстарына көрсетіп, "байғазы беріңіз" деп сұраған көрінеді. Егер адам үстіне жаңа киім алса, онда: "жасың ұзақ, киімің тозғақ болсын" деп айтып, байғазы берген екен. Ол кезде байғазы ретінде бағалы зат немесе қозы-лақ сияқты төрт түлік мал берген көрінеді. Ал ер бала жаңа ер-тоқымын көрсетсе онда: "Мінісің көп болсын, дұшпаның жоқ болсын" деген тілек айтқан.

Ал, kyzylordanews.kz басылымы ұсынған мәліметке сәйкес, байғазыны қазір де адамдар жиі пайдаланады. Оның көрімдіктен басты айырмашылығы – көрімдікті дүниеге сәби келгенде немесе туыстары нәрестені бірінші көргенде, яғни жандыны көргенде берсе, байғазыны жансыз зат үшін сыйға тартқан. Мысалы, күнделікті тұрмыста жаңа көлік, диплом, марапат үшін адамдар "көрімдік" сұраса да, бұл байғазы дәстүріне жатқызылған.

Осы ретте Qazaly.kz сайтында жарыққа шыққан екі дәстүр жайлы мынадай қызықты деректі назарға ұсынамыз:

"Қазіргі уақытта көп жағдайда көрімдік пен байғазы қатар қолданылады. Бүкіл түр-сипаты бір дегенмен, бұл дәстүрлердің де атап қойған орындары бар. Мәселен, көрімдік – жаңа туған сәбиді, жаңа түскен келінді көрген сәтте берілетін кәде болса, байғазы тек жансыз заттарға беріледі", - дейді мақала авторы.

Көрімдік беру дәстүрі туралы қызық деректер

Қазақ халқы ежелден кәде сыйлап, келген қонағы мен туысына сый-құрмет көрсетуден алдына жан салмаған халықтардың бірі. Сол себепті халқымызда көрімдік беру дәстүріне қатысты ырым-жоралғылар жетіп артылады.

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері,  филология ғылымының кандидаты Айгүл Әмірбекованың зерттеуінше, көрімдік дегеніміз – қуанышты жағдайға байланысты беретін, адамның қуаныш иесіне сыйға тартатын сыйлығы екен. Мақала авторы халқымызда көрімдік түрлі қуанышты жағдайда берілетінін айтады.

Мысалы, дүниеге сәбидің келуі, келін түсіру, жүйріктің бәйге алуы және т.б. өмірде болып жатқан оқиғаларға берілетін кәде түрі екен. Жоғарыда атап өткеніміздей, оның байғазыдан басты айырмашылығы тек қуанышты жағдайларға, өмірде болған шынайы оқиғаға қатысты берілетінінде. Зерттеу авторы көрімдіктің екі түрі болатынын айтады:

  • Қуанышты хабарда айтқанда, қуаныш иесінің көрімдікті өзі сұрауы
  • Қуанышты хабарды естушінің көрімдікті өзі беруі
Киіз үй жанындағы ақ жаулықты әжелер. Көрнекі сурет
Киіз үй жанындағы ақ жаулықты әжелер. Көрнекі сурет: El.kz

Қазақ радиосының ресми сайты көрімдік беру жөнінде мынадай қызықты деректі мысалға келтіреді:

"Нәрестелі болғанында, келін түсіргенінде "құтты болсын" айта келгендерден сәбиді, келінді көрсетпей тұрып, "көрімдігін бермесеңдер көрсетпейміз" деп кәдесін сұрайды. Қыз ұзатыларда жігіт жағынан келген құдаларға болашақ келіндерінің жасауын көрсетіп те көрімдік сұрайтын әдет-ғұрып бар. Қазір жоғары оқу орнын бітіріп диплом алған жастар да туған-туыстарынан көрімдік сұрап жатады", - деп жазылған анықтамада.

Сүйінші сұрау дәстүрі туралы ел білмейтін деректер

Халық арасында кең таралған дәстүрлердің тағы бірі – сүйінші сұрау дәстүрі. Қуанышты хабарды ести сала, жақындары мен туыстардан сүйінші сұрау дәстүрі күні бүгінге дейін жалғасын тапқан.

Этнографтардың айтуынша, сүйінші, я болмаса басқа сыйлық беру дәстүрлерінде ежелде қазақтар малды сыйға тартқан. Сонымен бірге, дәстүр бойынша ол мал тек ұрғашы болу керек деп саналған. Мәселен, жылқы болса – бие, сиыр болса – сауынды сиыр және т.б.

Сүйіншіге келгенде, қазақ халқы оның көлеміне байланысты, не болмаса түр-түсіне қатысты шектеу қоймаған. Яғни, әркім өз қалауы бойынша сыйлық берген. Сүйіншіні әдетте жас балалар, орта жастағы адамдар сұраған. Себебі, қариялардың сүйінші сұрауын жат көрінген.

Жаугершілік заманда, ұрыс даласынан сүйінші хабарды жеткізу мен осы сүйінші хабарды жеткізген адамға ерекше құрмет көрсетілген. Ондайда ауыл ақсақалдары сүйінші сұрап келген адамнан ештеңе аямай, оның қалауын беруге тырысқан.

"Салт-дәстүр сөйлейді" атты еңбекте сүйінші жөнінде келесідегідей аңыз-деректер келтірілген:

“Ыбырайым пайғамбар көпке дейін бала сүймейді. Бір күні Бибіажар анамыз ұл босаныпты. Пайғамбардың қуанышы қойнына сыймай, жұрттан сүйінші сұрапты. Ұлық Алла да оның қуанышын бөлісіп:

"Мендей мәрт Құдайға жомарттық қана жарасады. Сүйіншіңе атағаным болсын. Ақырдың соңында шығатын досым Мұхамбеттің нұры осы ұлыңның белінен тарайды", - депті. Осыдан бастап ел ішінде біреудің шаңырағында қуаныш болса, ол жұртпен бөлісіп, сүйінші сұрайды. Ел-жұрт та оның қуанышымен бөлісіп, байғазы береді екен. Бұл үрдіс барлық пайғамбардың тұсында жалғасып отырған", - деп жазылған.

Аталған дәстүрлердің әрқайсысы да жақсы хабардың, адамға деген зор құрмет пен таза ниеттің нышаны мен белгісі ретінде сыйланып отырған. Бүгінде кәде сыйлау ғұрпы әр өңірде әр түрлі қолданылатындығымен, олардың мақсаты бір – жақынын қуантып, оларға сыйлық беру болып табылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2043653-baigazy-korimdik-suiinsi-qazaq-xalqy-qai-uaqytta-kimge-qandai-syilyq-bergen/

pixel