Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сырым Датұлы деген кім және есімі қалай елге әйгіленді

Опубликовано:

Сырым батыр
Сырым батыр ескерткіші. Көрнекі сурет: zhaikpress.kz

Сырым Датұлы - қазақ тарихында тапқырлығымен, ерлігімен із қалдырған тұлға. Бұл жазбамызда патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы күресіп, Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы болған әйгілі Сырым батыр туралы мәліметтер ұсынамыз.

Сырым Датұлы туралы деректер

Сырым Датұлы қай жылы дүниеге келген? Сырым Датұлы 1712 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Сарыой ауылында дүниеге келген. Ол даналығының арқасында "Бала би" атанып, елдің атақты би-шешені болған. Ел арасында Сырым батырдың есімі әділдігімен танылған. Жер дауы, адам мен мал құны, ұрлық, барымта, неке бұзу, куәлік, жесір дауы сынды дауларға туралығын айтып, елді бітімгерлікке шақырып отырған. Сырым батыр әрбір сөзді егжейлі-тегжейлі саралап, байыппен сөйлей білген. Ол хан ордасында беделді билердің бірі әрі халықтың ішінде өте сенімді тұлға болған. Сырым батыр хан ордасындағы дәрежесіне қарамастан 1783 жылдан бастап патша үкіметіне қарсы шықты. Ханның, патшаның саясатына қарсы жүргізген бастамасына халық сенім артып, оның соңынан ереді.

Сырым Датұлы туралы қандай еңбектер бар?

Сырым Датұлының қоғамдық-саяси және қайраткерлік қызметін кешенді зерттеген белгілі ғалым М. Вяткиннің монографиясы - батырдың ерлігін көрсететін бірден-бір еңбек. М.П.Вяткин "Батыр Срым" деп алатын монографиясында Кіші жүз қазақтарының Сырым Датұлы бастаған көтерілістерге және сол кезеңдегі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына шолу жасаған. Бұл еңбекте патша үкіметіне қарсы болған көтерілістердің неліктен жеңіліспен аяқталғаны ашып көрсетілген. Оған қоса Сырым тарханның тұлғалық болмысын зерделеп, тың деректермен толықтырған профессор Ә. Мұқтардың докторлық монографиясы бар. Сонымен қатар Сырым Датұлының 270 жылдығына орай жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлының "Тар кезең" атты тарихи романы жарық көрді.

Сырым Датұлы туралы тарих ғылымдарының кандидаты Ө.И. Исеновтың "Сырым тархан" мақаласында мынадай деректер берілген:

Патша үкіметі қазақ қоғамындағы дәстүрлі хандық билікті жоюдың өздеріне сөз келмейтін амалдарын қарастырған. Мәселен, 1786 жылдың 3 маусымында патшайым II Екатеринаға хат жолдап, Нұралы ханды биліктен алыстату үшін Ресейге шақыртып алады. Сонда ханды мәңгіге жібермей ұстап қалу жоспарын іске асыруларына рұқсат сұрайды. Патшайымның келісімін алған олар Нұралы ханға Орынборға нөкерлерімен келуіне арнайы шақырту жібереді. Орынборға келген Нұралы хан Әбілқайырұлын нөкерлерімен Уфаға аттандырады. Ал Нұралы ханды Уфада ұстау себебін хан өмірінің қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан амал деп сендіреді. Патша әкімшілігінің бұл әрекеті Кіші жүзді хансыз қалдырудағы әрі өздеріне сөз келмейтін амалды жүзеге асырғанын айғақтайды.

Ескі кітаптар
Мұрағаттағы ескі кітаптар. Көрнекі сурет: pixabay

О. А. Игельстром Сырым батырмен ғана байланыс жасап, сұлтандарды биліктен ығыстыру арқылы батырлар мен би-тархандарды бір-біріне наразы етіп айдап салуды көздеген. Ералы және Пірәлі сұлтандар бірі – қарақалпақ ханы, екіншісі – түркімендер ханы болып отырғанда тегі қарадан шыққан Сырым батырдың сұлтандардан жоғары тұруын аса ұнатпайды. Игельстромның онымен кеңескенін жақтырмаған Ералы сұлтан Сырым батырды қолға түсіріп, бір жыл бойына (1786 жылдың тамыз айынан 1787 жылдың тамыз-қыркүйек айлары аралығында) тұтқында ұстайды.

Ал О.А.Игельстром болса, Сырым батырды қалайда тұтқыннан босатуға тырысты. Өйткені патша үкіметінің шенеуніктері Сырым батырдың азаттығы үшін жүргізген қозғалысын халыққа хандық билікті жоюға күш салған "реформатор" етіп көрсетуді көздеді. Осылайша өздерінің хандық билікті жоюдағы саясатын Сырым батыр бастаған қазақ батырларының өздері қалап отырғандай етіп көрсетпек ниетте болды. Сырым батырдың тұтқынға түскенін генерал-губернатор О. Игельстром отаршылдық саясатты жүзеге асыруға өте шебер пайдаланку арқылы Есім сұлтан бастаған сұлтандар тобының алдын орап кетті. Батырды босатуда патша үкіметінің нұсқауын шебер пайдаланды.

Генерал-губернатор О. Игельстром хандықты тезірек жоюды көздеді. Ал сұлтандар керісінше дәстүрлі хандық биліктің ғұмырын ұзартуды көздеді. Губернатор О.А.Игельстром мен сұлтандар арасындағы хандық институт билігін жою мен сақтап қалу үшін жүргізілген күресте патша үкіметі халық өкілі Датұлы Сырым батыр арқылы екі жақты мәселені шешуге күш салған.

Игельстром Сырым Датұлын тұтқыннан босату талабын ашық жүргізіп, нәтижесінде 1787 жылы ол босатылады. Бұл кезде Қайып хан мен Сырым батыр тығыз байланыста болған еді. Ресей үкіметі мойындамаған Қайып ханға Сырым бастаған батырлар қолдау көрсетті.

Сырым тархан 1791 жылы Ембі өзені бойында халық жиынын өткізіп, Ресейге қарсы көтерілу мәселесін қозғайды. Бұл кезде Ресей үкіметінің хандық билікті қайта қалпына келтіретіні туралы хабар алған сұлтандар халықты Сырым тарханның сөзіне ермеуге шақырып үгіттеген. Сырым тархан бастаған топ Елек қалашығына және Қалмақ бекіністеріне шабуыл жасайды. Ресеймен сауда-саттықты тоқтатуға, экономикалық байланысты үзуге күш салады.

1792 жылы Сырым тархан Хиуа мен Бұқараға елші жіберіп, Ресейге қарсы одақтасып, соғыс ашуға шақырады. Осы тұста 1792 жылы Ералы хан жанында тек қана белгілі билерден тархан Сыпыра би, табындар Бармақ, Досы, Барақ, байбақты Рысалы, Қойсары, Ерсары, сұлтан Жантөре, кете Өтен және табын Жиеншөре болған. Патша үкіметі қазақ азаматтарын өзара араздастыру үшін оларға жеке-жеке хат жазып, арнайы молда жіберіп үгіттеген көрінеді.

"Сырым тархан" мақаласының авторы Ө.И. Исенов Сырым Датұлын өз заманындағы ұлы реформатор бола алған тұлға деп атап көрсеткен. Бұған "Халық кеңесі" аталатын ел билеудің жаңа формасын дүниеге әкелгені дәлел бола алады. Сондай-ақ мұндай билік формасы қазақ халқының тарихында ғана емес, жаңа тарих заманындағы өркениетті елдерінің өзінде жүзеге аса қоймаған демократиялық ел басқару идеясының өмірге келуі болатын.

Сырым Датұлы не үшін күрес жүргізді?

Қозғалыстардың алғашқы кезеңдерінде мемлекет басына әділетті хан қою мәселесі тұрған болса, Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалысында хандық билік жүйесін жою мен орталықтанған қазақ мемлекеттігін сақтап қалу мәселесі тұрды. Бұл жөнінде "Қазақ халқының тарихындағы ұлы тұлғалар" еңбегінде мынадай мәлімет берілген:

Ол өзінің Орынбордың генерал-губернаторы Игельстромға жазған бір хатында: "Сіздердің түрлі әдіспен алдап, қолға түсірген ноғай, башқұрттар сияқты бізге де бұғалық салып, езбекші екендігіңіз белгілі", - деп жазады.

Бұдан Сырым батырдың қолына қару алып, көтеріліске шығып, басын бәйгіге тігудегі мақсатының айқындығы, халқының мойнына түскелі тұрған сол бұғауды үзуге ұмтылғаны анық байқалады. 1783 жылы Сырым бейқам жатқан қазақ ауылдарын шауып, кезекті тонауға келген казак-орыс атаманы Чагановтың отрядымен шайқасып, оны ойсырата жеңеді. Атаманның өзін тұтқындап, Хиуаға құлдыққа сатып жібереді. Бұл патша әкімшілігіне үлкен соққы еді.

Осыған орай Орал қаласындағы патша әскері түгел аттанып, осы жылдың күзінде Cырымды қолға түсіреді. Бірақ оны Нұралы хан қыруар мал беріп, бірер айдан кейін босатып алады. Түрмеден босағаннан кейін Сырым Табын руының старшыны Тіленші Бөкенбайұлының қолдауымен Oрал казак-орыс әскерімен күресін әрі жалғастырады. Бірақ Нұралы хан бұл жолы Сырымды қолдамайды, қайта оған қарсы шығып, шекаралық әкімшіліктен көтерілісшілерді басу үшін арнайы әскер жіберуін талап етеді. Сөйтіп ол былайғы жерде Сырымға қарсы күресте шекара әкімшілігімен бір болады.

Сырым Датұлы
Сырым Датұлының бейнесі. Көрнекі сурет: massaget.kz

1784 жылдан бастап патшаның отарлау саясатына қарсы күресте ханының да, қарашасының да ортақ ниеттестігіне ие болып келген көтерілісшілер арасына жік түсіп, Сырым бастаған халық қозғалысының күресі енді Әбілқайыр әулетінен шыққан хан мен сұлтандарға қарсы бағытталады. Кіші жүздің көптеген рулары Нұралы ханға бағынбай көтерілісшілер жағына шығады. 1785 жылдың күзінде болған старшындар жиналысы Нұралыны хан деп танудан бас тартады. Келесі жылдың көктемі қарсаңында көтерілісшілердің қысымына шыдамаған Нұралы шекаралық шептегі қамалға қашуға мәжбүр болады. Оның ақыры сол жылы Екатерина ІІ-нің Нұралыны хандықтан түсіру жөніндегі жарлыққа қол қоюына әкеп соғады. Хан тағына Нұралы кетіп, Ералы отырғанымен де жағдай түзелмейді. Халықтың наразылығы одан сайын күшейе түседі. Сырым бастаған көтерілісшілер енді ашық соғыс қимылдарына көшіп, патша қамалдарына шабуыл жасай бастайды. Бірақ олар пәлендей нәтижеге жете алмайды.

Елек қамалына жасаған шабуылдың сәтсіздігінен кейін Сырым соғыс тәсілін өзгертіп, партизандық әрекеттер жасауға көшеді. Шекаралық бекіністерге, сұлтандар мен оларды қолдаушылардың ауылына тұтқиылдан шабуылдап, адамдарын тұтқынға алады. 1797 жылы көтерілісшілердің үлкен бір тобы Ералыдан кейін хан тағына отырған Есімнің ауылына тұтқиылдан шабуыл жасап, ханды өлтіреді. Есім ханның өлтірілуі Сырымға тілектес билер мен старшындардың одан ірге ашуына себепші болады.

Сырым Датұлы қай жылы дүниеден өтті?

Сырым Датұлы 1802 жылы дүниеден өткен. Оның өлімі туралы ел ауызында түрлі әңгімелер айтылып келген. Есімнің ханның орнына Айшуақ хан сайлағаннан кейін ол Eсімнің кегін алмақ болып, арнайы жасақ құрып, Сырым батырға қарсы аттанады. Соңынан індете қуып, маза бермеген патша экспедициясынан ығысқан Сырым батыр Хиуа хандығының жеріне өтіп кетеді. Ел арасында аты мәшһүр болған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оның көзін жоюдың амалын жасайды. Ақыры оның есебін тауып, улап өлтірген делінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2043672-syrym-datuly-degen-kim-zane-esimi-qalai-elge-aigilendi/

pixel