Өмірден ерте өткен қазақтың ардақты ақындары кім
Жарияланған күні:
Қазақ поэзиясында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, соңынан өшпес із қалдырып кеткен ақындар жетерлік. Бүгінгі материалда солардың бірқатарына тоқталып, поэзиясымен танысатын боламыз.
Алаш арыстары
Қазақ поэзиясын жаңа белеске шығарып, заманының классик ақындары атанған Алаш арыстарының көпшілігі 45 жасқа жетпей дүниеден озған. Репрессия құрбандары болған Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндер бар-жоғы 45 жасқа жетер-жетпес ғұмырларында соңдарынан өшпес мұра қалдырып, қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік туындыларды дүниеге әкелген. Осы орайда, бүгінгі материалды алдымен Алаш арыстарының өмірі мен поэзиясына арнауды жөн көрдік.
Мағжан Жұмабаев жайлы қызықты деректер
Мағжан Бекенұлы Жұмабаев Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданында 1893 жылдың 25 маусымында дүниеге келген. Көпшілік оның азан шақырып қойған аты – Әбілмағжан екенін біле бермейді. Өзінің 45 жыл ғұмырында соңынан баға жетпес мұра қалдырып кеткен М. Жұмабаевты, көпшілік ең алдымен, лирик ақын ретінде таниды.
Ақынның атасы Жұмабай қажы болса, әкесі Бекен саудамен айналысқан, өз заманының дәулетті адамы болған екен. Мағжан Жұмабаевтың анасының аты - Гүлсім болған. Ақынның бойындағы адалдық, жаны мен жүрегінің нәзік болуы, жақындарына қамқорлық таныту сынды мінезі дәл осы анасынан дарыған деседі.
Бала Мағжан сауатын сол кездегі көптеген қазақ балалары сияқты ауыл молдасынан ашқан. Сол кезден бастап алғыр ақын Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи сияқты шығыс шайырларының туындыларына қызығып, оларды жатқа айтқан екен.
Мағжанды бала күніндегі ұшқалақтығы, бір орында отыра алмайтын қасиеті үшін, әжесі оны "Марғау" деп атаған көрінеді.
Мағжанның ақын және қайраткер ретінде қалыптасуына татар жазушысы Ғ. Ибрагимовтің, қоғам қайраткері С.Жантөриннің, жазушы Бейімбет Майлиннің әсері көп болған.
"Бостандық туы", "Ақжол" газеттерінде, "Сана, "Шолпан" журналдарында қызмет еткен ол, өзінің ерекше поэзиясымен сол жылдары Алаш ардақтыларының көзіне түсіп, солармен бірге халықты ағарту, Алаш үкіметін құру жұмысына белсене атсалысады.
1923-1927 жж. Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқыған ол, сол жылдары "Алқа" жазушылар одағын құрған.
Өкініштісі, Мағжан Жұмабаевтың есімі әйгіленіп, оның өлеңдері халық ықыласына бөленіп жатқан сәтте, оған екі мәрте жала жабылып, біріншісінде ол әйелі Зылиха Жұмабаеваның М. Горькийдің әйеліне жазған хатының арқасында ақталып шығып, елге қайтса, екіншісінде, яғни, 1938 жылы атылу жазасына кесіліп, бар болғаны 45 жасында дүние салады.
Ақынның шоқтығы биік туындыларының қатарында махаббат тақырыбына арналған "Жас келін", "Зарлы сұлу", "Сүйгеніме", "Алданған сұлу" өлеңдері, "Батыр Баян" поэмасы, "Қойлыбайдың қобызы", "Қорқыт", "Түркістан", "Оқжетпестің қиясында" және т.б, туындылары жетерлік. Классик ақын туындылары қазақ әдебиетінің жауһары екені анық.
Қазақ поэзиясының үш бәйтерегі
Қазақ поэзиясының үш бәйтерегі атанған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтің де ғұмырлары тым қысқа болған. Ақындардың әрқайсысы бар-жоғы 44-45 жастарында өмірден озып, соңдарынан том-том туындыларын қалдырып кеткен.
Сәкен Сейфуллин 1894 жылы қазіргі Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Ол Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған. Қайраткердің азан шақырып қойған шын есімі - Сәдуақас болған.
Қазақ поэзиясында сері ақын атаған Сәкен Сейфуллиннің бойындағы ақындығы мен шешендігі әкесі Сейфолладан дарыған екен. Ол өз заманында бойында ақындығы бар, домбыраның құлағында ойнайтын күйшілігі бар, өнер иесі болған. Сейфуллиндердің отбасында бес бала болған. Олар: Мәлік, Әбен, Рахима, Сәлима мен Қалима. Алайда қыздар мен Әбен жастайынан дүниеден озып, Сәкен мен Мәлік қана аман қалған екен.
Ш. Уәлиханов ат. тарих және этнология институты ұсынған деректерге сай, Омбы мұғалімдер семинариясында оқып, 1913-1914 жылдардан бастап өзінің қайраткерлік әрі публицистік жолын бастайды екен.
Ақынның алғашқы мақаласы "Айқап" журналында басылып шыққан. Ақынның шығармашылыққа ден қойғаны сол еді, ол бірден патшалық Ресейдің назарына ілігіп, саяси қуғын көреді. Десе де ақын қайраткерлік ғұмырын тоқтатпай, "Бірлік" мәдени білім беру қоғамын құрады, сондай-ақ "Өткен күндер" өлеңдер жинағын жарыққа шығарып үлгереді.
Ақын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін көріп, бірден патшалық Ресей емес, халық тарапы жағына шығады. Сол жылдары оның атақты "Тар жол, тайғақ кешу" туындысы дүниеге келеді. "Колчак" түрмесіне арналған бұл туындыны ол сол түрмеде отырған кезінде жазып, одан әрең дегенде қашып шығады.
Сейфуллинің тағдыры қиын сынақтарға толы. Ол көзі тірісінде екінші жары Гүлбахрамнан туған қызы Лаура мен ұлы Аяннан айырылып қалады. Сейфуллин 1937 жылы ату жазасына кесіліп, ақын өмірден өтеді.
Қазақ әдебиетінің серісі атанған С. Сейфуллиннің соңында "Альбатрос", "Қызыл ат" поэмалары, "Біздің тұрмыс", "Сол жылдарда", "Дауыл алдында", "Жемістер" атты романдары және т.б. туындылары қалады. 44 жылдық ғұмырында осынша мол мұра қалдырған ақтаңдақ ақын тек 1957 жылы ақталып шығады.
Қазақ поэзиясының "Би ағасы"
Қазақ әдебиетінің үш бәйтерегінің бірі - Бейімбет Майлин көрнекті жазушы ретінде ел есінде қалса, Ілияс Жансүгіров қазақ поэзиясының құлагері ретінде халық жадында сақталған. Өкініштісі классиктердің екеуі де бар болғаны 44 жастарында өмірден озған.
Бейімбет Майлин 1894 жылы Қостанай облысы, казіргі Бейімбет Майлин ауданында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалған ол, тағдыр тәлкегін көп көрген. Ақын 1911-1915 жылдар аралығында сауатын ашып, 1916-1919 жылдары ұстаздықпен шұғылдана бастайды. Сол жылдары ол өзінің атақты "Шұғаның белгісі" әңгімесін жазады. Ақын өзінің барлық өлеңдерінде Алаш идеясын жақтап, халықтың мұңын жоқтайды.
Оның бұл әңгімесі өз тағдырына арналған. Ол ауылда болған жылдары үйленгісі келіп, өзіне қыз таппақ болады. Алайда қалың малы болмағандықтан, көпшілік оған қыздарын бергісі келмейді. Сөйтіп жүріп, Күнжамал есімді аруды кездестіріп, оның әкесі басында қарсылық білдіріп, десе де ақыр соңында жастар қосылып, олардан ұрпақ тарайды.
"Би аға" есімімен танылған Б. Майлин "Байдың қызы", "Рәзия қызы", "Қашқын келіншек", "Зайкүл", "Маржан", "Өтірікке бәйге", "Хан күйеуі", "Кемпірдің ертегісі", "Бөліс", "Мырқымбай" поэмалары қазақ әдебиетінің асыл мұрасы болып қала бермек.
Ілияс Жансүгіров - қазақ поэзиясының Құлагері
Өмірмен ерте қоштасқан тағы бір репрессия құрбаны - Ілияс Жансүгіров. Ақын да сол кездегі репрессия құрбандары сияқты бар болғаны 44 жасында дүниеден озған. Оның соңында "Күй", "Дала", "Күйші", "Құлагер" поэмалары, "Жолдастар" романы т.б. қалған. Сонымен бірге ол аударма саласында өшпес мұра қалдырған. Ақын М. Лермонтовтың, А. Горькийдің, Н. Некрасовтың, В. Маяковскийдің шығармаларын аударған.
Ақынның репрессия құрбаны болуына Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты Алаш зиялыларымен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болуы, өз жырлары мен публицистикасында халықты оқу-ағарту, мәдени сілкініске талпынуға шақыруы себеп болған.
Ол 1938 жылы бар болғаны 44 жасында дүние салды.
Шығамын тірі болсам, адам болып...
Қазақ поэзиясында жұлдыз болып жарқ етіп, ағып түскен ақындардың бірі - Cұлтанмахмұт Торайғыров. Ол 1893 жылы 28 қазанда қазіргі Көкшетау облысының Қызылту ауданында дүниеге келген.
Бар болғаны 27 жас өмірген жас ақын өмірге "Қандай?", "Анау-мынау", "Шығамын, тірі болсам, адам болып", "Түсімде", "Бұлар кім?", "Кешегі түс – бүгінгі іс" атты шығармаларын әкеліп, онда әлеуметтік мәселелерді көтерумен болады.
Ақын сауатын молдадан ашқан. Сол кездері молда оны құлша жұмсап, ұрып-соғумен болған. Бала Сұлтанмахмұт молданың осы әрекетін сынап, оған арнап сыни өлеңдер жазған екен.
Торайғыров өзінің әдебиетке құштар болуының арқасында, публицистік өмірге ерте араласады. Мәселен, "Айқап" журналының жауапты хатшысы болып, онда жарияланған сыни мақалалары үшін, қызметінен айырылып тынады.
Әдебиетшілер "Абай жолы" романындағы Шоң, Торайғыр деген батыр, билер Сұлтанмахмұт Торайғыровтың аталары болғанын айтады. Ақын тіпті, сол аталарының құрметіне "Шоң серіктігі" ұйымын құруды мақсат еткен екен. Ол осы ұйым арқылы тұрмысы төмен, кейдей отбасылардан шыққан балаларға көмек беру, кітапхана ашу, сауат ашу ісімен айналысуда көздеген екен.
Дегенмен дарынды ақынның өмірі қыршынан қиылған. Ол өкпе ауруына шалдығып, қыста қымыз ішіп, емделгеніне қарамастан, 1920 жылы небары 27 жасында өкпе ауруынан көз жұмады. Ақынның барлық туындылары қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатын, баға жетпес мұра болып саналады.
Төлеген Айбергеновтің ерекше поэзиясы
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, өмірден бар болғаны 30 жасында дүниеден озған тағы бір классик ақын - Төлеген Айбергенов. 1937 жылы Өзбекстанның Қоңырат ауданында дүниеге келген ол, 1967 жылы Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында дүние салады.
Ақынның ең алғашқы жыр жинағы 1961 жылы "Жас дәурен" деген атпен жарыққа шығады. Одан бөлек ақын "Арман сапары" (1963), "Өмірге саяхат" (1965), "Құмдағы мұнаралар" (1968), "Мен саған ғашық едім" (1970), "Аманат" (1975), "Бір тойым бар" (1981) еңбектерін дүниеге әкелді.
Ақынның шығармашылығы жөнінде Серік Тұрғанбекұлының "Айбергенов айдыны" атты мақаласында былай дейді:
"Алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың басында, қазақ поэзиясына қырандай самғап, екпіндей енген, ерекше болмысы бар бір ақын болса – ол Төлеген Айбергенов еді. Айбергеновтің сол кездегі қалам сілтесіне қызықпаған ақын кем де кем шығар. Тіпті сол бір тұстарда Төлегенше тебіреніп, Төлегенше толғаған ақындардың легі қалыптаса бастап еді. Әрине, солардың бәрі бір саптан, бір қаптан шыққан бір-бірімен тым ұқсас болып жатса, онда ақынның даралығы танылмас еді.
Ол өлең оқығанда ерекше бір күйге түсіп, қырандай самғап, қанаттанып кетуші еді. Оның ерекшелігі сол, өлең оқыған сәтінде өзін де, өзгені де, айналасындағы дүниені ұмыттырып, басқа бір бөлек әлемге енгізіп жіберуші еді", - деп ақынды еске алады автор.
Өкініштісі, ақын көзі тірісінде Жазушылар одағының мүшелігіне өте алмаған екен. Дегенмен, халық оның шығармашылығына жоғары баға беріп, бүгінде әдебиет саласында Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлық тағайындалған. Айбергенов өлеңдері мәңгілік ел есінде қалып, жырлары халық жүрегінен мәңгіге сақталатыны анық.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2043839-omirden-erte-otken-qazaqtyn-ardaqty-aqyndary-kim/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.