Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бала өмірге келгенде айтылатын тілектер топтамасы

Жарияланған күні:

нәрестенің қолы
Нәресте. Көрнекі фото: pixabay.com

Балалы үйді базарға балайтын халқымыз перзентіне дүниедегі бар жақсыны тілеп, оның өмірге келуін асыға күтеді. Бұл материалымызда балаларға арналған тілектер топтамасын ұсынамыз.

Дүниеге сәби келгенде, әдетте қазақ халқында қалжа той, шілдехана, бесік той және т.б. ырымдар жасалып, балаға жақсы тілектер айтылып жатады. Әр өңірде түрліше аталатын бұл салттың мақсаты бір – нәрестеге тілек тілеп, оның өмірге келуіне орай той иелерінің қуанышына ортақтасу, сый-жоралғыларын беріп, балаға бата беру.

Zharar.com сайты жыр шумақтарынан тұратын, мынадай тілектер топтамасын назарға ұсынады.

Сәби ұзақ ғұмырлы болсын, Өмірі көркем көңілді болсын. Ата-анасына мейірлі болсын, Ағайын жұртқа пейілді болсын. Бөбегіңе Фарабидің басын бергей, Әміренің әнін бергей. Сәкеннің сәнін бергей, Жүсіптің дидарын бергей, Мұхамбеттің иманын бергей. Ләйім Қыдырдың назарында, Бақыттың базарында жүрсін!

**************

Қасқырдың қайратын, Арыстанның айбатын, Жылқының сақтығын, Бүркіттің қырағылығын тілеймін.

***************

Cонымен бірге ел арасында дүниеге ұл немесе қыз бала келуіне орай, айтылатын тілектер топтамасы да бар. Соның бірқатарымен таныс болыңыздар:

Дүниеге қыз бала келсе:

"Кішкентай қызымызға өмірдегі бар жақсылықты тілейміз. Әрдайым көз қуанышымыз болып, аман – есен ортамызда жаздай жадырап, гүлдей құлпырып жүре берсін. Ең бастысы, қазақтың қызы деп атқа лайық болсын. "Киімге жамау түссе де, көңілге жамау түспесін" деген. Ендеше, үнемі көңілі жақсылықтан жадырасын".

Ұл балалар өмірге келгенде айтылатын тілектер:

"Қазақта "балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар" деген сөз бар. Дүниеге сәбидің келуі - өмірдің бір ғанибет – ғажабы деуге болады. Достым, сені әке болуыңмен, ал жарыңды ана болуымен құттықтаймыз. Сендердің шаңырақтарыңды қуанышқа бөлеген дүниеге келген сәбидің бауы берік болсын, өмір жасы ұзақ болсын. Тезірек ер жетіп, сендердің қолқанаттарыңа айналсын. Артынан іні - қарындастарын ерте берсін! Ендеше осы кішкентай өмірдің жалғасы және оны дүниеге келтірген ата - анасы үшін"!

************** Ұлы ғұламалар "әрбір адам дүниеге келгенде аспанда жаңа бір жұлдыз жанады" деп айтқан екен. Міне, дәл қазір түнгі аспанға нұрын шашып тұратын жұлдыздардың саны біреуге көбейді. Жарық дүние есігін жаңа ашқан мынау періштеміз де сол жұлдыздай жарқырап ортамызға қуаныш алып келді.

************** Өмірге келген сәбиімізге Алла тағалам мықты денсаулық, бақыт, ұзақ өмір берсін. Аман - есен ер жетіп, елінің айтулы азаматы болсын!

**************

"Көк аспандағы жұлдыздарға жаңа бір жұлдыз, жердегі адамзат қатарына тағы бір адам қосылды. Өмірге шекесі торсықтай сәби келді! Бейбіт елдің ақ көгершіні болып дүние есігін ашқан сәбиіміздің бауы берік болсын! Маңдайы жарқыраған ұл болып ер жетіп, ата - анасының ғана емес, бүкіл елінің мақтаныш етер Азаматына айналсын! Қуаныш құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін! Әрбір басқан қадамы оңғарылып, Қыдыр ата қолдап жүрсін".

Қазақ дәстүрі
Көрнекі сурет: baribar.kz

Шілдеханада айтылатын тілектер

Баланың дүниеге келуіне байланысты жасалатын шілдеханада оның ата-анасы мен ет жақындары сәбиге арнап жылы тілектерін жаудырады. Солардың қатарында төмендегідей тілектер де бар.

"Айналайын бауырларым менің! Аса қадірлі досым! Бала – адамның бауыр еті. Адамның бар қызығы – баланы мейірлене иіскеу болса, сол бақытқа бүгін өздерін де жетіп отырсыңдар. Бейбіт елдің ақ көгершіні болып өмірге іңгәлап келген жас нәрестенің шілдехана тойы құтты болсын! Сендердің шаңырақтарыңды қуанышқа бөлеген дүниеге келген сәбидің бауы берік болсын, өмір – жасы ұзақ болсын. Ата-анасының  үмітің ақтайтын, маңдайы жарқыраған ұл болып ер жетсін!".

*** *** *** ***

"Жарық дүниеге шыр етіп келген сәбиімізге анасының көркін берсін, әкесінің бөркін берсін, әжесінің ақыл-ойын берсін, атасының абыройын берсін! Өссін – өнсін, жамандық көрмесін, өскен соң ерлесін! Қуаныш құтты болсын! Бәрімізге жұғысты болсын!"

*** *** *** ***

"Алла баланы маңдайынан сүйсе – ол атақты ғалымға айналады екен, ернінен сүйсе – одан әйгілі шешен шығады деседі, аяғынан сүйсе – белгілі биші, қолынан сүйсе – керемет  күйші болады-мыс. Алланың балаға көзі оң болсын, біздің тілегіміз сол болсын! Өмірі ұзақ, несібесі зор болсын! Қысқасы, күлейік, ойнайық, тойлайық – қоймайық!".

*** *** *** ***

Баламыздың бауы берік болсын! Дәулет-ырыс оған серік болсын! Маңдайынан жұлдызы жарқырап, елінің алға апарар уәзір болсын, осынау жүкті мойнымен көтеруге өзі де әзір болсын! Дені сау болсын, шыққаны тау болсын!

*** *** *** ***

"Дүниеде тұңғыш перзенттің келуі әрбір отбасы үшін үлкен қуаныш. Өмірге жаңа келген сәби – кеше ғана үйлену тойын өткізген жас-жұбайларды "әке-шеше", ал олардың ата-анасын "ата-әже" атандырып, осы бір шаңыраққа ерекше бір мейірімділіктің нұрын сыйлайды.

Олай болса өмірге келген жас сәбидің әке-шешесіне, атасы мен әжесіне мықты денсаулық тілеп, тұңғыштарыңыздың бауы берік болсын дейміз. Ал жас сәбиге тілеріміз: ата-анасының үмітін ақтайтын маңдай жарқыраған ұл болып ер жетсін! Өмірлі болсын!"

Анасы баласының маңдайынан иіскеп тұр
Ана мен бала. Көрнекі фото: aikyn.kz

Балапандарым

Сендерсің менің бақытым балапандарым,

Балапандарым — шаттықтың таратар нәрін.

Жүріңдер ылғи күлімдеп қасымда менің,

Өмірдің бірге қарсы алып жаңа таңдарын.

Ауырлап кеткен сәттерде төзімнің жүгі,

Өздеріңменен сейілер көңілдің мұңы.

Сендерсің менің сенерім, сүйенішім де,

Сендермен ғана бағалы өмірдің құны.

Тағдырдың жолы тым қиын, болыңдар абай,

Қарсы жүзіңдер тайсалмай ағынға қарай.

Тау жақтан ескен самал жел жүздеріңді өбіп,

Аймалап жүрсін күнде ерте жағылған арай?!

Балалық күннің уайымсыз, зерлі шағында,

Уақыттың өзі жүрекке белгі салуда.

Өсіңдер бойға дарытып даламның исін.

Жақсылық тұнған әлемнің кең құшағында.

Күн сайын маған өмірдің таратар нәрін,

Аман жүріңдер кішкентай балапандарым.

Ғажабын ғана көріңдер ғұмырдың мынау,

Батаға ғана жайылсын алақандарың.

Балапандарым...

Алмат Исәділ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2044054-toiga-tilek-bala-omirge-kelgende-aitylatyn-tilekter-toptamasy/