Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2023 жылдың қараша айындағы магниттік дауылдар: қай кезде болады және адам ағзасына әсері қандай

Опубликовано:

Мұңайған қыз
Көңілсіз отырған қыз. Көрнекі сурет: pixabay

Қазан айының қоңыржай геомагниттік климаты денсаулығына ауа райы әсер ететін адамдар үшін жайлы болды. Ал қарашадағы магниттік дауыл күнтізбесі қандай болады? Күздің соңғы айына арналған болжамды астроном Энди Бриггс жасады.

Магниттік дауылдардың мәні мен себебі

Жердің ғарыштық ауа райы дегеніміз — Күн мен Күн жүйесінің әсеріне байланысты Жер атмосферасының жоғарғы қабаттарында болатын құбылыстардың Жер планетасына ықпалы. Магниттік дауылдар — ғарыштық ауа райының белгілі факторларының бірі.

Магниттік дауыл дегеніміз не? Магниттік дауыл — жердің геомагниттік өрісіндегі (магнитосфера) бұзылыстар. NASA агенттігінің хабарлауынша, олар магнитосфераны басып, адамдарға, объектілер мен процестерге әсер ететін Күн бетіндегі жарқылдан және артынша пайда болатын күн желдерінен (иондалған бөлшектер ағындарынан) туындайды.

Магниттік дауыл денсаулыққа әсер етеді. Одан бөлек мынадай мәселелер тудыруы мүмкін:

  • Навигациялық жүйелер мен радиобайланыстың дұрыс жұмыс істемеуі.
  • Электр желілеріндегі кернеуді бақылау мәселелері.
  • Электр желілерінде авариялық ажырату жүйесін іске қосу.
  • Құрылғылар мен жүйелердің жұмысындағы ақаулар.
  • Поляр шұғыласының күшеюі немесе бұрын болмаған жерде пайда болуы.
  • Ғарыш аппараттары мен спутниктердің жұмысындағы бұзылыстар. Наурыз айында ғарыш зымыранын жасаушылар кезекті ұшыру сәтін кейінге шегерген еді.

Магниттік дауылдардың әсерін бақылау үшін ресми агенттіктер (NOAA, TESIS) жұмыс істейді. Олардың зерттеулері негізінде магниттік дауылдардың алдағы екі-үш айға арналған өзекті болжамы жасалады. Ресми агенттіктерден басқа еріктілер тобы басқаратын бельгиялық SpaceWeatherLive сияқты тәуелсіз ресурстар бар.

Магниттік дауылдар қалай пайда болады?

Магниттік дауылдардың негізгі себебі Күн белсенділігінің артуымен байланысты. Жердің магниттік сферасы (магнитосфера) планеталардың өрістерінен пайда болады және оны Күн шығаратын бөлшектерден қорғайды. Тәжді массаның жарқылы (CME) немесе жоғары жылдамдықтағы Күн ағыны біздің планетамызға жеткенде ол осы қорғанысқа түседі. Сақиналы тоқтың күшеюі және Жердің магнит өрісі кернеуінің төмендеуі байқалады. Бұл 6-12 сағатқа созылады. Бірнеше күн ішінде кернеу қайта қалпына келеді.

Күн сәулесінде неліктен алау пайда болады? Плазма мен радиацияның қатты бөлінуі көбінесе тәжді тесіктермен байланысты. Бұл Күн желінің Күннен ғарышқа шығатын зарядталған бөлшектер (протондар мен электрондар) ағындарының өтуіне мүмкіндік беретін ашық магнит өрісі сызықтарының аймақтары. Осылайша магниттік өріс сызықтары бар алып плазма бұлттары пайда болады. Олар Жердің магнит өрісін бұзып, біршама өзгерістер әкеледі.

Күн плазмасы қорғанысты қалай бұзады? Полюстер аймағында магниттік сфера ашылады. Мұнда плазманың атмосфералық газдармен өзара әрекеттесуі және поляр шұғыласы пайда болады. Бұл — атмосфераның жоғарғы қабаттарының жарқырауынан туындайтын оптикалық құбылыс.

Күн жарқылы
Күннің жарқылы. Көрнекі сурет: pixabay

2023 жылдың қараша айына арналған магниттік дауыл күнтізбесі

Зарядталған бөлшектердің шығарылуын тудыратын Күн сәулесінің жарқылы Жердің магнит өрісіне әсер етеді. Геомагниттік алаудың қуатын өлшеу үшін әлем ғалымдары мен метеорологтар мынадай көрсеткіштерді қолданады:

  • Күн алауының типтік шкаласы: A, B, C, M, X, мұның ең қуаттысы — Х.
  • Геомагниттік дауылдың қарқынын, күшін және деңгейін сипаттайтын бес балдық G шкаласы. АҚШ-тың Ұлттық мұхиттық және атмосфералық әкімшілігі (NOAA) әзірлеген.
  • Жаһандық геомагниттік белсенділік индексі немесе Kp-index (К). Ол 0-9 диапазонында ауытқиды, мұндағы 0 "өте төмен дауыл", ал 9 "экстремалдық дауыл" дегенді білдіреді.

Неліктен күн белсенділігі мен магниттік дауылдарды бақылау керек? Бұл "Кэррингтон оқиғасы" (1859 жылғы 1-2 қыркүйек) сияқты эпизодтарды болжау үшін қажет. Мұны Күн сәулесінен туындаған жаһандық масштабтағы техногендік апат деп санайды. Ол туралы астроном Энди Бриггс айтып берді. Қараша айында қатты маңызды болмағанымен, ескеретін жағдайлар күтеді.

2023 қараша айында магниттік дауылдар қашан болады?

Метеосезімтал адамдарға арналған Meteoagent мобильдік қосымшасындағы мәліметтер бойынша Күн белсенділігінің шыңы мына күндерге сәйкес келеді:

NOAA жарқылдың басталуын айдың басынан 5 қарашаға дейін және 9, 22, 24-25 қарашаға дейін болады деп болжайды. Қалған күндері жағдай қалыпты болады.

Түнгі аспан және телескоп
Телескоппен түнгі аспанды тамашалаған қыз бен жігіт. Көрнекі сурет: pixabay

Күн 11 жылдық күн циклінің шыңына жақындағанда оның солтүстік және оңтүстік магниттік полюстері өзгереді. Осы кезде тәжді масса шығарындысының саны күрт артады. Күн белсенділігінің жаңа шыңы 2025 жылдың шілдесінде болады деп күтілуде. Сондықтан адамдарға магниттік дауылдар туралы уақытылы ескертіп қана қоймай, оның ағзаға әсерін де білу маңызды.

Қарашадағы магниттік дауылдардың адам ағзасына әсері

Адамдардың көпшілігі физиологиялық ауруларды магниттік дауылдармен байланыстыра бермейді. Күннің қандай да бір жарқылынан болатын ауа райындағы өзгерістерді сезетін адамдар ғана денсаулығындағы жайсыздықты сезуі мүмкін:

  • бас ауруы;
  • әлсіздік;
  • апатия, шаршау;
  • депрессия;
  • ұйқысыздық;
  • мазасыздық, ашушаңдық;
  • жүрек ырғағының бұзылуы.

Мұндай белгілерді жеңілдету үшін әр түрлі әдістерді қолданыңыз. Олардың ішіндегі ең тиімдісі мыналар:

  • Дене белсенділігі мен шамадан тыс жүктемені азайту, күйзеліс жағдайынан аулақ болу.
  • Магниттік дауылдар ағзаның сусыздануына әсер етеді, сондықтан көбірек су ішу керек.
  • Тыныштандыратын дәрі-дәрмектерді, сондай-ақ жаужапырақ (мелисса), жалбыз және түймедақ шайларын ішу.
  • Контраст душына, теңіз тұзы салынған ваннаға түсу.
  • Жағымды музыка тыңдап, таза ауада серуендеу.

Геомагниттік белсенділік күшейген тұста қолдау көрсететін мейірімді адамдардың қасында болғаныңыз жақсы. Көлік тізгінінде отырғанда абай болыңыз. Жағдайды қиындатпау үшін шамадан тыс тамақ жемеуге, алкогольдік сусындарды ішпеуге кеңес береміз.

Бақытты отбасы
Алқапта серуендеген отбасы. Көрнекі сурет: pixabay

Ғарыштық ауа райын болжау орталығы қараша айында Күн белсенділігінің төмен болатынын айтады. Бұл айда бірнеше магниттік дауыл болады. Одан жеңіл өтуге мамандардың кеңестері көмектеседі. Қарашаның жанға жайлы өтуі үшін жағдайыңызды мұқият бақылағаныңыз абзал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2044751-2023-zyldyn-qarasa-aiyndagy-magnittik-dauyldar-qai-kezde-bolady-zane-adam-agzasyna-aseri-qandai/

pixel