Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жүректі, жүрек жұтқан": қазақ халқы адам жүрегіне неге ерекше мән берген

Опубликовано:

Жүрегін ұстаған ер адам. Көрнекі сурет
Жүрегін ұстаған ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жүрек - адам ағзасындағы басты орган. Сондықтан әлем елдері бұл нәзік те мықты органға мағыналық тұрғыда да көп мән береді. Әсіресе қазақ халқында жүрекке қатысты көптеген қызықты аңыз-әңгіме, ой-толғам бар. Бүгін сіздердің назарларыңызға солардың бірқатарын ұсынатын боламыз.

Жүрек адамның ең нәзік ағзасы бола тұра, жан саулығымен қатар, тән саулығына да жауап береді. Қазақ халқында "Жүректен шыққан сөз, жүрекке жетеді" деп тегін айтылмаған. Демек, сөзді де, істі де көп жағдайда жүрекпен бағалайтыны хақ. Жүрек жайлы мынадай қызықты деректерді ұсынамыз:

  1. Бала бойға біткеннен кейін, 4 аптада жүрек соға бастайды және дүниеден озғанша соғуын тоқтатпайды;
  2. Жүректің көлемі адамның сол қолының жұдырығымен шамалас. Ер адамдардың жүрегі – 310 гр, әйелдердікі – 240 гр;
  3. Әйел адамдардың жүрегінің көлемі, ер адамдармен салыстырғанда 20%-ға кіші, бірақ ол олардың жүректерімен салыстырғанда жылдам соғады;
  4. Жүрек шамамен 5 минут ішінде 5 литр қан айдайды. Осылайша бір тәулікте – 7 мың литр қан айдайды. Ол бір адамның ғұмырында шамамен 176 миллион литрден астам қан айдап, ағзадағы 76 трлн жасушаны қанмен қамтамасыз етеді екен;
  5. Жүректің бір күнде өндіретін қуат көзі - бір көлікті 30 шақырымға дейін айдауға жетеді екен. Ал, жүректің өмір бойы өндіретін қуат көзі – Айға ұшып барып, ұшып келуге жетеді деген болжам бар;
  6. Ғалымдар жүрек үшін түстен кейін ұйықтаған пайдалы дейді. Себебі, мұндай адамдар түстен кейін көз ілмейтін адамдарға қарағанда жүрек ауруларымен 37%-ға аз ауырады екен;
  7. Адам жүрегі орташа есеппен минутына 70 рет, бір күнде 100 мың рет, бір жылда 3 600 000 рет, ал бір адамның өмірінде 2,5 миллиард рет соғатын көрінеді;
  8. Ғалымдар егер жүрекке ұқыпты қарайтын болса, оның 150 жыл бойы қалтқысыз жұмыс істей алатынын айтады;
  9. Адам бойындағы қан тамырларының ұзындығы – 120 000 шақырым;
  10. Ресейдің Пермь қаласында жүрекке арналған, граниттен жасалған ескерткіш қойылған.
Жүректің қағысы. Көрнекі сурет
Жүректің қағысы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ халқының жүрекке қатысты қызықты ой-толғамдар

Қазақта қатысты ой-толғамдар жетерлік. Халқымыз ежелден "жүрегің айниды", "жүрегінің түгі бар", "жүрек жұтқан", "жүрегі қайтып қалған" деген тіркестерді қолданған. Олардың мағынасы әр қилы.

Бір қызығы, қазақ халқынан бөлек өзге тілдерде де "жүрек" сөзіне қатысты көптеген тұрақты тіркестер мен ой-толғамдар бар екен. Ғылымда мұны соматизм деп атайды екен. Оның негізгі мағынасы: "Соматизм (гр. Soma – дене) – шығу тегі мен типологиясына тəуелсіз барлық тілдерге тəн адамның дене мүшелерін анықтайтын сөздер тобы" деген мағынаны білдіреді.

Ә. Болғанбаевтың "Анатомиялық атауларға байланысты фразеологизмдер/Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің тəжірибелері" атты еңбегінде оған мынадай түсініктеме беріледі:

"Анатомиялық атаулар негізгі сөздік қорға жататындықтан, көп мағыналы туынды сөз жасауға сонша бейімдігімен ғана сипатталмайды, сонымен бірге тұрақты тіркестер жасаудағы белсенді қызметімен де айрықша көзге түседі".

Қазақ халқының ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіне көз жүгірте отырып, адамның түрлі дене мүшесі сан алуан мағынада қолданылатынын көруге болады. Мысалы бас - басқару, ойлау, даналық, ақыл-парасат мағынасында қолданылса, көз - дүниетанымы кең болу, бүйрек, бауыр - жақындық, туыстық деген мағынаны, өкпе -ренішті, көңіл-күйді, қабырға - қорған болу, жүрек - сезім, махаббат және батылдықты білдіретін ағза мүшелері. Енді осы сөздерге қатысты халық арасында кең таралған тұрақты тіркестерді мысалға келтірейік:

  • "Басы бар" - өз ойы, айтары бар деген мағынаны білдіретін тұрақты тіркес.
  • "Көзі ашық, көкірегі ояу" - оқыған, білімді адам екенін білдіреді.
  • "Бүйрегі бұрып тұрады" - жақынына, туысына, бауырына жақын болу деген мағынады қолданылатын тұрақты тіркес.
  • "Өкпесі қара қазандай" - өкпелі, реніші қатты деген мағынаны білдіреді.
  • "Әйел еркектің қабырғасынан жаралған" - демек ер адам әйелді қорғау керек деген мағынада қолданылады.

Осы орайда "жүрекке" қатысты ел арасында кең тараған тұрақты тіркестерді төменде ұсынуды жөн санадық:

  • "Жүрегі бар" - жүрегі мен жаны нәзік деген мағынаны білдіреді.
  • "Жүректі, жүрегі түкті" - батыр, батыл деген мағынаны білдіретін тіркес.
  • "Жүрегім қан жылап тұр"- қатты қайғырып тұр деген мағынаны білдіреді.
  • "Жүрегі қайтып қалған" - бір нәрседен көңілі қалып, екінші мәрте ол әрекетке бармау, қатты ұшыну деген мағынаны білдіреді.
  • "Жүрегі кең" - дархан, жомарт, кең адамдарға қолданылатын тұрақты тіркес.
  • "Жүрегім алып ұшты" - қатты қуану немесе керісінше қатты қорқу деген мағынаны білдіреді.
  • "Жүрегі нәзік" - жаны нәзік, адамның табиғатынан жұмсақ екенін білдіретін, ауыспалы мағынадағы тіркес.
Ой үстіндегі әйел. Көрнекі сурет
Ой үстіндегі әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ ойшылдарының жүрекке қатысты толғамдары

"Шын мəнінде, адам денесінде бір кесек ет бар, егер ол сау болса, онда бүкіл денесі де сау болады, егер ол ауру болса, онда бүкіл денесі де ауру болады. Бұл – жүрек" (Ан – Нумана ибн Баширадан жеткен хадис)

*******************

"Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма? Біздің қазақтың "жүректі кісі" дегені – батыр ...білдіреді. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап білмейді. Рахымдылық, мейірбандық, əрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, бұлар жүрек ісі, асықтық та – жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Адалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Біздің қазақтың "жүректісі" мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уəдеде тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптің атаның басын бұрып алуға жараған, əділетті ақын мойындаған нəрсеге қиын да болса мойындау, əділетті ақын мойындамаған нəрсеге оңай да болса мойындамау ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры – əншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз" (Абай Құнанбайұлы)

*********************

Еркекке тіс те керек, іс те керек, білек те керек, жүрек те керек (Ғабит Мүсірепов)

*******************

"Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек" (Абай Құнанбайұлы)

**********************

"Қазақтың жүрегі тоқтамасын, өнердің жүрегі тоқтамасын деп отырғаным сол. Өнерін өлтіріп алған қазақ ел болып оңбайды, елінен айнып қалған жүрек - жүрек болып жарытпайды. Екеуі бөлінбес бір бүтін, тұтас дүние деп есептеймін. Ендеше, жүрегіміз тоқтамасын" (Әшірбек Сығай)

**********************

Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек. (Әзілхан Нұршайықов)

**********************

"Шын беріле қызықтаған нәрсе ғана адамның жүрегінен орын алады" (Әбу Насыр әл-Фараби)

**********************

"Ауыздан шыққан суық сөз, жүрекке жеткенше мұзға айналады" (Ілияс Есенберлин)

**********************

"Жылуы жоқ жүрек те - бір, қуыс кеуде де - бір" (Жүсіп Баласағұн)

**********************

Тіл жүректің айтқанына көнсе – жалған шықпайды (Абай Құнанбайұлы)

*********************** "Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі"(Ыбырай Алтынсарин)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2045517-zurekti-zurek-zutqan-qazaq-xalqy-adam-zuregine-nege-erekse-man-bergen/

pixel