Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ер мен әйел арасында сенімді арттыру үшін не істеу керек

Опубликовано:

Қос ғашық
Бір-бірін сүйген қос ғашық. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сенім ерлі-зайыпты арасындағы қарым-қатынастың негізі болып саналады. Шаңырақтың шаттығы үшін сенімнің маңызы зор. Ер мен әйелдің бір-біріне деген сенімін арттыру үшін не істеу керек? Бұл жазбамызда қарым-қатынас бойынша мамандар айтқан кеңестерді ұсынамыз.

Сенім жайлы психологияда не айтылған?

Сенім психологиядағы маңызды ұғым болып саналады, оның ішінде мынадай аспектілер бар:

  • эмоционалдық;
  • когнитивтік
  • әлеуметтік.

Эмоционалдық сенім жайлылықты, адамның сізге зиян тигізбейтінін және ренжітпейтінін білдіреді.

Когнитивтік сенімге басқа адамды парасатты, адал және сенімді түрде қабылдау жатады. Мұндай сенім түрі басқа адамның уәдесінде тұратынына сендіреді.

Әлеуметтік сенім адамдар арасында қауіпсіз екенін сезіну, өзгелермен ресурс алмасып, сенімді түрде бірге жұмыс істеумен байланысты.

Ер мен әйел арасында сенім болмаса, бақытты әрі жайлы өмір сүру мүмкін емес. Сенімнің болмауы қай кезде де күмән тудырады. "Мені алдап жүрген жоқ па? Ол шынымен өзі айтқан жерде жүр ме?" - деген ойлар жақсылыққа жетелемейді.

40 жылдан астам тәжірибесі бар психолог, профессор Джон Готтман "Махаббат зертханасы" кітабында 3000-нан астам жұпты бақылап, зерттеу жасаған. Ол некедегі басты мәселе сенімнің болмауы екенін анықтады. Готтман жүргізген зерттеу нәтижесінде 86% ерлі-зайыпты некесін сақтап қалған.

Ер мен әйел арасындағы сенімді қалай арттыруға болады?

Саналы адам некенің берік болуы үшін мықты сенім керегін түсінеді. Сондықтан да қарым-қатынас жағдайы бойынша үнемі жұмыс істеу керек. Бұл жұбайлардың бірін-бірі бағалайтынын көрсетеді. Отбасылық құндылықты жоғары қоятын жандар өмірлік жарының бойындағы қабілеті мен жетістіктерін мақтан тұтады, жақсы қырларын көруге ұмтылады. Тіпті, күн сайын "Мен сені сүйемін" деп айтудан жалықпайды. Қандай да бір келіспеушілік туындай қалса, көңілге кірбің түсірмеуге тырысады, бір-біріне жанашырлық танытып, қолдау көрсетеді.

Егер сүйген адамыңыздың іс-әрекетіне күмәнмен қарайтын болсаңыз, онда арадағы сенімге селкеу түсуі ғажап емес. Мұндай жағдайда сезімнің суып кетуі де мүмкін. Оның арты жұптың бір-бірінің кемшіліктерін теріп кетуге ұласады дейді мамандар. Осылайша бұрын бағалы деп есептеген, өзіңіз таңдаған адамның жаман қасиеттерін айтып отыруыңыз ықтимал. Содан соң серігіңізді басқа адамдармен салыстырып, өзіңізге көңіл толмауы ықтимал. Мәселен, "Мен жақсырақ болуға лайықпын!" - деп ойлап, жарыңызды қолдаудың орнына сынайсыз және ризашылықтан гөрі реніш сезімін ояту жоғары болады.

Қос ұстасқан жұп
Теңіз жағасында қос ұстасқан жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сенім мен адалдықты ту ету үшін ер мен әйел не істеу керек? Әлбетте ең алдымен күш-жігер қажет. Осы тұста психолог мамандардың қарым-қатынасты нығайтуға арналған бес әдісі мынадай:

1. Кішіреюден қорықпаңыз

Кез келген адам қателеседі, бұл - заңдылық. Алайда қатені бірінші болып түзетуге тырысыңыз. Мұндай әрекет интеллекті жоғары жұптардың құпия қаруы екенін есте сақтаңыз.

2. Жаман ойлардан арылыңыз

Психологтар Элизабет Робинсон мен Гейл Прайстың зерттеуіне сүйенсек, жағымсыз ойлар серігіңіздің сізге қарай жасайтын жақсы қадамдарының жартысын көрсетпейді екен. Мұндай жағдайда сенім орнату қиын. Сондықтан нақты мәселелерді өзара талқылап, жұбыңызбен байланысты жаман пікірдің ара-жігін ажыратып үйреніңіз. Теріс ойларды жанашырлық және түсіністікпен алмастыруға тырысыңыз.

3. Серігіңізге қолдау білдіріңіз

Салыстыру тұзағынан аулақ болудың ең жақсы жолы - серігіңізді әркез қолдау және мақтау. Ол туралы позитивті ойлауды әдетке айналдыру керек. Сүйген адамыңыздың бойынан нені бағалайтыныңыз туралы ойланыңыз және оған бұл туралы үнемі айтып отырыңыз.

4. Ұрыс-керісте де бір мән болсын

Бақытты отбасында адамдар еш қиындықсыз, жеңіл түрде наразылығын білдіріп, сезімдері мен қалаулары туралы айтады. Дегенмен өздерін ешкімнің көңіліне келмейтіндей қалыпта ұстап, жұмсақ сөздермен жеткізеді.

5. Екеуіңізге ғана уақыт бөліңіз

Қазіргі күні бос жүрген адам жоқ. Адамдар көп уақытын жұмысқа арнайды, күйбең тірліктен босамай, балаларына қарайды. Ал неліктен ерлі-зайыптының бірге қыдыруына уақыт жоқ екенін түсіндіру оңай. Бір сәт сылтауларды ысырып тастап, кездесуге уақыт бөліңіз. Шын жүректен ақтарылып әңгімелесіңіз және сізді эмоционалдық жағынан жақындастыратын дүниені қайта жасап көріңіз. Мұндай "инвестицияның" өз жемісін беретіні сөзсіз.

Теміржол вокзалы
Пойыз жанында тұрған жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ерлі-зайыптының арасындағы сенім балаларға қалай әсер етеді?

Сенімнің мықты болуы жайлы әрі бақытты отбасын қалыптастыруға ықпал етеді. Мұның жұбайлар ісінің өрге жүзуіне және балаларының эмоционалдық жағдайына әсер ететіні анық. Сондықтан ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға және жақсартуға ұмтылу отбасылық өмірдегі маңызды қадамдардың бірі болмақ. Психология пәнінің оқытушысы Кристина Роднина "Мир науки. Педагогика и психология" басылымында жарияланған мақаласында ерлі-зайыпты арасындағы сенімнің балаға қалай әсер ететінін былай түсіндірген:

Егер ата-ана бір-біріне сенбейтін болса, бұл отбасындағы жағдайдың тұрақсыздығына әкелуі мүмкін.Үйдегі ұрыс-керіс, кикілжің салдарынан балалармен дұрыс қарым-қатынас орнатылмайды. Бұл факторлар балалардың эмоционалдық жағдайына теріс әсер етіп, олардың оқудағы үлгеріміне зиянын тигізбей қоймайды. Мысалы әке мен ананың қабағына қарайлаған бала мазасызданып, күйзеліске түсуі ғажап емес. Мұндайда баланың зейіні нашарлап, оқу процесінде қиындықтарға тап болуы ықтимал.

Ер балалар
Кітап оқып отырған балалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Психология мамандары Луи М., Лау Г.К., Там В.К. Гонконг мектептерінде жүргізген зерттеулерінде ер мен әйелдің қарым-қатынасы баланың психикалық жағдайына әсер ететінін анықтаған. Ата-анасынан махаббат пен мейірім көретін балалардың бәрінде мектептегі үлгерімі өте жақсы деңгейде болған. Мақала авторы баланың болашақта табысты болуы үшін отбасындағы қолдау мен жақсы қарым-қатынастың, сенімнің маңызды екенін атап көрсетеді.

Бақыттың сыры жоқ нәрсеге қол жеткізу емес, бақытты болу дегеніміз қолдағы барды бағалауды білдіреді. Сондықтан бір-біріңізді күн өткен сайын бағалап, арадағы сенімге селкеу түсірмей, берік етуге ұмтылған абзал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2045670-er-men-aiel-arasynda-senimdi-arttyru-usin-ne-isteu-kerek/

pixel