Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бюджеті – 45 млн доллар": Голливуд мамандары қазақ қызы туралы фильм түсірмек

Опубликовано:

Голливуд жазуы
Голливуд. Көрнекі фото: pixabay.com

Белгілі америкалық компания алдағы уақытта фильмдер түсіру үшін Грузия және Қазақстан киномамандарымен одақ құруда. Тараптар басты рөлдегі актриса таңдалғанын, фильм түсіруге дайындық жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.

Телеарна таратқан ақпарат бойынша, америкалық WonderHill Studios компаниясы Қазақстан және Грузия елдерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Алғашқы фильмді Қазақстанда түсіру жоспарланып отыр.

"COVID-19 кесірінен студиямыз фильм түсіруді тоқтатып, телебағдарлама өндірісіне ден қойды. Бәрі америкалық көрермен арасында кеңінен танылды. Қазір қайтадан кино түсірілімін қолға алып жатырмыз. Осы ретте Грузиямен серіктестік орнатуды жөн көрдік. Қазақстан да біздің жобаларға қатысуға дайын. Меніңше, мұндай ынтымақтастық аймаққа жаңа мүмкіндіктер ашады", - деді WonderHill Studios комапниясының бас директоры Марвин Пирт.

Алғашқы бірлескен көркем фильм Қазақстан мен АҚШ-та түсіріледі. Туындының желісі ерлер арасындағы бәйгеде бас жүлдені қанжығасына байлаған тұңғыш қазақ қызы жайлы өрбиді.

"Қазақстанның біраз өңіріне саяхаттап, түрлі адаммен таныстым. Олардан қазақ халқының салт-дәстүрі туралы көп нәрсе білдім. Фильм түсіруге болатындай оқиғалар мен әңгімелер естідім. Сол кезде бәйге дәстүрі мен адамдардың өмірлік құндылығы туралы толыққанды фильм түсіруге болады деген ой келді. Меніңше, АҚШ-та бәйгеге түсіп жүрген қазақ қызы жайлы шығарма америкалықтардың көңілінен шығады деп ойлаймын", - дейді сценарист Том Тичолз.

Мамандардың телеарнаға берген мәліметінше, фильмнің сценарийі дайын. Қазір әртістер іріктеліп жатыр. Басты рөлді АҚШ-тағы қандасымыз Аянат Кісенбай сомдайды. Актер қалың көрерменге "Көшпенділер", "Ләйләнің зары" фильмдері арқылы таныс.

"Режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің арқасында кішкентай кезімде "Ләйләнің зары" фильміне түсу бақыты бұйырды. Сол кезден бері қазақ пен Голливуд киносының бірлесіп жұмыс істеуін армандап келдім. Америкада ұзақ жылдар бойы өмір сүріп келсем де, осы арманым жақында орындалатын сияқты", - деді актриса Аянат Кісенбай.

Арна ақпаратына сүйенсек, фильмнің бюджеті – 45 млн доллар. Туынды келесі жылы түсіріледі. Соның арқасында 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2046194-byudzeti-45-mln-dollar-gollivud-mamandary-qazaq-qyzy-turaly-film-tusirmek/

pixel