Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бабалар аңсаған Тәуелсіздік: ел үшін маңызды күннің тарихы

Опубликовано:

Қазақстан жалауы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы. Көрнекі сурет: pixabay

Егемен елде өмір сүрукез келген халықтың асыл мұраты. Кеңес Одағының іргесін шайқалтқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан бес жыл өткен соң Қазақ елі тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздік деген қастерлі ұғымның астарында үлкен мән жатыр. Бұл жазбамызда ел үшін ең маңызды күннің тарихы жайлы айтамыз.

Тәуелсіздік тарихы

1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басы ел үшін қиын кезең болған еді. Сол жылдары КСРО үлкен дағдарысты бастан кешіп жатты. Мұндай дағдарыс биліктің шамасы жетпеген ішкі мәселелерден туындады, ал қолайсыз сыртқы факторлар бұл құбылысты үдете түсті.

Елдегі өнеркәсіп өндірісі қысқарып, ұзақ уақытқа созылған шахтерлер ереуілінен соң көмір өндіру азайды, ал мұнай өндірісі апатты деңгейге дейін төмендеді. Мұнай бағасының әлем нарығында арзандауы экономикалық жағдайды одан сайын қиындатты. 1990 жылы төлем балансының кері сальдосы 17 миллиард доллардан асты. Осылайша валюта қоры сарқылып, шетелдік несиелер есебінен ғана өмір сүріп жатты. Кеңес басшылығына шетелдіктер тарапынан өтелмеген қарыздар туралы көп ескертіле бастады. Осы тұста Кеңес Одағының ұзаққа бармай, банкротқа ұшырайтыны жайлы топшылағандардың қатары көбейді.

Мемлекет бюджет тапшылығын жабу мақсатында баспа станогын бар қуатымен іске қосуға мәжбүр болды. Осылайша айналымдағы қаржы массасын көбейтуді көздеген еді. Алайда соңында мұны бақылай алмай қалды. Нәтижесінде рубль құнсызданып, дүкендегі сөрелер босап қалды. Көп аймақта азық-түлік талонмен беріле бастады. Мұның арты ұзын-сонар кезекке ұласатын. Осындай жағдайлар әлеуметтік шиеленістің артуына апарып соқты.

Социалистік экономикамен қатар коммунистік идеология да әлсіреді. Бұл жөнінде "Тәуелсіздік дәуірі" кітабында мынадай мәлімет берілген:

"Сталиндік репрессиялардың ауқымы, ұжымдастырудың аяусыз тәсілдері, жаппай ашаршылық сияқты тарихтың қасіретті беттері жайында ел азаматтарының көзін ашқан жариялылық ерекше рөл атқарды. Соның салдарынан қоғамда моральдық абырой-беделі күрт төмендеген коммунистік партияның қатары да айтарлықтай сиреген болатын, ал оның билік монополиясына кепілдік беретін Конституцияның 6-бабы күшін жойғаннан кейін партия ресми түрде өзінің басшылық үстемдігінен толық айырылды. Кеңестік дәуірдің соңғы бір жарым жылында компартияның барлық мүшелерінің төрттен біріне жуығы, яғни 4,2 миллион адам оның қатарынан шығып кетті.

Ұлтаралық қатынастар шиеленісе түсті. Кеңес Одағының ұлттық аймақтарында тәртіпсіздіктер туындап, дүрдараздық қантөгіс пен соғыстарға ұласты, ондаған, жүздеген мың адам босқынға айналды, ал оқиғаның бұлайша өрбуіне әзір емес билік толықтай дәрменсіздігі мен жағдайды бақылауда ұстау тізгінінен айырылғанын көрсетті".

1990 жылдардың басында КСРО құрамында болған республикалар Одақ құрамынан шығып, дербес ел болуға ұмтылды. Осы орайда 1989 жылы Тбилисиде, 1990 жылы Бакуде және 1991 жылы Вильнюсте күш қолдануға тырысқан кеңестік басшылықтың әрекеті оң нәтижесін берген жоқ. Керісінше қарсылық одан әрі күшейіп, бұқаралық сипат ала бастады. Жергілікті билік те бұған бей-жай қарай алмады. Осы себептен 1991 жылғы көктемде алты республика Кеңес Одағын сақтап қалуға байланысты бүкілодақтық референдумға қатысудан бас тартты.

Құлдыраған Кеңес экономикасының зардабын қазақстандықтар түгелдей бастан өткерді.

Таулы аймақ
Таулы аймақ көрінісі. Көрнекі сурет: pixabay

1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-інің Президенті мәртебесін бекітті. Дауыс беру нәтижесі бойынша қолдағандар саны – 317, қарсы болғандар саны – 18 болды. Осылайша республиканың жоғарғы өкілетті органы Нұрсұлтан Назарбаевқа президенттік өкілеттік берді.

1991 жылы 16 қазанда "Қазақ КСР президентін сайлау туралы" Заң қабылданды. Осыған орай мемлекет басшысын депутаттар емес, елдің барлық азаматы жалпыхалықтық дауыс беру негізінде сайлайтын болды.

1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстандағы тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы өтті.

1991 жылы 8 желтоқсанда Беловежье орманында Ресей, Украина және Беларусь президенттері Кеңес Одағының өмір сүруін тоқтату туралы келісімге қол қойды.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Н. Ә. Назарбаев "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" ҚР Конституциялық Заңына қол қойды. Бұл күні Қазақстанның Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде аталып өтеді.

Қазақ елінің тәуелсіздігін ең алғаш болып Америка Құрама Штаттары, екінші Қытай, содан соң Ұлыбритания мойындаған еді. Оның артынша Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран мемлекеті мойындады.

Шекарасы бекіген Қазақстан

Қазақстан Қытай мен ТМД-ның іргелес елдері арасындағы шекараны реттеу бойынша бастама көтерді. wikipedia.org мәліметі бойынша 1994 жылы 26 сәуірде Алматыда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев және Мемлекеттік Кеңестің Премьері Ли Пэн Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойды. Екі елдің тарихында алғаш рет мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау процесі жасалды.

Қазақстан КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанның қуаты бойынша әлемде төртінші саналатын үлкен ядролық әлеуеті болды. Алайда бейбітшілік жолында Қазақ елі ядролық бомбадан бас тартты.

1996 жылы 26 сәуірде Шанхайда өткен Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан басшыларының кездесуінде мемлекеттік шекаралар ауданында әскери салада сенім шараларын нығайту туралы тарихи келісімге қол қойылды. Бес мемлекет басшыларының кездесулерінен кейін келісім Шанхай ынтымақтастық ұйымына айналды.

Сонымен бірге 2001 жылы Қырғызстанмен, 2002 жылы Өзбекстанмен, 2003 жылы Түрікменстанмен және 2006 жылы Ресеймен шекараларды делимитациялау туралы келісімдерге қол қойылды.

Жылдар жылнамасы

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ел ішінде түрлі оқиғалар болды. Соның бірқатары мына тізімде көрсетілген:

  • 1991 жылы елге шетелдегі қандастар орала бастады.
  • 1992 жылы 2 қаңтарда Қазақстан ЕҚЫҰ мүшесі болды. Осы жылы 2 наурызда Қазақстан БҰҰ мүшелігіне қабылданды. 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. 1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының Бірінші Конституциясы қабылданды. Қазақ КСР Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.
  • 1993 жылы 15 қарашада ұлттық валюта — теңге қолданысқа енді.
Майда тиындар
Теңге - қазақ елінің ұлттық валютасы. Көрнекі сурет: pixabay
  • 1994 жылы 7 наурызда Қазақстан Парламентіне алғашқы сайлау өтті.
  • 1995 жылы 30 тамыда жалпы республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.
  • 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. 2007 жылы оның атауы Қазақстан халқы Ассамблеясы болып өзгерді.
  • 1996 жылдың 3 сәуірде ұлты қазақ Қазақстан азаматтары тегі мен әкесінің атын тарихи қалыптасқан халықтық дәстүрлерге сәйкес жазу мүмкіндігін алды.
  • 1997 жыл — Жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланды. 20 қазанда Президенттің Жарлығымен Ақмола қаласы (1998 жылғы 6 мамырдан бастап Астана қаласы болып өзгертілді) Қазақстанның астанасы болып жарияланды.
  • 1998 жылы зейнетақы реформасы жасалды.
  • 1999 жылы 26 ақпанда Біртұтас экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылды.
  • 2000 жылдың 29 шілдесінде бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтарға арналған соңғы штольня жойылды.
  • 2001 жылдың 26 наурызында алғаш рет қазақстандық мұнайды КҚК – Каспий құбыр консорциумының 1500 шақырымдық құбырына айдау басталды.
  • 2002 жылдың 23-24 қазанында Түркістан қаласында қазақтардың екінші дүниежүзілік құрылтайы өтті.
  • 2003 жылы Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезі өтті.
  • 2004 жылы Ақорда қолданысқа берілді.
Ақорда
Ақорда келбеті. Көрнекі сурет: pixabay
  • 2005 жылы "Қазақфильм" киностудиясы Ресей Мемлекеттік фильм қорынан қазақ фильмдерін қайтару жұмысын бастады.
  • 2006 жылдың қаңтар айында "Самұрық" мемлекеттік холдингі құрылды.
  • 2007 жылы 27 наурызда Қазақстан Президенті "Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігін құру туралы" № 502 Жарлыққа қол қойды.
  • 2008 жыл Қазақстандағы Украина жылы болып жарияланды.
  • 2009 жылы Қазақстан халқының санағы өтті.
  • 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы саммит өткізді.
  • Мұнай өнімдеріне ЭТП ставкалары бұрынғы деңгейде сақталды.
  • 2012 жылы жазғы олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар 3 алтын 1 күміс 6 қола алып, 25 орынға тұрақтады.
  • 2013 жылы 5 қыркүйекте Қазақстан алғаш рет Санкт-Петербургтегі G20 саммитіне қатысты.
  • 2014 жылы 29 мамырда Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары Еуразиялық экономикалық одақты құрайтын шартқа қол қойды.
  • 2015 жылы 1 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армения арасында саяси және экономикалық одақ құра отырып күшіне енді.
  • 2016 жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аталып өтті.
  • 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында Алматыда 28 - қысқы универсиада өтті. Осы жылы Астанада халықаралық "EXPO-2017" көрмесі ұйымдастырылды.
  • 2018 жылы Түркістан облысы құрылып, Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы Түркістан қаласы болды.
  • 2019 жылдың 9 маусымында Президенттің кезектен тыс сайлауы өтті.
  • 2020 жылы күллі әлемді дүрбелеңге салған COVID-19 пандемиясы басталды.
  • 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ипотеканы өтеуге және өздері немесе жақын туыстары үшін емделуге ақы төлеуге пайдалануға рұқсат берілді.
  • 2022 жылы 10 қаңтарда Қаңтар оқиғасына байланысты Ұлттық аза тұту күні жарияланды.
  • 2023 жылы ұлттың рухын оятқан "Оян, қазақ!" фильмі жарыққа шықты.

Тарих үшін 32 жыл аса көп уақыт емес. Дегенмен дамудың даңғыл жолына түскен қазақ жұрты үшін әрбір жылдың өзіндік тарихы бар. Бірнеше дағдарысты, қиын кезеңдерді бастан кешкен елдің бүгінгі батыл қадамдары экономикасының тұрақты болуына, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне ықпал етеді деген сенім мол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2050888-babalar-ansagan-tauelsizdik-el-usin-manyzdy-kunnin-tarixy/

pixel