Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әйтеке би: әйгілі тұлғаның тарихта алатын орны қандай

Опубликовано:

Әйтеке би
Кіші жүзді басқарған Әйтеке би. Көрнекі сурет: YouTube/Қазақстан Тарихы

Әйтеке би – XVII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақтың атақты биі. Әйгілі би ел іргесінің мықты болуына зор үлес қосты. Бұл жазбамызда атақты тұлғаның өмірі мен ел үшін жасаған еңбегі туралы баяндаймыз.

Әйтеке бидің шығу тегі, өмірі туралы деректер

Әйтеке би Байбекұлы (туған кезде қойылған аты - Айтық) 1644 жылы 23 наурызда Қазақ хандығының Қызылша қаласында дүниеге келген. Тарихшы Мұхамеджан Тынышпаев "Киргиз-казахи в XVII и XVIII веках" деген мақаласында Әйтеке биді Алшын тайпасының Әлімұлы Төртқара руынан шыққан деп жазады. Бидің ата-бабасы мен туыстары беделді болған. Ол белгілі Жалаңтөс Баһадүрдің інісі және Қоқан ханы Ақши Сейтқұлұлының немересі болатын. Мұхамеджан Тынышпаев Әйтеке биді Самарқандтағы атақты Жалаңтөс батырдың ағасының немересі екенін жазған. Бидің танымал аталарының бірі Ораз би (1299–1385) Темір ханның ең жақын кеңесшісі болған еді.

Байбек отбасында Айтық кенже ұл еді. Оның Қашқын және Кешубай деген ағалары болды. Айтық 5 жасынан бастап ауыл молдасынан сауатын ашқан. Одан кейін Самарқандтағы Ұлықбек медресесінде және Шердор медресесінде дін, астрономия, құқық, математика, география, тарих салалары бойынша білім алды.

Самарқандағы медресе
Самарқандағы Ұлықбек медресесі. Көрнекі сурет: pixabay

Әйтеке би араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін жетік меңгерген. Дипломатия мен шешендік өнердің қыр-сырын жақсы білген. Білім алуына белгілі саяси және қоғам қайраткері, қолбасшы, Шердор медресесін салуға бастамашы болған Жалаңтөс батыр ықпал етті.

Әйтеке би саяси қызметін ерте бастады. Ол 20 жасында Бұхара мен Самарқандағы қазақтардың, қарақалпақтар мен өзбектердің биі болды. Ол дана әрі әділ қазы ретінде зор құрметке ие болды. Әйтеке би жастайынан дау-дамайлы мәселелер шешімін табатын жүз билеушілерінің жиындарына қатысқан. Ол дауды шешудің жолдарын жиі ұсынып отырды.

Әйтеке би 25 жасында (кейбір деректерде – 30 жасында) Кіші жүзге бас би болып сайланып, Төле би және Қазыбек бимен бірге ең құрметті билердің біріне айналды. Содан кейін Әйтеке би Тәуке ханның бас кеңесшісі болды. Ол өмірінің көп бөлігін далада көшпелі халықпен бірге өткізді.

Әйтеке би қандай қызметімен танымал? Әйтеке би Кіші жүздің бас биі, Тәуке ханның кеңесшісі және "Жеті жарғы" заңдар жинағының авторларының бірі ретінде танымал.

Төле би Ұлы жүздің, Қазыбек би Орта жүздің, Әйтеке би Кіші жүздің биі болған. Билер рулар мен жекелеген ауылдардың мүддесін қорғап, әрқашан халық жағында болып, үш жүздің тату-тәтті өмір сүруі үшін бірлікке шақыруға ұмтылды. Әр би өз жүзінің мәселелерімен айналысқан, бірақ басқаларға көмектесуден бас тартпаған.

Билер – әкімшілікті, қолбасшыны және төрешіні бір болмысқа сыйдырған ұлт ақсүйектері, - дейді заң ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Усеинова. Олардың елдегі билігі тек сот билігімен шектелмеді. Ел үшін маңызы бар мәселелер күз мезгілінде халық жиналысына ұсынылатын еді.

Кіші жүздің биі ретінде Әйтеке би мынадай міндеттерді атқарды:

  • билер арасындағы келіспеушілікті шешті;
  • өзара дауларды шешуге атсалысты;
  • әскери қолбасшылардың әскери істерді ұйымдастыруына көмектесті;
  • рулар мен ауылдар арасындағы қанды қақтығыстардың алдын алды;
  • Қазақ хандығының халықаралық қатынастары бойынша би қызметін атқарған;
  • басқа елдермен және халықтармен дипломатиялық байланыс орнатты.

Әйтеке би қандай адам болған? Әйтеке би асқан зерделілігімен, сөзіне ерте білетін қасиетімен ерекшеленетін шешен адам болған. Ол Кіші жүздегі, басқа жүз арасындағы сот дауларын, сондай-ақ халықаралық мәселелерді әділ әрі ақылмен шешті. Бидің әділдігін қара қылды қақ жарып көрсете білді. Әйтеке би дарынды қолбасшы болған, жоңғарларға тойтарыс беру жоспарын ұйымдастыру бойынша ханға көмектескен, жаудың Сайрамға шабуылы кезінде өзі де шайқасқа қатысқан.

Әйтеке би 1700 жылы дүниеден өтті. Би Науаи жеріндегі Нұрата аумағында жерленген. "Тарих" веб-порталының мәліметінше бұл Ташкенттен 75 шақырым жердегі Қауыншы және Шыназ ауылдарының маңында Әйтеке бидің ата-бабасы мен әкесі Байбек бейітінің жанында делінген.

Саясаткердің көзқарасы мен қызметі

Әйтеке би қазақ халқы үшін не істеді? Әйтеке бидің қазақ рулары мен қауымдарын біріктіру, топтастыру жолындағы еңбегі зор. Ол бірлік арқылы ғана жерімізді сақтап, жауға тойтарыс беруге болады деген ұстанымда болды.

Сол себептен заңнамалық және құқықтық жүйелерді реттеу қажет болды. Әйтеке би басқа билермен және Тәуке ханмен бірге "Жеті жарғы" заңдар жинағын әзірледі, оны "Тәуке ханның заңдары" деп те атайды. Бұл жарғы қанды қырғындарға нүкте қойып, даулы мәселелерді өркениетті жолмен шешуге, қазақ жерінде бейбітшілік орнатуға ықпал етті.

Мұхамеджан Тынышпаев Тәуке хан билік еткен кезеңді ерекше гүлденген, көшпелілердің бейбіт ғұмыр кешкен әрі дами түскен дәуірі деп сипаттайды. Тарихшы Леонид Словохотов "Народный суд обычного права киргиз Малой орды" еңбегінде: "Олар бұл уақытты алтын ғасыр деп атайды", - деп жазады. Әйтеке би Тәуке ханның оң қолы әрі кеңесшісі болған.

"Жеті Жарғы" көптеген қарама-қайшылықтың шешімін табуға ықпал етті:

  • жер дауы;
  • отбасы (неке, ажырасу, мүлікті бөлу);
  • әскери (әскерилердің міндеттері, әскерлерді бөлу);
  • сот (сот отырыстарын өткізу тәртібі, ережесі);
  • қылмыс үшін жауапкершілік (кісі өлтіру және дене жарақаты үшін жаза);
  • мұраны бөлу (жесірлердің құқығы туралы заң).
Тәуке хан мен билер
Тәуке хан мен билердің "Жеті жарғыны" жариялаған сәті. Көрнекі сурет: YouTube/Карагандинский музей

Ондағы басты шешім қанды кек алуды тоқтатып, оны әділ жазамен, кісі өлтіргені үшін өтеуін төлеумен алмастыру болды. Леонид Словохотов ер адамды өлтіргені үшін мың қой, әйелдің өліміне 500 қой төленетінін жазған. Өлтірген адамның дәрежесі неғұрлым жоғары болса, төлем соғұрлым көп болған деседі.

Қылмыс фактісін анықтау үшін 2-3 куәгер қажет болды. Егер куәгер жоқ болса, онда кепілдік беруші ретінде адалдығымен елге танымал адамдар алынды. Ал күдіктіге ешкім кепілдік бере алмаса, онда ол жазаланды. Көшпелі өмір ешқандай іркілісті көтермеді, соның ішінде сот шешімдеріне әділетсіздік танытпаған. Сондықтан сот шешімі бірнеше сағатта, кейде аз күнде шығарылды.

Әйтеке би қызмет еткен кезеңде Қазақ хандығына Жоңғар хандығы қауіп төндірді. Шабуылға сауатты түрде тойтарыс беру хан мен оның кеңесшілерінің басты міндеті болды. Билер соғысқа қабілетті әскер құруды қолға алып, жауға қарсы күресте үш жүздің басын біріктіріп, бодандыққа қарсы шықты. Бидің қолында елді, халықты қалай қорғаймыз деген дайын жоспары болатын.

Ал 1699 жылғы хан кеңесінде Әйтеке би әскерді қаруландыруға, оқу-жаттығулар өткізуге, шекарада бекеттер орнатуға, халық жасақтарын құруға, байларға қару сатып алу үшін салық енгізуге бар күш-жігерін салды. Бірақ оның бірде-бір ұсынысын мақтан тұтқан сұлтандар мен төрелер қабылдамады. Халқының құл болғанын көрмеу үшін Әйтеке би шарасыздан Алла Тағаладан ажал сұрайды. Ол бір жылдан кейін 56 жасында қайтыс болды.

Әйтеке би мемлекет ішінде адамдар мен рулар арасында жаңа қарым-қатынас орнатуға ықпал етті. Сауатты жасалған құқықтық және мемлекеттік саясат Әйтеке би мен Тәуке ханға қазақтардың басын біріктіріп, елдің тұтастығын сақтауға мүмкіндік берді.

Дана әрі көреген Әйтеке би ел-жұртының, ұрпақтарының құрметіне бөленді. Әйтеке би айтып кеткен сөздер әлі күнге дейін өзекті. Өйткені бидің даналығы қазақтың азат елін сақтап қалуға, біріктіруге көмектесті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2052244-aiteke-bi-aigili-tulganyn-tarixta-alatyn-orny-qandai/

pixel