Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мерекеден кейін жұмысқа кірісу неліктен қиын: маман бірнеше себебін айтты

Жарияланған күні:

есінеп тұрған ер адам
Ер адам. Көрнекі фото: pixabay.com

Ұзақ және мерекелік демалыстардан кейін бірден жұмысқа кірісу оңай емес. Бірнеше күн демалып, күш жинағанымызбен, ойды жинақтап, міндеттерді атқаруға кірісу қиындық тудырып жатады. Психолог Дания Тұрысованың айтуынша, бұның бірнеше себебі бар, деп жазады Kazinform тілшісі.

"Мерекеден кейін жұмысқа кірісу неліктен қиын? Оның бірнеше себебі бар.

Кейбірінде серотонин, эндорфин, адреналин гормондары азаяды. Мерекеге дайындық эмоционалды әлсіретеді. Сондай-ақ тамағымыздағы өзгеріс – мерекелік дастарқан, спирттік ішімдікті пайдалану да әсер етпей қоймайды", - дейді Дания Тұрысова. 

Маманның пікірінше, прокрастинациядан зиян шекпеу үшін, яғни, маңызды және шұғыл істерді кейінге қалдырып, салдарынан мәселе туындамауы үшін бастапқыда әр күнді барынша жоспарлап, оны қағаз бетіне түсірген жөн.

"Мұндай істерді екі-үшеуден асырмаған дұрыс", - дейді ол.

Психологтың сөзінше, алғашқы жұмыс күндері адам өзін жайсыз сезініп, беймаза күй кешуі мүмкін. Көңіл күйі түсіп, ұйқысы бұзылады, шаршағандық байқалады. Мұның бәрі – уақытша құбылыс. 

"Әдетте мерекеде біздің дәстүрлі күн тәртібіміз бұзылады. Сондықтан алғашқы күндері 8 сағаттан кем ұйықтамау керек. Мұны көпшілік ескере бермейді, ұйқы біздің ағзамызды қалыпқа келтіреді, физикалық-эмоционалды тұрақтандырады. Ұйқыға кетерден екі сағат бұрын барлық гаджеттен бас тарту керек.

Жылдың басында болашаққа қатысты үрей тууы да мүмкін. Жалпы жылдың соңында, мереке қарсаңында және қазір қалай жұмыс істеп жатқаныңызды салыстырудың керегі жоқ. Өзіңізді қамшыламаңыз, асықпаңыз, барлығына уақыт табасыз, бәрі сіздің қолыңыздан келеді. Тек жайлап кіріскен жөн", - дейді Дания Тұрысова.

Психологтан тағы бір кеңес – демалыстан кейінгі алғашқы екі-үш күнге кездесулерді, шұғыл жұмыстарды жоспарламау. Ал тез қалыпқа келудің бірден-бір жолы – физикалық жүктеме.

"Ол үшін жаттығу залына арнайы барудың қажеті жоқ, далаға шығып, саябақта, көшеде 30 минут серуендеудің пайдасы көл-көсір. Тіпті далаға шығып, дүкенге барып келудің өзі пайдалы болмақ", - дейді Дания Тұрысова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2053824-merekeden-keiin-zumysqa-kirisu-nelikten-qiyn-maman-birnese-sebebin-aitty/