Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дулаттан шыққан әйгілі батырлар туралы не білеміз

Опубликовано:

Найзалы жауынгерлер
Найза ұстаған батырлар. Көрнекі сурет: aqmeshit-aptalygy.kz

Қазақтың білекті батырлары мен әйгілі тұлғалары жайлы аңыз-әңгіме көп. Төл шежіреге үңілсек, елі үшін етігімен су кешкен ерлердің есімдерін көреміз. Бұл жазбамызда қазақ халқының Дулат руынан шыққан бірнеше батыры туралы ақпарат ұсынамыз.

Дулат руының тарихы

Дулат руының тарихы жайлы не білеміз? Дулат – қазақ халқының негізін құрайтын әрі Ұлы жүздің ішіндегі саны жағынан ең көп тараған руының бірі. Дулат атауы тарихи деректерде ерте заманнан бері кездеседі. С.К. Игибаевтің "Историография Казахстана" кітабында атақты шығыс зерттеушісі Н.Я. Бичуриннің жазуына қарағанда, Дулаттар б. з. б. ІІ ғасырында өз алдына хандық құрған (ол кезде билеушіні "би" деп аталған), Үйсін (Усунь) тайпалар одағында дулу тайпасының болғаны жайлы жазылған. Дулу атауы бертін келе дуғлат, доғлат деп аталған.

Дулат руының ұраны мен таңбасы қандай? Бұл рудың ұраны – Бақтияр, таңбасы – дөңгелек, абақ.

Дулат тайпасы қай өңірді мекендеген? Н.А. Аристовтың деректері бойынша үйсіндер мен дулаттар байырғы заманнан бері Жетісуды қоныстанған. Олар бір этникалық түйінді құраған, кейіннен қазақ халқының құрамына кірген ежелгі жетісулық тайпалардың ұйытқысы болған.

Дулу тайпасы Сулу қағанның тұсында үйсінмен одақ құрады. 709 жылдан бастап Орталық Азияны жаулап алуға кіріскен Кутейбе ибн Муслимнің Бұхара аймағынан бері қарай асуына жол бермей, 20 жылдан астам уақыт оны бөгеп, Шаш (Ташкент), Ферғана, Әндіжан, Қоқан уәлаяттарын қорғап отырады. Оның тұрақты ордасы Суяб қаласы болған. Сулу қаған 738 жылы Суяб қаласында сатқындар қолынан қаза тапты. Бұл туралы "Алаш айнасы" басылымының "Шежіре" айдарында жарық көрген "Дулат руы" жазбасында былай делінген:

"Дулулар Түрік қағандығы кезінде (6-8 ғасырлар) бес елге бөлініп, Жетісу өлкесінде ықпалын жүргізген. Рашид әд-Диннің айтуынша, олар Шыңғыс хан империясы дәуіріндегі ірі тайпалардың бірі болған. Тарихи деректерде Дулу тайпасы XІV-XVI ғасырлар арасында зор ықпалға ие болған. Бұл дәуірде олардан атақты билер мен бектер шығып, әуелі Шағатай ұлысында билік жүргізеді, кейін Әмір Темір хандығының ісіне араласады. Бауырты, Бұлатшы, Хұдайдад, Камариддин, Әмірдәуіт және Әбубәкір (Шығыс Түркістан мен Жетісуды билеген) ерекше ықпалды адамдар болған. Шағатай әулетінің соңғы хандары Сейіт пен оның баласы Рашидтің кезінде Дулаттар бұрынғыдай ұлыс мәселесіне қатыспай, тек әскербасы қызметін атқарған. XV-XVI ғасырларда Дулаттардан Мұхаммед Хайдар Дулати ("Тарихи Рашиди" авторы), Махмұд Жорас, Әмір Уәли сияқты оқымысты ғалымдар шықты. Олар өз көздерімен көрген тарихи оқиғалар туралы еңбектер қалдырған. Қазақ халқының үш ұлы биінің бірі Төле би де осы Дулат тайпасының Жаныс тармағынан. Н.А.Аристовтың Ботбайдан шыққан Диқанбай батырдан (1876 ж. ө.) жазып алған шежіресі бойынша, үйсін Бәйдібектің үшінші әйелі Домалақ анадан (Нұрилә) Жарықшақ туады. Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат болып тарайды. Дулаттан Ботбай, Шымыр, Сиқым, Жаныс тараған".

Батыр бейнесі
Қазақ батырының бейнесі. Көрнекі сурет: celes.club

Дулат руынан қандай батырлар шыққан?

Шымыр батыр

Шымыр – Ұлы жүздің Дулат тайпасынан шыққан батыр, әулие. Шежіре деректері бойынша Дулаттың кенже ұлы болған. Өмір сүрген кезеңі Қазақ хандығының қалыптасу, нығаю кезеңдерімен шамалас. Талас пен Шу өңірлерінде, Ташкент, Сайрам жерлерінде билік жүргізген, сол үшін ұлы бек атағын берген. Шымыр батыр Ташкент маңында жерленген.

Шымырдан Шынқожа, Бекболат, Темірболат рулары тарайды. Бұл рулардан әйгілі би-шешендер, атақты адамдар шыққан. Мысал ретінде Байзақ датқа, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сынды тұлғаларды айтуға болады.

Жамбыл облысындағы Ұлы тұлғаларға арнап орнатылған ескерткіштер деректері бойынша Дулат руынан шыққан бірнеше батыр жайлы ақпарат ұсынамыз.

Қойгелді Сартұлы

Қойгелді Сартұлы (1702-1795) – жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресте қол бастаған атақты қолбасшылардың бірі. Ол Төле бидің сенімді серігі болған. Қойгелді түрлі шайқаста жекпе-жекке шыққанда жеңіліс көрмей, жоңғарлардың 9 батырын өлтіріп, қазақ сарбаздарын жеңіске рухтандырған ерлігі ел аузында аңызға айналған. Ол қолбасы ретінде Жетісу жері жаудан азат етілгенше жүргізілген соғыстардың бәріне қатысады. Қойгелді батыр ескерткіші 1998 жылы облыс орталығында Төле би көшесі мен Қойгелді батыр атындағы көше қиылысында орнатылған.

Жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресінде қол бастаған атақты қол басшылардың бірі. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Шымыр руынан. Әкесі Қойгелдіні жеті жасында Бұхара медресесіне оқуға береді. Ол сонда он жыл білім алып, елге діни сауаты мол білікті азамат болып оралады. Оның ел ішінде хазірет атануы да содан. Бірақ жаугершілік аман, ел басына түскен ауыр жағдай Қойгелдіні еріксіз хазіреттің сәлдесін тастап, сауыт киюге, тәспиығын тастап, найза ұстауға мәжбүр етеді. Қойгелдінің бүкіл өмірі, тағдыры Ұлы жүз елінің басшысы, қазақтың атақты биі – Төле бимен ажырата алмастай тығыз байланыста өткен. Ол Райымбек, Тауасар, Ханкелді батырлармен тізе қосып жоңғарлармен айқасады. 1740 жылы Іле бойында қалмаққа қарсы жасақ жинаған Төле би әскеріне қосылып, елін жаудан азат етуге атсалысады. Аңырақай даласындағы алапат шайқаста қалмақтың бас батыры Бохтишарды жекпе-жекте өлтіруі шайқастың жеңіспен аяқталуына жеткізген.

Өтеген батыр

Өтеген Өтеғұлұлы (1699-1773) – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры. 1723 жылы Тауасар, Райымбек, Ханкелді батырлармен тізе қосып жоңғарлармен айқасады. 1740 жылы Іле бойында қалмаққа қарсы жасақ жинаған Төле би әскеріне қосылып, елін жаудан азат етуге атсалысады. Аңырақай даласындағы алапат шайқаста қалмақтың бас батыры Бохтишарды жекпе-жекте өлтіруі шайқастың жеңіспен аяқталуына жеткізген.

Өтеген батыр Өтеғұлұлы (Мүйізді Өтеген) (1699-1773) – XVIII ғасырдың І жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен батыр. XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүз Дулат тайпасының Жаныс руынан. Өтегеннің ата-бабалары да есімдері елге танылған батырлар болған. Бабасы Сырымбет қазақ ханы Салқам Жәңгірдің Самарқан әмірі Жалаңтөспен бірігіп, жоңғардың 50 мың әскерін талқандайтын әйгілі шайқасына қатысқан батыр. Өз әкесі Өтеғұл да талай қанды жорықты бастан кешкен батыр адам болған. Шешесі Нұрбала атақты Қордай батырдың немересі екен. Осындай тектілерден жаралған Өтеген де 15 жасында-ақ есімі елге танылып, батыр атанады. Оның Тарпаң есімді баласы мен Шаншар атты немересі де ел қорғап, жат жерліктерге найза түйреген белгілі батырлар.

Өтеген батыр жөнінде ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер көп сақталған. Солардың біразы Сүйінбай мен Жамбыл секілді жыр алыптарының да дастандарына арқау болған. Ел оның есімін әулие тұтып, қос мүйізі бар киелі деп біледі. Жамбыл Жабаевтың: "Қасара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді" - деп жырлап, оны батырлықтың белгісі ретінде тануы да содан. Өтеген батырдың өмір жолын үш кезеңге бөліп қарауға болатын секілді. Оның бірі - Бұхара медресесін бітірген ғұлама ретінде ел ішінде хазірет атанған кезі. Екнішісі - батырдың елді "Ақтабан шұбырындыға" ұшыратқан жоңғар басқыншыларына қарсы күресі. Ол күресте ерлігімен көзге түсіп, батыр атанған. Үшіншісі – жоңғарлардың 1734 жылғы екінші қайтар соққысынан кейін оңтүстік қазақтары қатты күйзеліске ұшырағанда, Төле бидің жау өтінен шалғай жерден қоныс іздеуге жіберіп, елге жайлы, малға қолайлы жер іздейтін кезі.

Өтеген батыр мен Райымбек батыр екеуі жауға бірге шапқан замандас кісілер екен. Райымбек бірде Өтегенге: "Өлгенде сен су астында қаласың", - деген екен. Әулиенің сол айтқаны дәл келіп, 1973 жылы Қапшағай су қоймасы салынғанда Өтеген батырдың бейіті су астында қалыпты. Бірақ батырдың ұрпақтары бұдан ертерек хабарлап, қам жасап, батыр бабаларының сүйегін алып, Өтеген ауылына әкеп қайта жерлейді. Батырдың кезінде өзі тұтынған біраз мүлкі сақталған. Солардың бірі – Абылай ханның жез тегенесі. Оны Абылай хан Өтегенге кезінде өзі сыйлаған екен.

Сауытты батырлар
Сауыт киген батырлар. Көрнекі сурет: massaget.kz

Жауғаш батыр

Жауғаш Қырбасұлы (1733-1782) – Абылай ханның әскери қолбасшысы, елші. Абылай хан оның ерлігін жоғары бағалап, "Жаралы жолбарыс" деп атаған. 1754-1756 жылдары Абылай ханның арнайы әскери қолын басқарды. Қытаймен арадағы қатынасты реттеуге қатысқан елші де болған.

Абылай ханның белгілі мәмілегерлерінің бірі, атақты батыр, қолбасшы, өз дәуірінің көрнекті қайраткері. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Ботпай руынан. Қазіргі Алматы облысының жерінде туып, Жамбыл облысының жерін мекендеген. Оның ер-тұрманы, қару-жарағы қазіргі таңда Меркідегі өлкетану мұражайында тұр. Жауғаш та өз замандастары секілді, ерте есейіп, қолына ерте қару алған. Ол қырғыздың Сарыбағыш руынан шыққан Есенқұл, Садыр деген батырлардың өз еліне жасаған зорлық-зомбылығына кектеніп, 19 жасында Арқаға Абылай ханды іздеп барады. Сонда жүріп Абылайдың сынынан өтеді. 21 жасынан бастап қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан тазарту жорықтарына қатысады. 1755 жылы ол Абылайханнан бата алып, Алатауға келіп, қырғыз елінің рубасылармен ортақ тіл табысып, солардың жасақтарымен бірігіп, Қорғаты мен Шу бойындағы, Меркі мен Кемін өзендері аралығындағы, Алатаудан Балқашқа дейінгі жерлерді қалмақтардан тазартып, оларды Ілеге дейін қуады. Хан тапсырмасын ойдағыдай орындап келгеннен кейін Жауғаш Абылай ханның қасында болып, талай шайқастарға қатысады. Осындай шайқастың бірінде Жауғаш бастаған сарбаздар жанқиярлық ерлік көрсетіп, жараланған Абылай ханды қан майданның ортасынан суырып алып шығады.

Ол – бітімшіл мәмілегер. Қазақ хандығының 1756-1758 жылдардағы Қытаймен келісімге келуіне, 1770-1774 жылдардағы қырғыздармен қақтығысының нәтижелі аяқталуына ерекше еңбек сіңіреді. Абылай ханның арнайы шақыруымен Жауғаш жетпісінші жылдардың аяғында қайтадан Арқаға барады. Хан ордасын Түркістанға көшіргенде Тілеуберді, Бүрге батырлармен бірге соның қорғаушысы болады. Жауғаш қандай жағдай болса да сөзіне берік, досқа адал, әділ кісі болған. Өздерімен соғысқан дұшпаны Садырдың бір баласын ертедегі достығы үшін өлтіртпей, ханнан өтініп сұрап алуы соның айғағы. Оның досқа адалдығын Абылай хан да жоғары бағалайды. Жауғаш батыр 49 жасында өз ажалынан қайтыс болды. Халқы аяулы батырын арулап жуып, сүйегін Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қояды.

Сыпатай батыр

Сыпатай Әлібекұлы (1781/82 – 1867/68) – XIX-ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген қазақ батыры. Жастайынан қоқандықтардың елге көрсеткен зорлық-зомбылығын көріп өскен Сыпатай Қоқан хандығынан елін азат етуді өз өмірінің басты мұраты етеді. 2002 жылы Сыпатай батырға Меркі ауданының іргесінен үлкен ескерткіш тұрғызылды.

Әлібекұлы Сыпатай (1782-1867) - Қоқан басқыншыларына қарсы күресте аты шыққан батыр, ерлігі мен шешендігі, әділдігі мен ақылдылығы жадында сақталып қалған үлкен бедел иесі. Шыққан тегі – Дулат тайпасының Ботпай руынан. Әкесі Әлібек момын, етік тігіп, өрім өрумен аймағына аты атынлған адам екен.

Бірақ балалары – Андас та, Сыпатай да намысқой, өр кеуделі жігіт болып өседі. Көз көрген қарттардан естігені бойынша Сыпатай батыр кескінін Кенен Әзірбаев: "Зор денелі, құлағы сүйемдей, омырау жүні бір түп қамыстай, құлағына тұрған қырауды қамшысымен қағып түсіреді екен. Сөзге де шешен, тапқыр болыпты", - деп суреттейді.Тарихтан ХІХ ғасырдың басынан ортасына дейін Оңтүстік Қазақстан аумағының біраз жерін қоқандықтардың басып алғаны белгілі.

Басқыншылардың елге көрсеткен зорлық-зомбылығын көріп өскен Сыпатай Қоқан хандығынан елін азат етуді өз өмірінің басты мұраты етеді. Атқа мініп, қол жинап, елге қырғидай тиіп, салық жинап жүрген Қоқан ханының жасауылдарын айдап шығады. Міне, осы кезде оның ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрініп, ерлік істерімен ел құрметіне бөленеді.

Арқадан ығысқан Кенесары хан oңтүстікке келіп, Қоқан Хиуа хандығының бекіністеріне шабуыл жасағанын естіп, содан рухтанып атқа қонған ел азаматтарын бастап, Сыпатай да көтеріліске шығады. Кейін Кенесарыға барып қосылады, оның сенімді батырларының біріне айналады.

Бірақ Кенесары қырғыздарға соғыс жасағанда, Сыпатай одан бөлініп, өз әскерін бастап кетіп қалады. Оның өзіндік себебі де бар еді. Жиырмадан жаңа аса берген албырт кездерінде өз елінің жуандары ағайынды екі батырды – Андас пен Сыпатайды сыйғызбай қуып жібергенде, олар көрші қырғыздарға барып паналаған болатын. Қырғыз ағайындар елін Қоқан басшыларынан қорғасқан екі батырға риза болып, өз ұлдарындай көріп, алдарына мал салып, үстеріне үй тігіп, қоныстығына жер береді. Қалың малын төлеп қыз әпереді.

Аттылы батырлар
Жауға қарсы күрескен батырлар. Көрнекі сурет: otyrar.kz

Қырғыздың солто тайпасының манабы Қанай Сыпатайдың екінші әкесіндей болып, үлкен қамқорлық көрсетеді. Өзін баласындай етіп өсірген елге Кенесары шабуыл жасамақ болғанда, не істерін білмеген ол қатты қиналады. Ақыры өздеріне адамгершілікпен соншалық жақсылық жасап, екінші отанына айналған елге шабуыл жасауға ұжданы жібермейді, әрі ата жұртының ежелгі көршісі бауырлас елмен қарым қатынасты бұзғысы келмейді. Кенесары көтерілісі жеңілгеннен кейін, Қоқан езгісінен елді құтқарудың жалғыз жолы – Ресей қарамағына өз еркімен ену деп түсінген ол орыстың патшасы ІІ Александрға хат жазады. Орта Азияны жаулап алу құлқының тесіп отырған патша өкіметі кідірмей, 1863 жылы Верный қаласындағы полковник Черняевқа Қоқан хандығына қарсы жорыққа дайындалуға бұйрық береді. Бұл жорыққа Сыпатайдың балалары қатысады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2055508-dulattan-syqqan-aigili-batyrlar-turaly-ne-bilemiz/

pixel