Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әйел теңдігі, әйелдің қоғамдағы рөлі туралы қазақ жазушыларының әйгілі цитаталары

Опубликовано:

Бүркіт ұстап тұрған қазақ қызы. Көрнекі сурет
Бүркіт ұстап тұрған қазақ қызы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ қаламгерлерінің арасында әйел теңдігі мен оның қоғамдағы ролі тақырыбы қашан да өзекті болған. Әсіресе ұлт классиктері осы тақырыпта түрлі қанатты сөз жазған. Бүгінгі материалда қазақ жазушыларының әйел теңдігіне қатысты цитаталарын назарға ұсынамыз.

Қазақ әдебиеті тарихында әйел тақырыбын көп қозғаған қаламгерлердің бірі - Ғабит Мүсірепов. Осы орайда жазушының әйелдің қоғамдағы рөлі туралы төмендегідей қанатты сөздерін назарға ұсынамыз:

Қазақ әйелі аз ғана жәрдем бергеніңді ұмытпайды, тезірек еселеп қайтаруға тырысады...

***********

Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді...

***********

Біз әйелді әйел сыңайынан таныған елміз

***********

Әйел қырыққа келгенше өңін бермесе - қасиет, Еркек қырыққа келгенше есі кірмесе - қасірет.

************

Әйел асқақтаса - жылайды, еркек асқақтаса - құлайды.

************

Қазақ әйелін "жан жолдасым" дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой.

************

Саясат пердесін жамылғанымен саясатқа сия бермейтін жайларды түсінуге әйел ойы зерек келеді.

************

Сәбиін құшақтаған қазақ әйелі. Сурет
Сәбиін құшақтаған қазақ әйелі. Сурет: adebiportal.kz

Кеңес Одағының батыры, атақты жазушы Бауыржан Момышұлы да қазақ әйелдері тақырыбында өзінен кейін көптеген нақыл сөз қалдырған. Соның бір парасымен төменде таныса аласыздар:

**********

"Адамды бұзатын не? Тағы сол атақ, ақша, арақ. Осы үшеуі. Төртіншісі әйел демеймін. Алғашқы үшеуінің буына бөртіп, әйелдерді біз - еркектер бұзамыз. Қартайғанда адам соқа басы сорайып жалғыз қалады. Өйткені қыз күйеуге кетеді, ұлды келін әкетеді. Сонда сенен атақ, ақша, абырой, бала - бәрі безгенде, қыңқ етпестен қалқайып қасыңда қалатын бүкіш кемпірің ғана болады. Адам боп сүрген аз дәуреніңді - елу жас па, жүз бе, бәрі бір оны - аяқтап, мәңгі келмеске бірге аттанар сенімді серігің де сол! Сол жалғыз серігіңе өмірде адал болмағаның өзіңе ауыр, одан айырылып, жалғыз қалғаның одан да қиын! Мұны еркектер ойлауы керек!"

************

"Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл. Діңгек – жапырақсыз, гүлсіз, қазақша айтқанда “қу бас” деген сөз. Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат “жемісі” ешқашан да болмайды".

*************

"Ерте заманда қазақ ішінде қылмыс жасаған әйел заты үшін жазаның ең үлкені – оның бұрымын кесу болған екен. Совет өкіметі орнағалы бері әйелдер өзін-өзі жазалап келе жатыр".

*************

ХХ ғасырдағы қазақ әйелдері. Сурет
ХХ ғасырдағы қазақ әйелдері. Сурет: Әділет газеті

Сонымен бірге қазақтың би-шешендері де қазақ әйелінің қоғамдағы ролі жайлы тақырыпты көп қозғаған. Оған төмендегі қанатты сөздер нақты мысал бола алады:

"Әйел - үйдегі ырысың, Ұл - айбарлы қылышың. Қыз - түздегі өрісің, Келін - кеңейген тынысың. Олақ - міншіл, Қызғаныш - күншіл. Сырғақ - сыншыл, Бос сөз - былшыл". (Ескелді би Жылгелдіұлы)

*************

Ерден бағы жанбаған әйел ғаріп. (Жамбыл Жабаев)

*************

"Әйел алсаң қарап ал ақылдысын, Сол болар басқалардан жақын кісің. Ағайынға, туысқа қайырылса, Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кісің. Ерге – аю, балаға – қасқыр болса, Ондай қатын алғанның күні құрсын". (Шал Құлекеұлы)

**************

"Ер жігіт – ел-жұртының панасындай, Жақсы әйел әммә жұрттың анасындай. Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ, Көреді бәрін де өз баласындай". (Сүйінбай Аронұлы)

***************

"Жаман болса әйелің – арманда өтер өмірің, Артылғандай есекке". (Майлықожа Сұлтанқожаұлы)

***************

"Атың жақсы болса, Ер жігіттің пырағы, Балаң жақсы болса, Жан мен тәннің шырағы. Қызың жақсы болса, Жайқалып өскен құрағы. Әйелің жақсы болса, Бірінші - иманың, Екінші - жиғаның, Үшінші - ырысыңның тұрағы". (Төле би Әлібекұлы)

****************

Жаман әйел алғанның – жауы үйінде, жақсы әйел алғанның тойы үйінде. (Сүйінбай Аронұлы)

Киіз басқан қазақ әйелдері. Сурет
Киіз басқан қазақ әйелдері. Сурет: Егемен Қазақстан газеті

Жалпы қазақ әйелдерінің қоғамдағы орны жайлы көптеген жазушылар қалам тербеген. Олардың көпшілігінде халқымызда қазақ қыздарының батыл, ержүрек, дана болғаны жайлы айтылады.

****************

"Түркілік қоғамда әйелдерге кең құқықтар берілген, олар мемлекеттік істерге белсене араласқан. Тақтың мұрагерін ана тәрбиелеген". (Олжас Сүлейменов)

****************

"Әйел затын, жалпы, нәзік деп атайды ғой. Бос сөз. Мықтының ең мықтысы, көнбістің ең көнбісі әйелдер екеніне мен кіммен де дауласуға бармын". (Бердібек Соқпақпабев)

****************

"Еркектер зорығып өлетін ауыр жұмыстарды бұ күндері қыңқ деместен әйелдер атқарып жүр. Оның сыртында, үй тіршілігін істейді, бала өсіреді, кәрі ата, енелерін күтеді". (Бердібек Соқпақпаев)

****************

"Әйел қызметкер де, қайраткер де болуға міндетті шығар. Алайда, ең алдымен ана болуы тиіс". (Ханбибі Есенқарақызы)

*****************

"Ақылды әйел - өз шаңырағының бақыты. Парасатты әйел – тұтас ұлттың бақыты". (Дүкен Мәсімханұлы)

*****************

"Әйелдің отбасындағы негізгі функциясы - тәуекелдерді басқару. Ақша табу емес, ақша үнемдеу". (Марғұлан Сейсембай)

*****************

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2055839-aiel-tendigi-aieldin-qogamdagy-roli-turaly-qazaq-zazusylarynyn-aigili-citatalary/

pixel