Жігіт сұлтанына арналған таныстыру өлеңдері мен тақпақтар
Жарияланған күні:
Мектеп оқушылары арасында "Жігіт сұлтаны" байқауы кеңінен танымал. Осы орайда назарларыңызға байқаудың таныстыру бөлімінде айтуға болатын өлеңдер мен тақпақтарды ұсынамыз.
"Жігіт сұлтаны" - бірнеше бөлімнен тұратын, студенттер мен мектептегі оқушылар арасында өтетін танымал байқау. Онда бозбалалар өз өнерін көрсетіп, "жігітке жеті өнер де аз" екенін дәлелдейді. Ұл балаларға арналған тез әрі жеңіл жатталатын таныстыру шумақтарымен таныс болыңыздар:
"Өмір" деген тым қатал біле білсек, Сындарымен оқ атар арасында. Ассалаумалейкум баршаңызға, Сәлем бердім иіле бар асылға.
Мен де келдім жігіттер сайысына, Бойымдағы өнерді паш етуге. Кіші жүздің ұлымын көзі ашық, Қазақ елін ұмтылар тербетуге.
Абайұлы Арман жігіт боламын, Бұл қыздардың арманына айналған. Анам аты Айжан болат жаулықты, Қыр гүліндей тербетіліп жайқалған.
Мен жігітпін, жігіттердің сұлтаны, Баршаңызды өнеріммен тәнті етер. Қарсыластар сәттілік серік болсын, Жеңіс туын әуелетіп тербетер.
Жібек Искакова
***********
Тегі бүтін қазақтың баласымын, Баурап алар кең байтақ даласымын. Келіп тұрмын жігіттің сұлтанына, "Бағындырсам өнердің" деп дара шыңын.
Өнердің жолы қиын шығар бәлкім, Күйімді мына менің ұғар халқым. Амандасу сөз басы, сыйластық бұл, Баршаңызға ассалаумалейкум!.
Аламанға түсуде бүгін қыран, Өнеріммен шайқаса, алып ұрам. Жігіттің сұлтаны мен Асанәлі, Шабамын Тайбурылдай боратып шаң.
Батыр ұлға болсыншы қошемет бұл, Қошаметің шабытымды шақырып тұр. Орта жүзден келген ұлға бет бұрыңыз, Махаббаттың айдынына батырып бір.
Асқар таудай әкенің — баласымын, От жүрегі елім деп жалындаған. Ақ жаулықты ананың — дарасымын, Даралықты ақ сүтпен қабылдаған.
Жібек Искакова
************
"Жігіт сұлтаны" байқауына әдетте жаттауға оңай өлең шумақтары болған жөн. Осы орайда, назарларыңызға сөздері қарапайым әрі тез жатталатын тақпақтар топтамасын ұсынуды жөн көрдік:
Аламанға бақ сынап мен де келдім,
Маржан сөзді жүректен мен де тердім.
Ассалаумалейкум баршаңызға,
Ілтипатпен сіздерге сәлем бердім.
Бәйгеге түссем бүгін ел атынан,
Демегін ұшу үшін қанатымнан.
Бойымдағы өнерді бағалаңыз,
Көрінердей жетелеп биік шыңнан.
Келсем бүгін жігіттің сұлтанына,
Қолдайды деп білемін жұртым мына.
Ұлы жүздің ұлына қараңыздар,
Ашып сіздер өнердің құлпын мына.
Ермекұлы Мақсат болам мен-дағы,
Әке жолын жалғастырар шынайы.
Анам Мақпал — жанарында мейрім бар,
Қолдайтын тек, қорғайтын тек ұдайы.
Мен неліктен байқаудан жасқанайын,
Жеңу үшін келгенмін, мақсат айқын.
Жігітімін қазақтай қайсар елдің,
Сөз берсе егер айтқанын орындайтын.
Жібек Искакова
************
Елім дейтін, жерім дер мен бір балаң, Бойымдағы өнерден бақыт табам. Ассалаумалейкум елім, жұртым, Ізет етіп сәлемді берем саған.
Жігіттің сұлтанына келіп тұрмын, Жігіттерше көңілді бұрып тұрмын. Кіші жүздің баласы мен боламын, Ұсынатын шынайы ән мен жырын.
Абыройлы әкенің ұлы болам, Бойындағы өнері жалындаған. Мейірімді ананың баласымын, Менмендіктің торына таңылмаған.
Есік ашса жігіттің сұлтаны бұл, Ашық-жарқын күйімде қыламын үн. Мейрамбектей ұлыңмын тыңда елім, Еліменен, халқымен болатын бір.
Өзгеруге қақым жоқ бұл қалпымнан, Бұл көмейім ән менен жырға толған. Байқауымыз қызықты өту үшін, Келгенін мен жасаймын барын қолдан.
Жібек Искакова
**********
Әр күннен қуат алып, бақыт табам, Мен үшін сіздердің тек артық бағаң. Ассалаумалейкум ағайындар, Өз сәлемін ұсынды шад қып балаң.
Көрсетер нұрлы күнді, бағым айды, Түсінем өзім ғана мендік жайды. Бойымның қысқасына қарамашы, Білсеңіз, күш атасын танымайды.
Ұлы жүзден тараған мен бір балаң, Жұлдызың боп көгіңде ай боп жанам. Сансызбайдың ұлымын атым Қанат, От кеудесі елім деп жалындаған.
Алтынайдай анам бар мейірімді, Бар жақсысын біздерге ұсынатын. Ата-анам ардағым байлығым тек, Мерейімді үстем қып, асыратын.
Жігіттердің сұлтаны байқауы бұл, Салт-дәстүрді дәріптеп, қанық етер. Тек сәттілік шаба ма бап па, бақ па? Көрейікші, паң болмай біздер бекер.
Жібек Искакова
*************
Ассалаумалейкум, сәлем бердім, Көтеріңкі болсын деп көңілдерің. Келіп қалдым жігіттің сұлтанына, Жайнасын деп құлпырып өмірлерің.
Баласымын бір сөзді орта жүздің, Дау-дамайды шешетін бір сөзбенен. Ержігіттей әкенің баласымын, Тіл табыса кететін өзгеменен.
Ақмаралдай керімді анашым бар, Жақсылықты жасауға жаны құмар. Мен боламын Нұрболат балаң дүлдүл, Бұл ортаны жұлдыздай жарық қылар.
Болса сізден қошамет шабыт алам, Өнерімді шыңдаудан бақыт табам. Сын айтыңыз тағы да сыр айтыңыз, Бәрін-дағы қасқайып қабыл алам.
Асу алып, талпынып жатыр едім, Сендерменен бірге боп батыр елім. Бәріміз де қазақтың ұрпағымыз, Әрбір таңды қуанышта атыр елім!
Жібек Искакова
************
Шабысы ер жігіттің дара білем, Әрбір күннен бір қуаныш ала білем. Ассалаумалейкум баршаңызға, Жиналған жұрт ағайын, жақсы кілең.
Ұлы жүздің ұлымын, ұланымын, Биік самғар аспанда қыранымын. Өнерімен тәнті етер бар адамды, Таудан аққан мөп-мөлдір бұлағымын.
Есімімді сұрасаңыз Асхат менің, Қазатұғын тереңнен білім кенін. Әкем аты Ергешбай дарабоз жан, Табатұғын қашанда жанның емін.
Анам менің Сұлушаш жүрегі кең, Барша жанды баурайды тілегімен. Мен қалайша биіктен көрінбейін, Тәнті етіп бойдағы өнеріммен!
Жібек Искакова
***********
Жігіт жігіт бола ма шабан болса, Ештеңені білмейтін надан болса. Ассалаумалейкум дана халқым, Қуанамын ел-жұртым аман болса.
Айдар менің есімім сұрасаңыз, Қыр асамын шапқылап өнеріммен. Кіші жүздің ұлымын өр мінезді, Әділдіктің орнауына сенемін мен.
Ардақұлы боламын арманы асқақ, Шындық үшін шырылдап үн қататын. Алтынайдай ананың ұлымын мен, Жақсылыққа шынайы құмартатын.
Бұл жарысқа келгенмін бақты сынап, Дайынды шыңдаумен бапты құрап. Қарсыластар тілеймін тек сәттілік, Жаратқаным жар болып, берсін қуат.
Жібек Искакова
***********
Ассалаумалейкум сәлем бердім, Бүгінгі бұл сайысқа қадам басып. Ұлымын ұлы жүздей дархан елдің, Тұрмайтын ел алдында асып-сасып.
Ермекұлы Ержігіт мен боламын, Алдыңызға өнермен келіп тұрған. Анам аты Бибайша сұрасаңыз, Айналаға жылуын беріп тұрған.
Бұл бір сайыс жігіттер арасында, Бұл сайыстың көрігін беріп тұрған. Қарсыластар сіздерге тек сәттілік, Бұл жарысқа сеніммен келіп тұрған.
Жібек Искакова
"Жігіт сұлтаны" байқауына түрлі жастағы ер адамдар қатысады. Төменде мектеп жасынан бөлек, одан үлкен жастағы ер адамдарға арналған таныстырулар топтамасын назарға ұсынамыз:
Армысыздар жиналған көпшіл қауым, Биік қойған жанынан ұлдың арын! Ұл өсірген қазақтың қайғысы осы, Қатал сынға салатын әр қадамын! Шын сыналған жүйрікте мін болмайды, Ақылы озық — біреуге күң болмайды! Келіні дана болған қазағымның, Ұлдары өзге елге құл болмайды! Көпшілік мен де өзімді сынға салдым, Ұлықтап қазағымның дәстүр салтын! Топтан озу мақсатым болмаса да, Сері болу мақсатым сегіз қырлы! Әділқазы алқасы армысыздар! Бейне бір жауатұғын қармысыздар. Жігіттерге әділ баға беретұғын, Әділеттен жаралған жанбысыздар?! Атым — …………. болады сұрасаңыз, ……..(руы) екен кешегі бір атамыз. Әкем аты………………асқар тауым, Пана болып біздерге жүз жасаңыз! Анашым қызы, Жүзінен төгілетін күннің нұры. Атыңа кір келтірмей өтсем сенің, Мойнымнан түсер ме екен перзент жүгі..!
**************
Шыр етіп туысымен адам болдым, Жыл сайын өсіп толып, өрлеп қондым. Тобықтай тұла бойда бір мінім жоқ, Жігіттер сайысына бүгін, міне, келіп тұрмын.
Өлшеу жоқ өнерімнің табысына, өріске ойдағыдай барысыма. Жарқылдап жай оғындай сайыстарда, Көрсетем үздік өнер намысына.
**************
Әділқазы алқасы армысыздар! Бейне бір жауатұғын қармысыздар. Аруларға әділ баға беретұғын, Әділеттен жаралған жанбысыздар?!
Атым — Дамир болады сұрасаңыз, Екен кешегі бір атамыз. Әкем аты ….. асқар тауым, Пана болып біздерге жүз жасаңыз!
Көп айтып өз жайымды не қылайын, Өнеріммен одан да таң қылайын! Кішіге үлгі, үлкенге өнеге боп, Сахнаның төрінде сән құрайын!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2056215-zigit-sultanyna-arnalgan-tanystyru-olenderi-men-taqpaqtar/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.