Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Гауһар, Назым, Айғыз: шығыстан шыққан қазақтың батыр қыздарын білесіз бе

Жарияланған күні:

Қазақ әйелдері
Атқа мінген қазақ әйелдері. Көрнекі сурет: qamshy.kz

Қазақ халқында қолына қару алып, жауға қарсы шыққан батыр көп. Ел басына күн туған сәтте ерлермен қатар ерлік жасаған қыздар да бар. Бұл жазбамызда Шығыс Қазақстан өңірінен шыққан қазақтың бірнеше батыр қызы жайлы деректер ұсынамыз.

Шығыстан қандай батыр қыздар шыққан?

oinet.kz ақпараттық-сараптамалық сайтында жарияланған "Жаугершілік заманындағы қазақтың батыр аруларын білесіз бе?" мақаласында Қаракерей Қабанбайдың жары Гаухар батыр мен қызы Назым туралы мынадай дерек берілген:

Гауһар батыр

Шығыс Қазақстан, Үржар жерінде туған. Атақты Қаракерей Қабанбай батырдың әйелі. Қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс кезінде ерлік істерімен ел есінде қалған қазақ батыр әйелдерінің бірі – Гауһар. Ол атақты Қаракерей Қабанбай батырдың жан жары, Бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы. Қабанбай батырдың қауіп-қатерге толы сансыз жорықтарында Гаухар ана ерекше табандылықпен қанды шайқастарға қатысқан. Қабанбай мен Гаухардың тұңғышы Назым да өзінің ерлік істерімен тарихта аты қалған.

1724 жылы қазақтардың сол кездегі астанасы Түркістан қаласына жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуылға алады. Осы шайқаста Кіші жүздің ханы Әбілхайыр отыз мың әскер, Орта жүзден Сәмеке жиырма мың әскер дайындап, Қабанбайдың бас сардарлығымен жоңғарға қарсы шабуылға шықпақ болып жатқанда, Гауһар жоңғарларлардың қоршауын ерлікпен бұзып шығып, Қабанбайға жаудың жағдайы жөнінде толық мәліметтер береді. 1725 жылы әйгілі "Бұланты" жеңісі осының нәтижесі еді. Кейін Гаухар Қабанбайға өмірлік жолдас болып, уақыт өте келе "Гауһар батыр" атанады. Гауһар батырдың азан шақырып қойған аты Майсара болған екен.

Назым батыр

Назым батыр Қаракерей Қабанбай мен оның жары Гауһардан туған. Әкесімен бірге 18 ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатысып, Отан қорғаған. 1745 жылы жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен өліп, жоңғарлардың өз ішінде таққа талас басталады. Осы сәтті ұтымды пайдаланған Абылай хан Түркістан мен Сыр бойындағы қалаларды азат етуді мақсат етеді.

Жоңғар тарапынан Қалдан Сереннің ортаншы ұлы, тақ мұрагері Цевен Доржы шығады. Ол өзінің қалың қолымен Абылай әскерлерінен бұрын келіп, бекініп алады. Абылай Жаңақорғанды алуды Қабанбайға бұйырады. Зеңбіректен жауған оқтан көптеген сарбаздар қырылып, Абылайдың қолы еріксіз кейін шегінеді.

Не істерін білмей тұрғанда, Назым қазақ жасақтарының оң жақ тұсынан Цевен Доржы тұрған төбеге қарай "Қабанбай! Қабанбай!" деп ұран тастап, суырылып шығады. Қыздың қолында не найза, не сойылы жоқ, бар болғаны қамшы ғана. Мұны көрген қалың қол шыдай алмай "Абылай! Ақ жол! Қабанбай! Абылай" деп айқайлап, зеңбірекшілерді таптап өтеді. Жоңғарларды жеңгеннен кейін, Абылай қыздың осыншама ерлігіне риза болып, оған беліндегі сом алтыннан соғылған белбеуін сыйға тартыпты. Абылайдың жоңғарларды толық талқандауына жол салған сол жеңісі Назымның атымен байланысты аталады.

Батыр қыз
Батыр қыздың бейнесі. Көрнекі сурет: colibrifilms.kz

Айбике ару

Бұланбай батырдың жары. Абылай ханның жау тылындағы барлаушыларының басшысы болған. Өзінің қол астына бірнеше тыңшы, барлаушы ұстаған және ұзақ жылдар бойы жаугершілікте “қолға түскен күң” түріндегі бейнеге еніп, Қалмақ қонтайшысының ордасында күтуші болған. Тарбағатай мен Алтай бойындағы, Ертіс пен Емілегі жаудың күші мен қару-жарағы, олардың орналдасқан жері мен шапқыншылық ниеті туралы Абылай ханға, Қабанбай мен Бөгенбай батырларға және басқа да қолбасшыларға астыртын құпия хабарлар мен құнды ақпараттар жеткізіп тұрған.

Айбике алғыр ойлы ержүрек қыз болған. Қалмақ тілін өте жетік білген. Және Тарбағатай мен Алтай тауларының өңірінде, Зайсан мен Марқакөл алабында күндіз де, түнде де тұманды, боранды күндері адаспай-ақ жол тауып, көзге көп түспей жалғыз жүре беретін болған “жер шолғыштығымен” де аты шыққан. Кейін Жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін 1757-58 жылдары атамекеніне оралған.

Айғыз Көшімбайқызы

Шығыс Қазақстан, Аягөз ауданының тумасы, 1876-1918 жылдары өмір сүрген. Азамат соғысына қатысқан, Сергиопольдегі қорғанысқа қатысып, жаралы жауынгерлерге көмек көрсеткен, тамақ тасыған. Колчак әскері Айғызды азаптап өлтірген.

Жазушы Қалмұқан Исабаев "Айғыз" атты роман жазды. Роман 1967 жылы "Жазушы" баспасынан, 1989 жылы "Жалын" баспасынан жарық көрді. Романда ержүрек революционер әйелдің бойындағы өжет мінез, қарапайым болмыс, бауырмалдығы мен туралығы суреттеледі. Кейіпкер ажал аузында тұрса да, әділдік жолындағы күрестің жеңетіндігіне де кәміл сенеді.

Берлин түбінде ерлікпен қаза тапқан Баян батыр

Ұлы Отан соғысы туралы сөз еткенде Әлия мен Мәншүктің, Хиуаз Доспанованың ерлігі жиі айтылады. Ал небәрі 18 жасында Шығыс Қазақстаннан майданға аттанып, Берлин түбіне дейін жеткен Баян Байғожина жайлы не білеміз?

Мөлдір Дарханбаеваның el.kz сайтында жарияланған "Соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары" мақаласында Шығыс Қазақстан облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан Баян Байғожина туралы мынадай деректер берілген:

Баян Байғожина 1923 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының Арқат ауылында дүниеге келген. Ол 18 жасында өз еркімен қан майданға аттанып, қыздардан құралған көпірді күзету бөлімшесіне жіберіледі. Бұлар тұрған көпірді басып алу үшін жасалған жау шабуылында, бір өзі 9 немістің көзін құртады. Осы ерлігінен кейін Шыңғыстау қызы "Қызыл Жұлдыз", "Даңқ" ордендерімен марапатталады.

Баян Байғожина
Шығыстың батыр қызы - Баян Байғожина. Көрнекі сурет: stan.kz

Баян Байғожина Беларусь, Литва, Польша жерін азат етуге қатысқан. Гинденбург іргесіндегі қатты ұрыста снаряд жарықшағы бетіне кірген Баян жарақатына қарамай, сол жерде қалып, он бес немісті атып өлтірген. Қаршадай қазақ қызының бұл ерліктері майдан даласын аралап, оның аты көпке таныла бастайды. Алайда ол Ұлы Жеңіске бар болғаны 12 күн қалғанда, 24 сәуір күні ерлікпен қаза табады. Баянның денесі Гинденберг қаласында жер қойнына тапсырылған.

"Намысын бермеу үшін жатқа қолдан,

Арулар аз болды ма атқа қонған?" - деген өлең жолдары қазақтың батыр да, қайсар рухты қыздарына арнап айтылғандай. Олардың көпке үлгі болмысы мен ерліктері ұрпақтан-ұрпаққа үлгі боп жалғасатыны сөзсіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2056816-sygystan-syqqan-qazaqtyn-batyr-qyzdary/