Жарының көзіне кім көбірек шөп салады: ер мен әйелге тән 6 айырмашылықты білесіз бе
Жарияланған күні:
Статистикаға сүйенсек, әйелдерге қарағанда ер адамдар некелі жарын көп алдайды. Мұның бірнеше себебі болуы мүмкін. NUR.KZ командасы ер мен әйелдің неліктен теріс іске баратынын психологтардан сұрап білген болатын.
Көзге шөп салудың бірден-бір себебі - серігіне қанағаттанбау
Отбасын зерттеу институты жүргізген зерттеуде ерлердің 20 пайызы, ал әйелдер 13 пайызы жұбын алдайтынын анықталған. Ерлер жиі алдайды, бірақ екі тараптың да себебі бар. Мұндай жағдай бір-біріне қанағаттанбаудан туындайды. Риу-Гранди-ду-Сул Федералды университетінің (Бразилия) зерттеушілері ерлердің жыныстық әрекетке, ал әйелдердің эмоцияға жақын болатынын анықтады.
Ер адам әйеліне көңілі толмай алдаса да, оның орнын басатын адам іздемейді, тек өзіне жетіспейтін нәрсені басқа адамның көмегімен толықтырады. Ол отбасылық қарым-қатынас пен басқа қарым-қатынасты нақты ажырата біледі және әйелін алдауы жұбайлық өміріне кедергі келтірмейді деп сенімді болып жүреді.
Ер адамды көңілдесінің тамақ жасай алмайтыны, балаларын жақсы көрмейтіні қызықтырмайды. Оған уақытты қызықты өткізу мен жыныстық қатынас қана керек. "Мужчины как они есть" кітабының авторы Гибсон Тайриз ер адам үйіп-төгіп уәде берсе де, ондай қарым-қатынаста ешқандай міндетті мойнына алмайтынын жазады.
Әйел өзінің қажеттілігін қанағаттандырмайтын күйеуінің орнын толтыру үшін бейсаналы түрде алдайды. Ол үшін бұл - батыл қадам. Егер ол осындай қадамға баруды шешсе, онда бұрынғы қарым-қатынасын қайта жақсарту өте қиын. Сондықтан әйелдің опасыздығы көбіне отбасы мен неке үшін қауіпті саналады. Бұл әйелдің жаңа адаммен бірге болуға, бар міндетті мойнына алуға дайын деген сөз.
Ұзақ уақыт бойы екі жақта жүру
Ер адам екі отбасында жылдар бойы өмір сүре алады және өзін қалыпты күйде сезіне алады, әсіресе оның әйелдері мен балаларын қамтамасыз етуге жеткілікті қаржысы болса уайымы жоқ. Егер әйел күйеуіне қаржылық жағынан тәуелді болса, оның көңілдесі барын сезіп, білсе де, үндемейді. Көңілдестің жай-күйі де сондай. Егер ғашық болған ер адам отбасын тастап оған қосылмаса, жылдар өтсе де олай жасамайды. Көңілдес те мұны жақсы біледі, сөйте тұра азға қанағаттанады.
Әйел үшін қарым-қатынастағы эмоционалдық күй маңызды. Егер ол күйеуінен жақсы эмоция ала алмаса, басқа еркектен табуға тырысуы да ғажап емес. Ал сол еркектен қалауын тапса, тіпті қайтадан тұрмысқа шығуға дайын болады. Әйелдердің ұзақ уақыт бойы екі жақта ойын ойнауға ниеті жоқ. Ондай күй әйелді шаршатады.
Психотерапевт Эстер Перель "Право на ‘лево’. Почему люди изменяют и можно ли избежать измен" кітабында отбасылық құпия ешқашан ешкімге пайда әкелген емес, өйткені лас тірлік адамды бұзады деп жазған.
Ер адам іші пысқаннан, ал әйел жалғыздықтан басқа адам іздейді
Уақыт өте келе ер мен әйелдің бір-біріне деген сезімі суып кетуі мүмкін, махаббат алауы басылады. Кейбір ер адам жұбайына деген сезімін арттырып, қарым-қатынасты реттеудің орнына басқа әйелдерге көз сала бастайды. Ол әйелімен эмоционалдық жақындықтан аулақ болады және онымен қарым-қатынастағы проблемалар туралы ашық сөйлесе алмайды. Ол үшін солға қарай жүру оңайырақ. Егер әйелдердің бірі оған сәл күлімдеп қараса, ол эмоциялар алауын қайтадан сезінуге қарсы емес.
Еркектер зерігуден және жақын қалудан қорыққандықтан алдайды, ал әйелдер жалғыздықтан және жақын болуға ұмтылу мақсатында мұндай қадамға барады деп түсіндіреді Эстер Перель. Әйел үшін ерімен бірге болса да, жалғыздықты сезінуден асқан азап жоқ. Ол ер адаммен жақын болуды қалайды, әсіресе эмоционалдық жағынан жақындық керек. Алайда жұп болып өмір сүріп жатқан адамдар бір-бірін тыңдауға, сезімі мен ойларын бөлісуге, мәселелерді бірге шешуге ұмтылмағандықтан, басқа адаммен қарым-қатынас орнатуға тырысады.
Көзге шөп салу қалай басталады?
Ер адам енді ғана танысқан әйелмен жыныстық қатынасқа түсуі мүмкін. Себебі:
- әйел оған мүмкіндік берді;
- ер адам ішімдік ішкен болуы мүмкін;
- жақынырақ танысу керек болды;
- жыныстық қатынасты қалады.
Кейде ер адам өзінің қателігі үшін әйелінің жайлы болмағанын кінәлайды.
Ер адам мұндай қарым-қатынасты сатқындық деп санамайды, өйткені ол үшін мұнда тұрған ештеңе жоқ. Ол бұл әрекетін жеңіл қабылдайды және таңертең кеше ғана бірге болған бөгде әйелдің атын есіне түсіре алмауы да мүмкін.
Ал әйел болса дәмханада отырғанда басқа еркекке қызыға қарап қойса, өзін сатқын сияқты сезінеді. Себебі ол қиялымен біраз жерді шарлап келді, ал шын мәнінде бұл - уақыт мәселесі.
Жағдайдың қалай жалғасатынын жаңа танысқан адаммен арадағы рухани жақындық шешеді. Тәжірибесі мол әйел ғашық болу кезеңінде бұл қиялдан туған сезім болуы мүмкін деп дер кезінде тоқтайды, бірақ ол көптен бері тұйықталып қалған күйеуінен ұзақ уақыт бойы көрмеген бақытты сезіну үшін басқа шешім қабылдауы да мүмкін.
Еркек жыныстық қатынасты, әйел махаббатты қалайды
Ер адамның басқа әйелмен қатынасы өзінің құнды әрі сенімді екенін өзіне дәлелдеу үшін қажет. Бұл оның қажеттілігін қанағаттандырады. Психолог-эволюционист Дэвид Басс ер адамдардың бұрыс жолмен жүруін жыныстық қатынасты түрлендіруге деген құштарлық деп санайды.
Әйел үшін ер адамның сүйіспеншілігі маңызды, яғни оған деген көзқарасы, қамқорлық, ілтипат, қызығушылық, мейірімділік, жомарттық болса болды. Ол жыныстық қатынасты махаббаттың бір көрінісі ретінде қабылдайды. Махаббатсыз болатын жыныстық қатынас әйелді аса қызықтыра қоймайды.
Кез келген әйел ер адамның қолынан ұстағанын, сол сәтте: "Жаным, менің жанымда болғаның үшін алғыс айтқым келеді... Кейде сені жылатсам да, арамызда бәрі жақсы болғанын қалаймын", - деп айтқанын армандайды. "Мужчины как они есть" кітабының авторлары Гибсон Тайриз және Джозеф Симмонс осылай дейді. Күйеуі мұндай жылы сөздерді айтпаса, әйел оны басқа біреуден іздейді.
Психологтар Аллан және Барбара Пиз ерлердің жыныстық қатынасты, ал әйелдердің сүйіспеншілікті қалайтыны адамның өткен тарихы мен гормоналдық фонына байланысты, - деп түсіндіреді. Ер адамды қай кезде де әйелдердің саулығы, жас бейнесі мен белгілері қызықтырса, әйелді ердің күші, мәртебесі, міндеті және материалдық жағдайы тартып тұрады.
Ер адамның ағзасында жыныстық құмарлыққа жауап беретін тестостерон гормоны әйелдерге қарағанда 10-20 есе көп. Алайда әйел ағзасында махаббат гормоны саналатын окситоцин әлдеқайда жоғары.
Сүйіктісін алдағаннан кейінгі өзін кінәлау сезімі
Көңілдесімен көңіл көтерген ер адамдар әйелдерге қарағанда өзін кінәлі сезіне қоймайды. Олар сырттағы қарым-қатынас пен ресми некені бір-біріне кедергі келтірмей өмір сүруге болады деп есептейді. Жарқын эмоцияларды басынан өткізген адам өзін бақытты сезінеді. Оның көңіл-күйі отбасындағы жағдайға оң әсерін тигізеді.
Ал күйеуін алдаған әйелдің көпшілігі болған оқиға үшін өзін кінәлі санайды, себебі әйел тұрақтылық пен ұзақ мерзімді қарым-қатынасқа бейім. Жарына жасаған сатқындығы оның миында көптеген қақтығыс туғызады. "Жаңа табысқан адамы оны жақсы көре ме, балалы болуды қалай ма, асығыстық жасаған жоқпын ба, махаббаттың құны сабынға айырбастағандай болып қалмай ма?" секілді сұрақтар оны үнемі мазалайды. Мұның бәрі эмоционалдық тұрақсыздықты тудырады. Әйелінің көзге шөп салғаны туралы біліп қойғанда немесе күдіктенген кезде күйеуі оны өзіне қайтара алады. Ол үшін бәрін ашық сөйлесіп, оған деген сезімін айтып, көңілі толмаған дүниенің орнын толтыру керек.
Ер адамдар көзге шөп салуды жеңіл қабылдайды және әйелімен қарым-қатынасы жақсы болса да, оны алдауы мүмкін. Ал жабық есікті қағудан шаршаған әйел мұндай қадамға шарасыздықтан баруға шешім қабылдайды. Бұл - көзге шөп салудың классикалық үлгісі, бірақ кейде басқаша болуы да мүмкін.
Зинақорлық болған жерде екі тарап та зардап шегеді. Тыныш өмірдің шырқын бұзбау үшін әр адам өзіне серігі қымбат па, қарым-қатынасты сақтап, өрбіту үшін қолдан келгеннің бәрін жасадым ба деген сұрақты қойғаны абзал. Ал кикілжің алаңына үшінші адамның қосылуы тіпті қиын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2057855-zarynyn-kozine-kim-kobirek-sop-salady-er-men-aielge-tan-6-aiyrmasylyqty-bilesiz-be/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.