Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еліміздің шығысында орналасқан қасиетті жерлер туралы аңыздар

Опубликовано:

Тұмса табиғат
Шығыстағы тұмса табиғат көрінісі. Көрнекі сурет: vkolibrary.kz

Қазақ жерінде ғасырлар көшінен сыр шертетін тарихи орын көп. Мыңдаған жыл тарихы бар ескерткіштер көне дәуірдің үнін естіртіп тұрғандай. Бұл жазбамызда Қазақстанның шығысында орналасқан қасиетті жерлер туралы аңыздарға тоқталамыз.

Қазақстанның шығысында Шілікті, Берел, Ақбауыр, Жидебай, Қоңыр әулие үңгірі, Ырғызбай әулие кесенесі, Еңлік-Кебек, Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенелері, Аблайкит бекінісі секілді киелі орындар бар. Бұл жерлер өзіндік тарихымен ерекшеленеді. Мәселен Зайсан көлінен жүз шақырым жерде, оңтүстік-батысында – Тарбағатай, шығысында – Сауыр-Сайқан, солтүстікте – Маңырақ таулары қоршаған, ұзындығы 80 шақырым, ені 30 шақырымға созылып жат­қан үлкен алқаптағы Шілікті жа­зы­ғынан 2003 жылы үшінші "Алтын адам" табылған еді. Бұл аймақта сақ тайпасының көсемдері жерленген обалар бар.

Ал 1865 жылы Вильгельм Радлов зерттеген "Үлкен Берел" қорымынан алтынмен апталған тұлпарлар, заманында көсем болған бекзада мен әйел сүйегі табылған еді.

Қоңыр әулие үңгірі

Абай ауданы Тоқтамыс ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан Қоңыр әулие үңгірі жайлы ел арасында аңызға бергісіз әңгіме көп. Соның ішінде ауыз әдебиетінде сақталған деректердің дені жоңғар шапқыншылығымен байланысты. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" басылымында жарияланған "Шығыстың киелі жерлері" мақаласында мынадай дерек берілген:

"Шаған шайқасы осы үңгірдің маңында өткені тарихтан мәлім. Алаштың алапатын асырған Абылай хан әйгілі Қабанбай батырға "Дарабоз" атағын осы жерде берген деген деректер де бар. Бұл туралы "Абай жолы" романында жазылған.

Бұл үңгірде ұлы Абай да болған. Тіпті қолтаңбасын қалдырған деген деректер де бар. Үңгірдің қай заманнан бері Қоңыр әулие атанғанын нақты ешкім білмейді. Білетініміз, Қоңыр әулие үңгірінің ені шамамен 12-15, ұзындығы 18-20 метрге созылады, үңгір ішіндегі көлдің ең терең жері 5 метрге дейін барады. Бір ғажабы, үңгірдегі көл суының температурасы (4 градус) қысы-жазы өзгермейді. Ал үңгірдің ішіндегі температура +7. Қысы-жазы".

Қоңыр әулие
Шығыстағы Қоңыр әулие үңгірі. Көрнекі сурет: Abai Aqparat сайты

Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге сенсек, Қоңыр әулие немесе Қыз әулие деп аталатын бұл үңгірде бір заманда 11-12 жас шамасындағы жас қыз мекендеген. Үйінен қуылып, барар жер, басар тау таппаған қыз осы үңгірде ұзақ жылдар бойы тұрақтаған. Кейіннен ауыл ақсақалдары жиылып, қыздан кешірім сұрағанымен, үңгірге үйреніп қалған ол осы орынды тұрақты мекеніне айналдырыпты-мыс. Бұл шамамен 7-8 ғасыр бұрын болған оқиға деп топшыланады, - делінген "Vesti Semei" басылымында.

Қазақстанның үш аймағында Қоңыр әулие деп аталатын үңгірлер бар. Оның бірі — Шығыста, екіншісі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы Жасыбай көлі маңында болса, үшіншісі Қызылордада орналасқан.

Бөрітастаған құз жартасы

Бөрiтастаған құз жартасы Тарбағатай ауданындағы Күмiстi жазығында орналасқан. Бұл жартастың ұзындығы шамамен 300 м, енi 10 м, биiктiгi 50 метрдi құрайды. Жартас шығыстан батысқа қарай ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Оңтүстiк жағында жартас тiк орналасқан. Ғалымдардың пайымдауынша, Бөрітастағанның 5000 жылдық тарихы бар.

el.kz сайтында жарияланған "Шығыс Қазақстанның қасиеттi нысандары" мақаласында Бөрітастаған құз жартасы туралы мынадай аңыз жазылған.

"Бағзы бiр заманда Тарбағатай тауының бөктерiнде алып бiр жiгiт өмір сүрген екен. Оның алып болғаны соншалықты, түйенiң үстiне отырғанда аяғы жерге тиiп тұрған көрінеді. Бiр күнi сол алыптың әйелi қозыларды жайылымға жiберiп, өзi жүн иiрiп отырғанда қозыларына қасқыр шабады. Есi шыққан әйел қолындағы ұршығын жыртқыштарға лақтырып жiбергенде ұршық жазыққа домалап түсiп, үлкен тауға айналған".

Алаштың белгілі қайраткері, шығыстың перзенті Отыншы Әлжанұлы "Дала уәлаяты" газетiне Бөрiтастаған туралы аңызды ықшамдап жариялаған:

"Тарбағатай тауының солтүстіктегі һәм Қалба тауының оңтүстіктегі бөктерлерінің ортасында Сарыдала деген жазық бар. Бұл даланың ортасында Бөрітастаған деген недәуір биік тау жартасы жападан-жалғыз тұрады. Ұшар басында үйілген тастар бар. Жұрт оны бұрынғы шамандар болған заманнан қалған деседі. Бұл оқшау тау турасынан ел былайша айтады. "Бұрынғы заманда бір үлкен алып дәу Тарбағатай тауында ешкі бағып жүріпті. Бұл алыптың денесінің зорлығы сонша, Түйемойнақтың басында отырғанда мұның аяғы Ботамойнақта жатады екен. Күндердің бір күні бұл алып дәудің қосағы ешкілерін бағып, жіп иіріп отырғанда кебенектеріне қасқыр шауыпты. Оның бөрілерге қаперінде лақтырған ұршығы барып Сарыдаланының ортасына түсіп, сол арада тау болып қалыпты", - делінген.

Өлкетанушы Бейсенбай Байболов: "Бөрітастаған - адамдарға төбесіне шығуы өте қиынға түсетін биік жалаң жартас. Осы жартастың қасында халық әділ қазыларының аймақтық төтенше жиыны өткен.Таудың тастарында жиынға қатысқан басшылардың аты-жөні жазылған, және де еуропа нәсілді адам басының көне суреті бейнеленген", - дейді.

Ақын Несіпбек Айтұлының киелі орын туралы жазған "Бөрітостаған" деген өлеңі бар:

Бөрітостаған, Бөрітостаған,

Жұмбағыңды айтшы, кəрі тас маған?

Таңырқасын деп жердегі пенде,

Аспаннан бəлкім пері тастаған.

Жатырсың күтіп тағдырдан нені,

Айналып тасқа қаңғырған бөрі.

Емес пе екенсің ертеде келіп,

Құдайдың ұмыт қалдырған мөрі?

Толқытып тұрсың санама сыймай,

Əлемнің жеті ғаламатындай.

Кім екен тастап жапанға жалғыз,

Сыйлаған тағдыр саған осындай?

Бүп-бүтін іргем сөгіліп көптен,

Көз жасым қанша егіліп төккен.

Сен де бір мұңлық, мен де бір мұңлық,

Тауынан туған бөлініп кеткен...

Бөрітастаған тасы
Бөрітастаған құз жартасы. Көрнекі сурет: massaget.kz

Марқакөл

Марқакөл - Күршiм ауданы, Теректi ауылының солтүстiгiнен 60 шақырым жерде орналасқан көл. Марқакөл көлi табиғи-ландшафтық киелi нысан болғандықтан 70 мың жылмен мерзiмделедi. Ұзындығы 38 км, енi 19 км, тереңдiгi 27 м. Марқакөл жайлы аңыздар қазақтың марқа деп аталатын жарты жасар қозы атауымен байланысты. Ақжан Ибрагимованың "Шығыс Қазақстанның қасиеттi нысандары" мақаласында Марқакөл көлі жайлы мынадай аңыз жазылған:

Қарттардың айтуынша, ертеде көл маңайын қоныстанған байдың сұлу қызы болыпты. Бай қызын ешкiмге қимаған екен. Күндердiң бiр күнiнде бай сөз салып жүрген жiгiттерге: "Кiмде-кiм марқа етi пiскенше мына көлдi атпен айналып шығады, соған өз қызымды және жарты отар малымды беремiн" деп шарт қояды. Жiгiттер арасында жас қойшы жiгiт болған екен. Жiгiттер шаба жөнелгенде, аспаздар қойды сойып, қазанға салып от жағып, еттi қойшы жiгiт келгенше дейiн пiсiрген екен. Сөйтiп, қойшы жiгiт жеңiске жетiп, сол марқа етiмен той жасап, көлдiң атын Марқакөл деп атап кеткен екен. Тағы бiр аңызда, ерте кезде көлдiң орнында кең жазық дала болыпты деседi. Бiр күнi шопан осы жерде отар жайып жүргенде, қойлардың iшiндегi ең жақсы марқасы бұлақ басына су iшiп тұрып жер астына құлап кетедi. Қойшы оны көрiп, қойды бар күшiмен суырып алады. Сол мезетте бұлақ орнынан су атқылап шығады. Жайылған су шөптердi ағаштарды басып, жоғары көтерiлiп, тау баурайына дейiн жетедi. Осылайша Марқакөл көлi пайда болады. Жел, көлдiң толқындарын көбiктетiп көтерген кезде шыныменде көл үстiнде әппақ қозылар жайылып жүргендей көрiнедi.

Ырғызбай әулие кесенесі

Ырғызбай әулие кесенесі Тарбағатайдың теріскейіндегі кең жазықта жатқан Күмісті жайлауында орналасқан. Ел ішінде "Ырғызбай әулие" атанған баба 1787 жылы дүниеге келіп, 1850 жылы 63 жасында өмірден өткен. Ол молда, тәуіп һәм әулие кісі болған. Әулие дертіне шипа іздеген адамның жанына батқан ауруы мен оның емін алдын-ала біліп отырған деседі.

ruh.kz сайтында жарияланған "Қасиетті мекен – Шығыс Қазақстан" мақаласында Ырғызбай әулиені өз заманында Қытай емшілерімен байланыста болып, тәжірибе алмасқаны жайлы жазылған. Әулиенің бір ерекшелігі, ем-домына ақы алмағаны болса керек. Ел ішінде аурухана болмаған кезде әрі ешкім ота жасамайтын заманда Ырғызбай әулиенің халыққа шипасы тиген екен.

Ырғызбай әулие
Ырғызбай әулие кесенесі. Көрнекі сурет: egemen.kz

Айдаһар тауы

Семей қаласының оңтүстік-шығысында орналасқан Делбегетей тау сілемдері Айдаһар тауы деп те аталады. Тау сілемдерінің ғарыштан қарағандағы көрінісі қисық сегіз санына ұқсайды. Ал көзбен көргенде шеті мен шегі көрінбейтін айдаһар секілді. semeynews.kz сайтында жарияланған "Шығыстың тарихы ескерткіштер: Айдаһар тауы туралы аңыздар мен мифтер" мақаласында Айдаһар тауы туралы мынадай деректер берілген:

"1959 жылы Зайсан жерінде табылған динозавр сүйектері және жұмыртқа қабығы сынды археологиялық ашулар, ежелгі уақытта бұл жерлерде нағыз динозавр-айдаһардың кезген болуы мүмкін екенін көрсетті. Зайсандағы қазба қалдықтарының тұнуы «динозаврлық» деп аталатыны бекер емес. Семейдегі "Прииртышье" өлкетанушылар қоғамы мүшелері үшін Делбегетей тауы – жаңа білім мен шексіз ізденістің сарқылмас көзі болды. Бұл жерге туған өлкенің зерттеушілері қайта-қайта келе беруге дайын, бұл өлкенің байлығына, таңғажайып тарихына таң қалудан жалықпайды, изумруд аңғарларымен кесілген тау пейзажының сұлулықтары және бір-бірінен ұқсамайтын жартастары адамды өзіне тартады. Зерттеушілердің пікірінше, Делбегетей сілемдері – астроблема – жердің жұлдызды жарасы, яғни жердің астероидпен соқтығысуы нәтижесінде пайда болған".

Геологтар мұндағы кратердің ішіндегі тостағандарда қазірдің өзінде көптеген миаролдарды – микролин кристалдарына, раухтопаз, топаз, турмалин және гелиодорға толы граниттегі тік түтік тесіктерді көруге болатынын айтады. Графиттік конкрецияларды астроблеманың граниттерінің шөгінді жыныстармен жанасуға жақын бөлігінде соққы алмаздарын кездестіруге болады.

Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының тізіміне Шығыс Қазақстанның он үш киелі орны енгізілген болатын. Бұл тізімде Мұзтау, "Қоңыр әулие" үңгірі, Алакөл көлі, Берел қорғаны, Шілікті қорғандар кешені, "Ақ Бауыр" табиғи-тарихи кешені, Ырғызбай Ата кесенесі, "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" кесенесі, "Жидебай-Бөрілі" мәдени-тарихи кешені сынды бірнеше тарихи орын бар. Бұдан бөлек өңірлік киелі нысандар кітабында Шығыстың жиырмадан астам қасиетті жерлері жайлы жазылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2058708-elimizdin-sygysynda-ornalasqan-qasietti-zerler-turaly-anyzdar/

pixel