Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шаңыраққа құт келу үшін қандай ескі-құсқы заттарды үйде сақтамау керек

Опубликовано:

Жайылып тұрған киімдер
Жайылып тұрған киімдер. Көрнекі сурет. Фото: pixabay.com

Ескі заттар — теріс энергия тартушы магнит іспетті. Нақты қандай заттардан арылған жөн және оны қалай жасаған дұрыс? Медициналық зерттеулер мен фэншуйден жауап іздеп көрейік.

Ырымның мән-мағынасы мен шығу тегі

Ескі заттардан арылып отыру ырымы ежелгі дәуірден бастау алады. Оны өмірлік циклдармен байланыстыруға болады: өмір мен өлім, жыл мезгілдерінің ауысуы, күн мен түннің алмасуы. Әлемдегі барлық нәрсе тазаруды, жаңаруды қажет етеді, соның ішінде адамның өмір сүру кеңістігі де жаңарып тұруы қажет.

Неліктен ескі заттардан арылған жөн? Ескі заттар адамды болашаққа апаратын жолда тежейді, өткенге қайта оралтып, оң өзгерістерге жол бермейді, құт-береке әкелетін энергияны сорып алатын портал іспетті деген сенім бар. Жаңа заттар, керісінше, сенімділік, жайлылық пен оң өзгерістер әкеледі.

Жыл сайын АҚШ-та қоқысқа шамамен 11,3 млн тонна киім тасталады. Бұл тұтыну мәдениетінің кері тұсы. Бүкіл планетаның алдында қоқысқа айналу қаупі тұр, дегенмен кейбір заттарды бәрібір тастап отырған жөн. Ескі, қажетсіз, ақауы бар және тозған киім мен шаруашылық заттары адамның өмірі мен тағдырына теріс әсер етеді деп есептеледі.

Ілінген киімдер
Ілінген киімдер. Көрнекі сурет. Фото: pixabay.com

Англияның ұлттық денсаулық сақтау қызметінің мәліметі бойынша, заттарды жинай беру — психикалық аурудың немесе өзін-өзі елемеудің белгісі. Сондықтан кейбір елде қажетсіз заттармен қоштасу дәстүрлі мейрамға айналған. Ежелде Жаңа жыл қарсаңында Италияның оңтүстігінде терезеден ескі заттарды лақтыратын болған. Мұндай салт-дәстүр ОАР-да, Пуэрто-Рико және Кубада бар.

Marie Claire әйелдер журналы Мари Кондо әдісімен салауатты кеңістік ұйымдастырудың мысалын келтіреді. "Сиқырлы тазалау. Жапонның үй мен өмірді реттеу өнері" бестселлерінің авторы үйді сауатты тазалау рухани тәжірибе іспетті дейді. Мари Кондо әр заттың өз тұратын жерін белгілеп, ал қажетсіз заттардан бас тартуды ұсынады.

Кейбір заттардың өмірін жалғауға болады. Қандай заттарды тастамаған жөн? Блогер Оливия Дуглас балалар киімдері мен аяқ киімдерін лақтырмай, басқа балаларға берген дұрыс деп есептейді. Діни наным-сенімдер бойынша нан өнімдерін тастауға болмайды. Біздің қазақта да нан мен өзге азықтарды тастау обал саналады. Ескі сөмке, әмиян және ақша жинайтын сандықшаларды да қоқысқа тастау ұсынылмайды, өйткені олар иесінің қаржылық энергиясын сақтайды деген сенім бар.

Серігіңіз көзіңізге шөп салмасын десеңіз, ескі іш киімдердің көзін жойып отырған жөн. Ежелгі сиқырлы атрибуттар — швабра мен сыпырғыштарды адам жүрмейтін жерге апарып тастаңыз. Ескі фотосуреттерді тастамай, өртеп жіберген дұрыс.

Киім ілгіштер
Киім ілгіштер. Көрнекі сурет. Фото: pixabay.com

Ескі заттардан арылудың да өз ережелері бар. Қоқысты түнде, қара күштер үстем тұрғанда тастамайды. Жын-шайтан, сиқыршылар мен дуагерлер өзгенің затына ие болған соң, өз еркіне бағындыру үшін заттарын пайдалануы мүмкін деген сенім бар. Сондықтан өзгенің кәдесіне жарауы мүмкін қоқыс пен заттарды үйден күн батқанға дейін шығару керек.

Кез келген затпен қоштасар алдында: "Маған қызмет еткеніңе рақмет, мен сені еркіндікке жіберемін. Өзгеге қызмет ет, бақытымды өзіме қайтар. Өзіме — өзімнің еншімді, өзгеге — өз еншісін қайтар" деп тілек айтып, жақсы ниетпен тастаңыз.

Қандай заттардан міндетті түрде арылу керек

Үйде сақтауға болмайтын бірқатар зат бар. Оларды біз жай зат деп санағанымызбен, кейбірі энергия мен символизмге ие, және олармен санаспасқа болмайды.

Көне ыдыс-аяқтар мен пайдасыз заттар

Ыдыс — отбасы символы саналады. Фэншуй бойынша ол үйдің биоэнергетикасына қатты әсер етеді. Сынған және жарығы бар ыдыс-аяқтар, бос банкалар мен бөтелкелер және ескі тағам контейнерлері асүйіңіздің құтын қашырушылар.

Кей бөлшектері бүлінген немесе түр-әлпетін жоғалтқан ескі сервиздерден де құтылған жөн. Оларды антиквариат дүкеніне немесе ескі-құсқы заттарды сататын базардағы сатушыларға ұсынып көрсеңіз болады. Фэншуй бойынша эксперт Карен Раух Картер үйдегі айналардың маңыздылығына мән береді. Өміріңізден береке қашпасын десеңіз, жарықшағы бар әйнек пен айналардан құтылыңыз.

Ыдыс-аяқ
Ыдыс-аяқ. Көрнекі сурет. Фото: pixabay.com

Төленбеген шоттар, ескі түбіртектер және мерзімді басылымдар

Ескі чектер, түбіртектер мен құжаттар, сондай-ақ журналдар мен газеттер ақша ағынына тосқауыл қоюы мүмкін. Оларды үйде жылдар бойы сақтауға қатаң тыйым салынады.

Қағаздар арасында қалып қойған төленбеген шоттар сәтсіздік, жалғыздық, қаржы тапшылығын шақырады. Оларды өзіңізбен бірге алып жүрмеңіз және үйде ұстамаңыз. Барлық қаржы мәселесін мүмкіндігінше тезірек жабуға тырысыңыз, қарыздардан және олар туралы еске салатын қағаздардан құтылыңыз.

Зергерлік бұйымдар мен аксессуарлар

Тот басқан инелер мен түйреуіштерді сақтамаңыз. Өткір заттар теріс энергия жинайды, әрі дуа жасайтын адамдар осы заттарды өз теріс пиғылы үшін жиі пайдаланады. Мұндай заттарды қолға алуға және үйде сақтауға болмайды, сонымен қатар жүрмей қалған сағаттың да көзін құртқан дұрыс.

Сақиналарды лақтыруға бола ма?

Ажырасқаннан кейін неке сақинасын үйде бір жерге тығып қойып, жаңа махаббат тарту үшін сақтаңыз. Өткенмен байланысты үзу үшін оны ерітуге немесе суға тастауға болады. Бұрынғы сүйіктілеріңізден қалған зергерлік бұйымдарды сатып жіберіңіз немесе ломбардқа өткізіңіз.

Төсек жабдықтары және киім

Жыртылған, тесілген және өңі кеткен төсек жабдықтары теріс энергия тартады. Мұндай төсекте ұйықтау ұрыс-керіске, жыныстық қатынастың бұзылуына және қаржылық жағдайдың нашарлауына әкеледі.

Ауруханада ұзақ уақыт киген киімдеріңіз бен аяқ киімдеріңізді де сақтамауға тырысыңыз. Қайтыс болған адамдардың заттары мен киімдерін тастамай, таратып жіберген дұрыс. Сондай-ақ кішірейіп қалған, ұнамай қалған немесе біреулер ұмытып кеткен киімдерді де таратып жіберіңіз.

Кептірілген гүл

Кептірілген қамыс, қауырсын және шырынын жоғалтқан басқа да өсімдіктер өлі болып саналады. Жалпы кез келген қураған гүл-шөпті үйде ұстамаған жөн. Фэншуй бойынша бұл теріс энергия көзі және өртену, өлім энергиясын тасымалдаушы. Кептірілген гүл шоқтары үйге ауру мен жамандық шақырады.

Кептірілген гүл
Кептірілген гүл. Көрнекі сурет. Фото: pixabay.com

Сондай-ақ бөлме гүлдерін таңдауда да абай болыңыз. Фэншуй үйде бонсай ағаштарын өсіруді ұсынбайды, деп жазады Reader’s Diges отбасылық журналы. Қытай раушаны, герань туралы ырымдарды да қаперіңізде ұстаңыз.

Ескі-құсқы заттардан арылу ырымы ежелгі дәуірден бастау алады. Түп-төркінін білгеннен кейін айналаңызды, өмір сүру кеңістігіңізді таза ұстауға тырысыңыз. Өміріңізге құт-береке шақыру үшін сақтауға болмайтын заттарды қаперіңізде ұстаңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2059239-sanyragynyzga-qut-kelsin-deseniz-eski-qusqy-zattardan-arylynyz/

pixel