Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бақыт туралы қазақша ертегілер топтамасы

Опубликовано:

Қазақ ертегілері. Көрнекі сурет
Қазақ ертегілері. Көрнекі сурет: kartinki.pibig.info

Қазақ ауыз әдебиетінде ертегілердің алар орны ерекше. Солардың ішінде бақыт ұғымы туралы ертегілер топтамасының орны ерекше. Бүгінгі материалда осы тақырыптағы ертегілерді назарға ұсынамыз.

Халқымызда бақыт туралы ертегілер әсіресе бақыт құсымен байланыстырылады. Осы ретте, Жәди Шәкенұлының "Бақыт құсы" ертегісін бақыт тақырыбына арналған бірден-бір ертегі деп айтуға толық негіз бар.

Ертегі авторы туындыда сауысқанды күндеп, бәсекелес болғанын айтады. Сонымен бірге онда бақыт құсының балапанын ұрлап әкеткендіктен, жыл сайын көктемде алғаш рет жаңбыр жауғанда, бақыт құсының балапанын аңсап жылаған көз жасы екені айтылады.

Автордың "Бақыт құсы" ертегісі қиял-ғажайып ертегісі түрінде, аңыз элементтеріне негізделіп жазылған. Қазақ ауыз әдебиетінде осы сияқты бақыт құсы жайлы ертегілер жетерлік.

Сондай ертегілердің бірі Айткүл Сәулебаеваның "Бақыт іздеушілер" ертегісі. Онда бір байдың үш баласы болатыны, екі баласы әкесінің әл-ауқаты кете бастағанда, үш жаққа кәсіп іздеп кететінін, тек үшінші баласы бақыт іздеп кететінін жайлы баяндалады. Автор үшінші ұлының жол бойы піл, қария мен патшаны кездестіретінін, олардың тілегін орындамақ болып, ақсақалды қартпен тілдесетінін айтады.

Осылайша, байдың үшінші ұлы ақсақалмен сөйлесіп, жол-жөнекей кездестірген жандардың тілегін орындамақ болады. Олардың тілегі орындалғанымен, ол соңында үйіне қайтуды жөн көреді, сөйтіп басына келіп қонатын бақты бірнеше мәрте жіберіп алады. Автор соңында, бақыт құсының адам басына келіп қонатынын, алайда оны уақтылы түсініп, басына қонған бақытты ұшырып алмау қажеттігін түсіндіргісі келеді.

Қазақ халық ауыз әдебиетінде бақытқа қатысты "Ақыл, ғылым, бақыт" деген тағы бір ертегі бар. Ол былай өрбиді:

Ақыл, ғылым, бақыт – үшеуі бір-бірінен артықшылығын салыстырып таласып сарапқа түсіпті. Сарапшылар оларға былай депті:

"Бірінші – бақытқа: сен, тұрақсыз, опасызсың, орныңды таңдамай қонасың, қонғаныңды ісінтесің, тасытасың, ақырында бір күні лақтырып тастап кетесің. Ақылмен байланыс, сонда көп жасайсың, – депті.

Екінші – ғылымға: дүниеде сенен күшті нәрсе жоқ, қара тасты қайнатасың, дүние жүзін жайнатасың, сақауды сайратасың, жоқты бар, бардан жоқ жасайсың, бірақ та бар ғаламды өзіңе бағындырғың келеді, бағынбағанды демде әлек қыласың. Түзеу де, бұзу да сенен шығады. Ақылмен байланыс, сонда абыроймен ұзақ жасайсың, – депті;

Үшінші – ақылға: дүниеде адамзатқа сенен артық дос жоқ, бірақ та ашу үстіңе кіріп келгенде, орныңды беріп шығасың да кетесің. Ашу бүлдіріп-бүлдіріп кеткен соң кіресің де ашудың бүлдіргенін оңдайсың. Әуелден орныңнан тұрмай отырсаң, ашу сенің үстіңе кірмеген болар еді. Барыңдар, ақыл, сен адам бол, ғылым, сен ат бол, бақыт, сен қамшы бол. Үшеуің біріксең ешбір мұң-мұқтаждарың болмайды депті", - деп аяқталады ертегі.

Сонымен бірге қазақ халқында бақыттан бөлек, адамның бақытты болуына қатысты ертегілер де бар. Солардың бірі - "Патшаның қызы неге бақытсыз?" ертегісі. Мұндай патшаның екі қызы болғанын, олардың бірі үнемі бақытсыз болғандығы айтылады. Ертегінің толық желісімен төменде таныса аласыздар:

"Ертеде патшаның екі қызы болыпты. Патша екі қызын да жақсы көріп, қолынан келгенше оларды ештеңеден қақпай, қалағандарын жасап, айтқандарын екі етпеуге тырысады екен. Дегенменде, екі қыз өсе келе мінездері өзгере бастапты. Бір күні білімді бір адам патшаға қонаққа келіпті. Патшаның қайғылы түрін көріп, себебін сұрапты. Патша: "Е-е-е… сұрама, күлмейтін бір қызым бар, дертін ешкім білмейді"-дейді. Патшам, рұқсат етсең, сарайыңызға қонақ болайын. Мүмкін қызыңыздың қайғысының себебін табармын", — дейді жолаушы.Патша қуана рұқсат етіпті. 

Сол күннен бастап саяхатшы екі қызды патша рұқсатымен жасырын аңди бастапты. Қараса екеуі түнде жатар алдында жастықтарының астынан бір дәптер шығарып, бір нәрселер жазып, таңертен жазғандарын оқып, орындарынан тұрады екен. Саяхатшы бір күні қыздар ұйықтағаннан кейін дәптерлерін алып оқыса, кіші қыз өзіне жасалған жақсылықтарды, ал үлкен қыз тек болмашы әділетсіздіктерді жазыпты. 

Ертеңінде саяхатшы кіші қыздан рұқсат алып, оның дәптерін үлкен қыздың жастығының астына қояды. Таң атысымен патшаның үлкен қызы жастық астынан дәптерді алып оқыпты. Сарайдағылар екеуіне де бірдей қарағандықтан ол дәптерде жазылғандарды жатырқамапты. өзіне жасалған жақсылықтар есіне түсісімен жүзі жадырап, қуанғаннан ән сала бастапты. Патша үлкен қызының қуанғанын көріп, өз құлағы мен көзіне өзі сенбепті. Бірден саяхатшыны шақырып, бұны қалай жүзеге асырғанын сұрапты. Саяхатшы: "Патшам, өмір айна сияқты. Оның жақсы жақтарын ойласақ, бізге әдемі көрінер. Сіздің үлкен қызыңыз өмірінің жаман жақтарын ойлағаны үшін бақытсыз болған", — деп жауап береді. Патша үлкен қызын шақырып, оған енді дәптеріне тек жақсылықтарды ғана жазуға кеңес беріпті.  Сол күннен бастап, патшаның екі қызы да бақытты өмір сүріпті", - деп аяқталады ертегі.

Қазақ ауыз әдебиетінде бақыт жайлы ертегілер жиі кездеседі. "Қазақ ертегілері" жинағында қиял-ғажайып ертегі түрінде жинақталған олар, өскелең ұрпақты бақытты бағалауға, бақытқа адам тек адал еңбек пен терең сана арқылы ғана жете алатынына баса мән беріледі. Сол себепті қазақ ертегілерінің ішінде бақыт туралы ертегілер тақырыбы мен мән-мағынасы жағынан терең болып келетін туындылар болып қала бермек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2059477-baqyt-turaly-qazaqsa-ertegiler-toptamasy/

pixel