Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлем халқы жер сілкінісін қалай болжаған: қызықты деректер мен ежелгі құрылғылар

Опубликовано:

Шатқал көрінісі
Тау-тастың әдемі көрінісі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жер сілкінісі - жер қыртысында немесе мантияның үстіңгі бөлігінде кенеттен болатын қозғалыс. Табиғи апаттың қай кезде болатыны белгісіз. Дегенмен әлемде жердің тербелісін алдын-ала болжайтын құрылғылар да бар. Бұл жазбамызда ерте замандардағы жер сілкінісін болжау әдістеріне тоқталамыз.

Жер сілкінісі неден пайда болады?

Жер қыртысы бірнеше ірі тектоникалық плиталарға бөлінген, олар астындағы жартылай сұйық мантияда қалқып жүреді. Жер сілкінісі көбіне осы плиталардың қозғалысы нәтижесінде болады. Олар бір-біріне қарай қозғалғанда үлкен қысым болады. Бір сәтте плиталар сырғып, сейсмикалық толқындар түріндегі энергияны шығарады, біз оны жер сілкінісі ретінде қабылдаймыз.

Зілзала қай жерлерде жиі болады?

Планетадағы жер сілкіністерінің шамамен 80 пайызы жанартау белсенділігінің басым болуына байланысты Тынық мұхиттың "от сақинасы" деп аталатын жағалауында пайда болады. Бұл туралы nationalgeographic.kz сайтында жарияланған "Жер сілкінісі қалай туады" мақаласында мынадай мәлімет берілген:

"Жер сілкіністерінің көбі тектоникалық плиталар, яғни жердің жоғарғы қабатын құрайтын алып тас плиталар бір-біріне соқтығысатын немесе сырғитын аймақтарында болады.

Бұл соққылар әдетте жер бетінде біртіндеп және байқалмай жүреді; дегенмен, тақталар арасында үлкен кернеу жиналуы мүмкін. Бұл кернеу тез босатылған кезде, ол сейсмикалық толқындар деп аталатын, көбіне тау жынысы және жер беті арқылы жүздеген шақырымдарға созылған күшті тербелістер тудырады. Басқа жер сілкіністері тақталар созылған немесе қысылған кезде дүмпу ошақтарынан алыс жерде болуы мүмкін".

Жер сілкінісінің қуаты қалай бағаланады?

  • 3-тен 4,9-ға дейінгі жер сілкінісі елеулі немесе әлсіз болып саналады;
  • 5-тен 6,9-ға дейін – орташа және ауыр;
  • 7-ден 7,9-ға дейін – күшті;
  • 8 немесе одан да көп болса – үлкен.

Әлемдегі ең күшті жер сілкінісі қайда болды?

  • Солтүстік Курил аралдарындағы жер сілкінісі және цунами. Эпицентрі – Камчатка, Ресей. 1952 жылы болған, магнитудасы – 8,5-9,0 балл.
  • Ұлы Чили. Эпицентрі – Вальдивия, Чили, 1960 жылы болған, магнитудасы – 9,5 балл.
  • Ұлы Аляска. Эпицентрі – князь Уильям бұғазы, 1964 жылы болды, магнитудасы – 9,2 балл.
  • Үнді мұхитындағы жер сілкінісі. Эпицентрі – Суматра, Индонезия, 2004 жылы болды, магнитудасы – 9,1 балл.
  • Сендай. Эпицентрі – Сендай, Жапония, 2011 жыл. Магнитудасы – 9.0 балл.

2023 жылы 6 ақпанда Түркия елінде болған жойқын жер сілкінісінің залалын да ешкім ұмыта қойған жоқ.

Құлаған көпір
Жер сілкінісінен қираған көпір. Көрнекі сурет: nationalgeographic.kz

Жер сілкінісін өлшейтін қандай құралдар бар?

Жер сілкінісі мен жер асты дүмпулерін есептейтін аппаратты сейсмограф деп атайды. Бұл аппарат туралы massaget.kz сайтына жарияланған М.Ақанның "Жер сілкінісі туралы түсінік" жазбасында былай делінген:

"Сейсмографтардың бұрынғы түрлері қағаз таспасы бар қондырғылар болатын. Қазіргі кезде ондай аппараттармен бірге электрондық сейсмографтар да қолданылады. Соңғысының қағаз таспасы болмайды. Қағаз таспамен жұмыс істейтін сейсмографтардың екі түрі болады: вертикальды (тігінен болған) тербелістер мен толқындарды, қозғалыстарды тіркейді. ал екінші түрі горизонтальды (көлденеңінен, жазығынан) тербелістер мен толқындарды, қозғалыстарды тіркейді. Екеуінің де өте сезімтал тілшелері болады. Сол тілшелері қағаз таспаған із (белгі) қалдырып отырады".

Жер сілкінісін есептеуге арналған тағы бір құралдың атауы - тектометр. Тектометрді Евгений Васин есімді сахалиндік (Ресей) өнертапқыш ойлап тапқан. Бұл құрылғы Жапонияда патенттелген. Тектометрдің көлемі өте ықшам, салмағы небәрі 1 кг, бір қобдишаға сыйып кетеді. Көлемі кішкентай болса да, өте мықты құрылғы, себебі болайын деп жатқан жер сілкінісін 40 сағат бұрын ескерте алады.

Ертеде адамдар жер сілкінісін қалай болжаған?

Ерте кезеңде жер сілкінісін адамдардың іс-әрекеті мен мінез-құлқындағы өзгерістерге, жер бетіндегі судың өзгеруіне және табиғи құбылыстарға қарап болжаған.

stan.kz сайтында жер сілкінісіне дейін су объектілері мен каналдарда ерекше иіс пайда болуы мүмкін екені жазылған. Бұл жер астындағы газдардың бөлінуінен туындайды. Жер асты суларының температурасы да көтерілуі мүмкін.

Ғалымдар жануарлардың үлкен жер сілкінісіне дейін әлсіз дірілді сезетінін айтады. Жануарлар жер асты ауысымынан пайда болатын электрлік белгілерді сезінуі мүмкін.

Қытайдағы құрылғы

Біздің эрамыздың 132 жылы Қытай астрономы, математигі және инженер Чжан Хэн өздерінің Хань деп аталатын сотына әлемдегі алғашқы сейсмоскопты ұсынды. Чжан Хеннің құрылғысы қоладан жасалған үлкен шарап құмырасына ұқсайды. Оның диаметрі шамамен 1,8 метр. Ыдыстың сыртқы жағында компастың негізгі бағыттарына қараған сегіз айдаһардың басы бейнеленген. Айдаһарлардың басының астында, ыдыстың түбінде аузын ашқан сегіз бақа бар. Құмыраның ішіндегі зат белгісіз, бірақ онда қандай да бір маятник механизмі болған деп топшыланады.

Жер сілкінісі болған кезде, тіпті адамдарға қатты сезіле қоймайтын дүмпулер болған кезде маятник тербеліп, айдаһардың аузындағы темір шарды қағып, бақаның аузына қарай соғатын. Шардың бағыты дүмпудің қай бағытта болғанынан хабар берді. Шар бақаның аузына тиген кезде қатты дыбыс шығарып, жер сілкінісін білдірген.

Қытайдағы құрылғы
Қытайлық өнертапқыш жасаған құрылғы. Көрнекі сурет: fishki.net

Чжан Хэн өмірден өткеннен кейін бірнеше ғасыр бойы Қытайдың басқа зиялылары өнертапқыштың сейсмоскопын қайтадан сәтті жасаған деседі. Бірақ бірде-бір аспап сақталмаған көрінеді. Тарихшылар бұл аспаптың табиғатын сипаттағанымен, оның ішкі көрінісі жұмбақ күйінде қалып отыр. Мысалы ежелгі маятник конструкциясының неліктен жүздеген шақырым қашықтықтағы жер сілкінісін болжай алғаны әлі белгісіз. Чжан Хэнді әлемдегі ең бірінгі сейсмограф ғалым деп те атайды.

Жер сілкінісі туралы қызықты деректер

Жер сілкінісі туралы қандай деректер бар? stan.kz сайтында жарияланған "Жер сілкінісі туралы қызықты фактілер" мақаласында мынадай қызықты мәлімет берілген:

  • Жер сілкінісі суды алтынға айналдыруы да мүмкін.
  • Жер сілкінісі 1945 жылы Хиросима ядролық бомбасы құлаған кезде бөлінген энергиядан жүздеген есе артық энергия шығара алады.
  • Жер сілкінісі негізгі сілкіністен бірнеше жылдан кейін де болуы мүмкін.
  • Жер бетіндегі ірі жер сілкіністерінің шамамен 80 пайызы Тынық мұхитындағы тектоникалық плиталар тоғысқан Тау тәрізді аймақ – От сақинасының маңында болады. Екінші күшті жерасты дүмпуі Жерорта теңізінің бүктелген белдеуі деп аталады, оған Түркия, Үндістан, Пәкістан сияқты елдер кіреді.
  • Жерорта теңізінің шығысындағы 1201 жер сілкінісі тарихтағы ең қайғылы оқиға болып, 1 миллионнан астам адамның өмірін қиды.
  • 2004 жылғы Үнді мұхитындағы жер сілкінісі шамамен 10 минутқа созылды. Бұл – жер бетіндегі ең ұзақ жер сілкінісі.

Қазіргі ғалымдар жер сілкінісін алдын-ала болжау үшін нейрондық желіні қолдану жолын қарастыру үстінде. Дегенмен жасанды интеллектінің алгоритмін сеймикалық ахуалды зерттеуге әлі де толық қолданып көрген емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2059732-alem-xalqy-zer-silkinisin-qalai-bolzagan-qyzyqty-derekter-men-ezelgi-qurylgylar/

pixel