Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Гүл таңдау: ерекше әсер қалдыру үшін бойжеткенге қандай гүл сыйлау керек

Опубликовано:

Раушан гүлдері
Орындық үстіндегі раушан гүлдері. Көрнекі сурет: pixabay.com

Гүл сыйлау арқылы айта алмай жүрген сезімді білдіруге болады. Ең бастысы сіз ұсынатын гүлдің түр-түсі мен саны маңызды. Мерекелерге, алғашқы кездесу немесе сезіміңізді білдіретін кездегі гүл шоғын дұрыс таңдау үшін жазбамызда берілген кеңестерді пайдаланыңыз.

Қызға сыйлайтын гүлді қалай таңдау керек?

Гүл кез келген мерекенің дәстүрлі сыйлығына айналды. Атаулы күндерді гүлсіз елестету мүмкін емес. Гүл құрмет, алғыс және сүйіспеншілік белгісі ретінде ұсынылады. Гүл шоғының белгілі бір мағынасы болу үшін флористикадағы ережелерді сақтау керек.

"Жизнь среди цветов. Букеты и композиции для вашего дома" кітабының авторы Роуэн Блоссом гүл сатып алатын кезде оның кімге арналғанын, ол адамға қандай гүлдер ұнайтынын және композицияның текстурасы мен хош иісіне назар аударуға кеңес береді.

Нәркес гүлі
Нәркес гүлін ұстап тұрған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Әр түрлі жағдайда сыйлауға болатын гүлдер:

  1. Ғашықтар күнінде дәстүрлі түрде раушан гүлдері, қызғалдақтар, сүмбіл (гиацинт), орхидея және қалампыр беріледі.
  2. 8 наурызда қызға қандай гүл сыйлау керек? Қызғалдақ пен нәркес гүл шоғын ұсыну жақсы нұсқа саналады. Сонымен қатар құртқашаш (ирис), фрезия және альстромерия гүлдерін сыйлауға болады.
  3. Қарым-қатынасыңыздың жылдық мерейтойын атап өтуге лалагүл, бақытгүл (хризантема), раушан және сәлдегүл (пион) гүл шоғын беріңіз.
  4. Аналар күніне түймедақ немесе гербер сыйлаңыз.
  5. Қоныс тойға жаңа үй иесіне жайлылық сыйлайтын хош иісті гүл шоғын сыйлаңыз.
  6. Қызға сөз салатын кезде нәзік сәлдегүл (пион), фрезия, эустома немесе раушан гүлін таңдаңыз.

Gardening ресурсы құмырадағы гүлдердің танымал бола бастағанын жазады. Бұған жақсы себептер де бар. Олар кесілген гүлдерден қымбат тұрмайды, бірақ сыйлаған адамды әлдеқайда ұзағырақ қуантады. Этикет тұрғысынан бұл өте қолайлы, өйткені бұл гүлдің сұлулығы мен балғындығын ұзағырақ сақтау үшін күтім жасалады. Алайда мұндай сыйлық қыздың қалауы мен талғамына сәйкес келуі керек.

Туған күнге қандай гүл шоғын беру керек?

Туған күн иесіне арналған гүл шоғы оның сұлулығы мен сүйкімділігіне арналған мақтау іспетті. Қыздың туған күніне қандай гүл сыйлау керек? Ең жақсы нұсқа туған күн иесінің талғамына сай келетін және оның сүйікті гүлдерінен гүл шоғын жасап ұсынуға болады. Мұндай гүлдер сыйлық берушінің туған күн иесінің қалауынан хабардар екенін әрі оның ішкі әлеміне қызығушылық танытатынын көрсетеді.

Адам гүлдің саны арқылы көзқарасын білдіреді:

  • үш гүл арадағы құрметті, жақсы қарым-қатынасты білдіреді;
  • бес тал гүл іштегі сезімнің оянғанын білдіруге көмектеседі;
  • жеті гүл махаббаттан хабар береді;
  • он бір гүл адамның жұбайына деген сүйіспеншілігін білдіреді.

Гүлдер және бау-бақша туралы Petal Republic ресурсы туған күн иесіне арналған гүл шоғына раушан, пион, герань, гортензия, күнбағыс, георгин және ирис гүлдерін қосуды ұсынады. Флориография деп аталатын гүлдердің викториан тілінде бұлар романикалық сезімді, достықты, тамсануды, қуаныш пен сәттілік тілеуді білдіреді.

Гүл ұстап тұрған қыз
Гүл шоғын ұстап тұрған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Гүл таңдауда түстің символикасы да маңызды. Ақ гүлшанақтар сезім шынайылығы мен тазалықты, алқызыл гүл нәзіктік пен сүйкімділікті, сары өмірге деген сүйіспеншілікті, қуаныш, жылулық, шынайылықты білдірсе, қызыл түс жалынды махаббат пен құмарлықты білдіреді.

Гүлді аксессуарлармен толықтыруға немесе тәттілер мен жемістерден тұратын гүл шоғын жасауға болады. Мұны дайындауға фуд-флористер көмектеседі.

Туған күнге арналған әдемі гүл шоғы сыйлық берушінің туған күн иесіне деген қарым-қатынасын көрсетеді. Қызға мағыналы сыйлық беру үшін гүлдердің тілін үйреніңіз.

Алғашқы кездесуге арналған гүлдер

Романтика әлемінде гүл композициялары ерекше мәнге ие. Олар көбіне сөзбен айтуға қиын эмоцияларды жеткізеді және сүйіспеншілік, тамсану, шынайылық секілді сезімдерді білдіреді.

Rosaholics ресурсы алғашқы кездесуге арналған гүл шоғы өткір иіссіз және оны өзіңізбен бірге алып жүруге ыңғайлы болатындай өлшем мен пішінде болуы керек екенін жазады. Бірінші кездесуге апаратын гүлге негізгі акцент қойылмайды, ол тек жағымды әсер қалдырады. Алғашқы кездесуде қызға қандай гүл сыйлау керек? Раушан, лалагүл, пион, түймедақ, сәндік күнбағыс немесе гербер гүлдерін таңдап көріңіз.

Темір жол бойындағы қыз бен жігіт
Темір жол бойында тұрған қыз бен жігіт. Көрнекі сурет: pixabay.com

Гүлдердің әрқайсысының белгілі бір символизмі бар:

  • Раушан гүлі әмбебап нұсқа болып саналады. Сіздегі шынайылық пен сүйкімділікті көрсеткіңіз келсе, ақ гүлшанақ (бутон), ал ұнататыныңызды айтуға дайын болсаңыз, қызғылт гүлшанақты таңдаңыз.
  • Мамыргүл (сирень) - көктемнің, әйелдіктің, сұлулықтың және алғашқы махаббаттың символы.
  • Сәлдегүл (пион) кездесуде романтикалық әсер қалдырады. Бұл гүл сұлулықты, сүйіспеншілікті және мейірімділікті білдіреді.
  • Түймедақ - романтика мен жастықтың символы. Әдемі гүл шоғы қыздың нәзіктігіне, жастығына және сұлулығына тәнті болғаныңызды білдіреді.
  • Күнбағыс. Бұл гүлдің табиғаты мен жылы түсі бақыт пен позитивті көрсетеді.
  • Гербер - бірінші кездесу үшін тамаша таңдау. Оның үлкен гүлдері мен әдемі реңктері жастық қуатты білдіреді.

Алғашқы кездесуде сезіміңізді білдіретін ойыңыз болмаса, түрлі-түсті гүлдер композициясын таңдап көріңіз. Мұндай гүлдер қыздың көңіл-күйінін көтеріп, ашылып сөйлесуге мүмкіндік береді.

Махаббаттан хабар беретін гүлдер

Аруыңызды қуантатын және махаббатыңызды білдіретін гүл шоғын таңдау жігіт үшін қиын жұмыс болуы мүмкін. Мына гүлдер махаббат туралы хабар береді:

  • Қызыл раушан. Ертедегі аңыз бойынша қызыл раушан Афродитаның көз жасынан пайда болған деседі. Оның көз жасы сүйіктісі Адонистің қанымен араласып, мәңгілік махаббаттың символына айналған. Қазіргі күні классикалық қызыл раушан сезімді білдіру үшін жиі таңдалатын гүл болып саналады.
  • Қызғалдақ махаббатты бейнелейді және жаңа бастамаларды білдіреді. Егер сіз сезіміңізді білдіргіңіз келсе, қызыл қызғалдақ беріңіз.
  • Қызғылт гортензия махаббатты, романтиканы, нәзіктік пен шынайы сезімді білдіреді.
  • Нарғызгүл (георгин) - күшті байланыс пен адалдықтың символы, сондықтан бұл гүлдер мерейтойлық гүл шоғы ретінде өте жақсы нұсқа.
  • Хризантема қуаныш, адалдық, өмірге деген сүйіспеншілікті білдіреді. Хризантема алатын кезде оның түсі маңызды екенін естен шығармаңыз. Қызыл гүлдерді ұзақ жылдар бойы бақытты өмір сүріп жатқан ерлі-зайыптылар сыйлауға болады. Қызғылт хризантема серігіңізге деген сүйіспеншілік пен нәзік сезімді білдіреді.
Әдемі раушан гүлі
Үстел үстінде тұрған раушан гүлі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Алқызыл қалампыр, камелия, ақкекіре (астра), ботагөз гүлі (незабудка) және гардения гүл шоғы романтикалық сезімді аңдатады. Егер гүлдер композициясын дұрыс таңдасаңыз, іштегі сезіміңізді еш қиналмай білдіре алатыныңыз сөзсіз.

Қызға гүл сыйлайтын кезде тақырыпқа сай келетін гүл шоғын таңдауға тырысыңыз. Ыңғайсыздық болмас үшін қарым-қатынас жағдайына және ниетіңізге мән беріңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2060306-gul-tandau-erekse-aser-qaldyru-usin-boizetkenge-qandai-gul-syilau-kerek/

pixel