Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мұқағали Мақатаев: шын есімі, тағдыры және махаббаты

Опубликовано:

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Сурет
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Сурет: almaty-akshamy.kz

Халықтың жүрегін рухты өлеңдерімен жаулап алған Мұқағали Мақатаевтың қазақ поэзиясында алар орны ерекше. Бүгінгі материалда ақиық ақынның өмірі, тағдыры мен махаббаты жайлы ел білмейтін қызықты деректерді ұсынбақпыз.

Ақынның туған күніне қатысты қызықты деректер

Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында өмірге келген. Дегенмен зерттеушілер бұл күн тек құжат бойынша туған күні екенін алға тартады. Бұл жөнінде ақиық ақынның анасы былай дейді:

"Мұқағалиім 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз".

Ал ақын Оразақын Асқар Мұқағали Мақатаевтың екінші ту­ған күнін былай деп түсіндіреді:

"Құжат бойынша Мұқағали 9 ақпан­да дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен".

Мақатаевтың азан шақырып қойылған аты - Мұхаметқали. Ол қарапайым отбасынан шыққан: әкесі қарапайым шаруа - колхозда шалғышы болып жұмыс істеген. Мұқағали ақын үйдің тұңғышы болған, оның соңынан бір қыз және үш ұл туған. Деректер бойынша, ақынның қарындасы мен өзінен кейінгі інісі ерте көз жұмған.

Ал қалған бауырларының есімі Тоқтарбай мен Көрпеш болған. Қазақы дәстүр бойынша Мұқағали кішкентайынан әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Ақынның балалық шағы өзге де көптеген қазақ ақыны сияқты соғыс кезеңінде өтетін, сол себепті талант иесі тағдырдың тауқыметін бала күннен бастап көреді. М. Мақатаевтың әкесі 1941 жылы Калининград майданында қаза табады. Ақынның өмірінің әр кезеңін төмендегідей қарастыруға болады:

  • 1948–1949 жылдары - ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті;
  • 1948 - оқуын тастап, Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы;
  • 1949 - көктемде жары Лашынмен отау құрады;
  • 1949 - Советтік шекара газеті ақынның Қырман басында, Қойшы бала - Әкітай деген өлеңдерін жариялады;
  • 1950 - Алматыдағы Шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне оқуға түсіп, көп ұзамай тұрмыстық жағдайына байланысты оқуын тастайды;
  • 1954 - Қарасаздың бастауыш мектебінде орыс тілі мұғалімі болып тағайындалады, осы жылы ақынның үш өлеңі "Әдебиет және искусство" журналында жарияланды;
  • 1957 - Республикалық радионың диктор қызметін атқарады;
  • 1960-1962 жылдары - Советтік шекара газетінің бөлім меңгерушісі;
  • 1963-1965 жылдары - Мәдениет және тұрмыс журналында жұмыс істейді;

Сонымен бірге ақын "Социалистік Қазақстан" (бүгінгі "Егемен Қазақстан") газетінің (1962-1963 жылдары), "Мәдениет және тұрмыс" (бүгінгі "Парасат") (1963-1965 жылдары), "Жұлдыз" (1965-1972 жылдары) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жылдары) қызмет атқарған.

Филология ғылымының докторы, профессор Байынқол Қалиұлы ақын шығармаларына қатысты былай дейді:

"Мұқағали тілге шебер ақын. Оның өлеңдерінің тілі жеңіл, көңілге қонымды әрі қарапайым. Мұқағали қолданған сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы, қызметі бір-бірімен жымдасып, біртұтас күйге енеді. Мүмкін сондықтан болар, ақынның өлеңдері көркемділігімен, бейнелілігімен, мағына дәлдігімен және эстетикалық жағынан әсерлілігімен ерекшеленіп тұрады".

Ақын тағдыры жайлы қызықты деректер

Қазақ поэзиясының алыбы қилы тағдырымен есте қалған. Солардың ішінде өміріне қатысты кей қызықты деректерді көпшілік біле бермейтіні анық. Соның бірқатарын назарға ұсынбақпыз:

  1. Мұқағали Мақатаевтың өмірінің алғашқы кезеңі 1932-33 жылдардағы ашаршылық, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін кезеңімен тұспа-тұс келді. Ал екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бала Мұқағали небары 10 жаста болған еді. Ол осы соғыста әкесі Сүлейменнен айырылып, жетімдіктің азабын тартты. 
  2. Болашақ ақынның қалыптасуына әжесі Тиынның үлесі зор болған. Ол әжесінің тәрбиесін көріп, аңыз-ертегілерді дәл осы асыл әжесінің аузынан сусындап өскен. Ал анасы Нағиманды өмір бақи жеңге деп қабылдап, «Нақа» деп атап кеткен. Мұқағалидің өжет, өткір болып өсуіне әжесі көп ықпал етті деседі.
  3. Мұқағали Мақатаев 14-15 жасында ақын болу туралы шешім қабылдаған. Сөйтіп, Гейне, Гете, Шекспир, Данте, Бальзак, Драйзер, Гюго, Байрон, Лондон сияқты классиктердің шығармаларына ден қойған.
  4. Көпшілік ақынның сол жылдары оқуға түсуге қиын болған ҚазМУ-дің бірнеше факультетіне қабылданғанын біле бермейді. Мәселен, бастапқыда ол ҚазМУ-дің филология факультетіне түссе, кейін шет тілдер институтына, ал содан соң ҚазМУ-дің заң факультетіне оқуға түседі. Сол сияқты Жазушылар одағының жолдамасымен 1973 жылы Мәскеудің М.Горкий атындағы Әдебиет институтының студенті атанған.
  5. Ақиық ақын өмірлік жары Лашынға небары 18 жасында үйленген. Көпшілік ақынның лирикаға толы алғашқы өлеңдері дәл осы кезеңнен бастап жазыла бастағанын алға тартады.
  6. Мұқағали Мақатаев еңбек жолын ауылдағы мектепте қарапайым мұғалім болып бастаған. Ол орыс тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған. Себебі ақын жастайынан орыс тіліне жетік болып, әлем әдебиетімен сусындап өскен. Ал кейін аудандық газетте тілші болып қызмет істеді. Ақындыққа біржола бетбұрған М. Мақатаев Алматыда шығармашылық ортамен араласа бастайды. Десе де пәтер жағалап, тұрмыс тауқыметіне тап болады. Ол бұл қиындықтардан өтіп, өзінің тума талантының арқасында жыл сайын кітап шығарып, сол үшін қомақты қаламақы алып отырған. Мұзбалақ ақынның бойындағы талантын ең алғаш мойындап, оны жалпақ жұртқа жария еткен Әбділдә Тәжібаев еді.
  7. Ақынның тұңғыш қызы Ләззат белгілі бір жағдайлардан көз жұмып, кейіннен сүйікті қызы Майгүл көлік апатынан қаза тапқан. Оның қыздарына арнаған өлеңдері қазақ әдебиетінің классикалық туындыларына айналған.
  8. Мұқағали айықпас дертке шалдығып, ғұмыры аз қалғанын дәрігерлерден білген. Содан бар мүмкіндігін өлең жазуға арнап, 12 жылдың ішінде 8 жыр жинағын жарыққа шығарған.
  9. Ол өмірінің аз ғана бөлігінде 1000-нан астам өлең, "Ильич", "Мавр", "Аққулар ұйықтағанда", "Райымбек! Райымбек!", "Моцарт. Жан азасы" деген поэмалар жазып үлгерген. Сол сияқты "Құлпытас", "Марусяның тауы", "Өзгермепті", "Әже" әңгімелері мен "Қос қарлығаш", "Жыл құстары" повестерін, "Қош, махаббат!" пьесасын жарыққа шығарған. Одан бөлек, Дантенің "Құдіретті комедиясының" "Тамұқ" деген бөлімін, Шекспирдің "Сонеттерін", Уолт Уитменнің өлеңдерін аударған.
  10. Мұқағали Мақатев өлеңдері "Қазақ әдебиеті" газетінде жиі сыналған еді. Ақынның өзі де сын жанрында қалам қозғап, бірнеше әдеби шығармаларға талдау жасаған.

Ақынның махаббаты

Ақынның өмірлік жары өмірде сұлу әрі сымбатты болған. Мұзбалақ ақынның келіні Бақытгүл Қыдырбайқызының айтуынша, енесі шашы тобығына дейін түсетін, аққұба, сұңғақ бойлы, әдемі қыз болған екен. Қаламгер Лашын Әзімжанованы бір топ кісімен әңгімелесіп тұрған сәтте көріп қалған екен. Сонда оның болашақ жары аттың үстінде шауып бара жатқан екен. 

"Апамыз аттың үстінде әдемі көрінсе керек. Бірден "Мен осы қызға үйленемін" деп айтқан екен. Атамыз бұл кезде 17, ал анамыз 21 жаста болатын. "Жас айырмашылығына қарамастан, ауылда жүргенде бір-бірімізге хат жазып, үлкен қара тастың үстінде отырып таңды атыратынбыз.

Сол кезде маған неше түрлі керемет өлеңін оқып беретін" деп айтатын анамыз. Бірде ауылдағы клубта "Қозы Көрпеш — Баян Сұлу" қойылымында атам мен анам басты рөлді сомдап, махаббат ұшқыны осы кезде пайда болған екен. Анам көпке дейін атам жас кезінде өзіне жазған хаттарды жинамағаны үшін өкініп жүрді", — деп еске алады келіні.

Лашынның шын есімі Ләзиман болған екен. Туыстарының айтуынша, ер мінезді болғаны үшін жұрт оны Лашын деп атап кеткен көрінеді.

Ел арасында ақынның Фариза Оңғарсыноваға ғашық болғаны жайлы қаңқу сөз тараған. Десе де Фариза Оңғарсынова мұны басылымға шыққан сұхбаттарының бірінде жоққа шығарған еді.

"Екеуімізге қатысты көптеген әңгіме болды. Бәлкім ол кісінің тарапынан махаббат болған шығар. Маған кейде жақсы көретінін ұялып айта алмай жүрген кішкене бала сияқты елестейтін", — деп еске алды ақын.

Мұзбалақ ақын 1976 жылдың 27 наурызында бауыр циррозынан қайтыс болады. Ал жұбайы Лашын Әзімжанова 2006 дүние салған.

Мұқағали Мақатаев қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақын болып қала бермек. Ол жөнінде ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай былай деп еске алады:

"Мұқағалиды өз басым өлең бақытына ие болған қазақ рухының, қазақ көркем ойының үлкен бір биігі деп білемін!".

Көзі тірі болғанда мұзбалақ ақын биыл 93 жасқа толатын еді. Өлеңдерінен лирикалық сарын байқалатын қазақ поэзиясының саңлағының шығармалары ұрпақтан ұрпаққа асыл мұра болып, қала беретіні сөзсіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2060498-muqagali-maqataev-syn-esimi-tagdyry-zane-maxabbaty/

pixel