Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Он жыл ғашық болған: біртуар ақын Қасым Аманжоловтың жары, өмірі мен өлеңдері

Опубликовано:

Қасым Аманжолов
Қасым Аманжоловтың жас кезі. Фото: Youtube/NBmedia

Дауылпаз ақын атанып кеткен Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы - көп зерттеліп, әлі де дәл сондай назар аударылуға тиіс мұра. Кедей отбасында өмірге келіп, жетімдікті көрген ол майдандағы "қызыл оттың" ортасынан еліне аман оралған. Бұл жарияланымда ақынның өмірі мен шығармашылығына орын беруді ұйғардық.

Бала Қасым

Қасым Рахымжанұлы Аманжолов 1911 жылы Қарқаралы қаласында дүниеге келген. Қарағанды облысында кедей отбасында дүниеге келген. Небәрі 6 жасында әкесі көкжөтелден қайтыс болды.

Кейбір деректер бойынша, жесір қалған анасын ауылдағы байлардың бірі зорлықпен алып қашқан. Өгей әкесі баланы үйге жолатпай, қуып шыққан. Осы кезде ағасымен жалғыз қалған бала күнін өзі көрмекке бел буған. Алайда көп өтпей ағасы екеуі бір-бірінен қалай көз жазып қалғанын білмей қалады. Талғажауға тамақ таппаған ағасын кейін малшылар тапқан. Әкесінен өлідей, шешесінен тірідей айырылған бала Қасым бас ауған жаққа жүре беріп, ақыры туыстарының үйіне тап болады.

Ақын Ғалым Жайлыбай Abai TV арнасына берген сұхбатында Қасым Аманжоловтың бала күнін былай сипаттайды:

"Қасым жетімдікті де, қиындықты да, балалар үйін де, соғысты да көрген. Қоғамдағы көп қайшылық ақын жүрегінен үлкен жарылыстар туғызған. Жанартаудай болып, атқылап өткен ақын".

Бала кезінен өте зерек болып өскен Қасым оқу мен білімге құштар болған. Жас кішілігіне байланысты молданың үйіне кіре алмаса да, сырттан тыңдайтын болған екен. Сол кезден Құранның ұзақтан-ұзақ аяттарын жаттап алып, молда ересектеу балалардан сұрағанда, бұл көмектесуге тырысады екен.

Кейін Семейде 1924 жылы интернатқа орналасып, сол балалар үйінде 1927 жылға дейін тәлім алған.

Сол жылдарды ақын былай жырлайды:

Өмірге келдім еңбектеп, Шалқалап әкем шықты үйден. Жетімдік тағдыр жетті ептеп, Қабағын жаба түксиген. Өмірден үміт жоқ өзге, Даланың тердім тезегін. Әкем боп таптың сол кезде, Советтік менің өз елім!

Есейген шақ

1930 жылы бозбала Қасым Семей зооветеринарлық техникумын бітірген. Біраз уақыт ол Ленинград орман шаруашылығы институтында оқыды, содан кейін өмірінің соңына дейін газет-журнал редакцияларында, Қазақстан Жазушылар одағының аппаратында жұмыс істеді.

Қасым Аманжолов
Қасым Аманжоловтың жас кезі. Фото: karlib.kz

"Кедейдің баласы" деген атты жұқтырған деп ақын Серік Ақсұңқарұлы советтік саясаттың кесірін айтады. Оның сөзінше, Қасым Аманжоловтың арғы аталары бай болған, ғалым болған. Сондықтан да бала кезінен көрген бейнеті мен тектілігі Қасымға ақындық өнер дарытқан.

Жазушы-драматург Сәбит Досанов "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында ақынның сұрқия саяси заманда тапсырыспен өлең жазғанын айтып берген.

"Қасым саяси тапсырыспен де өлеңдер жазған ғой. Сонда "Менің жаман өлеңдерімді жақсы өлеңдерім асырайды" дейді екен. "Социалистік Қазақстан" газеті Қасымға көбірек тапсырыс берген. Өйткені Қасым берілген тапсырманы жедел орындап тастайды екен. "Советтік менің өз елімді" алыңызшы. Қандай ғажап өлең", - деп бағалайды жазушы.

Қасым Аманжолов
Қасым Орал қаласының көркемөнерпаздары арасында. Фото: karlib.kz

Кейін Қасым елдің шығысынан шалғай батысына, Оралға келеді. Бұл қалада театрда да, газетте де жұмыс істеген. Осы жерде ақындық даңғыл жолы басталып, Жайықтың бойында жалынды жырын жаза бастаған.

Шығармалары 1931 жылдан бастап басылған Қасым Аманжолов көзі тірісінде бірнеше өлеңдер жинағын шығарды және талантты ақын ретінде таныла түсті.

"Сен фашиссің, мен қазақпын!"

Оралым, шықтың алдымнан, Оралым менің, Оралым! Қол созып қызыл вагоннан, Үстіңнен өтіп барамын.

(…)

Қош болшы енді, Оралым, Күле бер шалқып, сайранда! Айтпақшы қайда бораның? Кетейін алып майданға!

Осылай жырлап, 1941 жылы ақын Қасым майданға аттанған. Бұдан 1943 жылға дейін Қиыр Шығыста болған ол соғыс аяқталғанға дейін батыс майданда соғысады. Бұл жылдарда да қаламын тастамаған ақын "Сен фашиссің, мен қазақпын", "Үстімде сұр шинелім", "Подполковник Әлпинге", "Қапанға" сияқты жауһар жырларын төккен.

Сен фашиссің, мен қазақпын, Сен айтқандай "азиятпын". Сен аспаннан "жұлдыз қақтың", Мен далада түйе бақтым.

Қасым Аманжолов майдандастарымен
Қасым Аманжолов майдандастарымен. Фото: karlib.kz

Майданда жауынгер ақын атанған Қасым Аманжолов нағыз сарбаз өмірін бастан кешеді. Көп деректе оның әскери бөлімде үгітші болғаны айтылады.

Ал тағы бірде ойын-сауық бригадасында артист болған. Өлеңдерінде елді аңсау, жауға кек, азат өмір, досқа деген жалындаған сезімін айқара ашып көрсеткен.

Қасым сүйген ару

Қасым Аманжоловтың махаббаты туралы оқытушы ғалым Әлімжан Құтжанұлы "Егемен Қазақстан" басылымына мақала жазған.

Сонда өмірлік сүйген жары Сақыпжамал екені айтылады.

"Жалпы, Қасым Сақып­жамалға бірнеше өлең арнаған. Себебі 1936-1946 жылдар аралығындағы он жылдай уақыт ғашық болып жүріпті. Он жылдан кейін қосылып, сегіз жыл отасқан. Осы он сегіз жылдың ішінде та­лай өлең-жыр дүниеге келген шығар. Со­лар­дың арасында 1946 жылы жазылған "Са­қып­жамал" деп аталатын өлеңі ерекше.

Қасым Аманжолов
Қасым Аманжолов жары Сақыпжамалмен. Фото: Youtube/NBmedia

Сақыпжамал! Бір өзіңде

Екі әйелдің аты бар.

Күн боп көзің күлгеніңде,

Қабағыңнан ай туар.

Сол кез саған қарай берем

Көрмегендей мен бұрын.

Жанның сырын жатқан терең

Оқи берем жасырын.

Сақыпжамал! Атың қандай!

"Сәпен" дейміз қысқартып.

Жар бола гөр айтылғандай,

Сенен қайсы қыз артық?!

Махаббаттан талай жастың

Жүректері күюлі.

Мүмкін жөндеп сүйе алмаспын,

Өзің үйрет сүюді.

"Сенен артық жан табам" деп

Қате бассам, кетсем желдеп,

Өзің сотта, өзің кеш.

Бес шумақ өлең – бес бөлімді поэмаға татиды. Есімінен ептеп басталған бір нәзік сыр тереңге тарта жөнеледі.

Сәл шегініс жасасақ, негізінде Сақып­жамал Қасымнан бұрын да тұрмыста болған. Баласы бар әйел. Бұрынғы жолдасы Әнуар Сейдахметов Қасымның досы екен. Досының үйінде шай құйып отырған керемет келіншекке бірден ға­шық болған ақын өзінің өрт сезімін өшіре алмай, үлкен махаббатқа айналдырып ал­ған. Бұл – 1936 жыл болатын. Содан сер­гелдеңге түскен ақын 1938 жылы Алма­тыда жүріп, "С...ға" дейтін өлең жа­за­ды", - деп келтіреді автор ақынның жеке өмірі туралы мәліметті.

Сұрапыл соғыстан елге аман-есен орал­ған ақын 1946 жылы ғашығы Сақып­жамалды іздеп тапқан. Көп ұзамай осы жылы зарығып күткен ғашығына қосылған екен.

Тыңнан түрен салған Қасым

Жазушы Дидар Амантайдың «Егемен Қазақстан» басқан мақаласында автор ақын өнеріне, әдеби жаңалықтарына етене тоқталған.

"Әр өлеңі образға толы. Қолма-қол, аяқ­астынан, нақ. Қасым ұйқасқа бай. Тұн­шығып шығар дыбыс жоқ. Бір-біріне жал­ғасқан алапат ұйқастар кең тыныс­ты, ашық, оңай. Құрама емес, бүтін, тұ­тас, оқшау. Кенет, екпіндеп, жылдам оқыл­ғанда шашылып қалатын бөлек-салақ май­да сөзге үйірлігі жоқ, еркін метафораға дос-жаран, бүтін эпитетке туыс, жалпы, біртұтастыққа ие.

Көргені, сезгені, білгені – құйылып түседі. Тез жатталады, оқырман жақсы қа­былдайды, жылдам ұғынады, себебі аса қазақы, ұлттық сипаты ерен, образдары әрі танық, әрі таныс, бейнелеуі ғажап, адам емес, Құдайдың өзі дәнекер періштелер арқылы қаламын қағаз бетімен сырғытып жүргізгендей көрінеді", - деп бағалайды Дидар Амантай ақынды.

Осылайша автор Қасым ақынға "Қасымның өзі де он бір буындық өлең үлгісіне реформа жасаған. Қасымның қазақ поэзиясына тыңнан түрен салып, қазақ жырын соны үлгілермен өрнектей отырып оған өз жанынан асқан талғампаздықпен ән шығара білген әрі халық ықыласына бөлете алған шебер суреткер" деп бағасын асқақтатады. Әрине, ақын мұндай бағаға әбден лайық еді.

Тағы бір баға берген адам туралы белгілі қаламгер Нұрперзент Домбайдың "Ерлік – елге мұра" атты кітабында айтылады. Кітапта ақын Бүркіт Ысқақов ұлытаулық жауынгер ақын Жанахмет Баяхметовтің өлең-жыр туралы құмарлығын айта келе, былай деп сипаттайды:

"Жанахметке жолыққанға дейін де мен өлең жазғанмын. Ол өлеңдердің кейбіреулері газет беттерінде басылып та жүрді. Бірақ Жанахметтің айтуынша шын өлең, нағыз поэзия бұдан гөрі басқарақ, одан гөрі жоғарырақ. Оған жету үшін табиғи дарынмен қоса, талмай оқу керек, ерінбей іздену қажет. Ол шын өлең, нағыз поэзия деп маған Қасым Аманжолов пен Абдолла Жұмағалиевтің кейбір өлеңдерін оқып берді. Және ол өлеңдердің неліктен шын поэзия екенін айтып, түсіндірді.

Өлеңді жалпылама жазбау керек, құр айғай, бос даурығу, құрғақ ұран, арзан ақыл өлең болмайды. Өлеңді белгілі бір сюжетке, оқиғаға немесе ойға құру қажет. Әр өлеңнің өз арқалаған жүгі, яғни айтайын деген ойы болуға тиіс. Өлең ой мен сезімнен тууы керек деді. Жанахметтің бұл сөздері менің құлағыма жағып, миыма қонып кетті. Енді бұдан былай өлең жаза қалсам, оны ең алдымен Жанахметке көрсетіп алып, редакцияға апаратын болдым".

Қасым Аманжолов
Солдан оңға қарай: Әуезхан Көшімов, Сырбай Мәуленов, Қасым Аманжолов және Әбжан Омарбаев. Фото: karlib.kz

Көп қаламгердің сол қалам сүйкеудегі бағыты Қасымнан басталған. Осы үзіндіде аталған Абдолла Жұмағалиевтің майданда көрсеткен ерлігі Қасым Аманжоловтың "Ақын өлімі туралы аңыз" поэмасын жазуына түрткі болғаны да өте маңызды дерек. Бұл поэмасы қазақ поэзиясының осы жанрдағы үздік жетістігі болды.

Қасым Аманжолов көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Ол орыс ақыны Александр Пушкиннің көптеген өлеңін, Михаил Лермонтовтың "Полтава", "Маскарад" поэмаларын, Байрон мен Шевченконың шығармаларын қазақ тіліне тамаша тәржімалады. Қасым Аманжоловтың шығармалары орыс тілінде жеке басылып шыққан.

Оның шығармаларының үш томдық басылымы (1955-1957) оған нағыз даңқ әкелді. Амал не, бұл туындысы ол қайтыс болғаннан кейін жарық көрді. Ақын созылған ауыр дертен 1955 жылы 44 жасында Алматыда қайтыс болды.

Қасым Аманжол
Қасым Аманжолдың Қарқаралыда кіндік қаны тамған жер. Фото: qazaqstantv

Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ, Қараймын елесіңе мен таңырқап. Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде, Көрпемді мен жатармын қырда қымтап (...)

Дүниеге келер әлі талай Қасым, Олар да бұл Қасымды бір байқасын. Өртке тиген дауылдай өлеңімді Қасымның өзі емес деп кім айтасың!

Өмірден ерте өткен Қасымның мәңгі жасайтын асыл жыры кейінгі ұрпаққа аманат болып қалды. Бұл күнде халықтың сүйікті ақыны Қасым Аманжоловтың жарқын бейнесі ел жүрегінде. Туындылары орыс және басқа да халықтардың тілдеріне аударылды. Ақынның өлеңдері мен поэмалары қазақ әдебиеті бойынша мектеп оқулықтарына еніп, Қарағандыда Қасым Аманжолов құрметіне көше аталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2060598-on-zyl-gasyq-bolgan-birtuar-aqyn-qasym-amanzolovtyn-zary-omiri-men-olenderi/

pixel