Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Небәрі 30 жасында өмірден өткен: әйгілі Төлеген Айбергеновтың тағдыры туралы не белгілі

Опубликовано:

Ақын Төлеген Айбергенов. Сурет
Ақын Төлеген Айбергенов. Сурет: aqtobegazeti.kz

Қазақ поэзиясында өзіндік стиль қалыптастырып, аз ғана ғұмырында артына өшпес мұра қалдырған ақындардың бірі – Төлеген Айбергенов. Бүгінгі материалда қаламгердің өмірі мен шығармашылығынан тың деректер ұсынатын боламыз.

Ақынның өмірі мен тағдыры

Ақын Төлеген Айбергенов 1937 жылы 8 наурызда Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында дүниеге келген. Оның мамандығы - мұғалім болған, ақын 1959 жылы Ташкент педагогикалық институтын бітірген. 

Ақынның балалық шағы мен отбасына келер болсақ. Төлеген көпбалалы отбасында дүниеге келген. Талантты шайырдың есімін Төлеген деп қоюының өз тарихы бар. Ол жайында "Жұлдыздар отбасы" журналында былай деп жазылған:

"Төлегеннің анасы Жібек Қонарбайқызы айы-күні жетіп, дүниеге ұл әкеледі. Атын "Қайтыс болып кеткен бес ұлымның орнын төледің" деп, Төлеген атаған екен".

Басылымның хабарлауынша, Төлегеннің әкесі Айберген бала ақын 14 жасқа келгенде дүниеден өткен. Ал анасы 1964 жылы қайтыс болған. Отбасында Төлегеннен бөлек Үміт, Мақпал, Балқия есімді балалар болған.

Ақынның әкесі Айберген сөзге шебер, ел басқарған, ауыл-аймаққа сыйлы адам болған деседі. Ал әкесінің анасы Жібек болса халық ауыз әдебиетін терең білетін, суырып салма ақындығы бар, талантты жан болған екен.

Айбергеновтың өмірлік жары - Үрниса Айбергенова болған. Төлеген онымен Ташкент педагогикалық институтында оқып жүрген кезінде танысқан. Кейін екі жас отбасын құрып, ақынның Қарақалпақстандағы ауылына аттанған. Сөйтіп жергілікті жердегі ауыл мектебінде ұстаздық қызмет еткен. Кейін уақыт өте келе жас отбасы сол кездегі Шымкент облысының Сарыағаш ауданына келіп, ұстаздық қызметін жалғастырады.

Ақын Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шахановпен бірге. Сурет
Ақын Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шахановпен бірге. Сурет: farabishakirti.kz

Төменде ақын өміріне қатысты тың 10 деректі ұсынамыз:

  1. Төлеген Айбергенов Қасым Аманжоловтан кейін қазақ поэзиясында өзіндік стиль және жаңа өлең құрылымын дүниеге әкелген бірегей ақын болған.
  2. Төлеген Айбергенов өзге елде өскендіктен, оның өлеңдерінде туған елге деген сағыныштың сарыны байқалады. Оған дәлел "Аруана – бауыр дүние" атты өлеңі. Онда қаламгер қандастардың елге деген сарғайған сағынышын жеткізген. Бұл жөнінде жазушы Әбіш Кекілбаев былай деген екен: "Төлеген Айбергенов творчествосы – өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры".
  3. Ақынның өлеңдеріне алғаш рет алғысөзді Әбділдә Тәжібаев жазған. Өкініштісі, ақын көзі тірісінде Жазушылар одағының мүшелігіне өте алмайды. Бүгінде елімізде Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлық бар.
  4. Төлеген Айбергеновті әдеби ортада ақын інісі Мұхтар Шахановқа арнап жазған "Сағыныш" өлеңімен танылған. Десе де көпшілік оны әйгілі "Бір тойым бар" өлеңімен таныған.
  5. Ақын отбасында үш қыздың ішінде аман қалған жалғыз ұл болғандықтан, ерке өскен екен. Төлеген Айбергеновтың өзінің де үш қыз, бір ұлы болған. Ақынның жары Үрнисаның айтуынша, "Бір тойым бар" атты өлеңін ақын тағы бір ұл сүйсем деген арманмен жазған екен.
  6. Төлеген Айбергенов Мемлекеттік сыйлыққа лайық екенін алғаш айтқан - жазушы Әбіш Кекілбаев болған.
  7. Әдебиетшілердің пікірінше, Айбергенов әлемін әлі де зерттеу керек. Себебі ақынның зерттелмеген өлеңдері әлі де көп көрінеді.
  8. Ақын оптимистік бағыттағы өлеңдерді көп жазған. Оның жарқын дәлелі - "Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап" атты өлеңі.
  9. Төлеген Айбергеновтың өлеңдері баспасөзде 1957 жылдан бастап жарыққа шыққан.

10. Төлеген Айбергенов небәрі 30 жасында бауыр дертінен қайтыс болған.

Төлеген Айбергенов отбасымен бірге. Сурет
Төлеген Айбергенов отбасымен бірге. Сурет: farabishakirti.kz

Ақынның шығармашылығы

Ақын елге көшіп келгеннен кейін екі жылдай жұмыссыз жүрген екен. Тек 1965 жылы ғана ол Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросына қызметке тұрған. Ақын туған елге деген сағынышқа толы жыр жинағын 1961 жылы "Жас дәурен" деген атпен жарыққа шығарған. Одан бөлек, ақынның "Арман сапары" (1963), "Өмірге саяхат" (1965), "Құмдағы мұнаралар" (1968), "Мен саған ғашық едім" (1970), "Аманат" (1975), "Бір тойым бар" (1981), балаларға арналған "Бақшаға саяхат" сурет-кітапшасы (1985) атты туындылары болған.

Сонымен қатар "Мир созвездья" (1987) деген атаумен таңдамалы өлеңдері орыс тіліне аударылып жарыққа шыққан. Ақынның "Ақ ерке, Ақ жайық", "Жаңғырған Маңғыстау", "Қазақстан", "Сені ойладым", "Мені ойла", "Ақ қайыңдар", "Бір тойым бар", т. б. өлеңдеріне жазылған әндер халық арасында кеңінен танымал.

Ақын тек өмірден өткеннен кейін ғана, 1974 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанған.

Айбергенов шығармашылығына қазақ ақын-жазушылары жоғары баға берген. Соның бірқатарын назарға ұсынсақ:

***

"Сөз жоқ, Төлеген жырлары — қуаныш жырлары. Бірақ бұл гүлге елтіген, көбелек қуған серуеншінің қуанышы емес, қиынды көрген, қайғы мен қасіреттің де ащы дәмін татып байқаған азамат адамның жүзеге асқан мақсаты мен орындалған арманының қуанышы. Сондықтан мұндай қуаныштың бояу әлемі, әуен әлемі бір ғана гаммадан тұрмайды. Онда сонау көкірек айырар күрсіністен бастап барша сезім түгел бар, түгел көрінеді. Осындай сезім байлығы оған өмір байлығын танытады".

Қадыр Мырза Әли

***

"Мен Төлеген Айбергеновтің өлеңдері туралы өз пікірімді әр жерде жазып та, айтып та жүрмін. Қазақ поэзиясына сондай бір ақын келу керек еді, ол келді де, әттең… ұзақ тұрмады. Бізге мәлім бір-ақ Төлеген ғой бұл. Шын мәнінде, Алтай мен Атырау арасында қаншама Төлегендер болды. Олар әлі де бар. Айбергеновтің өмірі де, өлеңі де жаңа өспірім жас таланттарға қамқорлықпен, сеніммен қарау керек деген ақиқатты одан сайын ұқтыра түседі.

Оның тіл сындырып, әліп таныған мектебі домбыраның бауырынан өрбіген өлең-жырлар әлемі еді. Қазір қазақ жырына домбырадан келетін ақындар аз, ендігі жерде оңдайлар тіпті азая бермек. Мұның жақсылығы да, жамандығы да бар. Лайым, жақсылығы басым болғай. Бірақ бұл — тілек қана. Тілек жүзеге асу үшін күресу керек. Бардың нарқын, жоқтың парқын білмеумен күресу керек. Басбұзарлыққа қарсы жұмыс жасалынып жатса, тілбұзарлыққа қарсы сонша жұмыс атқарылуы тиіс".

Фариза Оңғарсынова

***

"Әр түрлі гүлзарларымен, даланың самалымен, жусанның иісі, таудың бұлағымен — өзімен-өзі тыныш жатқан қазақ поэзиясының қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай, ағысты екпінмен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтерді".

Сырбай Мәуленов

***

Ақынның жас кезіндегі бейнесі. Сурет
Ақынның жас кезіндегі бейнесі. Сурет: farabishakirti.kz

Төлеген Айбергенов поэзиясынан нәр алып, оны аға көрген ақындардың бірі - Мұхтар Шаханов. Ақын ол жайлы былай деп еске алады:

"Төлеген Айбергенов, Шәмші Қалдаяқов үшеуміз ерекше достық қарым-қатынаста болдық.  Анам марқұм 13 құрсақ көтерген, соның ішінде менен басқасы түгел о дүниелік болып кеткен. Неше балаңыз бар деп сұраған адамдарға: "Менің үш балам бар: үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – мына Мұхтар" – дейтін. "Шәмші де, Төлеген де анамды ерекше қадірлейтін".

Мұхтар Шаханов Төлеген Айбергеновке арнап "Айбергенов шыңы" атты өлең шығарған.

Бүгінде ақыннан бес ұрпақ тараған. Олар: Салтанат, Махаббат, Дәурен, егіздер Құсни мен Айнар. Олардың ішінде Дәурен атты ақынның ұлы 46 жасында өмірден озған.

Айбергенов өлеңдері қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, оқырман көңілінен шыққан шоқтығы биік туынды болып қала бермек. Махаббат пен өмірді сүюге арналған отты өлеңдері әлі талай жас ұрпақты тәрбиелеп, шығармашылықта жол сілтері анық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2060706-nebari-40-zasynda-omirden-otken-aigili-tolegen-aibergenovtyn-tagdyry-turaly-ne-belgili/

pixel