Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жүкті әйел қандай ән тыңдау керек: пайдалы әрі маңызды кеңестер

Опубликовано:

Жүкті ана мен сәбидің әкесі. Көрнекі сурет
Жүкті ана мен сәбидің әкесі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жүктілік кезеңінде әйелдер ерекше эмоцияларды бастан кешеді. Осы орайда болашақ аналарға жанын тыныштандыратын әуен тыңдаған пайдалы, дейді ғалымдар. Назарларыңызға пайдалы және жүйке жүйесіне жағымды әсер ететін әндер топтамасын ұсынамыз.

Классикалық әуендер

Болашақ ана мен сәби үшін классикалық әуендерді тыңдау қашан да маңызды саналған. Мәселен, ғалымдардың айтуынша, Моцарт әуендері сәбидің интеллектуалды тұрғыда дамуына зор үлес қосады екен. Мамандар нәресте анасының құрсағында жатса да, әуенді тыңдайтынын айтады.

Оған қоса бұл әуендер сәбидің ақыл-ойының дамуына ықпал етеді, дейді мамандар.

Ұялы телефон немесе онлайн тыңдауға болатын Моцарттың әуендері жүкті аналардың көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, оларға тек жағымды әсер сыйлайтыны дәлелденген. Осылайша құрсақта жатқан сәби сонаталар увертюраларды тыңдай отырып, тыныштаалады екен. Тіпті мұндай бала болашақта көшбасшылық қасиетке ие болуы мүмкіндігі де жоғары.

Мамандар сәбидің Моцарт әуендерімен неғұрлым ертерек танысса, соғұрлым олардың ақылды әрі данышпан болатынын айтады. Моцарт әуендері сәбиге ғана емес, анасына да жақсы әсер етеді. Олар жүктілікті жеңіл өткереді, дейді мамандар.

Melodia.space басылымы құрсақтағы сәби 6 айдан бастап әуенді ажырата алатынын жазады. Мамандар бұл болашақта сәбидің музыкалық қабілеттерінің дамуына себепкер болатынын айтқан.

Сонымен бірге ғалымдар осы теорияға қатысты ғылыми эксперимент жасап көрген екен. Жүкті әйел француз классигі Клод Дебюссидің әуендерін тыңдаған. Бір қызығы, босанғаннан кейін оның бөбегі дәл осы композитордың әуендерімен ұйықтайтын болған. Сол себепті болашақ аналарға баланы құрсақтан бастап әуенге деген сүйіспеншілігін ояту қажет болады.

Ұялы телефондағы әуендер мен құлаққап. Көрнекі сурет
Ұялы телефондағы әуендер мен құлаққап. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мамандар жүкті әйелдерге Брамс, Дебюсси, Шуберт, Бетховен, Вивальди, Чайковский, Штраус, Шопен, Паганини, Рахманиновтардың әуендерін тыңдауға кеңес береді. Десе де, бұл композиторлар туындысын классикалық жанрдағы әуендерді ұнатсаңыз ғана тыңдауға кеңес беріледі. Ал егер классикадан дәстүрлі не заманауи музыканы ұнатсаңыз, өзіңізді қинаудың қажеті жоқ, дейді олар.

Бастысы, өзіңіздің көңіл-күйіңізді көтеретін әуендерге мән берген абзал. Оған қоса өзіңіз сүйіп тыңдайтын әуендерді қосып, құлаққапты ішіңізге қойып қойсаңыз болады. Осылайша сіз сүйіп тыңдайтын ән ішіңіздегі сәбиге де оң әсер ететін болады.

Сізге ұнайтын классикалық жанрындағы әуен балаға бірден ұнай кетуі мүмкін емес. Ондайда құрсағыңыздағы сәби ішіңізде жиі қимылдағанын аңғаруға болады.

Заманауи инструменталды әуен

Жүктілік кезеңінде заманауи инструменталды әуенді де тыңдауға болады. Бұл тұста айта кетерлік жайт, бұл музыка бірінші кезекте анаға ұнауы шарт.

Мәселен ежелде Жапонияда жүкті әйелдерді табиғаты әсем, ауасы таза мекендерге қоныс аудартқан деген дерек бар. Бұл олардың жүктілік кезінде табиғатпен бірге болуына, құрсақтағы сәбидің табиғат әуенін тыңдап өсуіне әсер етеді екен.

Инструменталды әуенді құрсақтағы сәбиге тыңдатудың екі әдісі бар:

  1. Анасының тыңдауы арқылы.
  2. Арнайы құлаққапты ішке қою арқылы. Мамандар екінші әдісті қолдану барысында мұқият болуға шақырады. Себебі инструменталды әуенді қатты дыбыста тыңдау – сәбидің есту қабылетіне кері әсерін тигізуі мүмкін.
Құлаққаппен әуен тыңдап отырған жүкті әйел. Көрнекі сурет
Құлаққаппен әуен тыңдап отырған жүкті әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бесік жырлары

Қазақ ауыз әдебиетінде бесік жырларының алар орны ерекше. Сәбидің дүниеге келген күнінен бастап, бесікке бөлегенде, бүлдіршін жасына дейін айтылатын әндерді құрсақта жатқан сәбиге де айтуға болады. Бұл туралы Massaget.kz басылымы мынадай қызықты деректі назарға ұсынады:

"1916 жылы психоневрология институтының негізін қалаған академик Владимир Бехтерев "балалардағы невроз ауруының алдын алу үшін, бесік жырын тыңдату керек" деген тұжырым айтқан. Ал психолог Виталий Леутиннің айтуынша, бесік жырын тыңдау сәбидің ми қыртыстарындағы нейрондардың дұрыс дамуына түрткі болады.

Америкалық психолог, медицина ғылымдарының докторы, трансперсоналды психология ғылымының негізін салушы Станислав Гроф "Beyond the brain" атты кітабында бесік жырының баланың психотерапевтік аурудан жазылуына бірден бір себеп бола алатынын ескерткен".

Сонымен бірге С. Кенжеахметұлының "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" атты еңбегінде бесік жырының – тұрмыс-салт жырларының ішінде көне түрінің бірі екені айтылады. Онда автор бесік жырында халықтың төл тарихы, дәстүрлі мәдениеті,ежелгі дүниетанымының көрінісі бар екенін айтады. Зерттеу еңбегінің авторының пайымдауынша, бесік жырының басты қызметі — "бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына  ұлттық  тәрбиенің  алғашқы нәрін сіңіру" екен.

Бесік жыры баланың сәби кезінде, яғни 1-5 жас аралығында айтылады. Назарларыңызға халық арасында кеңінен таралған бесік жырының төмендегі нұсқасын ұсынамыз.

"…Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің!

Бармақтары майысып,

Ою-өрнек ойысып,

Ұста болар ма екенсің!

Таңдайларың тақылдап,

Шешен болар ма екенсің!

…Құрығыңды майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Қызмет қылар ма екенсің?!

Қолымыздан іс алып,

Бақытымызға жан балам,

Бізді бағар ма екенсің?!"

Ұлттық фольклорлық музыка

Өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды сіңіре білу – әрбір ұлт алдындағы үлкен міндет. Қазақ халқы да ежелден ұлттық әуендерді атадан балаға мирас етіп қалдырып, күні бүгінге дейін дәріптеп келе жатыр. Ғалымдар ұлттық тәрбие беруде фольклорлық музыканың алар орны ерекше екенін айтады. Бұл жөнінде ҚР Мәдениет қайраткері, дирижер, композитор Нұрлан Бекенов былай дейді:

"Адам түрлі себеппен тілін ұмытса да, бала кезінде естіп, санасына сіңген, құлағында қалған үнді ешқашан ұмытпайды. Сондықтан өскелең ұрпақты осы домбыра үнімен тәрбиелеудің маңызы зор.

Жастарды кішкентайынан бастап ұлттық өнеріміздің өзегі – күй тыңдату арқылы тәрбиелеу олардың қазақ екенін ешқашан ұмыттырмайды. Сондықтан қастерлі үн, соның ішінде қазақтың үні – күйі жасай берсін", - дейді композитор өзінің сұхбаттарының бірінде.

Бұдан құрсақта жатқан сәбиге де ұлттық музыка өнерінің гауһары саналатын – қазақ күйлерін құрсағыңыздағы сәбиге тыңдатсаңыз, еш ұтылмайсыз деген қорытынды шығаруға болады. Керісінше, іштегі сәби құрсақтағы күннен бастап ұлттық әуенді естіп, кейін дүниеге келгеннен кейін де оған жаны жақын болып, машықтанып өспек. Жазушы-дәрігер, фантаст, драматург, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Совет-Хан Ғаббасов бұл жөнінде былай дейді:

"Тәрбиенің төте жолы – ана құрсағында жатыр. «Алып анадан туады» – деп ата-бабамыз бекер айтқан жоқ. Ана құрсағындағы тәрбиені бүгінгі аналардың өздері де білмейді. Оған үйретіп отырған қоғам жоқ...Аяғы ауыр әйелдің өте сезімтал, түйсіктері сергек болатыны неден екенін, әлі ешкім байыбына барып біліп жатқан жоқ.

Ол неден? Өйткені, осы кезде – ана құрсағындағы жан иесінің түйсік тәрбиесінің қалыптасуына да – жауапты, тек ана болуы керек емес пе? Сол үшін де аяғы ауыр ананың екінші бір жаңа тынысы ашылады десек те болады. Осы кезде мінәжат етіп, жан тазалығы мен тән тазалығын ұстаған ана – құрсақтағы жанның тәрбиесін де қолға алғаны".

Жүктілік кезеңінде түрлі жанрдағы әуен тыңдау – құрсақтағы сәбиді интеллектуалды тұрғыда дамытып қана қоймай, ол туғаннан кейін де музыкаға әуес болып өсуіне тікелей әсер етпек. Осыған орай, болашақ анаға қандай әуен тыңдайтынына мән берген жөн. Себебі сізбен бірге, оны құрсағыңыздағы сәби де сіз тыңдайтын әуенді сізбен бірге тыңдайтын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2061126-zukti-aiel-qandai-an-tyndau-kerek-paidaly-ari-manyzdy-kenester/

pixel