Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өтеген батыр: өмірі, ерліктері және халық арасында тараған аңыз-әфсаналар

Опубликовано:

facebook.com/monumental.painting.kz
"Өтеген батыр", мозаика, авторы Сейт Гүлсім. Фото: facebook.com/monumental.painting.kz

Қазақ халқының байтақ даласын, кең жерін қорғаған батырлар көп болған. "Ер есімі – ел есінде" деп ұлықтаған халықпыз. Ендеше бұл мақаламызда Жамбыл облысынан шыққан Өтеген батырдың өмірі мен ерліктеріне, халық арасында тараған аңыз-әфсаналарға кезек беруді ұйғардық.

Өтеген батырдың өмірі мен ерліктері

Ерлігі көптеген жыр-дастанға себеп болған батыр – жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қолбасшы. Ол 1699 жылы Шу өзені бойындағы Изенді өңірінде туған.

Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының қолжазба қорында сақталған Ә. Делебаевтың дерегі бойынша, Өтеген Өтеғұлұлы Қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының шығыс жақ шеті. Өтеген Өтеғұлұлы – ұлы жүз Дулат тайпасының Жаныс руынан шыққан батыр.

1993 жылы "Жалын" баспасынан жарық көрген Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы "Түп-тұқианнан өзіме шейін" атты кітабында Өтеген дүниеге келген отбасы жайлы былай дейді:

"Өтеген Өтеғұлұлы әкесіне құдай берген жеті ұлдың бірі еді. Ол сан жағынан алғанда төртінші ұл болатын. Шешесі Ұмсындық ақжарқын, өте фазылды, ғазиза кісі еді. Әкесі Өтеғұл – шаруа адам. Малды да, жанды да кісі. Өйткені туған-туысқандары өте көп адамдар болатын. Сол малды... Бұқара, Самарқанд жерлеріне көбірек айдап, соның әсерімен алтын ақша жинаған Қасқарау-Сырымбет тұқымы Өтеген ауылы еді".

Өтеген 15 жасынан жоңғарларға қарсы соғысқа қатысып, қазақ елінің түстігін, Жетісу мен Шығыс Қазақстан өңірін жаудан азат етуге зор еңбек сіңірді. Түркістан, Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай шайқасына қатысқан. Қалмақтың Бөтхишар, Сабан Тайшық секілді аты шулы батырларын жекпе-жекте жеңіп, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының біріне айналды. Төле бидің, Абылай ханның серігі болған.

Өтеген батыр
"Өтеген батыр" портреті. Авторы Мұратбек Нұрлыбаев. Фото : otegen.kz

Жазушы Марал Ысқақбай 2019 жылы Өтеген батырдың 320 жылдығы атап өтілген тойда сөз алып, батырды былай таныстырған:

"Жастайынан Іле матайлық Тауасар бидің баласы Қазыбекпен бірге Бұхара, Самархан, Шам, Бағдат, Ыстамбол, Ромға барып тоғыз жыл оқып оралады. Өтеген Төле биден бата алып, Абылай ханның оң тізесін басқан батырларының бірі. Қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында Түркістан, Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай шайқасына қатысты. Қалмақтың Ботхишар, Сабан Тайшық сынды белгілі батырларын жекпе-жекте жер жастандырып, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының бірі болды". Бұл туралы сол тойдан ақпарат таратқан Baq.kz журналистері жазған.

Жоңғар қолы XVII ғасырда қазақ халқының жеріне 1635, 1643, 1652, 1681, 1684 жылдары қайта-қайта шабуыл жасаса, XVIII ғасырда Цеван-Рабдан қазақ халқына қарсы өзінің бірінші жорығын 1698 жылы бастаған. Осы 1698 жылдан бастап, Қазақ елінің мемлекет ретінде өмір сүруіне Жоңғар хандығы тарапынан үлкен қауіп төнген. Бұл туралы тарихшы И.Я.Златкиннің "История Джунгарского ханства" еңбегінде жазылған.

Ғалым Мүбәрәк Үмбетаев "Өтеген батыр тұлғасының әдеби-тарихи негіздері" атты оқу құралында Өтеген батырдың ерлігі тарихи дәлдікпен сипатталған.

"Міне, осындай қиын-қыстау шақта өте зор мемлекеттік тарихи міндетті "қарашоғыр қарашадан" шыққан жалпы қазаққа аты белгілі би Төле Әлібеков (1663-1756) өз мойнына алады. Жоңғар қысымынан ауа көшкен қазақ халқын қорғауда Төле бидің төңірегіне топтасқан Өтеген, Қабанбай, Бөгенбай, Қойгелді, Шінет сынды батырлар көп еңбек сіңіреді. Батырлар бастаған қазақ жасағы жауға бірнеше рет күшті тойтарыс береді. Мәселен, Қаратауда болған сұрапыл ұрыста Өтеген батыр жекпе-жекке шығып, Жоңғар қолының Сабан-Тайшық деген батырын шаншып өлтіреді", - деп сипаттайды ғалым батырдың ерлігін.

Өтеген батыр
Қордайдағы Өтеген батыр ескерткіші. Фото: egemen.kz

Сонда қазақ халқының XVІІІ ғасырдағы қоғам қайраткері. Үш жүздің төбе биі Төле би Әлібекұлы былай деп шешендігімен қайырылған:

Ей, Өтеген, Өтеген!

Батыр едің ержүрек,

Озып туған өзгеден.

Елің кетті шұбырып,

Ақ қар, көк мұз суықта.

Ақтабан болған алыс жол,

Бұл сапардан сескенем.

Атыңның басын кейін бұр,

Күтеді көмек ел сенен!

Ғалым Үмбетбаев Төле бидің бұл сөзі шындығында Жоңғар шапқыншыларына қарсы күресті тұңғыш рет ұйымдастырып, басқарған халық батырлары болғанын дәлелдейді, дейді.

Неге есімі Өтеген?

Өтегеннің әкесі Өтеғұл Сырымбетұлы өз заманының атақты батыры атанған. 1635 жылы Ойраттың ханы Батырдың 50 мың қолына соққы берген шешуші ұрыста қол басқарған. Өтеғұл екі әйел алған.

Оның үлкені Жарқыннан Қалымбет, Нұрымбет, Нұрлыбек, Нұрқожа деген төрт ұл көрсе, екінші әйелі Нұрбаладан Байбол, Жанбол деген екі ұлы болады. Бірақ оба ауруынан үлкен әйелі Жарқынмен бірге аталған балалары түгел өліп, Өтеғұл мен Нұрбала екеуі ғана қалады. Көп ұзамай Нұрбала ұл табады. Жанысбай деген жасы тоқсанға келген қария: "Енді, батырым, өлгендерің өтелді, баланың аты Өтеген болсын", - дейді.

Қазақ ССР Ғылым академиясының қолжазба қорындағы дерек бойынша, Өтеген батырдың туған шешесі Нұрбала тарихта аты белгілі Қордай батырдың ұрпағынан екен. Анасы Нұрбала Өтеген жүруге жараған кезден бастап-ақ, баласын батылдыққа, жүректілікке баулыған. Батырдың жастық шағы Тәуке хан өліп (1718 жыл), қазақ жүздерінің арасында тартыс туып, ел ішінің бүліне бастаған кезімен тұспа-тұс келеді.

Өтеген өз тұсындағы әлеуметтік оқиғалардың қақ ортасында болып, ел бүтіндігін сақтауға ұмтылады. Сол игі жолда халық батыры атанып, ел таныған қайраткер дәрежесіне көтеріледі.

ХVІІІ ғасырдағы қазақ халқы бастан кешкен үлкен тарихтың тұтас бір кезеңі Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл Жабаев және Тілеміс Есболұлы айтқан "Өтеген батыр", "Ер Өтеген" дастандары тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып, ел есіндегі ер бейнесін нақыштап қойған.

Өзі шешен, өзі көреген - Өтеген батыр

Өтеген батырлығымен қатар, көрегендімен де, айтқыштығымен де танылған. Алайда батырды сүйген халқы бір шын, ал бірде қосып мақтаған аңыз-әфсаналар да көп болған. Мысалы солардың бірінде:

Абылай хан бірде үш жүздің билерін жиып:

- Қилы-қилы заман болады, Қарағай басын шортан шалады, - деген сөздің шешуін табыңдар, – депті.

Сонда Өтеген батыр:

Алдымызда жаңа заман болады екен, Бұл жүргендер өліп, Оның адамдары жаңа болады екен. Қарғадай жер шұқып, Мал бағудан егін салуды артық көреді екен. Үйлері там болады екен, Кигіз үй таң болады екен. Өздері-өздеріне хан болады екен, Хан-төрелер адам сүймес жан болады екен, Ханды сөгу сән болады екен. Сиыр пұл болады екен, Қатын би болады екен. Тастан аяқ шығады екен, Ит ішпес сары судан тамақ шығады екен. Адам баласы көкке ұмтылады екен, Байлықты боқтап, батырды мақтап жыр қылады екен, - деп жауап қатыпты.

Өтегеннің тағы бір көрегендігі байқалған әңгіме Абылайдың түсін жорып бергені туралы екен.

"Түсімде атым өліпті. Оның ішін жарып едім, қасқыр шықты, қасқырдың ішін жарып едім, түлкі шықты. Түлкінің ішін жарып едім, борсық шықты. Шешуін таппай тұйыққа тіреліп отырмын", – дейді Абылай хан.

Сонда Өтеген батыр: "Ханда қырық кісінің ақылы бар деуші еді. Алпыс биіңмен жүз кісісіз. Соны шеше алмай отырып, қазақты қайтіп басқарасыз?" - дейді Өтеген.

Бұған іркіліп қалған Абылай: – Ендеше өзің айтшы. Қайтіп ел боламыз? – дейді.

Сонда Өтеген батыр: "Атың өлсе, бұл заман – тұлпар заман, ішінен қасқыр шықса, бұдан кейін қасқыр заман болады. Оның ішінен түлкі шықса, түлкі заман болады. Оның ішінен борсық шықса, борсық заман болады, бір жолмен барып, бір жолмен қайтатын. Адал-арамы аралас болады", - деген екен.

Халық арасында мұндай аңыз-әңгімелер көп таралып, бүгінге дейін халқы мұра қылып сақтаған.

Неге мүйізді Өтеген аталған?

Батырдың жерлесі, публицист Зиян Құнанбай "Соңғы сапар" атты кітабында Өтегеннің неге мүйізді деп аталғанын былай түсіндіреді:

"Өтеген батыр сегіз жасында (нағашы жағынан) ағасы Қазыбек бекпен сегіз жыл жиһангерлікте жүреді. Осы біз келе жатқан жолмен Иран, Ирак, Араб елдерін басып өтіп, грек және түрік еліне дейін барады. Жол-жөнекей әр елде тоқтап, білімін жетілдіріп, толықтырумен болады. Түрік елінде де білімін жетілдіруге тоқталады.

Сол Түркияда Қазыбек бек ағасының жанында бірге оқып жүрген бала Өтеген басына жара шығып, қатты ауырады. Жатқан үйінің маңайынан өтіп бара жатқан дәруіш қатты қиналған науқастың барын біліп, үйге енеді. Сөйтіп бала Өтегенді емдеп, аяғынан тік тұрғызады. Сондай-ақ оның болашағын да айтып береді. Айтпақшы, Өтегенге шыққан жараның орнында маңдай тұсына таман қатқан мүйізше қалады. Содан ол Мүйізді Өтеген аталады", - делінген автордың жазбасында.

Өтеген батыр кесенесі
Өтеген батыр кесенесі. Фото: Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы

Батырдың ақыры

Ғалым Мүбәрәк Үмбетаевтың дерегінше, Өтеген Өтеғұлұлы өмірінің соңында жаз айларында Іле өзенінің бойын, Алатаудың етегін мекендеген. Қыста Балқаш кө­ліне жақын, Қараой деген жердің ең бір шұрайлы сайын қыс­таған. Батырдың Қараойдағы қыстауын халық қазір де "Өтеген сайы" немесе, жай ғана "Өтеген" деп атайды.

Өтегеннің шапқыншы Жоңғар қолына қарсы соғыстарда көрсеткен қа­һармандық ісін елі де елеп, құрметтеп, батырдың айрықша үлкен ер­лік жасаған жерлерін оның есімімен байланыстырған.

Мәселен, Алматы облысы Күрті ауданының шегіндегі биік тау сілемі Өтеген батыр мен Қазыбек бек Тауасарұлының есімімен аталады. Өтеген батыр 1773 жылы 74 жасында Іле өзенінің бойында қайтыс болған. Денесі Іледегі теміржол көпірінің оңтүстік-шығысында Арқарлы-Шолақ тауының бергі жағындағы Шеңгелді деген жерге қойылған. Кесенесі Қордай ауданы, Өтеген ауылының солтүстік-шығысында 2 шақырым жерде, қорымның арасындағы төбеде орналасқан.

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының мәліметінше, Өтеген Өтеғұлұлы қазіргі Қапшағай су қоймасының орнында, Шолақтау тау бөктеріндегі Шеңгелді деген жерде, Іле өзенінің жағасына жерленген.

Қапшағай су электр станциясын салу барысында бұл жерді су басатын болғандықтан, батырдың сүйегін 1973 жылы оның ұрпақтары осы жерге әкеліп жерлеген. 1999 жылы батырдың туылғанына 300 жыл толуына орай оның сүйегі жерленген биік дөң басына жаңа кесене тұрғызылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2061249-otegen-batyr-omiri-erlikteri-zane-xalyq-arasynda-taragan-anyz-afsanalar/

pixel