Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Абайдың заңды жалғасы": ақын Жұмекен Нәжімеденов туралы қызықты деректер

Опубликовано:

Жұмекен Нәжімеденов
Жұмекен Нәжімеденовтің бейнесі. Көрнекі сурет: 67.shymkent.kitapxana.kz

Жұмекен Нәжімеденов – Қазақстан Республикасы Әнұранының сөзін жазған автор. Жұмекен ақынның кеңестік идеология шарықтап тұрған кезеңде "Менің – елім, менің – жерім" деп жігерлі жыр жазуы басын қатерге тігумен бірдей еді. Себебі ол заманда егемендік жайлы сөз қозғаудың өзі қиын болды. Бұл жазбамызда әрбір сөзі заманның жүгін арқалаған ақын Жұмекен Нәжімеденовтің өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді ұсынамыз.

Жұмекен Нәжімеденовтің өмірбаяны мен еңбек жолы

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы Құрманғазы ауданы Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келген. Ақын 1983 жылы өмірден өтті.

Қаламгердің жары Нәсіп Мұстақызының журналист Қалампыр Кенжеғалиқызына берген сұхбатында ақынның анасы Мүслима Айдынқызы жайлы естелігін айтқан. Ақынның анасы 1915 жылы Гурьев облысының Теңіз ауданындағы 13-объезд деген жерде дүниеге келген екен. 15 жасында тұрмысқа шыққан ол тұңғышы Жұмекенді келін болып түскен соң 4 жылдан кейін ғана дүниеге әкеліпті.

"Жұмекенді кимешектің ішінен мойныма қара-ала тұсау салып жүріп құдайдан тілеп алдым ғой" - деген екен анасы. Жұмекен ақын анасын Мүсеке деп атаған екен.

Жұмекен Нәжімеденовтің балалары 2012 жылы ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы жан-жақты ақпарат қамтылған zhumeken.kz сайтын ашқан болатын. Сайтта жарияланған мәліметтерге сүйенсек, ақынның еңбек еткен жылдары былай тізбектеледі:

  • 1954 жылы Нұржау кеңесіне қарасты Ленин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін "Жас қайрат" сегізжылдық мектебінде бір жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді.
  • 1956-1959 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық аспаптар бөлімінде оқыған.
  • 1959-1971 жылдар аралығында "Жазушы" баспасында кіші редактор, "Лениншіл жас" газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарды.
  • 1973 жылы Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтының Жоғарғы Әдеби курсын тәмамдаған.
  • 1974-1983 жылдары Қазақ Мемлекеттік кітап саудасы жөніндегі комитетінде редактор, "Мектеп" баспасының тарих және география бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Қазақ жазушылары
Қазақтың ақын-жазушылары. Көрнекі сурет: zhumeken.kz

Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығы

1955 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің алғашқы өлеңі "Лениншіл жас" газетінде жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы "Балауса" деген атпен 1961 жылы жарық көрді. Ақын 1967 жылы Ұлы Отан соғысындағы қасіретті жырлаған "Жоқ, ұмытуға болмайды!" атты дастандар жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанған еді.

Жұмекен Нәжімеденовтің проза жанрындағы туындылары да бір төбе. Қаламгер өлеңмен бірге "Ақ шағыл" (1973), "Кішкентай" (1975), "Даңқ пен дақпырт" (1977) атты романдар жазған. 2005 жылы ақынның әңгімелері мен повестері, хикаяттары, сын мақалалары топтастырылып, "Аспан шақырады" деген атпен басылып шықты.

Жұмекен Нәжімеденов асқан күйші болатын. Ақынның "Күй кітабы" атты шығармасының желісімен 2006 жылы аудио-кітап жарыққа шықты.

Жазушы Мәткәрім Әкімжанов "Солақайдың құдіретті күйшісі" деп аталатын естелігінде Жұмекен Нәжімеденов туралы былай деген:

"Жұмекеннің әр сөзінен, әр қылығынан оның талғампаздығы білініп тұратын. 60-жылдардың бірінде басшылардың бірімен әлденеге келісе алмай, әлденеден қылт етіп өкпелеген Жұмекен аяқ астынан арызын жазды да, жұмыстан шығып кетті. Сол кеткеннен айлар бойы хабарласпай, қайырылмай мол кетті. Кейін білдік, сол бір өзінше күйзеліс көрген, томаға-тұйық жатып алған айларда ол тек домбырамен ғана мұңдасып, дүниеге творчествосының шоқтығы дерлік "Күй кітабы" жинағын келтірген екен. Жұмекенді жұртына нағыз ақын, нағыз дарын ретінде танытқан да осы кітабы болды".

Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары қай тілдерге аударылды?

Ақынның орыс тіліне аударылған "Весенние ветры" (1969), "Мое рождение" (1982), "Тебе говорю, потомок" (1986), "Солнцеворот" (1994) атты өлең жинақтары басылып шықты. 2003 жылы Санкт-Петербург қаласында "Я есть" деген атаумен орыс тіліне аударылған таңдамалы өлеңдері жинақталған өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрді. Сондай-ақ ақынның өлеңдері өзбек, чуваш, украин, тәжік және ағылшын тілдеріне аударылып басылды.

Ақынның аудармалары

Жұмекен Нәжімеденов қай ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударған? Ақын аударма саласында түрік ақындарының өлеңдерін, Сағдидің "Бустан" дастанын, А. Блоктың "Зауал" дастанын, А. Вознесенскийдің шығармалар жинағын, Ахмад Фаиздің өлеңдерін, Михаил Лермонтовтың, Марина Цветаеваның, В. Маяковский сынды ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған.

Жұмекентанушы, профессор Қадыр Жүсіп "Шалқар дарын иесі – Жұмекен" мақаласында:

"Жұмекен Нәжімеденовтің поэмалары – қазақ әдебиетіндегі дастаншылдық дәстүрді ілгері дамытқан, жаңалығы мол, мазмұны терең, пішіні сұлу сырлы мұра – қымбат қазына. Сонымен Жұмекен Нәжімеденов – қазақ әдебиетінде поэзиясымен де, прозасымен де қомақты орынға ие болды", - дейді.

Жұмекен Нәжімеденов туралы "Жұмекен" атты деректі фильм түсірілді. М. Азбанбаевтың "Менің Қазақстаным – Жұмекен" атты зерттеу кітабы жарық көрді. Ғ. Есімнің "Жұлдызды Жұмекен" (жалғыздық философиясы), А. Мырзабектің "Парасат биігі", "Рух жыры" атты зерттеулері, Қ. Юсуповтың "Ж. Нәжімеденовтің ақындығы" атты монографиясы шықты. Ақынның өмірі және шығармашылық жолы туралы "Жұмекеннің жүрегі" деп аталатын естелік кітап жарыққа шықты.

Қазақ ақындары
Жұмекен Нәжімеденов қаламгер достарымен. Көрнекі сурет: massaget.kz

"Менің Қазақстаным" әні жайлы

"Менің Қазақстаным" әні 2006 жылдың 7 қаңтарынан бастап ресми айналымға Әнұран ретінде енді. Жұмекен Нәжімеденов бұл әнді 21 жасында жазған. Әнін жазған композитор - Шәмші Қалдаяқов.

Жұмекен Нәжімеденовтің жұбайы Нәсіп Мұстақызының айтуынша, бұл ән 1956 жылы Алматыда, белгілі шаңқобызшы Гүлсара Піржанованың үйінде жазылған. Өлең жолдары Қазақстанның миллиард пұт астық жинағанына арнап жазылған сияқты болып көрінгенімен, түпкі мағынасы "Ел мен жер менікі" деген сөз арқылы отаршыларға қарсылықтан туған. Мұны байқаған комунистер әннің орындалуына тыйым салуды көздейді. Алайда бұған Жамал Омарова барын салып, әнді эфирден шырқауға мүмкіндік алған.

Жұмекен, Шәмші
Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқов. Көрнекі сурет: zhumeken.kz

Академик Ғарифолла Есім "Абайдың заңды жалғасы - Жұмекен" деп атаған. Бұл жөнінде "Атырау" облыстық қоғамдық-саяси газетінде жарияланған сұхбатта былай деген:

"Жұмекен өз романдарын ғұмыры 60-70 жылға жетпейтін шолақ үкіметке арнамаған. Оның шығармалары – қазақ халқымен бірге өмір сүретін нағыз өміршең дүниелер. Жұмекен "кішкентайлар" туралы айтқан. "Кішкентайлар" – социализмнің жалдамалылары. Олар қауіпті ме? Мен ол жағын айта алмаймын. Бірақ, анығы сол, социализмге "кішкентайлар" керек болған. Социализм – кішкентай қоғам, сондықтан да ол тарих сахнасынан жойылды. Сол қоғаммен бірге социализмге қызмет істейтін қалам ұстағандар да жойылуда".

2010 жылы марқұм Жұмекен Нәжімеденовке "Менің Қазақстаным" өлеңдер мен дастандар жинағы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2061598-abaidyn-zandy-zalgasy-aqyn-zumeken-nazimedenov-turaly-qyzyqty-derekter/

pixel