Жүктілік кезінде темекі шегуге бола ма: мамандар не дейді
Жарияланған күні:
Темекі - адам ағзасына кері әсері бар өте улы зат. Әсіресе жүкті әйелдер үшін шылымның зияны көп. Бұл жазбамызда жүктілік кезінде темекі шегудің ана мен балаға қалай әсер ететінін қарастырдық.
Жүктілік кезінде шылым шегудің қандай зияны бар?
Мамандар темекі шегу инфаркт пен инсульт қаупін арттырып, тыныс алу және ас қорыту мүшелерінің ауыр сырқатына әкеліп соқтыратынын айтады. Оған қоса орталық жүйке жүйесніңі жұмысын бұзады. Ауыз қуысының қалыпты микробтық тепе-теңдігі бұзылады, бұдан ауыздың құрғауы, стоматит, тісжегісі пайда болады.
Шылым шегу әйелдерде остеопороздың өршуіне әсер етеді. "Зияны төмендеу" сайтында берілген ақпаратқа сүйенсек, темекі шегетін әйелдің ағзасында сүйек тінінің минералды тығыздығы әлдеқайда төмен болады.
Темекі түтінінің канцерогендері (хош иісті көмірсутектер, ерекше нитрозаминдер, радиоактивті элементтер) патологиялық тұрғыдан өзгерген жасушалардың көбеюін ынталандырады, яғни, онкологиялық ауруларды қоздырады. Бүгінде қатерлі ісіктің 12 түрі шылыммен байланысты екені анықталды.
Алматы қаласы ДСБ "№1 Қалалық перзентхана" ШЖҚ МКК патология бөлімінің акушері Гүлмира Орынбасарова "Жүктілік кезінде шылым шегу қаншалықты қауіпті?" семинарында темекі шегудің жүкті әйелдергеқалай әсер ететіні туралы былай түсіндірді:
Шылым шегу кезінде ағзаға тәуелділікті арттыратын никотин, ауыр металдар, шайырлар енеді. Бұлар жүкті әйелдің денсаулығына және ұрықтың дамуына теріс әсерін тигізеді:
- Бір түйір темекінің өзі әйел ағзасының қан ағымының 30 минутқа бұзылуына әкелуі мүмкін.
- Кішкентай тамырлар тарылып, жүкті әйелдің денесінде көмірқышқыл газы жиналып, ұрыққа оттегінің жетуі азаяды.
- Әйелдің қан айналымы мен қан құрамының өзгеруі құрсақтағы баланың ағзасында тахикардияның дамуына әкеледі. Сондай-ақ жүкті әйел мен нәресте салмағын азайта бастайды. Нәресте салмағы аз, денсаулығы нашар болып туылуы мүмкін.
- Шылым шегу жүкті әйелдің гемоглобин деңгейін төмендетеді және іштегі бала қажетті қоректік заттарды ала алмайды.
- Жүкті әйелдің шылым шегуі баладсында туабітті жүрек ақауы, ішкі ағзалар тіндерінің, қаңқа мен бұлшықеттердің дамымауы, мидың дұрыс қалыптаспау қаупін арттырады.
- Шылым шегуді жақсы көретін аналардың балалары мазасыз, жиі айқайлап, жылайтын болып келеді.
- Жүктілік кезінде шылым шегу балалардың шизофренияға шалдығу ықтималын 38 пайызға арттырады.
Шылым және бедеулік
Шылым шегетін әйелдерді бедеулік мәселесі мазалауы мүмкін бе? Britannica басылымы шылым шегетін әйелдерде бедеулік мәселесі жиі кездесетінін және сәби көтерген жағдайда түсік тастау қаупі жоғары екенін жазады. Себебі шылымның түтіні, құрамындағы улы заттар ең алдымен құрсақтағы баланың өкпесіне әсер етеді әрі темекі шегетін әйелдердің балалары мерзімінен бұрын дүниеге келеді.
Бедеулік мәселесі бойынша Австралия мамандары Еуропа және басқа да елдерде 12 рет зерттеу жүргізген. Нәтижесінде 60 пайыздан астам әйел шылым шегетін болып шықты. НealthЕngine мәліметінше, темекі шегетін әйелдерде көбіне етеккір циклі тұрақсыз болады, аменорея және менопаузаның ерте болуы мүмкін.
Темекі шегетін әйелдердің балалары кенеттен өлу синдромымен шетінеп кетуі де мүмкін. Австралиялық зерттеулер жүктілік кезінде темекі шекпеген әйелдерден туған нәрестелерге қарағанда темекі шегетін әйелдерден туған сәбилердің 28 күн ішінде өлу ықтималдығы 28 пайызға жоғары екенін көрсетеді.
Шылым және жасанды ұрықтандыру әдісі
Мамандар шылым шегетін әйелдерде бала көтеру ықтималы төмен болатынын айтады. Мұның жасанды ұрықтандыру әдісіне де қатысы бар. НealthЕngine мәліметіне сүйенсек, жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгінген шылым шегетін әйелдің сәби көтеріп кетуі темекі шекпейтін әйелдерге қарағанда 34 пайызға төмен. Мұны дәрігерлер темекі түтініндегі токсиндермен байланыстырады, яғни улы заттар әйелдің жатырына салынған ұрықтың орнығуына кедергі келтіреді. Тіпті, эмбрион жатырға орналасып, әйел жүкті болғанның өзінде баланың өсіп-дамуы баяу болуы мүмкін дейді.
Шылым шегу және жатырдан тыс жүктілік
Жатырдан тыс жүктілік әйелдер арасында кездесетін жағдай. Бұған әйел денсаулығы бойынша түрлі фактор әсер етуі мүмкін. Ал Францияда жүргізілген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, темекі шегетін әйелдердің біразында жатырдан тыс жүктілік болған. Мысалы тәулігіне 20 дана шылым шеккен әйелдер арасында жатырдан тыс жүктілік 3,9 есе көп. Ал күніне 10 дана темекі шегетін әйелдерде мұндай жағдай мүлдем шылым тартып көрмеген қыз-келіншектерге қарағанда 1,7 есе жоғары болған.
"Влияние курения на развитие поражений плаценты" мақаласында темекінің құрамындағы никотин іштегі баланың жолдасы арқылы өте оңай және тез енеді, - деп жазылған. Бұл заттың темекі тартқан әйелдің қан құрамынан гөрі ұрықтың тінінде шоғырлануы жоғары. Темекі шеккен кезде тек никотин ғана емес, аса қауіпті тұншықтырғыш газ, бензопирен және радиоактивті изотоптар секілді 2500 химиялық зат ұрыққа зиянын тигізеді. Ал тиоциант секілді улы зат ағзада темекі түтінінің "өңделуі" нәтижесінде пайда болады. Мұның бәрі сәбидің дамуына айтарлықтай әсер етеді.
Әйел темекісін шегіп болған соң бала жолдасының қан тамырлары жиырылады. осы кезде ұрық бірнеше минут жеңіл түрдегі оттегі жетіспеушілігі жағдайында болады. Анасы жүктілік кезінде үнемі темекі шегетін болса, бала созылмалы оттегі жетіспеушілігімен ауырады. Ұрықтың жатыр ішінде дамуының тежелуі де осыдан болса керек.
Назар аударыңыз!
Мақала ақпараттық сипатта жазылған. Денсаулығыңызға қатысты мәселелерді дәрігеріңізбен кеңесіп шешкен жөн.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2061727-zuktilik-kezinde-temeki-seguge-bola-ma-mamandar-ne-deidi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.