Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жақынынан айырылған адамға қалай көңіл айту керек

Опубликовано:

Қайғыға батқан ер адам. Көрнекі сурет
Қайғыға батқан ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ халқында ежелден жақынынан айырылған адамға көңіл айту дәстүрі қалыптасқан. Ата-бабаларымыз өмірден өткен адамның туыстарына көңіл айтып, туыстығын көрсете білген. Жақынынан айырылған адамға қалай көңіл айту керек? Бүгінгі материалда тақырыпты кеңінен тарқатамыз.

Көңіл айту дәстүрі жайлы не білеміз?

Халқымызда қайтыс болған адамның өлімі тек өз отбасы ғана емес, барлық туған-туыстың, жақындарының да ортақ қайғысы деген түсінік қалыптасқан. Осы орайда, қазақ халқында өлімді оның ең жақын туыстарына естірту дәстүрі қалыптасқан. Одан бөлек о дүниеге аттанған отбасының жанұясына көңіл айту дәстүрі де сақталған. Бұл жөнінде өңірлік басылымдардың бірінде жарық көрген мына мақалада былай деп жазылған:

"Қаза, өлімге байланысты қазақ халқында естірту, көңіл айту және жоқтау сияқты ғұрыптар бар. Өлімді естіртудің де өзіндік қалыптасқан әдебі бар. Қазақ халқы ешқашан далада қайтыс болған адамды өз шаңырағына бірден шалқалатып алып келмеген, еш уақытта ет жақын бауыры өлген кісіге "пәленше өліп қалды" деп туралап айтпайды. Жөн танып, жоба білетін ақсақалдар топталып, жиналып келіп естіртеді".

Сонымен қатар мақала авторы бүгінде халқымызда қалыптасқан "көңіл айту" дәстүрі бүгінде "сұйылып", әлеуметтік желі арқылы "көңіл айта салу" сәнге айналғанын жасырмайды. Мәселен:

"Өкінішке қарай, осы дәстүріміз сұйылып "біреу қайтыс болыпты" десе, алдымен әлеуметтік желіде шулап қоя беретінді шығардық. Тіпті марқұмды жерлемей жатып Facebook, Instagram секілді әлеуметтік желіде көңіл айтып, "жұбататын" болдық. Жамбасы жерге тимеген марқұмның ет жақындарына "жатқан жері жайлы болсынды" сүйкей салатын болдық. Бәлки сол адамның алыста жүрген, әлі хабар жетпеген балалары, бауырлары, туыстары бұл қайғылы хабарды осы желіден көрсе, не болады? Мұны мүлде ескермейтін болдық", - деп жазады мақала авторы.

Жұбату айтып отырған әйел адам. Көрнекі сурет
Жұбату айтып отырған әйел адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Дәл осы пікірді "Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген "Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол" атты мақалада да кездестіруге болады. Мақала авторының сөзінше, бүгінге халқымыздың кісі өлімін естірту, көңіл айту, жоқтау сынды дәстүрі көмескіленіп, ескінің "қалдығы" ретінде қалып бара жатыр. Көпшілік жақыны қайтыс болған адамға әлеуметтік желі арқылы көңіл айтатын болған. Бұл жөнінде автор былай дейді:

"Қазір естірту, көңіл айту, жоқ­тау түгелімен әлеуметтік же­­ліге көш­кен­дей. Өкінішке қа­рай, бүгінгі жоқ­тауы­мыз алыстан "ой, бауырымдап", бір-бірімізді қапсыра құшақтап, өксі­гімізді баса алмай, көп болып бөлісе жеңілдететін бейбіт күннің жоқтауы болмай тұр...

Әйтпесе қазақта ақтай жоқтау, шашын жаю, қара тігу сықылды жоқ­таудың да адамның қо­ғам­дағы орнына, жасына қарай сан алуан түрі бар. Міне, осының бәрі жақынынан айырылған жанның көңі­ліне демеу еді ғой. Қазір осы ғұрып, сүйекке кіру, арулау, топырақ салу, бата оқырдың бәрі тіршілігімізден сырт қалып отыр.

Жаназаға жиылып, қай­ғыға ортақтасып жатқан жұрт қа­расы артса "бұл қалай?" дейтін күн­ге кез болдық. Өйткені ең басты құн­­дылық – адам өмірі. Ал жері мен хал­қы­ның саны арасында айтарлықтай алшақтық бар біздің елге қазіргі ең басты мұрат – адам ресурсын сақтау болуға тиіс".

Халқымыз жақынынан айырылған адамға өлім туралы естіртуді күй арқылы да жеткізген. Мәселен, ұлттық аспаптар – домбыра, қобыз, сыбызғы сияқты ұлттық аспаптармен қаралы хабарды жеткізіп, туыстарына көңіл айтқан, оларға сазды әуеннің үнімен қолдау көрсетуге тырысқан. Жоғарыда атап өткен мақалада бұл жөнінде былай деп жазылады:

"Бұл күйлер қанымызда қалған ұлттық кодты тап басады. Өйткені күй қайғылы сарында болғанымен, оның өзегінде елдің тағдыры, адамның көрген теперіші бар. Яғни кез келген күйдің отансүйгіштік, оптимизмге толы рухы болады. Қиындықтарға мойымауға, күресуге шақырады. Осы бір асыл қазынаны еліміздің теле-радио арналары мүмкіндігінше халыққа жеткізуге күш салса, бұл да бір Ұлттық аза тұту кү­ні­нің қайғыға құлай бермей, қай­та қайрат қосуға үндегеніндей тәлімі болар еді".

Бұған дәлел - атақты Жошы ханның ұлының өлімін күй арқылы естіртуі. Аңызға сәйкес, Жошы ханның жалғыз ұлы болыпты. Бірде ол әкесін тыңдамай, аңға шыққан екен. Жолда бір топ құланды көрген Жошының ұлы оларды атпақ болып, бірін жаралайды. Десе де құлан Жошының ұлын бір теуіп, иен далада өлтіріп алады.

Ұлының қаза болғанын сезген хан сол кезде: "Кімде-кім баламның өлімі жайлы естіртетін болса, соған қорғасын құямын" дейді. Амалы таусылған жұрт, ханға баласының қазасын естірту үшін, күйшіні жібереді. Ол "Ақсақ құлан" күйін ойнап, қайғылы жағдайды домбыра арқылы естіртеді. Амалы таусылған хан домбыраның шанағына қорғасын құйып, күйшіні босатқан көрінеді.

Орта ғасырларда би-шешендер қалай көңіл айтқан?

Қазақ халқының салт-дәстүріндегі көңіл айту салты – марқұмға иман байлығын тілеп, жақындарын сабырға шақыру, тірі адам тіршілігін жасауы тиіс деген ниетпен қолдау көрсету деген мағынаны білдіреді. Жақынынан айырылған отбасы көңіл айтпаған жаннан теріс айналып, тіпті туыстық, достық қарым-қатынас көңіл айтпаудың салдарынан мәңгілік үзілуі де мүмкін.

Халқымыздың пайымынша, қаза болған отбасының туыстарына көңіл айту – үлкен адамгершіліктің, ізеттіліктің, азаматтықтың белгісі екен. Тіпті, көңіл айту халқымызда саналы адамның парызы әрі міндеті деген түсінік қалыптасқан. Ауыз әдебиетіндегі мына нақыл сөздер соның дәлелі болып саналады: "Көрген жерде көңіл бар", "Көңіл – көңілден су ішеді".

Көңіл айту дәстүрі халқымызда ежелден қалыптасқан. Оған дәлел, орта ғасырларда би-шешендердің көңіл айтуды қара өлеңмен жеткізіп, туыстарына демеу болуы болып отыр. Мысалы, жалғыз баласы өлген қарияға Жаңғабыл шешен былай деп көңіл айтқан екен:

"О, құдіретті ата!

Бермейсіз бе бата?

Қанаты қайырылған қыран

Көкке ұшпайды.

Тұяғы кетілген тұлпар

Тоғай қыстайды.

Біреу атты, біреу тақты,

Сонда бәрінің қасіреті ұқсайды.

Тағынан патша айырылса,

Қастығын жанға білдірмес.

Өткірдің жүзі майырылса,

Жырымды түзу тілдірмес.

Сұңқардың қанаты қайырылса,

Төсін жерге тигізбес.

Патша құлап – селге кетті,

Алмас қылыш белде кетті.

Жанды жебеп, көзді тартқан,

Сұңқар ұшып шөлге кетті.

Сонша неге қайғырасыз?

Қасіретіңіз елге өтті.

Ал балаңыз болса – бір күні,

Бәріміз баратын жерге кетті", – дейді.

Сол сияқты атақты жырау, ақын Кенен Әзірбаевтың ұлдарынан айырылған уақытта, оған жоқтау айту жыры көңіл айту дәстүрінің тағы бір мысалы бола алады.

"Жалған дүние-ай, салдың күйге,

Омырауымнан үзіліп түсті,

Екі түйме, ой, дүние-ай!"...

Қос ұлынан айырылған Кенен Әзірбаевқа сол кезде қырғыздың біртуар ақыны Оспанқұл көңіл айтқан екен. Тарихи деректер бойынша, сол көңіл айтудан кейін Кенен ақын сабырға келіп, аяқтан тік тұрған көрінеді.

"Алатаудың басында

Басыңа бұлт торлады.

Орта жасқа келгенде

Қоңылтып қайғы орнады.

Елуге келген жасың бар,

Көк ала сақал, шашың бар.

Қамықпағын, Кенекем.

Түскен тұман жарқ етіп

Шыққан күндей ашылар.

Әйелің тағы ұл туып,

Асығың қайта шашылар"...

Көргеніміздей көңіл айту дәстүрі ежелден бастау алады. Қаралы үйге қолдауды қара өлеңмен көрсеткен қазақтың би-шешендері сол дәуірден бастап көңіл айту дәстүрін ұлтымызға ұйытып, сіңдіріп тастап кеткен.

Көңіл айтудың бүгінгі нұсқалары

Халқымызда көңіл айтудың бұрыннан қалыптасқан тұрақты сөз тіркестері бар. Солардың бірқатарын назарға ұсынсақ:

Топырағы торқа болсын;

***

Жатқан жері жайлы болсын;

***

Жаны пейіште болсын;

***

Алды пейіш, арты кеніш болсын;

***

Мінгені пырақ, ұстағаны шырақ болсын!

***

Қайғыңызға ортақпын!

***

Ол кісі үшін дұға етеміз, дұғада боламыз!

***

Оны ешқашан ұмытпаймыз. Мәңгі жадымызда қалады!

***

Жатқан жері жайлы  болсын!

***

Иманы жарылқасын!

***

Иманы саламат болсын!

***

Алланың шапағатына бөленсін!

***

Алдынан жарылқасын!

***

Қалған ғұмырын бала-шағасына берсін!

***

Өлгеннің соңынан өлмек жоқ, өлгенге қайтып келмек жоқ.

***

Арты қайырлы болсын, қалғанына өмір берсін!

***

Алла сабыр берсін!

***

Өмірден өткен жан иманды болсын, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын!

***

Амал дәптері оң жағынан ашылсын!

***

Одан бөлек, қазіргі таңда кеңінен тараған көңіл айтудың мынадай нұсқаларымен таныс болсаңыздар болады:

***

Бұлай болғаны өкінішті-ақ, сенің қайғыңа ортақпын. Мен саған қолдау көрсетуге әрқашан дайынмын! Бекем бол!

****

Бұл бәріміз үшін орны толмас қаза. Мұндай сенімді және жақын адамыңнан айырылу қиын.

***

Қалай қайғырып тұрғанымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Оны ешқашан ұмытпаймыз.

***

Оның өмірден өткеніне әлі де сене алар емеспін. Ол үшін дұға етеміз.

***

Сенің қайғың жайлы білемін, жатқан жері жайлы болсын.

***

Жақыныңды жоғалту – үлкен қайғы. Жаны жәннатта болсын. Сізді де, ол кісіні де тілегіме қосып жүремін.

***

Бұл бәріміз үшін ауыр болды. Ол шынымен де керемет адам болды. Қайғыңа ортақпын.

***

Көргеніміздей, көңіл айту салты – ауыз әдебиетінің ажырамас бөлігі болып қала бермек. Жақынынан айырылған адамның жанына демеу болуды көздейтін бұл дәстүр – қазақ халқының тектілігін айғақтайтын тағы бір қалыптасқан дәстүр болып табылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2061756-zaqynynan-aiyrylgan-adamga-qalai-konil-aitu-kerek/

pixel