Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Розадан - Розаға дейін: әлемге әйгілі қазақ әйелдері туралы білесіз бе

Опубликовано:

Роза Бағланова
Роза Бағланова. Фото: qazaqconcert.kz

Қазақ әйелдерінің арасында әлем аренасынан ойып тұрып орын алған жандар баршылық. 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әр салада жетістікке жетіп, халықаралық деңгейде көзге түскен қазақ әйелдеріне кезек беруді жөн санадық.

Роза Бағланова

КСРО мен Қазақстанның ха­лық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова - қазақтың ұлы әншісі. Ол Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес одағының фашистік режимге қарсы күресінде сарбаздарға өр рухты жігер берген азамат әнші. Оның ерлігін сол қан майданда болған сарбаздардың бірінің оқиғасын Бибігүл Төлегенова "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында баяндаған еді.

"Осы жуырда ғана мен бір үлкен тойда болып, бір соғыс ардагерімен қатар отырғаным бар. Сонда кеудесінде орден-медаль­дары саудыраған әлгі кісі: "Ой, Роза апай біз майданда жүргенде келіп бір сағат концерт қойып, ән шырқап берген еді. Содан кейін рухымыз көтеріліп, сондай көте­ріңкі көңілмен атойлап шабуылға шыққанымыз әлі есімнен кетпейді" деп Роза Тәжібайқызын көте­ре, құрметтей сөйлегеніне іштей қуанып едім. Әрине, халық Роза Бағланова десе, ішкен асын жерге қойып, өте қатты сыйлайтын", - деп әңгімесін өрбіткен еді Бибігүл Төлегенова.

Ал әлемге әйгілі деуіміздің де өз себебі бар. 2009 жылы Роза Бағланова "ҚазАқпарат" агенттігіне берген сұхбатында алғашқы алған наградасын еске түсірген болатын:

"Бұл 1945 жылы болды. Мен "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалін алдым, бұл менің ең қымбат марапаттарымның бірі, оны кезінде кез келген адамға берген жоқ. Мен мұндай құрметке екі рет ие болдым. Біреуін маған маршал Коневтің өзі, екіншісін - Рокоссовский тапсырды. Сонда "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалін тапсырып тұрып, Рокоссовскийдің маған: "Қазір сен кішкентай Розасың, болашақта кеңес өнерінің мақтанышына айналасың", - дегені бар тебіреніп.

Оның айтқаны келді. 1949 жылдың өзінде Будапештегі халықаралық фестивальда мен Майя Плисецкаямен, Мстислав Ростроповичпен, Игорь Ойстрахпен (Давид Ойстрахтың ұлы), Зара Долухановамен бірге бірінші сыйлыққа ие болдым. Біз алдыңғы шепте тәулігіне 15 сағат ән салдық, соғысты қатардағы гвардия солдаты болып аяқтадым", - депті дара тұлға.

Роза Бағланова
Роза Бағланова. Фото: qazaqconcert.kz

Роза Бағланова 1922 жылы 1 қаңтарда қазіргі Қызылорда облысы Қазалыда дүниеге келген. Әншінің азан шақырылып қойған есімі – Үрбибі. Бірақ ол күллі әлемге Роза есімімен танылды. Қазақтың ән өнеріндегі бірінші Роза да өзі еді. Мектептен кейін 1939-1941 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында оқыды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін, қиын-қыстау шақта ол Ташкент тоқыма институтына оқуға түсті, өйткені олар жатақханада баспанамен, тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, тоқымашы болып жұмыс істей алатын еді. Ташкентте оның әнін кездейсоқ Ташкент Опера театрының солисі және сонымен бірге филармония директоры Мұхитдин Кари-Якупов байқаған.

1941 жылдан бастап Самарқандта, Өзбек КСР өзбек филармониясының мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде жұмыс істеді. 1941 жылдың жазында ол Мәскеу консерваториясына жолдама алған, бірақ соғыс басталып, ансамбльмен бірге майданға кетті. Әртістер бригадасының құрамында Қызыл Армия жауынгерлерінің алдында тікелей майданда өнер көрсетті. Оның концерттері үлкен жетістікке жетті, ол Лидия Русланованың репертуарындағы әндер мен частушкаларды, соның ішінде "Ах, Самара-городок" әнін шырқады. Өзінің естеліктерінде ол бұл әнді алғаш рет Лидия орындаған концерттердің бірінде естігенін айтқан. Руслановадан кейін бұл әнді өзі орындай бастады. Лидия Русланованың өзі Розаның бұл әнді орындауына жоғары баға беріп, қазақтың жас әншісіне бұл әнді сыйға тартқан. 1945 жылы 9 мамырда ол осы әнмен Берлинде өткен жеңіс концертіне қатысты.

Соғыстан кейін ол үлкен сахнаға оралып, Кеңес Одағындағы ең танымал әншілердің біріне айналды. КСРО-да кеңінен танымал болған алғашқы қазақ әншісі Роза Бағланова еді.

Бибігүл Төлегенова

Майталман өнерпаз Бибігүл Төлегенованың нағыз опера жұлдызы екенін әлем біледі. Қазақтың бұлбұл әншісі атанған Төлегенова гастрольдік сапармен Канадада, Францияда, АҚШ-та, Италияда, Швецияда, Мысырда, Алжирде, Сирияда, Үндістанда болды.

Төлегенова Осипов атындағы орыс ұлттық академиялық ұлт аспаптар оркестрі, Чайковский атындағы үлкен симфониялық оркестрі, Уэльс ханзадасының камералық оркестрімен бірге ән салған. ЮНЕСКО шешімі бойынша Бибігүл Төлегенова XX ғасырдың ұлы жиырма әйелінің қатарына енген.

Бибігүл Ахметқызы Төлегенова 1929 жылы 16 желтоқсанда Семейде дүниеге келген. Бибігүлдің әкесі скрипкада ойнаса, шешесі ән айтатын. Әкесін 1937 жылы Қатон-Қарағайда тұтқындап алып кеткеннен кейін хабарсыз жоғалып кетті. 1946 жылы кешкі мектептің жетінші сыныбында оқып жүрген кезінде Семейдегі ет комбинатта жұмыс істей бастады.

Сол кезден-ақ көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрген. Әнші бағыт берген Семейге жер аударылған жазушы Галина Серебрякова мен жетекші ұстазы, Халық әртісі Надежда Самышина болған.

Әнші репертуарындағы Латиф Хамидидің "Қазақ вальсі", Евгений Брусиловскийдің "Қос қарлығаш", Мұқан Төлебаевтың "Еске алу" және Батыс Еуропа композиторларының шығармаларынан вальс, романс, арияларын орындады. Бибігүл әншілігімен қатар 1954 жылы Қазақтың Мемлекеттік консерваториясын бітірген соң, Қазақтың Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына солист болып қызметке тұрған. 1958 жылы Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігінде көзге түсіп, Қазақ ССР халық әртісі атанған. Әнші Ленин ордені мен Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, СССР халық әртісі.

Төлегенова әнді тыңдарман жүрегіне жеткізудің сырын 2020 жылы Qazaqstan ұлттық арнасындағы деректі фильмінде айтып берген еді.

"Көп ойлану керек. Тек мелодиясын емес, оның сөзін, мағынасын түсінуі керек. Егер композитор болса, ол қандай жағдайда осы туындыны жазып шыққанына назар аудару керек. Адам баласы қай ұлттан болса да, әуелі өзінің ұлттық мәдениетін, ұлттық әндерін, ұлттық өлеңдерін елге жеткізе алмай, басқа классикалық шығармаларды айта алмайды", - дейді мэтр әншіліктің құпиясын бөлісе отырып.

Күнсұлу Закария

Қазақстандық ғалым Күнсұлу Закарияны айтпай өтпеске болмас. Биылғы ақпанның басында ғалым вакцинацияны дамытуға барынша үлес қосқан әйелдердің әлемдік рейтингіне кірген болатын.

"Күнсұлу Закария - құрметті зерттеуші және QazVac COVID-19-ға қарсы вакцинасының негізін қалаушы, ол пандемияға қарсы жаһандық денсаулық сақтау бастамаларына қосқан елеулі үлесін көрсетті", - делінген Tech Collective сайтында.

Күнсұлу Закария
Күнсұлу Закария. Фото: gov.kz

2023 жылдың сәуірінде Күнсұлу Дальтонқызы Закария Қазақстан республикасы президентінің жанындағы Қазақстан республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалған. Ал биыл қаңтарда Күнсұлу Закария президенттің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі болды.

Ғалым жасаған QazVac сынақтарының үшінші кезеңінің нәтижелері Lancet журналында жарияланған. Биоқауіпсіздік мәселелері ҒЗИ сайтындағы мәлімет бойынша, "Қазақстанның қазіргі тарихында алғаш рет отандық ғалымдар QAZVAC-тың COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы алғашқы қазақстандық вакцинасының ауқымды клиникалық зерттеулерінің III кезеңінің нәтижелерін The Lancet журналында - медицина саласындағы ең жоғары әлемдік рейтингі бар ғылыми журналда жарияланған.

Күнсұлу Закария - биотехнология саласындағы қазақстандық ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик. 1967 жылы 2 шілдеде Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қарсақпай жұмысшы кентінде дүниеге келген.

1995 жылы биология ғылымдарының кандидаты (Алматы) ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады, 2002 жылы биология ғылымдарының докторы (Мәскеу) ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.

Алла Ильчун

Әлемді сұлулығымен тәнті еткен, Кристиан Диордың музасына айналған қазақ моделі Алла Ильчун туралы қазақ оқырманы кейінгі уақытта ғана біле алды. Парижде "Aллa - восточная жемчужина Dior" атты кинокартинасы да түсірілді.

Алайда бүгінде Алла туралы көп мәлімет жоқ. Қазақтың модель қызы қытайдың Харбин қаласында Жуанхан деген кісінің отбасында дүниеге келген. Ал кейін әкесі отбасын алып, Францияға көшкен. Әкесінің бұдан кейінгі тағдыры жұмбақ. Шешесі мен қызы сол заманнан Францияда тұрған. Кейін Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда жас модель Тамара Волконская мен Ариадна Скрябиналармен бірге соғысқан. Майданда ол байланыс қызметіне жауапты болған, сондай-ақ, жарақат алғандарға көмектесіпті.

Соғыстан кейін Алла Ильчун мейрамханалардың біріне жұмысқа тұрып, нәпақа тапқан. Күндердің күнінде Ильчун жас дизайнер Кристиан Диор өткізген кастингке кездейсоқ барған. Сол кезден қазақ қызы Париждің сұраныстағы моделіне айналып шыққан. Екі рет тұрмысқа шығып, бір бала тапқаны белгілі. Атақты модель қазақ екенін өлімінің алдында берген сұхбатында ғана жария етіпті.

Дизайнер Алланың сұлулығына тәнті болған, бірақ оған қыздың бел өлшемі қатты әсер етіпті — небәрі 47 сантиметр! Метр дереу Алланы шоуға қатысуға шақырады. Ильчун да мұндай мүмкіндіктен бас тартпапты. Хас сұлудың көрсетілімге киіп шыққан әрбір киімі сатылымда таптырмастай өтіп кете беретін болған.

Алайда қыздың бес тіл білуі де таңғаларлық жағдай. Арудың Диормен ынтымақтастығы ол қайтыс болғанға дейін жалғасқан. Содан кейін Ильчун Ив Сен-Лоранмен жұмыс істеген. Алла Ильчун 63 жасында қайтыс болған. Өлімнің себебі инфаркт болды. Оның қабірінде аты да, күні де жоқ екен.

Роза Рымбаева

Сүйікті әншіміз Роза Рымбаева Қазақстанның еңбек ері, Қазақ КСР Халық әртісі. Ал сіз оның Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері екенін білген бе едіңіз? Ол да Еуропада танылған алғашқы қазақ өнерпаздарының бірі екенін білесіз бе?

Бірі білсе, бірі білмес, Роза Рымбаеваның дауысы төрт октава диапазоны бар лирикалық сопрано ретінде жіктеледі. Оны "Қазақстанның алтын дауысы" және "Орта Азияның ән салатын бұлбұлы" деп те атайды.

Семей облысындағы (қазіргі ШҚО) Жаңғызтөбе станциясының 9-разъезінде дүниеге келген, сол жерде мектеп-интернатты бітірген. Отбасында 8 бала бар. Теміржолшы әкесі 2014 жылы қайтыс болды. Анасы Айту - үй шаруасындағы әйел, 2013 жылы қайтыс болды.

Үлкен ағасы да музыкант болды. Оның болашақ әншіге үлкен әсері болды. Мектептен кейін Рымбаева Алматы театр-көркемсурет институтына музыкалық-драмалық комедия факультетіне оқуға түсті. 1975 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына арналған ән байқауына алғаш рет қатысқан. Осы кезде оны "Гүлдер" республикалық жастар-эстрадалық ансамблінің бас дирижері Тасқын Оқапов байқап, солист ретінде ансамбльге шақырады.

1976-1979 жылдары - "Гүлдер" республикалық жастар - эстрадалық ансамблінің солисі, 1979 жылдан - "Арай" эстрадалық ансамблінің солисі, оның директоры және көркемдік жетекшісі күйеуі Тасқын Оқапов болды.

Ал нағыз даңқ әншіге 1977 жылы маусымда Болгарияда өткен "Алтын Орфей" фестивалінде келген еді, онда ол Ұлы Отан соғысының мергені Әлия Могдағұлованы еске алуға арналған "Әлия" әнін орындағаны үшін Гран-При жүлдесін алып, халқын бір марқайтқан еді.

1977 жылы Роза Рымбаева "Песня друзей" бағдарламасына "Леди Карнавал" әнімен қатысқан. Әншіге нағыз танымалдық 1977-1979 жылдары "Песня года" фестивалінің финалына шыққан кезде болған еді, ал 1978 жылы Алла Пугачева мен София Ротарудан кейін бірден "дыбыстық трек" хит-парадында КСРО-ның үздік әншілерінің арасында үшінші болды.

Рымбаеваның мына әндері бүкілодақтық хитке айналған:

  • "Любовь настала";
  • "Әлия";
  • "Аве Мария";
  • "Атамекен";
  • "Цвети, земля моя".

Роза Рымбаева 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының алауын алып жүрді. 2011 жылы Қазақстанда өткен VII Қысқы Азия ойындарының әнұранын орындап, алауотын алып жүрді. 2012 жылы Жапония, Ресей, Түркия және Беларусь бойынша концерттік туры өтті.

Ал 2017 жылы Ресей федералдық арнасындағы "Сегодня вечером" бағдарламасында қазақстандық әншіге бір бөлім арналған еді. Сонда қазақ әншісі миллиондаған аудиториясы бар телеэфирде отбасы, өнері мен шығармашылығы туралы толыққанды айтып берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2061809-rozadan-rozaga-deiin-alemge-aigili-qazaq-aielderi-turaly-bilesiz-be/

pixel