Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістандағы киелі жерлер: тарихы және аңыздар

Жарияланған күні:

Киелі Түркістан
Киелі Түркістан өңірі. Көрнекі сурет: basnews.kz

Түркістан - ерекше сәулетімен көз тартатын шаһар. Түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етушілердің қатары үзілген емес. Қасиетті мекенде өзіндік тарихымен ерекшеленетін орындар да бар. Бұл жазбамызда Түркістан маңында орналасқан Үкаша ата мазары, Гауһар ана, Әлқожа ата, Жүсіп ата кесенелері туралы мәлімет ұсынамыз.

Түркістан өлкесінде дін ғұламалары мен әулиелер, хандар мен батырлар жерленген. Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық музейінің құрамында Түркістан және Кентау қалаларына қарасты 12 ауылдық-округтің аумағындағы 99 тарихи-мәдени ескерткіш есепке алынған. Оған халықаралық маңызға ие 1 ескерткіш, республикалық 18, жергілікті 7 ескерткіш кіреді. 73 ескерткіш алдын-ала есепке алу тізіміне енген. Бұл ескерткіштерді "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің Түркістан археологиялық отряды барлау жұмыстары кезінде анықтап, мәртебе алуға ұсынған.

Үкаша ата мазары

Үкаша ата мазары туралы қандай деректер бар? Үкаша ата мазары Түркістан қаласынан 35 шақырымдай жердегі Бабайқорған ауылына жақын Қаратау етегінде орналасқан. Бастапқыда мұнда қабірдің орны ғана болған. Ал қазіргі мазарын 1989-1990 жылдары жергілікті халық тұрғызған екен. Мазар екі бөлмеден тұрады. Құрылыстың жалпы ұзындығы шамамен - 23 метр.

Аңыздарда Үкаша ата Пайғамбар сахабаларының бірі, мұсылмандардың әскер қолбасшысы деп айтылады. Жанерке Хумардың "Оңтүстік Рабат" басылымында жарияланған "Түркістан жері киелі орындарға толы" мақаласында мынадай аңыз-әңгіме берілген:

"Үкаша ата алып денелі, шапса қылыш кеспейтін, атса оқ өтпейтін батыр болған екен. Сол кездегі мұсылман дұшпандары Үкаша атаны өлтіруге тырысқанымен ниеттеріне жете алмайды. Батырдың осал тұсын таба алмай әбден әлек болған дұшпандары күндердің күнінде Үкаша атаның әйелі арқылы әрекет жасауға тырысады. Олар Үкашаның денесі тек намаз үстінде ғана қорғасындай балқитынын біліп, намаз оқып отырған кезінде батырдың басын шауып түсірген екен. Әулиенің басын қорламақ болғанда басы екі қырдан асып, жер қақ жарылып соған түсіп кеткен көрінеді. Содан кейін сол жерден құдық пайда болған деседі".

Үкаша ата
Үкаша ата құдығы. Көрнекі сурет: azretsultan.kz

Үкаша ата құдығының басына киіз үйге ұқсайтын орын орнатылған. Құдықтың тереңдігі шамамен 23-25 метрдей. Ел аузында бұл құдықтың суы жерасты арқылы Меккедегі зәмзәм суымен байланысады деген түсінік те жоқ емес.

Бұл мазарға зиярат етушы адам қарасы өте көп. Мұнда келген адамдар құдыққа шелек салып, су алады. Алайда құдықтағы су біреуге шықса, біреуге шықпай жатады. Шелегі суға толғандар қатты қуанып, ал бос шыққандар мұңайып жатады. Бұл ел ішінде айтылып жүрген су шыққан адамдардың зияраты қабыл болады деген пікірмен байланысты болса керек.

"Түркістан жері киелі орындарға толы" мақаласында берілген экскурсия жетекшісі Әсем Орынбекованың пікірінше киелі орындарға келушілердің ниеті Аллаға серік қосу емес, - дейді. Оның айтуынша адамдар сол жердегі әулиелер рухына құран бағыштай отырып, зияратының қабыл болуын тілейді екен. Мұнда ат басын тіреген туристер де киелі жерлер тарихымен танысқан соң таң қалысып жататын көрінеді.

Гауһар ана кесенесі

otyrar.kz сайтында берілген тарихи деректер бойынша Гауһар ана ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің қызы болған екен. Гауһар ана кесенесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 4 шақырым қашықта орналасқан. 1989 жылдан бері Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің құрамына енген.

Тарихи деректерге сүйенсек, Гауһар ананың емшілік қасиеті болған деседі. Бұл жайлы ел арасында аңыз-әңгімелер тараған. Гауһар ана кесенесінің маңайында шипалы суы бар құдықтардың көптеп кездеседі. Адамдардың кесенеге ағылып келуі де осыдан, - дейді экскурсия жетекшісі. Зиярат етушілер алдымен Алладан шипа сұрап, одан кейін құдық суына шомылатын көрінеді.

Кейбір аңыз-әңгімелерде дертіне шипа іздегендер ауруынан құлан таза айығып кеткен деп те айтылады. Кесененің жоғарғы жағында су тамшылап тұратын үлкен құлпытас болған. Сол құлпытастан жиналған суды ішкен адам дертінен айыққан екен деседі. Жаугершілік заманда кесене қирап, құлпытастардың қайда қалғаны белгісіз.

Әлқожа ата кесенесі

Түркістан өңіріндегі ерекше киелі орындардың бірі - Әлқожа Ата кесенесі. Бұл кесененің рухани маңызы жайлы көпшілік біле бермейді. Әлқожа ата кесенесі шамамен қай ғасырларда салынған? Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстік шығысқа қарай орналасқан Әлқожа ата кесенесі шамамен XII-XV ғасырларда салынған. Кесене қабірхана, жамағатхана бөлмелерімен қатар, бастырмадан тұрады. Екі бөлмесі де күмбезбен көмкерілген. Ел аузында жүрген аңыз әңгімелерді мысалға алсақ, Әлқожа ата Қожа Ахмет Ясауидің күйеу баласы, яғни Гауһар ананың жұбайы болған деседі.

Әлқожа ата кесенесі бірнеше жыл бұрын адам аяғы баспайтын, қараусыз жатқан жер болатын. 2016 жылы "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің бастамасымен кесене алдындағы бау-бақша ретке келтіріліп, абаттандырылу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі күні кесене көпшілікке намаз оқу мешіт ретінде қайта ашылды. azretsultan.kz сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, кесенеде туристерге арналған жолдарға тас төселіп, жарық шамдар мен арнайы орындықтар орнатылған. Киелі орын алдағы уақытта үлкен мәдени туристік нысанға айналмақ.

Әлқожа ата кесенесі
Түркістан маңындағы Әлқожа ата кесенесі. Көрнекі сурет: azretsultan.kz

Жүсіп ата кесенесі

Түркістан жеріндегі ерекше маңызға ие орындардың бірі – Жүсіп ата кесенесі. Кесене Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықтағы ескі Ихан ауылының орталығында орналасқан. Жүсіп ата кесенесіне бұрын-соңды ешқандай археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Кесене 2005 жылы ғана зерттеуліп, іргетасының XV ғасырда қаланғаны анықталған.

Әуелгі кезде кесенеде қабірхана мен жамағатхана бөлмелері ғана болған. Жамағатхана бөлмесінің күмбезі түпнұсқа қалпында жетпеген, тек қабірхана бөлмесінің күмбезі ғана сақталған. Соған қарамастан Жүсіп ата кесенесінің өлшемі толық сақталған. Құрылыстың жалпы ұзындығы – 14 метр. Биіктігі – 13 метр.

Кесенеге 2008-2010 жылдары қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Түркістан өңіріндегі Жүсіп ата кім болған? Тарихи деректерді негізге алсақ, Жүсіп ата Ахмет Ясауи бабаның замандасы, шәкірті болған екен. Тіпті кейбір деректерде жиені болған деп те айтылады. Осындай аңыз-әңгімелерден басқа Жүсіп ата туралы тарихи деректер жоқтың қасы.

Аңыз-әпсаналарда Жүсіп атаны жергілікті халық "Ғашық Жүсіп" деп атаған екен. Бұл "Аллаға ғашық" дегенді білдірсе керек. Себебі Жүсіп ата сопылық ілімді толығымен меңгеріп, жоғарғы кемел дәрежесіне жетіп, әулие атанған адам болыпты.

Жүсіп ата кесенесі
Түркістан өңіріндегі Жүсіп ата кесенесі. Көрнекі сурет: azretsultan.kz

Қасиетті Түркістанда Абылай хан, Есім хан, Қазыбек би, Әбілқайыр хан сынды мемлекет қайраткерлерінің қабірлері орналасқан. Ғасырлардың тарихын сақтаған бұл маңдағы әрбір кесененің өзіндік ерекшелігі бар.

Бұған дейін "Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы кез келген қазақстандық білуі керек 10 дерек" деп аталатын мақала жариялаған болатынбыз. Мақалада аты әлемге мәшһүр тұлға Қожа Ахмет Ясауи жайлы және кесене тарихы туралы маңызды ақпараттар берілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2062214-turkistandagy-kieli-zerlerdin-tarixy-qandai/