Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алғыс айту күні: ең ізгі тілектер топтамасы

Опубликовано:

Батыс Қазақстанда "Наурыз" ауылының жастары "Бастаңғыда" бас қосты
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазақстан халқы биыл тоғызыншы жыл қатарынан Алғыс айту күнін атап өтеді. Көктемнің алғашқы күнінде халқымыз бір-біріне алғыс айтып, ең асыл тілектерін арнайды. Алғыс айту - атамекенінен еріксіз қоныс аударылған түрлі этностардың құтты қоныс, қасиетті қазақ жері мен қазақ халқының қонақжай қалпына шынайы тағзымның белгісі. Қазақтың бай сөздік қорынан алғыс айтудың бай тілектер топтамасын ұсынуды жөн көрдік.

Қазақта алғыс айтылғанда адамға тілек жаудырып, ризашылығын білдіретін формалар бар. Мысалы:

  • Өмірде қанша жасасаң да артыңда жақсы із қалсын, ел есінде сақталатын іс қалсын;
  • Алдыңнан жарылқасын;
  • амандық шаттықпен көрісуге жазсын;
  • көрісуге күн жақсы болсын;
  • қадамың құтты болсын;
  • қайырлы болсын;
  • қайыры бірге болсын;
  • қосағыңмен қоса ағар;
  • байлар көбейсін;
  • құдай көңіліңді өсірсін;
  • құсың құтты болсын;
  • қызығың ұзақ болсын;
  • ойнар көбейсін;
  • осы бетіңнен жарылқасын;
  • өмір жасың ұзақ болсын;
  • от анасын жарылқасын;
  • өркенің өссін; садағаң келсін;
  • сауық молайсын;
  • сақтай гөр терістен;
  • тие берсін;
  • тілектерің тап болсын;
  • тілеуің берсін; ұзағынан сүйіндір.

Сондай-ақ академик Болат Бопайұлы "Қазақтың алғыстары мен қарғыстары" мақаласында алғыстың мынадай түрлерін келтірген:

Жаңалық пен жақсылыққа "құтты болсын айту", қаза мен қайғыға "арты қайырлы болсын" деп көңіл айту-қазақтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы. Жолаушыны келгенде "қош келдіңіз, аман жеттіңіз" деп қарсы алу, кеткеңде "жолыңыз болсын, аман жетіңіз" деп, ақжол айтып шығарып салу жаңа салтымызға да жат емес. "Жақсы сөз - жарым ырыс" деп, тілектестік сөзге бөлек орын берген. Халқымызда мұндай бата, алғысты бейнелейтін шешендік сөздің сан алуан түрі бар. Мәселен, қазақ халқы "ас адамның арқауы", "астан ешкім үлкен емес" деп заттық игіліктің адам өміріңдегі шешуші мәнін дұрыс танып, астың алды-артында жақсы тілек, игі ниеттерін білдіретін болған:

Дастарқаннан ас кетпесін,

Бастарыңнан бақ кетпесін,

Кетпес ырыс, кең пейіл берсін.

Балаларың көп болсын!

Бақыттары баянды болсын!..

деп келетін қазақтың бата, тілек, алғыстары, сонау ескі дәуірден қазірге дейін құнын жоймай келе жатқан, халықтың үміті мен келешекке сенімін білдіретін жарқын ниет, игі тілектерінің куәсі. "Алғыспен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді" деп елдің алғысын, үлкеннің батасын алуды қазақ жоғары бағалаған. Әрі арлы, арайлы алғыс сөздерінің жігерлендірушілік, дем берушілік, рухтандырушылық күш-қуатына кәміл сенген. Мысалы:

Алтын ерлі ақ боз ат,

Астыңда жүріп арысын.

Қолаң шашты, қой көзді,

Таңдап алған бұраң бел,

Қасыңда жатып кәрісін.

Алладан тілеп айтқан сөз,

Алтындай басыңа дарысын!!!

Мынау, алғыс сөз ердің басын еркелетіп, есіл бақыт, баянды байлық, орнықты бақ тілеп тұр. Осы батаны қанжығалы Шәңкі қайтарғанда "бүкіл денем шымырлап, буын-буыным жіпсіп тұрды", - деген екен Бөлтірік шешен.

Алғыс айту
Алғыс айту. Көрнекі сурет: pixabay.com

Философ‑публицист Әбдірашит Бәкірұлы "Отбасылық тәрбие: алғыс пен бата" мақаласында алғыстың айтылатын орны да, арналатын адам статусы да болатынын ескертеді.

  • Ұлы Ғаламдық Жаратушыға алғыс. Маған өмір сыйлағаны үшін, ата-анама өмір бергені үшін, баламды дүниеге келтіргені үшін ғаламға мың да бір алғыс. Кеуде кере тыныстап, айналамдағы сұлулықты көре алғаным үшін алғыс.
  • Ата-анаға алғыс. Анаң мен әкең саған өмір берді. Оларға айтылар алғыс сол өмір үшін болмақ. Бәлкім, сен ойлағандай бір кереметті бере алмаған шығар. Мықты денсаулық, білім, бақытты балалық шақ, дәулетті өмірді жасап бере алмаған болар. Оларға сол үшін ренжудің қажеті жоқ. Айыптама. Тағдырыңа жауапкершілік тек сенің мойныңда. Ата-анаңа өмір сыйлағаны үшін алғыс айт. Тіпті ата-анаң сені асырап алса да оларға алғыс айт. Осы өмірде бас болып, жақсы жолға түсіргені үшін, қамқор болғаны, жақсылық тілегені үшін алғыс айт. 
  • Шыққан тегіңе алғыс. Тектегі ата-бабаң көзге көрінбегенмен, олардың әруағы сені желеп-жебеп жүреді. Сенің денсаулығыңа, дәулетіңе, отбасыңа, жетістігіңе септігін тигізеді.
  • Ұрпаққа алғыс. Бала саған өзіңді жаратушыдай сезінуге мүмкіндік береді ‑ өзіңді ата-ана сезінесің. Бала – кішкентай ұстаз. Бала – біздің айнамыз. Сол айнаға қарап үйрен. Әке болғанда өз ата-анаңды түсінесің).
  • Қарияларға алғыс. Қарттықтың арқасында адам уақытты біледі. Қарттық даналық белгісі. Әдетте өзіміз көргіміз келмейтінді қарттық көрсетеді. Қартаю – бұл тәжірибе. Бірнеше буынның тәжірибесі. Бағала. Жасы үлкен жанды құрметте. Оларды түсіну керек. Олар жеткен жерге барлық адамдар жетеді). 
  • Әйелге алғыс. Табиғатта әйел мен еркек қатар өмір сүреді. Жаратушы бәрін жұп қылып жаратқан. Ер адам өзінің бүтіндігіне тек әйел арқылы жетеді. Әйел ері арқылы бүтінделеді. Екеуі бір-бірін бүтіндейді. Екеуі жұптасса, жаңа өмірдің дәнін егеді. Сол мүмкіндік үшін алғыс айт.
  • Ерлерге алғыс. Еркексіз әлем мүлде басқа болар еді. Еркектің арқасында әйел ана атанады. Еркекке махаббаты үшін, қамқорлығы, қорған болғаны үшін алғыс айт. Еркектің білегі мен азаматтық айбыны үшін, ақылы мен мақсатшылдығы үшін, өжеттігі мен қайсарлығы үшін, достығы мен адалдығы үшін алғыс.
  • Рухани әлемге алғыс. Құдай - әр адамның жүрегінде. Құдайды танығың келсе, өзіңді таны, ішіңе үңіл. Жаныма, арыма, мені қорғаушы періштелеріме, көктегі Жаратушыға алғыс. Жанымды сақтағаны үшін, арымды қорғағаны үшін, қиындыққа тап болғанда жүрегімде болғаны үшін алғыс. 
  • Ұстаздарға алғыс. Ұстаз ‑ рухани әлемге жетелеуші адам. Оларға сол үшін алғыс айт. Маған өмір сүруді үйреткен, даналыққа баулыған, кемшілігімді көрсеткен, содан сабақ алып, ілгері басуды үйреткен, абыройлы болуды меңгерткен әр жанға алғыс.
  • Өзіңе алғыс. Егер біреуден алғыс жетпесе ‑ өзіңе-өзің рақмет айт. Адамнан алғыс күтпеуді үйрен. Алғысқа лайық болсаң, орта сені өзі‑ақ риза қылудың амалын табады. Өзіңе алғыс айту - шын мәнінде, алғыс айтқымыз келгендердің бәріне алғыс айту.

Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Ғалия Әбдіханованың айтуынша, бата мағыналық тұрғыда екі түрге бөлініп, ақ (оң) бата алғыс батасы ретінде қабылданады. Ал екінші түрі теріс бата (қарғыс) екен. Қазақ халкының бата сөз үлгілеріне В.Радлов, Ш.Уәлиханов, А.Васильев, Г. Потанин және т.б. зерттеушілер назар аударып, жинап жариялаған.

бата
Көрнекі фото: pixabay.com

"Ежелгі заманда түрік тектес халықтар батаны бата демей алғыс деп атаған. Батаны алтайлықтар "алғыш", "алкыш", татарлар "алкыш", ұйғырлар "алкиш", тывалықтар "алгыш", "алгыж", якуттар "алгыс" деп атайды.

Ата-бабаларымыздың өсиетнамасы - ақ батаның шығу тарихы әлі терең зерттелген жоқ. Алайда бірқатар тіл мамандары: "Бата - арабтың "фатеке" деген сөзінің қазақша айтылу түрі", - дейді. Яғни, бата - фатекенің мағынасы: алғыс айту, ақ ниет, ақ тілек білдіру", - деп жазады маман "Бата беру дәстүрінің халық ауыз әдебиетіндегі көрінісі" атты мақаласында.

Демек, батаның оң түрінің бәрі алғысқа жатады. Мысалы "Бақ берсiн, бас берсiн. Өмiрiңе ұзақ жас берсiн". Үлкен кiсiлер немесе кез келген адам бiреудiң қайырымдылығы мен жақсылығы, iзгi қызметi үшiн де бата бередi:

Пейіліңе қонақжай Бата берем қолың жай: Ақ жарылған жүрегің, Қабыл болсын тілегің. Бізге сойдың семіз тай, Төрт түлігің болсын сай. Өсіп-өніп ұрпағың, Төрт қиырға қанат жай! Бізге сойдың құлын, Жақсыдан болсын жұғым. Өміріңді ұзартып, Өзіңнен өте тусын ұлың.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2062279-algys-aitu-kuni-en-izgi-tilekter-toptamasy/

pixel