Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақсұлу, Ұлбике, Сара": 19-ғасырда шешендігімен әйгілі болған қазақтың ақын қыздары

Опубликовано:

Қазақ қызы
Қазақ қызының бейнесі. Көрнекі сурет: brod.kz

Қазақ халқында көпті аузына қаратқан шешен, мықтылығымен дараланған батыр қыздар бар. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың көп ақын қызының тағдыры қиын болғанын көреміз. Олар бойдағы дарынын бүркемелеп, өнері үшін надан адамдардан талай сазайын тартқан еді. Бұл жазбамызда ХІХ ғасырда елге шешендігімен әйгілі болған қазақтың ақын қыздары жайлы деректер ұсынамыз.

ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың қандай ақын қыздарын білеміз? Ілгеріректе қазақ даласында он алты айтыскер қыз өткені айтылады. Ұлбике, Сара, Тәбия, Күйкентай, Дәме, Шөкей, Ақсұлу, Рысжан, Болық, Меңеш сынды ақын қыздар қазақтың айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып кеткен.

Өткен ғасырлардағы жырлардың қаймағы бұзылмай, қаз-қалпында сақталуына сол заманда өмір сүрген адамдардың үлесі зор. Ал ауыздан ауызға тараған ХІХ ғасырдың тамаша туындылары бүгінгі күнге зерттеушілер арқылы жетті.

Сара ақын

Ақын қыздар жайлы сөз еткенде Сара Тастанбекқызы еске түседі. Сара ақынның жарты ғұмыры қайғы-қасірет құрсауында өткен еді. Десе де ел ішінде Сараның айтысы көп таралып, аңызға айналып үлгерді. Оның өнеріне халық оң бағасын берді.

Сара Тастанбекқызы күллі қазақтың есінде айтыстың ақтаңгері, еркіндік пен теңдіктің жыршысы ретінде сақталды. Ақынның ауыр тағдыры, әйел теңдігі жайлы жырлары өз алдына бір төбе. Бала кезінен ауыртпалық арқалаған Сара ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуат Қайранбаевтың "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған "Сара сөздің Сарасы" мақаласында мынадай құнды дерек жазылыпты:

"Сараның үш жасында әкесінен айрылып, бауыры Сахария екеуі анасы Жаншөкенің қарауында қалғаны да жұртшылыққа аян. Жоқшылықтың бейнетін тартып отырған жақындарына қамқорлық жасаймын деп жүріп, "өгіз ұрлады" деген желеумен түрмеге тоғытылған Сараның немере ағасы Жайсаңбекті құтқарғаны үшін Тұрысбек қажы отбасын жанына көшіріп алып, дене бітіміндегі кемтарлығына байланысты қырыққа келгенше үйленбей жүрген Жиенқұлға атастырады. Шынжырбалақ, шұбар төс мықтылардың заманы жүріп тұрғанда шырылдаған жетім қыздың үні кімге жете қойсын. Он үш жасынан қолына домбыра алып, той-думанның көркіне айналған Сара қыз тағдырының жазғанына көніп, өмір ағысымен кете бермей, басына бостандық алып, теңімен табысу жолында өнерін қару етіп, қарсы көтеріледі".

Қызы едім Тастанбектің, атым Сара,

Арман көп, ауызыма халқым қара.

Қорғанар көп ішінен бұта таппай,

Шырылдаған бозторғай мен бір бала! - деп ағайындарына арызданса да, немесе Біржанмен айтысында:

Патшам-ау, күні құрсын ұрғашының,

Билігі болмайды екен бір басының.

Темір-терсек берген соң ит те алады,

Бұлындай берекесіз арбашының, - деп тағдырына мұң шағыа, қыздың жанайқайынан хабар береді.

Біржан-Сара
Біржан-Сара қойылымынан көрініс. Көрнекі сурет: abai.kz

Сара Тастанбекқызының ақындық өнерімен қатар өте көрікті болғаны жиі айтылады. Өзі сұлу әрі өнерлі қызды кім көргісі келмесін?! Көкшеден сал Біржанның іздеп келуінің төркіні осында жатқан сияқты", - дейді "Сара сөздің Сарасы" мақаласының авторы.

Ешкі өлмес тауының баурайында айтысқан Сара:

"Қамысты терең көлдің сұқсырымын!" - деп сұлулығы жайлы білдірсе, "Күй тартсам бал тамады бармағымнан" - деп әнші әрі ақындығын ғана емес, күйшілік өнерін барын да меңзеп тұр.

Ресми деректерге сүйенсек, Біржан сал мен ақын Сараның айтысы 1895 жылдың жазында Қапал өңіріндегі Тоғызқұмалақ деген жерде өткен. Бұл жөнінде ақын Қуат Қайранбаев мынадай дерек берген:

"Өнерпаз серіктерін ертіп ауылға келген Біржан салған жерден Сараға кінә артып, алдынан шығып амандасуға жарамағанын бетіне басып, ықтырып алмақ болады. Сонда Сараның Хауа Анаға Адам атаның алдымен келіп амандасқанын, мұны "Хиссас-ул-Әнбиядан" оқып білгенін айтып, сөзден жаңылдыруы ақын апамыздың хат танып қана қоймай, сол кезеңге сай білімді болғанын айғақтамай ма?! Өресі биік екі өнер иесінің арасындағы айтыс сол кезеңге тән рулық деңгейден бастау алып, келе-келе қоғамның қордаланған мәселелерін көтеретін, әділеттік пен әйел теңдігін ту етіп көтеретін насихат алаңына айналғаны айдан анық".

Ұлбике ақын

Ұлбике ақын 1825 жылы Қызылорда облысы, Қараөзек бойында дүниеге келген. Әкесі Жангелді мен анасы Жаңыл өнерлі жандар болған. Анасы әншілік өнерімен сол өңірге танылған екен. Ұлбикенің ата-анасы қызының қабілетін оятып, демеу бола білген. Мұны Ұлбике ақынның мына өлеңінен аңғаруға болады:

Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,

Бесігімде үйренгем мен өлеңді.

Балапандай кезімде қайран шешем,

Тал бойыма дарытқан күллі өлеңді.

Қазақстанның құрметті журналисі, мәдениет қайраткері Өтеген Жаппархан Ұлбике ақын жайлы "Ұлбике ақын ұмыт болмауы тиіс" мақаласында былай дейді:

"Қазақта Сарамен тағдырлас, таланты дейгейлес, бірақ зерттелуі, насихаты әлі кемшін түсіп жатқан бір айтыскер ақын бар. Ол – Сырдан шыққан Ұлбике Жанкелдіқызы".

"Ұлттық дәстүрмен Ұлбике шыққан шежіре-текке үңілсек, ол Ұлы жүз Үйсін әулетінің Ошақты аталығының қызы. Сыр бойында туғанымен, топырақ Жамбыл облысындағы Талас өзені бойынан бұйырады. Академик М.Жолдасбековтің айтуы бойынша Ұлбикенің бойжетіп, сылана бастаған шағында Ошақтының Есмырза деген беделді биі әулетін бастап Әулиеата маңына қоныс аударады. Олардың ортасында Ұлбикенің әкесі Жанкелдінің де отбасы болған. Ел ішінде "Ұлбикені топырақ тартты" деген аңыз әңгіменің шығуы да, міне, осыдан".

Ұлбике ақын
Ақын - Ұлбике Жангелдіқызы. Көрнекі сурет: Ұлбике ақын мәдениет үйінің YouTube парақшасы

Ән мен жырдың өлкесі саналатын Сыр топырағының тумасы Ұлбике ақын жастайынан жыршылық өнердің куәсі боп өседі. Оның үстіне өнерлі әке-шешесі де дүбірлі тойларға қызын ертіп апарып жүрген екен. "Ұлбике ақын ұмыт болмауы тиіс" мақаласында Ұлбикенің айтысы туралы мынадай мысал берілген:

"Ұлбикенің пәрін ашып, талант отының тұтануына Сыр бойындағы жыршылық өнер себепші болды. Әлгінде айтқанымыздай, ауыл ішінде жаяу ақын жігіттермен сөз қағысып, ән салып, қара үзіп жүрген ақын қыздың дабысы елдегі сүбелі сүлейлерді де елең еткізіп, олар да оза шауып жүрген Ошақтының қызын сынамақ ниеттері болады. Сөйтіп жүргенде Ұлбикемен жыр жарыстың пердесін Қарақалпақ елінен келген Жанкел (Жанкелді емес) деген кедей жігіт ашады. Қараөзек өзенінің сол жағында Ұлбикемен қағысудың сәтін аңдып жүрген Жанкел өзеннің оң жақ жағасында сиыр сауып отырған Ұлбикеге былай деп өлең айтады:

Топ қамыс топ-топ қамыс сайда болар,

Көп жылқы, қоралы қой бойда болар.

Аржақта сиыр сауған Ұлбикежан,

Өткелі Қараөзектің қайда балар?

Жігіт дауысын естісімен Ұлбике сиырдың бауынан басын көтеріп, былай деп жауап береді:

Аржақта Жанкел отыр қардай борап,

Нағып жүр әкең байғұс алдыңды орап?

Бара ма малың өтпей сорлы кедей,

Өткелін Қараөзектің менен сұрап?

Жанкел:

Әңгіме табылады құрағанға,

Өзіңдей жақсылармен ұнағанда

Байталдай шапқа түрткен

шамдандың ғой,

Өткелін Қараөзектің сұрағанға.

Ұлбике:

– Жігітім, біздің байтал тарпаң еді,

Тарпаңнан кедей қорқақ жалтаң еді.

Жүрмесін тепкі тиіп маңдайыңа,

Жанкел-ау, жүресің де байқап енді.

Ұлбикенің ұстазы Күдері ақын Арқада өмір сүрген екен. Балқашты жағалап, Шу бойына келген Күдері ақын Ұлбике шәкіртінің ауылына түседі. Күдеріні білетін ел-жұрт ақынға қонақасы беріп жырлатады. Сол жиынға жиналғандар екі ақынға қолқа салып айтыстырған екен. Айтыс ұзаққа созылған сол түні далада жылқы күзетіп жүрген іші тар бір адам Ұлбикенің күйеуі Бойтанға жалған әңгіме жеткізеді:

"Әйеліңнің Күдері деген көңілдесі бар екен, екеуі күні бойы айтысып отыр. Сенбесең, үйіңе барып көр!" - дейді. Бойтан үйіне келсе, айтыс жалғасып жатыр екен. Кеудесін қызғаныш кернеген ол іргеде тұрған балтаны алып, Ұлбикені көкжелкеден бір қояды. Әйел талып түседі. Бұл 1849 жылғы тамыз айының орта тұсында болған оқиға еді.

Осындай ауыр соққыдан кейін Ұлбике ақын төсек тартып жатып қалады. Дерті күн сайын меңдей берді. Ауруынан айыға алмасын сезген ол өткен-кеткен адамға өлеңмен мұңын шаққан екен.

"Ұлбике ақын ұмыт болмауы тиіс" мақаласындағы Ұлбике ақынның мына өлең жолдары осының айғағы:

Бірде үйіне бір дуана бас сұғып, көңілін сұрапты. Одан Ұлбике: "Сыр еліне барасың ба?" - деп сұрапты. "Барамын!" - депті ол. "Ендеше, сондағы жұртқа айта бар!" - деп мына бір ауыз өлеңді айтыпты:

Тұс-тұстан халық келіп анталады,

Айтыс деп Күдерімен қолқалады.

Болғанда түн ортасы Бойтан келіп,

Атылып көкжелкемнен балталады.

Абайсызда басынан қатты жарақат алған Ұлбике ақын 1849 жылдың қыркүйек айының басында небәрі 24 жасында өмірден өткен еді.

Ұлбике ақынның Жанкел, Күдері Қожамен айтысы 1965 жылы шыққан "Айтыс" кітабында жинақталып басылған. Ұлбике жайында Жаңғара Дәдебаев, С.Дәуітұлы сияқты ғалымдар мақала жазған. Бұл мақалаларда ақынның шығармашылығы мен өмірі жайында құнды мәліметтер жазылған.

Ақсұлу ақын

Ақсұлу Орысбайқызы 1873 жылы Жітіқара ауданының Басқарау ауылында дүниеге келген. Руы – Жағалыбайлы. Балғожа әулетінде өсіп-өнген. Әкесі Орысбай заманында сал-сері болған адам. Ақсұлудың сауат ашып, суырыпсалмалық қабілетінің шыңдалуына қазақ, башқұрт, татар халықтарының ортақ ақыны Ақмолланың септігі көп тиген екен. Өнерлі жасты ізінен ертіп, шәкірті тұтыпты. Өкініштісі, Ақсұлу 20 жыл ғана ғұмыр кешкен. Жасындай жалт еткен ақын қыз әмеңгерлік салтының құрбаны болды. Ақын, ғалым Ақылбек Шаяхмет Ақсұлудың тағдырын былай баяндайды.

"Атастырылған күйеу жігіті қайтыс болып, қайын ағасына қосақталған Ақсұлу басына бостандық іздейді. Билер кеңесіне жүгініп, қақысын қорғауға талпынады. Ақыры дала заңын жеңе алмасына көзі жеткен ол бір жиында өзімен айтысқан ақын Кеншімбаймен сөз байласады. Сөйтіп, Кеншімбай оны алып қашқан. Бірақ қыз жасырынған жерді біліп қалған жансыздар бай баласы Қойгелдіге хабар береді. Ол Ақсұлуды байлап-матап, ұрып-соғып ауылына алып келеді. Қойгелдінің үйінде ауыр детке ұшырап, ішқұса болып азап кешеді. Сөйткен Ақсұлу дүниеге бала әкеледі. Қатігез Қойгелді перзентін де туған анасына еміздірмей, бәйбішесінің бауырына салады. Сөйтіп, босанғанынан үш күн өткеннен кейін барып, тұла бойы тұңғышын еміреніп иіскей де алмаған есіл ақын, ару ана жарық дүниемен қош айтысады".

Ақсұлу ақын
Ақын - Ақсұлу Орысбайқызы. Көрнекі сурет: abai.kz

Ахмет Байтұрсынұлы "Әдебиет танытқыш" еңбегінде "Ақсұлу мен Кеншімбай" айтысына талдау жасап, "Көріктеу" дейтін тарауында Ақсұлудың өлең жолдарынан үзінді келтірген:

"Жаппастың сап-сары алтын жиған мүлкі,

Меймандос келсе қонақ, барша жұрты.

Шығады қыз-бозбала серуенге,

Үстіне масаты мен киген құлпы"

Қостанай таңы басылымында жарық көрген "Айтыс арқауы – Ақсұлу ақын" мақаласындағы деректерге сүйенсек, "Ақсұлу-Кеншімбай" айтысының алғашқы нұсқаларының бірін фольклор зерттеуші Әбубәкір Диваев ел аузынан хатқа түсірген екен. Осы күнгі айтыс кітаптарына еніп жүрген нұсқасын белгілі фольклоршы Мардан Байділдаев жазып алған. Екі нұсқаның да мазмұны, өзегі сақталған, аздаған ғана айырмашылық бар.

Ақсұлудың бітімгерлік айтысы мен жеке өлеңі көп болған. Алайда барлығы бірдей қағазға түсірілмеген.

Ерте заманда қыз баланың өнерін барынша бүркемелеп, көрсетпеуге тырысқандар да жоқ емес. Сондай қиындықтарға қарамастан ел алдына шыққан қазақтың батыл ақын қыздарының жырлары бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес мол мұра болып қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2065046-aqsulu-ulbike-sara-19-gasyrda-sesendigimen-aigili-bolgan-qazaqtyn-aqyn-qyzdary/

pixel