Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақтың домбырасы қалай және қашан пайда болған: төл аспаптың тарихы туралы қызық деректер

Опубликовано:

Қазақ әншісі және музыка мұғалімі Ибрагим Ескендірдің шәкірттері
Қазақ әншісі және музыка мұғалімі Ибрагим Ескендірдің шәкірттері. Фото: Meiramgul Kussainova/Anadolu Agency via Getty Images

Қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – домбыраның пайда болу тарихы ғасырлардан бастау алады. Музыкалық аспап Орталық Азияның көшпелі халықтарының мәдениеті мен дәстүрлерімен тығыз байланысты. Міне, осы таңғажайып оқиғаның қысқаша мазмұны мен қызық деген 10 дерек ұсынуды ұйғардық.

Домбыраның ежелгі шығу тегі

Домбыраның ежелгі шығу тегі бар және оның тамыры жазу пайда болғанға дейін тереңге кетеді. Түрлі деректе тіпті 6 мың жылдық тарихы туралы айтылады. Ол қазіргі Қазақстан аумағында қолданылатын алғашқы музыкалық аспаптардың бірі.

Домбыра көптеген ғасыр бойы әртүрлі этникалық топтардың музыкалық дәстүрлері мен мәдени әдет-ғұрыптарының әсерінен формасы, құрылымы мен дыбысы өзгеріп, біртіндеп дамып, түрленді. Домбыра қазақтардың да, Орталық Азияның басқа көшпелі халықтарының өмірінде маңызды рөл атқарды. Ол қазақтың ұлан-ғайыр даласындағы жорықтарда ердің серігі болып, дала мен таулар арасындағы ұзақ сапарларда ойын-сауық пен шабыт көзі болды.

Бұл сөзімізге Абылай ханның Байжігіт деген жеке домбырашысы болғаны дәлел. 2013 жылы басып шығарылған "Абылай хан" энциклопедиясында ол Сары Нияз төренің шәкірті екені айтылады, өмірі ат үстінде қалмақ басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күреспен өткен. Байжігіт 300 күй шығарған. Сол жорықтар әсерімен "Нарын", "Қылау батыр", "Алмажай" сияқты күйлерін шығарған. Эпикалық сарында тартылатын күйлерінде ел қорғаны болған жаужүрек батырлардың бітім-келбеті музыка тілмен өрнектелген.

Оның "Секіртпе", "Бұлғын сусар", "Тоғыз тоты", "Қособа" атты күйлері тыңдаушыны ерекше нәзік сыршылдығымен елітеді. Бұлардан басқа "Азат", "Ақтабан", "Аңшының зары", "Беласар", "Қашқан қалмақ" және тағы басқа күйлері бар. Байжігіт күйлері қазіргі Шығыс Қазақстан облысында (Семей өңірі, Аягөз, Абай ауданы) және Шығыс Түркістанда кең тараған. Оның күйлерін Манеке, Мыңқабыл, Бекжан, Талтүс, Рәш, Қоңыр, Ақжүрсін, Қызай, Бодау, Жүнісбай, Құлыншақ сияқты күйшілер кейінгі ұрпаққа жеткізген.

Байжігіт Абылай ханның күй өнеріндегі ұстазы болған. Абылайдың соғысқа мінетін аты туралы "Көкбалақ" атты күйі бар. Жазушы Мұхтар Мағауин осы аттас хикаят және "Күй атасы Байжігіт" ("Патриарх Кюя Байжигит") деген эссе жазған.

Өнертанушы, домбырашы Мұрат Әбуғазының "Домбыра аспабының шығу тегі жайында" мақаласында қазақ домбырасының түп тамыры көне замандардан бастау алатыны айтылған.

Мұрат Әбуғазы сол мақаласында белгілі түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубайұлының зерттеуінен деректер келтіреді. Ол бойынша, Монғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған домбыра тектес көне саз аспабы екі ішекті, тоғыз пернелі болып келеді екен.

Көне домбыра
Монғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған домбыра. Фото: oner.kz

"Ежелгі түрік дәуірінде домбыра аспабы кеңінен қолданысқа ие болғандығын осы кезеңнің жәдігерлері саналатын ескерткіштер балбал тастарға, қылыш-қанжар сынды қару-жарақтардың сабына қашалып салынған домбыра аспабын ұстап тұрған адам бейнелерінен көруге болады. Оңтүстік Қазақстанның Қой қырылған көне қаласы орнынан табылған "Қыш тас мүсін" (домбырашы б.з. 8 ғ.) шанағы дөңгелек, мойны қысқа, беті жабық аспап ұстап тұрған музыканттың бейнесі тасқа қашалып түсірілген ескерткіш домбыраның түркі дәуірінің аспабы екендігін айғақтай түседі", - деп жазған автор.

Қыш тас мүсін
"Қыш тас мүсін" (домбырашы б.з. 8 ғ.). Фото: oner.kz

Ал тарихшы Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім өз мақаласында домбыраға қатысты бірсыпыра дерек келтіріп өткен.

Оның мәліметінше, "Майтөбе" жайлауынан (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) теңіз деңгейінен 2000 метрлік биіктікте орналасқан, ұзындығы 13 километрге созылған жоғарғы тау шатқалындағы көптеген суреттердің арасынан тастан қашалған көне домбыраның суреті табылған.

"Суретте домбыраның артында бес адамның әртүрлі қимылда билеп тұрған бейнесі салынған. Сурет көне дәуірдің бұл музыкалық аспабы қазақ халқының домбыра аспабынан басқа ешбір музыкалық аспапқа ұқсамайтындығы талас тудырмайтын деңгейде бейнеленген. Аспаптың екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, кеудесі бар, бетін бетқақпақпен жапқан. Домбыраның басына үкі тағылған. Ал домбыраға үкі тағу әдеті бізге күні бүгінге дейін жеткені баршаға мәлім.

Белгілі археолог, тарих ғылымының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған осы суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп тапқан екен. Осы сурет шындығында біздің жыл санауымыздан төрт мың жыл бұрын бейнеленген болса, онда мынадай: "жер бетіндегі ішекті музыкалық аспаптардың арғы атасы қазіргі қазақтың қара домбырасы" деген", - деп келтіреді деректерді тарихшы.

Домбыра ұстап отырған қазақ
Домбыра ұстап отырған қазақ. Фото: Heritage Art/Heritage Images via Getty Images

Уақыт өте келе домбыра қазақ мәдениеті мен ұлттық бірегейлігінің нышанына айналды. Оның ерекше дыбысы мен әдемі дизайны Қазақстанның музыкалық мұрасының ажырамас бөлігіне айналды. Қазақстанның мәдени өміріндегі домбыраның маңызы оның халық музыкасында, салт-дәстүрлерде, мерекелерде белсенді қолданылғанын ескеруіміз керек. Осы аспапты ұрпақтан-ұрпаққа үйтеріп, бүгінге дейін сақталуы Қазақстан халқының бай мәдени мұрасын сақтап, оны әрмен қарай дамытуға зор ықпалын тигізеді.

Осылайша домбыра бүгінде музыкалық аспап қана емес, сонымен қатар Қазақстан мәдениеті мен тарихының маңызды символы болып қала береді, өзінің дыбысы мен сұлулығымен шабыттандырып, тыңдарманын әуезді дыбысымен қазақтың үніне айналды.

Домбыра туралы 10 қызық дерек

1. Ежелгі шығу тегі: домбыра – тарихы бірнеше мың жылға созылған ежелгі халықтық аспаптардың бірі. Ол Орталық Азияның көшпелі халықтарының мәдениетінде терең тамыр жайған.

2. Қазақ музыкасының негізгі құралы: домбыра Қазақстанның ұлттық аспабы әрі қазақ мәдениетінің нышандарының бірі болып саналады.

3. Бірегей дизайн: домбыра – иілген корпусы және екі ішекті ұстайтын ұзын мойыны бар ішекті аспап.

4. Өлшемдері мен пішіндерінің әртүрлілігі: домбыраның бірнеше түрі бар, соның ішінде үлкенірегі де, шағын да үлгілері бар, сондай-ақ үшбұрышты әрі иілген доғал пішінділері де бар.

5. Дыбысының байлығы: домбыра терең және жұмсақтан жарқын және өткір дыбыстарға дейін кең ауқымды дыбыстарды жеткізе алады. Бұл оны әртүрлі музыкалық жанр мен стильдерде қолдануға мүмкіндік береді.

6. Қазақ музыкасында қолданылуы: домбыра қазақ халық музыкасында маңызды рөл атқарады және жеке аспап ретінде де, түрлі ансамбльдер мен оркестрлер құрамында да қолданылады.

7. Ойын техникасы: домбыра тарту үшін саусақтарыңызбен ішекті, сондай-ақ бірнеше техниканы қамтитын арнайы әдіс қолданылады.

Мәселен домбыра тартудың көптеген түр өзгешеліктері туралы Таласбек Әсемқұлов өз зерттеуінде былай дейді: "Тебеген қағыс" – ішектің үстінен қағып ойнау тәсілі... "Жап та қымта" қағысы - саусақпен қаққаннан кейін ішекті алақанмен жабу тәсілі, домбыраның еліктеу дыбысын шығару үшін қолданылады.

"Түйдек қағыс" деп сілтеп қағу, айқай-үйқыш, тәсілге бай, жылдам қағысты атайды".

Жоғары-төмен қарай қағып тартуды "қара шертіс" дейді, ал ішекті іліп тартуды "ілме" немесе "теріс қағыс" деп атайды.

8. Тартып үйрену мен мәдени маңызы: дәстүрлі түрде домбыра тартуды үйрету мәдени мұраны сақтау мен ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқара отырып, отбасылар мен шеберханаларда ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып өтеді.⠀

9. Әлемдегі танымалдығы: кейінгі жылдарда домбыра Қазақстаннан тыс жерлерде танымал болып, өзінің ерекше дыбысы мен әдемі дизайнының арқасында әлемнің көптеген елінде сахна төрінен табылып жүр. Мәселен, Димаш Құдайбергеннің Қытайдың I am a singer байқауында "Адай" күйін орындап, халық әні "Дайдидауды" салған еді.

10. Аспаптық конкурстар мен фестивальдардағы домбыра: Қазақстанда да, шетелде де түрлі музыкалық конкурстар мен фестивальдерге белсенді қолданылып кледі, қазақ мәдениеті мен музыкасын насихаттап, танытады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2066505-qazaqtyn-dombyrasy-qalai-zane-qasan-paida-bolgan-tol-aspaptyn-tarixy-turaly-qyzyq-derekter/

pixel