Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Асық ойыны және тоғызқұмалақ: қалай пайда болған және оны қалай дұрыс ойнау керек

Жарияланған күні:

Асық ату
Асық тізген жігіттер. Көрнекі сурет: ultsport.kz

Қазақ халқында "Асығың алшысынан түссін!" деген жақсы сөз бар. Қазақ баласының ең бірінші ойнайтын ойыны да асық болған. Келіні құрсақ көтергенде ата-әжесі ырымдап асық жинайды. Ал ерте заманда асық иіру арқылы дау-дамайды шешкен. Ұлттық ойындар қырағылық пен ұқыптылыққа баулиды. Бұл жазбамызда асық және тоғызқұмалақ ойындары туралы айтамыз.

Қазақтың ұлттық ойындары қай кезеңде қалыптасты?

Асық ату – көшпелі халықтардың, әсіресе, қазақ ұлтының ежелгі кезден келе жатқан ойыны. Қазақ халқының ұлттық ойындары VII-IX ғасырларда қалыптасты.

Асық ату ойыны балаларды дос болуға, сыйласуға, бірін-бірі қадірлеуге, ұйымшылдыққа, тәртіпке үйретеді. Сонымен қатар көз мергендігіне, қол мергендігіне баулиды.

Асық қандай жануардың жілігінен алынады? Асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның санының орта тұсында орналасқан асық жіліктен алынады. Асық сойылған қойдың, арқардың, ешкінің, киіктің асықты жілігінен алынады. Оны шикідей де, піскен күйінде де сіңірінен тазалап, пайдалана береді.

Асық атаулары туралы не білеміз?

  • Алшы – асықтың тәйкеге қарама-қарсы жағы яғни алшы тұруы.
  • Тәйке – асықтың алшыға қарама-қарсы жағы.
  • Бүге – асықтың дөңес жағының жоғары қарап түсуі.
  • Шіге – асықтың қуыс жағының жоғары қарап түсуі.
  • Омпы – асықтың ашасы немесе мұртша жағы жоғары қарап түсуі немесе тік тұрып қалуы.
  • Шоңқай – асықтың омпаға қарсы жағымен тік түсуі.

Асықтың қандай түрлері бар?

Асықтың түрі көп. Мысалы:

  • Сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық жеткен еркек қойдан  (серкеден) немесе қошқар-текеден алынады.
  • Кеней – көпшілік ойнауға арналған қарапайым асықтар.
  • Шүкейт – жас малдың асығы.
  • Қойлық – қойдың асығы.
  • Ешкімек – ешкінің асығы.
  • Құлжа – құлжаның асығы.
  • Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық.
  • Топай – сиырдың асығы.
  • Жабай – ірі асық түрі.
  • Қолқар – арқардың асығы.
Асық түрлері
Балалардың қолындағы асықтар. Көрнекі сурет: ultsport.kz

Асық ойынының қандай түрлері бар?

  • Алты атар. Алты атарды алты адам ойнайды. Ол үшін асық ойнайтын алаңды алдымен сызып алады. Алаңның мөлшері алты табаннан 12 табан болып, алаң ортасында кенейлер тігіледі. Әр ойыншы біреуден тігеді.
  • Шық етер. Шық етерде көп бала ойнаса, өте қызықты болады. Түзу сызыққа қатар тігілген кенейлерді алыстан (бес-алты адам) кезектесіп атады.
  • Хан. Асықпен ойналатын бұл ойынды қыз-бозбалалар кешке қарай үйде отырып, киіздің үстінде ойнаған. Ойынға 21 асық керек. Ішінде ең жеңіл асық "хан" болады. Егер "хан" омпы немесе томпа тұрса, ойынға қатысушылар барлық асықты талапайлап алады. Егер қыңжы болса "ханды" асық ортасына иіреді. Ойын үстінде асықтарды жүптегенде "хан" қалай жатса, солай жатқан асықтарды сұқ саусақпен шертіп отырып тисе ғана алады, бірнеше асық тиіп кетсе, ереже бұзылады.
  • Арқаласпақ. Арқаласпақты екі бала ойнайды. Олар иіру арқылы кезек алысып, бірінің сақасын бірі атады. Егер сақа тисе, әлгі баланы сол араға дейін арқалап апару керек. Бұл ойын көбінесе бір ауылдан екінші ауылға барғанда жолда ермек үшін ойналады.

Асықты қалай ойнау керек?

martebe.kz сайтында жарияланған Дастан Қастайдың "Қазақ халқының ұлттық ойындары: "Асық ойыны" мақаласында асық ойнау ережесі былай түсіндірілген:

"Асықты жақ-жақ болып та, екі бала да ойнай береді. Екеуден - алтауға дейінгі балалар ойынды тез бітіреді және қызғылықты болады. Балалар тым көп болса, дау көбейіп мәнін жоғалтады.

Сақа соғыстыру дегеніміз – ойын бастау кезегіне ие болу үшін балалар бар сақаны жиып алып, төмен шашып тастайды. Кімнің сақасы бірінші тұрса, кезек соныкі. Егер екі сақа бірдей тұрса, екеуін қайта тастайды (Оны сақа соғыстыру деп атайды). Қай тұрғаны – бірінші, тұрмағаны екінші болады.

Асық жабайлату – ішінде бір сақасы бар кенейлерді жиып алып, уыстап шашып тастауды атайды. Иесі сақасымен жұптас жатқан кенейлерді үлесіне қосып алады. Сақасы басқа асықтардан жеке-дара (алшы, не тәйке, не бүк, не шік) түссе, ойын келесі кезектегі қарсыласқа жылжиды.

Асықты далада, алаңда ойнайды. Асық ойнап өскен бала мерген, өзгелерден ептілеу, зеректеу, табандырақ, шыдамды болып келеді".

"Көшпенділер алгебрасы" аталып кеткен тоғызқұмалақ ойыны қашан пайда болды?

Қазақ халқының ертеден келе жатқан ұлттық спортының бірі – тоғызқұмалақ. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл ойынның пайда болуы шамамен 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Алайда елімізде тоғызқұмалақ ойынын ойнай алатын адам өте аз. Тоғызқұмалақ ойынын дұрыс ойнау ережесін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Еркебұлан Джакуповтың daryn.online сайтында жарияланған "Тоғызқұмалақ қалай ойналады?" жазбасын негізге ала отырып ұсынамыз.

Тоғызқұмалақ ойынына қатысты қандай терминдер бар?

  • Құмалақ
  • Қазан
  • Отау
  • Бастаушы
  • Қостаушы
  • Тұздық
  • Атсырау

Қазақша атаулары мынадай:

  • Тоғызыншы нөмірлі отау – маңдай;
  • Сегізінші нөмірлі отау – көкмойын;
  • Жетінші нөмірлі отау – қандықақпан;
  • Алтыншы нөмірлі отау – белбасар;
  • Бесінші нөмірлі отау – бел;
  • Төртінші нөмірлі отау – атсыратар;
  • Үшінші нөмірлі отау – атөтпес;
  • Екінші нөмірлі отау – тектұрмас;
  • Бірінші нөмірлі отау – арт.

Тоғызқұмалақ ойынының ережесі қандай?

Тоғызқұмалақ ойыны екі адам арасында арнайы тақтада ойналады. Ойын тақтасы 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойынның басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ беріледі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны бастаушы, екінші жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп атайды.

Жүріс жасау үшін өз жағыңыздағы отаулардың бірінен сегізін алып, біреуін орнында қалдырып, қалған құмалақтарды қолға алып, солдан оңға қарай бір-бірлеп таратамыз. Тарату сәтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақтарды жұп қылса (2, 4, 6, 10, 12), сол отаудағы құмалақтар өз қазанымызға салынады. Егер соңғы құмалақ қарсыластың жұп санды құмалағы бар отауына түсіп (3 құмалақтан басқа) тақ қылса немесе өз отауымызға түссе, құмалақ ұтқан боп саналмайды. Отаудағы жалғыз құмалақ көрші отауға жүргенде, орны бос қалады. Жүріс жасаған кезде отауларға құмалақ салмай немесе екі-үш құмалақ бөліп алып жүруге болмайды.

Тоғызқұмалақ ойыны
Тоғызқұмалақ ойнаған балалар. Көрнекі сурет: ultsport.kz

Тоғызқұмалақтаға "атсырау" ережесі дегеніміз не?

Ойын аяқталуға жақындаған сайын әр ойыншының отауларындағы құмалақ кеми бастайды. Әр құмалақ ұтып алынған сайын немесе тұздыққа түскен сайын қарсыластардың жүріс саны азая береді. Сондықтан ойын соңында қарсыластардың бірі өз отауларында жүріс жасай алмай қалатын жағдай да кездеседі. Ойыншылардың бірінің отауларындағы құмалақты бірінші тауысып алып, жүріссіз қалуы "атсырау" деп аталады. Мысалы қостаушы атсырауға ұшыраса, бұл жағдайда бастаушы қосымша бір жүріс жасап, барлық құмалақты өз қазанына салып алады. Осылайша бастаушы жеңімпаз атанады.

Егер ойыншы ойын барысында 82 құмалақ жинаса, ойын бірден тоқтатылып, сол ойыншы жеңімпаз болып саналады.

Тоғызқұмалақтағы тұздық алу ережесі жайлы не білу керек?

Тоғызқұмалақта құмалақтан басқа ойында бір рет қарсыластың отауын ұтып алуға да болады. Оны ежелде "тұзды үй" деп атаған. Бүгінде "тұздық" дейді. Тұздық алу үшін жүріс жасаған кезде қарсыластың екі құмалағы бар отауына сіз таратқан құмалақтардың соңғысы түсуі керек. Сонда сол отауда қалыптасқан үш құмалақпен бірге отау да ұтып алынып, сол отау ойынның соңына дейін сіздің меншігіңізге айналады. Яғни жүріс жасалған сайын тұздық алынған отауға түсетін бір құмалақ міндетті түрде сіздің қазаныңызға салынып отырады. Тұздық алынған отауға арнайы белгі қойылады. Жазбаша түрде "Х" шартты таңбасымен белгіленеді. Тұздық ойында бір рет алынады және №9 отаудан ешқашан алынбайды. Сондай-ақ тұздық аттас отаулардан алынбайды. Мысалы егер бастаушы сіздің №2 отауыңызға тұздық қойса, сіз оның №2 отауына тұздық сала алмайсыз.

Тоғызқұмалақ ойынындағы жүрісті тез есептеудің тәсілдері қандай?

Жүріс жасалатын отаудың соңғы құмалағы дәл қай нөмірлі отауға барып түсетінін анықтау үшін жазу тәртібі бойынша қағаз бетіне жазылған цифрлардың арасына қосу белгісін қоямыз.

Бірінші есептеу жолы:

А) Егер қосынды 10 немесе 10-ға жетпейтін болса қосындыдан 1-ді шегеру керек.

Мысалы: 214=2+1+4=7-1=6

Б) Егер қосынды 10-нан артық болса, қосындыдан 10-ды шегереді.

Мысалы: 713=7+1+3=11-10=1

Екінші есептеу жолы:

Жүріс жасалатын отаудың соңғы құмалағы дәл қай отауға барып түсетінін анықтау үшін отаудың рет санына сол отауда жатқан құмалақтар санын қосамыз.

  • Егер қосынды 10 немесе 10-ға жетпейтін болса, қосындыдан 1-ді шегереміз.
  • Егер қосынды 10-нан артық болса, қосындыдан 10 саны шегеріледі.
  • Егер қосынды 20 немесе 20-дан артық болса, қосындыдан 19-ды шегеру керек.

Мысалы: 915=9+15=24-19=5

  • Егер қосынды 29-дан 37-ге дейін болса, қосындыдан 28-ді шегереміз мысалы: 824=8+24=32 - 28=4
  • Егер қосынды 38 немесе одан көп болса, қосындыдан 37-ні шегереміз.

Мысалы: 636=6+36=42-37=5

Үшінші есептеу жолы:

  • Егер отауда 10 құмалақ жатса, аттас отауға барып түседі.
  • Егер 19 құмалақ болса 1 айналым жасап, өз орнына келіп түседі.
  • 28 құмалақ 1, 5 айналым жасап, қарсыластың аттас отауына түседі.
  • 37 құмалақ екі айналым жасап, өз орнына келіп түседі.

Берілген сандарды жүрісті есептеу жолдарымен есептеп, дәлелдеу сандары: 315, 712, 524, 217, 819, 921, 737.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2066664-asyq-oiyny-zane-togyzqumalaq-qalai-paida-bolgan-zane-ony-qalai-durys-oinau-kerek/