Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақ Орда мемлекеті: қай хан тұсында құрылды және қалай құлады

Жарияланған күні:

Ақ орда мемлекетінің қолбасшылары
Ақ орда мемлекетінің қолбасшылары. Көрнекі сурет: rushrono.ru

Ақ Орда Оңтүстік пен Орталық Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың ортағасырлық мемлекеттік одағы. Орта ғасырлардағы мемлекет Орысхан мен Тоқтамыстың тұсында одан да күшейді. Өз заманында алып ел болған Ақ орданың тарихына үңілуді ұйғардық.

Ақ орда Қазақстанның тарихи және мәдени дамуының негізгі аспектісі саналады. Бұл аймақ өзінің байтақ даласымен және ежелгі тарихымен ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының рухы мен дәстүрлерін бейнелейді.

Орта ғасырларда Ақ Орда территориясы Орта Азияның көп бөлігін қамтыған ұлы көшпелі мемлекет – Алтын Орданың бір бөлігі болды. Алтын Орда мәдениеттің, сауданың және қолөнердің дамуына үлес қосқан осы аймақ тарихында өшпес із қалдырды. Оның әсері қазақ халқының сәулетінде, өнерінде және дәстүрлерінде байқалады.

Ақ Орда – XIII ғасырдың ортасы мен XV ғасырдың 30-жылдары аралығында Дешті Қыпшақ аумағында өмір сүрген феодалдық мемлекет. Ақ Орда аумағы Алтын Ордаға тәуелділігі әлсіреген сайын біртіндеп қалыптасты. Ақ Орда құрамына Жайық өзенінің шығысында және Арал теңізі мен Сырдария өзенінің солтүстігінде Жетісудан басқа қазіргі Қазақстанның кең аумағын қамтыған Жошы Ұлысының шығыс бөлігі (сол қанат) кірді. Ақ Ордада Бату хан мен оның ізбасарлары билік етті. Батудың үлкен ағасы Орда-Ежен, Ертістің жоғарғы ағысында Алакөл көлінің жанында орналасқан әкесі Жошы - Көк Орданың резиденциясына иелік алды. XIV ғасырда Ақ Орданың астанасы Сығанақ қаласы болды.

Ақ Ордада түркітілдес тайпалар мекендеген. Қыпшақтармен қатар бұл аумақта наймандар, үйсіндер, қарлұқтар, керейіттер, қоңыраттар, маңғыттар, арғындар және тағы басқасы мекендеген.

Ақ Орданың алғашқы ханы Сасы-Бұқа сұлтаны болды, қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Ерзен хан болды. Олардың тұсында Ақ Орданың саяси тарихы Шығыс Дешті-Қыпшақ аумағын Алтын Орданың билігінен босату үшін күреспен сипатталады. XIV ғасырдың екінші жартысында және XV ғасырдың бірінші жартысында Ақ Орда хандары өздерінің қуатты көршілерімен соғысуға мәжбүр болды.

Ақ Орда мемлекетінің аумағы
Ақ Орда мемлекетінің аумағы. Фото: kk.wikipedia.org

Ақ Орда хандары – Орда-Ежен, Сартақ, Баян, Сасы Бұқа хан, Ерзен, Мүбәрәк Қожа хан, Шымтай хан, Орыс (Ұрыс) хан, Құйыршық хан, Барақ, Керей, Жәнібек және тағы басқалары.

Орыс хан тұсындағы Ақ Орда

Ақ Орда мемлекеті туралы айтқанда бірінші кезекте оның билеушісі Орыс (Ұрыс) хан туралы айтпай өтуге болмас. Оның туған жылы мен қайтыс болғаны уақыты анық емес: екі түрлі мерзім көрсетіледі – 1361-1377–1374-1375. Орыс хан Алтын Орданың билеушісі, қазақ хандары әулетінің атасы болды.

Орыс хан қазақ хандары әулетінің негізін салушы және Ақ Орданың даңқты билеушісі ретінде белгілі. Орыс хан араб-мұсылман деректерінде Мухаммед атымен белгілі. Ортағасырлық деректерде 12.VI.1374–1.VI.1375 жылдары бұл хандықты (Ақ Орда – авт.) Урус атты адам бастады. Айбек ханды тақтан тайдырған сол еді. Оның аты Мухаммед, ал Урусь лақап аты болар" деген мәліметтер сақталған. Бұл дерек тарихшы ғалым Уәхит Шәлекеновтің "Түріктің отырықшы өркениеті" атты еңбегінде сипаттап жазылған.

Орыс ханның есімі әдебиеттерде әртүрлі жазылып келеді. Ұрыс хан немесе Орыс хан деген атпен белгілі болды. Зерттеуші, шыңғысхантанушы Тұрсын Сұлтанов "Потомки Чингиз-хана" атты еңбегінде ханның лақап есімінің Орыс деген атпен белгілі болуын "Орус" этнонимикасының фонетикалық түрі деп түсіндіреді. Зерттеуші Зардыхан Қинаятұлы да оны Орыс хан деп жазады және бұл лақап атаудың шығуын ханның түр түсінің орысқа ұқсауымен, яғни сары шашты, сары түсті болуымен байланыстырады. 

Орыс ханды тікелей Орда Еженнен тарататын мәліметтерді Рашид ад-дин, Муин ад-дин Натанзи, Гаффари мен Хайдар Разидың шығармаларынан кездестіреміз, делінген Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сайтында жарияланған мақалада.

Мұхамеджан Тынышпаев қазақ хандарының соның ішінде Орыс ханның Орда Еженнен тарайтынын қазақ дәстүрі бойынша шежіредегі аталардың буынын санау арқылы көрсетіп, сондай ақ, "тіпті қазақтарда, оның ішінде Шыңғыс ұрпақтарында белгісіз бір Ежен хан жөнінде естелік қалған (кейбір төрелер оны өздерінің түп атасы деп санайды), ал Тұқай Темір оларға мүлде беймәлім" деп дәлелдейді.

Зерттеуші Тұрсын Сұлтанов Тұқай Темір мен Орда Ежен ұрпақтарының ұлыстарының аумағын анықтай келе,

"Орыс хан – Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің ұрпағы деген қорытынды жасаймыз", – деген тұжырымға келген.

Орыс хан ортағасырлық деректерде мұсылман билеушісіне тән жағымды қасиеттердің бәрін иеленген тұлға ретінде суреттелген. Ол өз мемлекетінің аумағында мешіт, медреселер мен қатар басқа құрылыстар салдырған, елде тәртіп орнатып, жаугершілік кезінде әскердің алдыңғы сапын бастаған батыл мінезді, күшті әрі құдіретті билеуші кейпінде ел есінде қалған.

Муи’зз ал-ансаб дерегі бойынша Орыс ханның кіндігінен жеті қыз, сегіз ұл болған). Оның сегіз ұлының аты төмендегідей: 1) Тоқтақия, 2) Сайд-али (Сейт-әлі), 3) Сайил-Ахмет (Сейіт-Ахмет), 4) Тоқта-Булад (Тоқта-Болат), 5) Тугулук-Булад (Тоғылық Болат), 6) Күтілу-Бука (Құтылық-Бұқа), 7) Тимур-Малик (Темір-Мәлік), 8) Құйыршық.

Ақ Орданың күшейген кезеңі

Ақ Орда мемлекеті XIV ғасырдың II жартысында күшейе түсіп, 1361 жылы Ақ Орданың билеушісі болған Ұрыс хан өз жағдайын біраз нығайтты. Ол осылайша Алтын Орда тағын иемденуге күш салды. Солайша 1374-1375 жылдары Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хажы-Тарханды (Астраханды) қоршауға алды. Кама бұлғарларының жерін бағындырды.

Түрік тілінде жазылған, авторы белгісіз "Аноним Искандердің" тұжырымына жүгінсек "Орыс хан Ақ Орданы түбегейлі дербес мемлекетке айналдырды" XIV ғасырдың екінші жартысында Ақ Орда мемлекеті "Орыс хан ұлысы" атанған тұстары бар. Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырды. Қазақтың алғашқы қарулы қолы "Алаш мыңдығын" жасақтап, ақ қара ала ту алып жауға шапты.

Тарихшылар Ақ Орданың астанасы ретінде Сығанақтың нағыз шарықтап өскен кезеңі Орыс ханның тұсы деген пайым айтады. Орыс ханның атында ақша соғылды. Орыс ханның елі тарихи әдебиетте "Алаш елі" атанды.

Шоқан Уәлиханов және Алексей Левшиндер Орыс ханды "Алаш хан" деп атап, оны қазақ хандарының атасы деп тануы тегіннен тегін емес. Қазақ түсінігінде "Алаш" ұғымы "қазақ" атауының баламасы болып саналады. Сондықтан Алаштың астанасы Сығанақты қазақтың астанасы деп тануға толық мүмкіндік бар. 

Бірақ Ұрыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, келесі жылы ол Еділ бойынан кетуге мәжбүр болды. Алтын Ордадағы билікті Мамайға берді. 1377 жылы Ұрыс хан қайтыс болды.

Ақ Орда иелігі Ұрыс ханның баласы Темір Мәлікке көшті. Бірақ осы кезде Маңғыстау үстіртінің билеушісі – Жошы әулеті Түй хожа оғланның баласы Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды. Өзін 1379 жылы Ақ Орда ханы етіп жариялайды.

Сығанақ қаласы

Осы тұста Зардахан Қинаятұлының мақаласына көз жүгіртуіміз керек. Ғалымның мәліметі бойынша, Х ғасырда өмір сүрген араб географы әл-Мукаддаси (Макдиси) Сығанақты Отырар мен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 24 фарсах (160 км). "Сығанақ" атауы ежелгі түрікше "Қамал, қорған" деген мағынаны білдіреді. Ол – ежелгі түркі қалаларының бірі.

"Мұсылман деректерінде Сығанақ "Дарь-уль-Куфр" немесе "дінсіздердің ордасы" атанып келді. Өйткені Сығанақ ХІІ ғасырдың соңы ХІІІ ғасырдың басында әлі де мұсылман дінін қабылдай қоймаған, тәңірге табынған көшпенді қыпшақ хандығының шығыс астанасы болатын", - деп сипаттайды Қинаятұлы.

Абдулла-намеде Сығанақ туралы "Ол ежелден бері қыпшақ (қазақ) хандарының астанасы" деп жазады. Хорезм шах Атсыз (1127-1154) және Ала ад-Дин Мухаммед дінсіздерді бағындару үшін Сығанаққа бірнеше дүркін жайқын жорықтар жасап ақыры Сығанақ билеушісімен бейбіт келісімге келді. Нәтижесінде Сығанақ Шығыс қыпшақ даласындағы гүлденген қалалардың біріне айналды. "Худуд-аль-Аламда" сығанақ дейірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына таратылатыны туралы жазылған.

Сығанақ осылай құлпырып тұрған шағында моңғол шабуылына тап болды. Жошы бастаған моңғол қолы 1220 жылы маусым айында Сығанақты қоршауға алып қала тұрғындарынан қарсылықсыз берілуін талап етіп ұйғыр Хасан қажыны елшілікке жібереді. Бірақ Сығанақ тұрғындары бұл талапты мойындамай Хасан қажыны өлтіреді. Осыдан кейін Жошы қаланы күшпен басып алып жермен жексен етіп, тұрғындарын қырғанға ұшыратты. Д′Оссон, А.М. Жувейнидің айтуынша "Жошы Сығанақта тірі жан қалдырмаған делінеді".

Ғалым өз ойынша бұл аса сенімді дерек емес деп атап өтеді.

"Егер тірі жан қалмаған болса, Жошы Хасанның ұлын кімдерге басшы етіп Сығанақта қалдырды. Одан гөрі "...Ихэд алж..." немесе "көп адамды қырды" делінетін моңғол тарихшысы А.Амардың пікірі сенімдірек естіледі", - дейді ғалым.

Ғалымның мәліметінше, осы оқиғадан кейін Сығанақ Жошы ұлысы оның әскери сол қанаты Ақ Орданың билігіне өтті. Жошы ханның төртінші ұрпағы Сасы-Бұқаның тұсында (1309-1315) Жошы ұлысының орталығы Ертістен - Сығанаққа аударылды. Осы кезден бастап Сығанақтың қайта өрлеу дәуірі басталды. Ерзен ханның тұсында Сығанақта Ақ Орда хандарының атында күмістен ақша құю жолға қойылды. Ол кезде хандарының атында ақша соғу деген биліктің дербестігін көрсетеді. Ерзен хан 25 жыл билік құрып 1344/1345 жылы дүние салып Сығанақта жерленді. Осыдан бастап Сығанақ Жошы-хан – Орда ежен әулетінен тараған Ақ Ордалық ақсүйектерін жерлейтін ата қорыққа айналыпты.

Тарихшы Қинаятұлы Сығанақтың тарихын былай деп баяндаған:

"Ақсақ Темір 1395-1396 жылы Тоқтамысқа қарсы жорықтан қайтқан жолында Қажы-тархан, Сарайды  жаулап алып Сарайды жермен-жексен етіп қана қоймай жолай сығанақты қиратты. Осыдан болып Сығанақтың қайта құлдырау дәуірі басталды.

Сығанақты 1446 жылы Шайбанилік Әбілқайыр басып алды. Бірақ Орыс ханның ұрпақтары Әбілқайыр билігін мойындамады. 1456 жылы Әбілқайыр мен қалмақ Енге – төре арасында Сығанақ үшін болған ұлы шайқаста Әбілқайыр жеңіліс тапты. Орыс ханның шөбелері Жәнібек пен Керей бастаған Ақ Орда хан ұрпақтары Әбілқайырдың әлсірегенін пайдаланып стратегиялық шегініс жасап ел ордасын Шу бойындағы Қозыбасына әкеліп тігуі Сығанақтың саяси маңызын әлсіретті. Бірақ Сығанақ өлкесі территориялық тұрғысынан қазақ мемлекетінің қарамағында қала берді. Соңғы орта ғасырларда Сығанақ талай қияметті басынан кешірді.

Ақ Орда хандары мен Темір әулеті арасында, кейінірек қазақ хандары мен (Мұрындық, Қасым хан) Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында Сығанақ үшін талай кескілескен ұрыстар болды. Қалай дегенмен Сығанақ XVII ғасырға дейін қала атын сақтап тұрды да кейін үйінді, төбешігіне айналып жер астында қалды".

Тоқтамыс хан тұсындағы Ақ Орда

Жошы хан әулетінен шыққан Тоқтамыс хан Ақ Ордадан Әмір Темірге қашып барған. 1378 – 1379 жылдары Әмір Темірдің көмегімен Сығанақты жаулап алып, Ақ Орданың билеушісі болған.

Ол Мамайдың Күлік шайқасында жеңіліске ұшырағанын пайдаланып, Алтын Орда тағына отырды. Сарайды, Қажы-Тарханды, Қырымды басып алды. Таққа отырысымен Шыңғыс хан әулетінің тақ үшін 25 жыл бойғы қырқысуларын жойды, ақша реформасын жүргізді. Сонымен қатар Көк Орда, Хорезм, Қажы-Тархан, Қырым иеліктері мен тағы басқа ұсақ ордалардың басын қосып, қуатты Жошы ұлысының бірлігін қалпына келтіруге күш салды.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және Этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Гүлбану  Жүгенбаева мақаласында Тоқтамыс ханның билігі туралы деректерді келтірген.

"Тоқтамыс шамамен 1342-1406 жылдары өмір сүрді. Әулеттік тегі – Жошының Тоқайтемірінен тарайды. Тоқтамыстың балалық шағы туралы шығыс деректемелерінде ата-бабасының Маңғыстауға иелік еткені, әкесі Түйқожаның Ақ Орда ханы Орыс ханға бағынбауынан өлтірілгені хабарланады.

Жас Тоқтамысты қорғап, оның билікке жету жолындағы амбициясын саяси-әскери тұрғыдан қолдауды сол кезеңнің аса ірі тұлғасы Мәуереннахр билеушісі Әмір Темір жүзеге асырды. Соның арқасында Тоқтамыс 1378-1379 жылдары Ақ Ордаға жорық жасап, Сығанақ қаласын басып алып, мемлекет билігін өз қолына алады", - деп жазады ғалым.

Бұдан соң Тоқтамыс Алтын Орда тағына ұмтылады. Империя билігін "заңсыз" иеленуші, әскери қолбасшы Мамайдың орыс әскерлерінен Күлік (Куликово) шайқасындағы жеңіліс Тоқтамыстың Алтын Орда тағына келуіне қолайлы сәтті туғызды. Тоқтамыс хан 1380-1397/98 жылдары Жолы Ұлысының билеушісі болды.

Оның тұсындағы "Тоқтамыс ханның жарлықтары" Жошы ұлысының күш-қуатын дәлелдейтін тарихи дерекке айналды. Тоқтамыс ханның орыс князьдықтарының сепаратистік пиғылын басып, империялық тұтастықты қайтару әрекетін жылнамалар да, орыс тарихнамасы да тәптіштеп жазды. 1382 жылы 24 тамызда Тоқтамыс хан әскерімен Мәскеуге шабуыл жасайды. 26 тамызда Мәскеу ордалықтарға берілді. Переяславль, Владимир, Юрьев, Звенигород, Можайск тағы басқа орыс қалалары мен жерлері бағындырылды.

Жүгенбаеваның мәліметтері бойынша, Тоқтамыстың империялық билік құруға ұмтылысы "саяси-әскери қамқоршысы" Мәуереннахр билеушісі Ақсақ Темірдің қарсылығын тудырған. Бұдан кейін екі тарихи тұлғаның арасында билік тұтастығы үшін күрес басталды. Әсіресе тарихи деректер Тоқтамыстың 1387 жылы Кавказдағы Кура өзенінде, 1391 жылы Құндызша өзені бойында, 1395 жылы Терек өзеніндегі шайқаста Темір әскерінен жеңілгенін атайды. Шыңғыс-Жошы  ұрпағының  билікті сақтап қалу әрекеті күреске толы еді.

Ақ орданың құлдырауы

Massaget.kz сайтындағы мақалаға сүйенсек, ХІҮ ғасырдың 80-жылдары Тоқтамыс Ақ Орда мен Алтын Орда жерін түгел бағындырып, Әмір темірге қарсы шықты. Осы кезде Әмір Темір мен Тоқтамыс арасындағы ұзаққа созылған қанды соғыс басталды. 1395 жылы Кавказдағы Терек өзенінің аңғарындағы шешуші шайқаста Әмір Темір Тоқтамысты жеңіп, Алтын Орданы талқандады.

ХІҮ ғасырдың аяғы – ХҮ ғасырдың басында сыртқы саяси ауыр жағдайлар мен ішкі қырқыстар кезінде Ақ Орда әлсіреп кетті. Ақ Орданың әлсіреу себептері: Әмір Темірдің тонаушылық жорықтары және ішкі тартыстар.

1423-1428 жылдары Орыс ханның немересі Барақ біраз уақыт бойы Ақ Ордадағы өз әулетінің билігін қалпына келтірді. Ақ Орданың соңғы ханы Барақ Самарқанның билеушісі Темірдің немересі Ұлықбекті жеңіп, Сырдарияның бойындағы көптеген қалаларды өзіне қаратады. Бірақ ол көп ұзамай қаза табады, сосын Ақ Орданың жеріндегі билік Шайбан ұрпағы Әбілқайырдың қолына көшеді.

"Саяси жағынан іс жүзінде дербес, экономикалық жағынан тәуелсіз болған,  сыртқы саясатта өзіндік бағыт-бағдары, билеуші хандарының әулеттік жөн-жосығы бар Ақ Орда мемлекеттік бірлестігі ХІҮ-ХҮ ғғ. Шығыс Дешті-Қыпшақ пен Түркістан жеріндегі этникалық топтардың, тайпалар мен халықтардың бастарын қосып, біріктіруде маңызды рөл атқарды. Кейін Ақ Орда мемлекеті Қазақ хандығының құрылуына негіз болды", – делінген мақалада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2071239-aq-orda-memleketi-qai-xan-tusynda-quryldy-zane-qalai-qulady/