Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Домбыраны қалай тез үйренуге болады: мамандардан 5 кеңес

Опубликовано:

Домбыра тарту
Домбыра тарту сәті. Көрнекі сурет: dombrabro.kz

Домбыра – қазақ халқының ерте замандардан бері келе жатқан ұлттық аспабы. "Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Қанша ғасыр өтсе де, домбыраның орны биік. Бұл жазбамызда домбыраны тез үйрену әдістерін қарастырып көрдік.

Домбыра туралы аңыз

Н.К.Алхожаева, Б.Б.Дуйсенгазиев құрастырған "Домбыра үйрену. Жұмыс дәптері" еңбегінде домбыраның шығу тарихы жайлы аңыз былай баяндалған:

"Ертеде бір аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы-маралды аулап, кәсіп етіпті. Бірде қанжығасы майланып, теңбіл марал атып алады. Оны етекке түсіру үшін ішек-қарнын ақтарып, алып тастайды. Содан арада айлар өткен соң әлгі жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан маңға бет алады. Сол сәтте құлағына бір ызыңдаған дауыс естілгендей болады. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың содан шығып тұрғанын аңғарады. Бұтақтарға керіле кепкен оны сәл ғана жел тербесе ызыңдап, әдемі әуен шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді. "Мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын" деген оймен оны үйге алып келеді. Сөйтіп, ағаштан бір аспап жасап, соған әлгі қос ішекті тағады. Тартып көрсе, шынында да тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Ерекше үн мергеннің ғана жанын жадыратып қоймай, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша бұл көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналған деседі".

Домбыраны қалай тез үйренуге болады?

Кез келген аспапты үйрену үшін адамға ықылас пен жігер керек. Домбырада ойнай білу үшін де ең алдымен адамның ынтасы болуға тиіс. Қазақтың ән-күй орындаушылық дәстүрлеріне орай домбыра аспабының бірнеше түрі бар. Олардың тек түрлері ғана емес, бұрауы, ішек және перне саны да әр түрлі болып келеді. Мысалы күй тарту үшін Батыс Қазақстанның және Арқаның домбыра үлгілері қолданылады.

Ұлттық аспапты оңай үйрену үшін "Домбырада шебер ойнап үйренудің 6 жолы" жазбасында айтылған әдістерді ұсынамыз:

Аспапты қалай дұрыс таңдау керек?

Домбыра сатып алғысы келетін адам оны базардан, музыкалық аспаптар дүкенінен таба алады. Алайда мамандар ұлттық аспапты арнайы шеберханадан сатып алуға кеңес береді. Домбыра жасайтын шеберлер дұрыс таңдау жасауға көмектесіп қана қоймай, аспапты тез игерудің жолдарын да нұсқайды. Одан бөлек шеберханадан сапасы сын көтеретін нағыз домбыраны қолжетімді бағада алу мүмкіндігі болады.

Домбыраны дұрыс ұстап үйрену

Домбыраны қолға алған адам арқасын тік, иығын еркін ұстауы керек. Содан соң оң аяғын сол аяғының үстіне қойып, аспапты ыңғайлы етіп қойып алу қажет. Домбыра тартуды үйрететін ұстаздар осы қалыпта күніне кем дегенде 10-15 минут айнаның алдында отырып жаттыққан абзал дейді. Осылайша сіз отырысыңызға сырт көзбен қарап, кемшіліктеріңізді түзей аласыз.

Домбыраның құлағын келтіру

Домбырада оң және сол бұрау түрі болады. Әндер мен күйлердің басым бөлігінде оң бұрау түрі қолданылады. Ол үшін алдымен домбыраның үстінен санағанда бесінші пернесін тауып алу қажет. Бесінші ішектің нотасы астыңғы ашық ішектің нотасымен бірдей болуы шарт. Оны аспаптың құлағын бұрау арқылы іздеп келтіріп алу керек.

Домбыраның қағыстарын үйрену

Қағыстар бағытына қарай жоғарғы және төменгі болып бөлінеді. Төменгі қағыс бес саусағыңызды жинақтау арқылы сұқ саусақтың тырнағымен, білектің салмағымен төмен қарай қағумен жүзеге асады. Жоғары қағыстың бұдан өзгешелігі ішекті бас бармақтың көмегімен қағумен байланысты. Қағыс түрлерін қолыңыз әбден жаттыққанша қайталаңыз.

Нота үйрену

Нота білмесе де, бойға дарыған дарынымен, ынта-ықыласымен домбыраның құлағында ойнап кеткен дәулескер күйшілер де баршылық. Мәселен бұрынғы заманда домбыра үйірмесі де, оны үйрететін ұстаздар да болмаған. Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова салып кеткен сара жолмен кейін Кенен Әзірбаев, Жамбыл Жабаевтар жүріп өтті. Білім алмаса да, Жамбыл атамыз секілді дарынды болу бақыты екінің біріне бұйырмаған. Сол себепті өз күшіңізге сеніп, еңбектенгеніңіз абзал. Қағыс және нота түрлерін білсеңіз, кез келген әнді домбыраға салып орындай аласыз.

Домбыраның күтімі қандай болу керек?

Домбыраның өте құрғақ немесе ылғал жерде тұруы аспаптың сапасына әсер етеді, дыбысын төмендетеді. Сондықтан да домбыраны салып қоятын арнайы қорабы болғаны дұрыс. Қорап болмаса, матадан қап тігіп алуға болады. Пернелер арасын жұмсақ матамен әлсін-әлсін сүртіп тұру керек.

Домбыраны алғаш рет үйреніп жүрген адамдарға кеңес

Домбыраны алғаш меңгеру барысында оқушы екі қолын еркін әрі бос қозғалтып үйренуі керек. Бұл туралы Айтқали Жайымов, Сәрсенбай Бүркітов және Біләл Ысқақовтың "Домбыра үйрену мектебі" кітабында мынадай кеңес берілген:

  • Қағыс пен перне басуда қос қолдың үйлесімін келтіру сияқты бастапқы ойнау тәсілдері домбыра ойнау шеберлігінің негіздері болып саналады. Домбыра тартып үйрену ең алдымен ашық ішектегі қағыстардан басталады.
  • Домбыра тартуды ең алдымен төмен қағысты қағып үйренуден бастаған жөн. Себебі ол оң қолдың табиғи қозғалысына өте ыңғайлы қағыс. Сондай-ақ домбырада орындалатын ән-күйлердің көпшілігі төмен қағыспен басталады. Төмен қағыс (екі түрінде де) қолдың білезік буынының қатысуымен сұқ саусақ арқылы алынады. Домбыра тартушы адам алдымен екі иығын босатып, домбыраны шынтақпен қыспай ұстағаны жөн. Қолды өз салмағымен бос тастай қағуы керек.
  • Жоғары бағыттағы қағыстар төмен бағыт секілді бармақпен немесе сұқ саусақпен білезік буынының көмегімен қағылады.
  • Алма-кезек қағысты меңгеру. Төмен қағыс пен жоғары қағыстың бірінен кейін бірінің кезектесіп келуі алма-кезек қағыс деп аталады. Бұл қағыс сұқ саусақ пен бармақты бір-біріне жанастыра кезекпен қағу арқылы және жеке сұқ саусақпен қағу арқылы ашылып-жұмылып тұрады.
Домбыра үйрену
Домбыра қағыстарын үйренуге арналған жаттығу. Көрнекі сурет: "Домбыра үйрену мектебі" кітабы

Перне басып ойнауды қалай үйренуге болады?

Домбыра үйреніп жүрген адам қағыстарды тартып біраз жаттыққан соң перне басуды меңгереді. Сол қолдың саусақтары домбыра мойнының кіші тиек жақ тұсынан пернеге тақап басылады. Ал перне басуға қатыспай бос тұрған саусақтарды шашыратпай, домбыра мойнының астына жасырмай, қойылымдық қалпын сақтап ұстау керек.

Пернеден пернеге (дыбыстан дыбысқа) ауысарда саусақтарды сәл босатып, ішекті бойлай сырғыта жылжыту керек. Қолдың әрлі-берлі қозғалысы кезінде иық, шынтақ буындарын жоғары не төмен көтермей, білезік буынын бүкпей, алақанды домбыра мойнына тигізбей ұстаған жөн.

Перне басатын саусақтар қағыстар сияқты өз алдына арнайы таңбамен блгіленеді. Халықтық орындаушылық дәстүрлердегі қағыстар секілді пернелердің де "Түрікпен перне", "Сейтек перне", "Қашаған перне", "Көсем перне", "Адай перне", "Сарыарқа перне" деген атаулары бар.

Екі ішектің бірін қатты,

Бірін сәл-сәл кем бұра.

Нағыз қазақ қазақ емес,

Нағыз қазақ — Домбыра! - деп Қадыр мырза Әлі ақын айтқандай, әрбір қазақ баласы үшін ұлттық аспапты үйрену маңызды.

Мына сілтеме арқылы 34 сабақтан тұратын балаларға арналған домбыра үйрену сабағын көруге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2073426-dombyrany-qalai-tez-uirenuge-bolady-mamandardan-5-kenes/

pixel