Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқтар, Талғат, Айдын: қазақтан шыққан ғарышкерлер туралы не білесіз

Опубликовано:

Тоқтар Әубәкіров
Тоқтар Әубәкіров. Фото: ortalyq.kz

Еуразияның орталығында орналасқан Қазақстан тарихи тұрғыдан бұрынғы Кеңес Одағының бір бөлігі ретінде ғарыш бағдарламасына қосқан үлесімен де танымал болды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін сол ғарыш үлесін алған еліміздің өрендері тұңғыш рет ғарышқа аттанды. Бұл мақалада біз нақты деректерді пайдалана отырып, алғашқы қазақстандық ғарышкерлердің тарихын, жетістіктері мен мұрасын қарастыруды ұйғардық.

Қазақстандық ғарышкерлер халықаралық ғылыми зерттеулерге өз үлесін қосып, "Мир" ғарыш станциясында және Халықаралық ғарыш станциясында (ХҒС) көптеген миссияға қатысты. Олардың қатысуы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде ғарыштық инженерия мен ғылымның дамуына өз ықпалы тиді.

Тоқтар Әубәкіров ғарышта немен айналысты?

Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдесінде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. 1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісті. Сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан "Союз ТМ-13" кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі "Мир" орбиталық кешенімен түйісті.

Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал туған аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды.

Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. Ал 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралды. Ғарыштан оралған соң Қазақстандағы ғарыштық даярлығын зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты.

Оның жұмысы ғарыштық ортаның адам ағзасына әсері және салмақсыздықтың әртүрлі аспектілері туралы білімімізді кеңейтуге ықпал етті.

Тоқтар Әубәкіров сұхбаттарының бірінде ғарышқа ұшуына Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі себеп болғанын айтқан.

"Мен 1989 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездескенімде, ол ғарышқа ұшуым керек екенін айтты. Мен қазір мұны істей алмаймын деп жауап бердім. Ал 1991 жылы біздің келесі кездесуіміз өтті. Ол маған емес, халықтың атынан керек екенін айтты. Мен келісім беріп, ғарышқа ұшуға дайындала бастадым. Мен өз ұшуымды өз халқыма арнадым. Осы уақытқа дейін мен өз халқымның атынан таңдалғаныма Елбасы мен тағдырыма алғысымды білдіремін", - деген Тоқтар Оңғарбайұлы.

Журналист Төлеубай Ермекбаев "Сұңқардың самғау сәтті" атты мақаласында қазақ ұлтының тұңғыш ғарышкері аттанардағы жағдайды былай баяндаған:

"– Сіздердің араларыңызда Қарағанды қаласынан келген журналист бар ма? – деп сұрады кенеттен Юрий Гагарин атындағы Ғарышкерлер дайындау орталығының бастығы, авиация генерал-майоры Петр Ильич Климук.

Тағы да орнымнан қарғып тұрдым.

– Блокнотыңызды маған бере тұрыңызшы, – деді генерал.

Дереу қойын дәптерімді қолына ұстаттым. Шалт қимыл қанына әбден сіңіп кеткен әскери адам ғой. Қойын дәптеріме бірдеңені шапшаң жазып тастады да, қолыма қайтарып берді.

"Қарағандылықтарға Тоқтар үшін рахмет!" депті генерал-майор Петр Климук орыс тілінде.

Жанымдағы әріптестеріме мақтана көрсеттім генерал Климуктың жазған сөздерін. Олар да мені құттықтап, бас бармақтарын көрсетіп жатты. Экипаж командирі ретінде үш мәрте ғарышқа ұшқан, Кеңес Одағының Батыры атағына екі мәрте ие болған айбынды азаматтың Тоқтар батырдың тамаша дайындығына деген шынайы ризашылық көңілінен шыққан адал лебіз ғой – бұл. Ертеңінде таңертең бізді тағы да МИК кешеніне алып келді.

Ғарышкерлер әскери басшыларға өздерінің стартқа дайын екендерін баяндады.

Ал, біздің Тоқтар батыр:

– Президент мырза! Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров қазақ халқының атынан ғарышқа ұшуға дайын! – деп қазақ тілінде баяндады Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа.

– Жолың болсын, Тоқтар! Аман барып, сау қайт! Бұл – халықтың тілегі! – деді Нұрсұлтан Әбішұлы да толқи сөйлеп. Кеудеміздегі қара тас емес, жүрек қой! Мұндай сәтте қалай толқымайсың? Біздің де бойымызды қуаныштың ыстық лебі кернеп, көзіміз жасаурап шыға келген еді".

Тұңғыш қазақ ғарышкерінің мұрасы еліміз үшін қашанда маңызды. Халық санасында бұл елеулі оқиға ұлттық мақтаныш пен шабыттың символына айналды. Өз кезегінде, Қазақстан ғарыш индустриясының дамуын қолдап, ғаламның зерттелмеген кеңістігін зерттеу дәстүрін жалғастыра отырып, өз өкілдерін ғарышқа жіберуді жалғастырып келеді.

Қазақстандық ғарышкерлер ғарыш бағдарламасы мен ғылыми зерттеулерге елеулі үлес қосты. Олардың жетістіктері ғылым үшін де, жалпы ұлт үшін де маңызды.

Бүгінде әлемде ғарышқа ұшқан адам саны 600-ден асады. Оның үшеуі қазақ. Тоқтар Әубәкіровтің ізімен Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов орбитаға аттанған еді. Осы сапарының барысында 39 ғарыштық эксперимент жасалды.

Талғаш Мұсабаев Гиннестің рекордтар кітабында

Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев – Ресей мен Қазақстанның еңбек сіңірген сынақ ұшқышы. Ол 1951 жылдың 7 қаңтарында Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында туған.

Талғат Мұсабаев пен Нұрсұлтан Назарбаев
Талғат Мұсабаев пен Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мұсабаев өзінің ұшқыш ретіндегі мансабын 1974 жылы Кеңес армиясында бастаған. 1980 жылы ол ғарышкерлер жасағына іріктеліп, Юрий Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау орталығында жаттығуын бастады.

Талғат Мұсабаев ғарышқа алғаш рет 1994 жылдың 1 шілдесінен 4 қарашасына дейін Ю.Маленченко және В. Поляковпен бірге ЭО-16 экипажының бортинженері ретінде "Союз ТМ-19" және ОК "Мир" көлік басқарылатын кемесінде ұшты.

Үш рет ұшқан қазақ ғарышкері

Мұсабаевтың еншісінде ғарышқа үш рет ұшу тәжірибесі бар. Нақтырақ тоқталсақ:

  • 1994 жылы ғарышқа бірінші рет ұшқанда (Союз ТМ-19) 126 күнін ғарышта өткізген.
  • 1998 жылы ғарышқа екінші рет ұшқанда (Союз ТМ-27) 208 күнін ғарышта өткізген. Гиннестің үздік табыстар кітабында бір айдың ішінде 5 рет не бары 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққаны жазып алынған. Америкалық ғарышкер Л. Эйартс пен ресейлік ғарышкер (чуваш ұлтының өкілі) Николай Бударинмен бірге ұшқан. Ресей ғарышкерлері Николай Бадурин мен Юрий Батуринмен бірге қонған.
  • 2001 жылы ғарышқа үшінші рет ұшқанда (Союз ТМ-32) 8 күнін ғарышта өткізген.

Ғарышқа ұшуды аяқтағаннан кейін Мұсабаев ғарыш индустриясындағы мансабын жалғастырып, Қазақстандағы ғарыш агенттігінде басшылық қызметтер атқарды. Оның ғарышкерлікті дамытуға және осы саладағы халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесін асыра бағалау мүмкін емес.

Мұсабаев 2019 жылы, ғарышқа ұшғанына 25 жыл болғанда берген сұхбатында былай деген:

"Мен ғарышқа шығуыма тура келді, мен мұны ұлтымыздың өкілі ретінде мақтан тұтамын. Бұл мүлдем ерекше жұмыс. Мен ғарыштағы жұмыс саны бойынша әлемде үшінші орында тұрдым (бірінші рейсте 11 сағат 7 минут, барлық үш рейсте 43 сағат 46 минут), бортинженерлермен ең күрделі жұмыстарды орындадым. Біз қорқынышты апаттан кейін "МИР" ғарыш станциясының жұмысын қалпына келтірдік.

Ашық ғарышқа барлық ғарышкерге бірдей шығуға рұқсат етіле бермейді, бірақ жалпы санның шамамен 15 пайызында ғана болатын мүмкіндік. Мұны іске қосатын елдің мемлекеттік комиссиясы шешеді".

Талғат Мұсабаев – өз елі мен бүкіл әлем үшін мақтаныштың символы, оның ғарыштағы және ғарыш индустриясындағы жетістіктері ғаламның зерттелмеген кеңістігін зерттеуге ұмтылысын арнайы атап көрсету керек.

Айдын Айымбетов ғарышқа қашан ұшты?

Айдын Ақанұлы Айымбетов 1972 жылы 27 шілдеде Алматы облысы Талдықорған қаласы Өтеней ауылында туған. Қазақтан шыққан үшінші ғарышкер, Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры атақтары бар.

Үшінші қазақ ғарышкерінің ұшуы туралы мән-жай "ҚазАқпарат" басылымында жазылған.

Әнші Сара Брайтманның ұшуынан бас тартқаннан кейін Роскосмос 2015 жылдың қыркүйегінде қазақстандық ғарышкерге қысқа мерзімді (10 тәулік) ұшуды ұсынған.

"Бұл күн есімде жақсы сақталды. Бұл 2015 жылдың 22 мамыры еді. Бір күн бұрын біз ұлым – 17 жасқа толған Әмірдің туған күнін атап өттік. "Қазғарыш" басшысы Талғат Мұсабаевтың менің ғарышқа ұшуым туралы күтпеген қоңырауы таңғалдырды.

Сол сәтте қаққан қазықтай тұрып қалған едім, әйелімнің "Не болды?" деп толқып тұрған дауысы мені осы әлемге қайтарды. Бұл қуаныш болды деп айта алмаймын, бұл жай ғана шок еді. Сосын мынадай ой келді: Орындалды! Адамдардың мыңдаған тілегі орындалды", - деп еске алған Айымбетов ғарышқа ұшатыны туралы хабарды алған сәтін баяндап.

Айдын Айымбетов
Айдын Айымбетов 2015 жылы ұшу алдында. Фото: Stephane Corvaja/ESA via Getty Images

Айдын Айымбетов 2015 жылғы 2 қыркүйекте ғарышқа ұшып, үшінші қазақ ғарышкері атанды. "Союз ТМА-18М" басқарылатын ғарыш кемесі Байқоңыр ғарыш айлағынан елорда уақытымен сағат 22:37 минут өткенде аттанды.

Халықаралық экипаж құрамында ресейлік ғарышкер, №1 бортинженері Сергей Волков, Дания Корольдігінің астронавты Андреас Могенсен және №2 бортинженері "Қазғарыш" ғарышкері Айдын Айымбетов болды.

Бұл сапары 10 күнге созылып, Айдын Айымбетов ғарыштағы 5-ші ұлттық ғылыми зерттеу бағдарламасын орындады.

Айдын Айымбетов сұхбаттарының бірінде 700-дей адам қатысқан сыннан өткені туралы баяндап берген.

"Бастапқыда өтемін дегенге өзім де сенбедім. Бірақ сенім мен үміт болды. Күн сайын арманыма жетуіме қадамдап келе жатқанда сенім ұлғая бастады. Ал ең қиын тест – физикалық және психологиялық сынақтар болды. Түрлі қитұрқы сұрақтар қойылды. Мысалы "төрт адам тұрсыңдар, ал сенде үш алма бар, қалай үлестіресің?" дегендей сұрақтар да қойылды", - деп еске алған Айымбетов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2079917-toqtar-talgat-aidyn-qazaqtan-syqqan-garyskerler-turaly-ne-bilesiz/

pixel