Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еліміздің әр өңіріне тән күй түрлері қандай: қазақтың күйшілік мектептері

Опубликовано:

Үкі таққан домбыра
Үкі таққан домбыра ұстаған жігіт пен ару. Көрнекі сурет: Education Images/Universal Images Group via Getty Images

Еліміздің әр өңіріне тән күй түрлері мен негізгі деген мектептер туралы, олардың өзара ерекшеліктері мен ұқсастықтары, сондай-ақ домбыра өнеріндегі тарихи деректерді ұсынатын мақала ұсынуды жөн көрдік.

Қазақ жерінің ұланбайтақ көлеміне қарай әрбір аймақтың өзіне тән табиғи дүниетанымына байланысты күйшілік ерекшеліктері бірнеше мектепке бөлінеді. Бұл ерекшеліктер күйшілік мектептер деп аталады. Халқымыздың дәстүрлі талғам-танымы бойынша жалпы музыкалық мұрамыз төл сипаты бар бес мектепке жіктелген.

Қазақтың күйшілік мектептері былай жіктеледі:

  1. Қазақстанның оңтүстік және Жетісу өңірін қамтитын күйшілік және әншілік мектеп.
  2. Қазақстанның орталық және солтүстік өңіріне тән Арқаның күйшілік және әншілік мектебі.
  3. Қазақстанның батыс өңірін қамтитын күйшілік және әншілік мектеп.
  4. Сыр бойының күйшілік және әншілік мектебі.
  5. Қазақстанның шығыс өңірін, Баян-өлгий мен Шығыс Түркістанды қамтитын күйшілік және әншілік мектеп.

Әр күйшілік мектепке тоқталып өтпекпіз. Бүл жіктеулер музыкалық өлшемді дәлелдермен де, естір құлақтың талғам-танымымен де өзіндік бітімқасиеттері жеке-жеке әуен-сазын, қайырым-нақысын айқын айғақтай алады.

Бес әншілік мектеп өнері кең аяда қамтылып, типологиялық ауқымымен сараланған. Себебі бес мектеп өз іштерінде әр алуан айтулы әнші-композиторлардың дарынқуатымен әлденеше сала құрап, сан тарау үлгі танытып, өркен жайып жатады. Мәселен, Қазақстанның орталық және солтүстік өңірінде, ғұмыр кешіп, өз өнерінде өзіндік із қалдыра білген Абай, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Ыбырай, Әсет, Жарылғапберлі, Уәйіс, Ғазиз, Майра, Мәди, Балуаншолақ сынды біртуар дарындар бірбірінен мейлінше оқшау бітімдегі әнші-композиторлар.

"Қазақтың ән-күйі – ұлттық тәрбиенің көзі" әдістемелік құралындағы еңбекке сүйенсек, күйшілік мектептер былай да жіктеледі:

1. Алтай күйшілік аймағы – Шығыс Қазақстан;

2. Арқа күйшілік аймағы – Орталық Қазақстан;

3. Жетісу күйшілік аймағы – Оңтүстік Шығыс Қазақстан;

4. Қаратау күйшілік аймағы – Оңтүстік Қазақстан;

5. Жиделі Байсын күйшілік аймағы – Сырдария, Арал өңірі;

6. Орда күйшілік аймағы – Батыс Қазақстан;

7. Түбек күйшілік аймағы – Маңғыстау.

Күйшілік ұялардың бұлай бөлінуінің жүйесін алғаш ұсынған Ақселеу Сейдімбек болды ("Күй шежіресі" монографиясы), оған дейін мұндай мектеби жіктеу жасалған емес. Бұл күй тарихы мен орындалу мәдениетіне дұрыс бағдар бере алатын нақты әрі дәл анықтама болды.

Қазақ күйлерінің аймақтық ұяларының мұнан да басқа әлі айқындала қоймаған күйшілік мектептер бар, олардың көбісі өзінше төбелі мәнер болғанымен аз ескеріліп жүр. Алтай күйшілік мектебінде – Тарбағайлық, Арқада – Тоқырауындық, Жаңа арқалық, Жетісуда – Таластық, Қаратауда – Күнгейлік, Жиделібайсында – Аралдық, Ордада – Оралдық, Түбекте – Үстірттік (Түркіменше шалу мәнері) мектептер қалыптасқан, және олар жеке күйшілік ұя болуға әбден лайықты.

Бұлардан өзге Іле, Шығыс Түркістан мен Байөлке жеріндегі күйшілік те өзінше төрге шығуға тұрарлық мәнерлі мектептер. Осы мектептер өкілдері – Аққыз, Тоқа, Байсерке, Үсен төре, Мәмен, Әренжан, Есір сияқты күйшілер орындаушылықтың шыңына шығып, артына із қалтырған домбырашылар.

Бұл мектептер тәжірибеде орындаушылығы бөлек домбырашылық өнер болып бағаланғанымен, жоғарыдағы мектептердің атына жалпылама телініп жүр. Осыларды қомақтай айтқанда қазақтың күйшілік ұяларының жалпы саны он сегіз болар еді: Алтай, Тарбағатай, Арқа, Жаңа арқа, Тоқырауын, Жетісу, Талас, Қаратау, Қаратаудың күңгейі, Жиделібайсын, Арал, Орал, Түбек, Үстірт, Іле, Шығыс Түркістан, Байөлке.

Күйшілік ұялардан басқа үлгілік мектептер де бар. Әрбір күйшілік ұяның басында сол саладағы орындау мәнерін жасаған тұлғалар бар. Байжігіт, Тәттімбет, Қожеке, Сүгір, Қазанғап, Құрманғазы, Абыл сияқты күйшілер өз мектебінің іргетасын қалағандар және шығармашылығы ерен жасампаз (реформатор) сазгерлер.

Олардың үлгілерін ары қарай дамытқан замандық күйшілеріміз солардың шәкірттерінің қолынан күй алғандар, әрі сол күйлерді тарту барысында өз орындаушылық мектептерін де қалыптастырған домбырашылар.

Осы күні Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин, Нұрғиса Тілендиев, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Садуақас Балмағамбетов, Бақыт Басығараев, Қали Жантілеуов, Рыспай Ғабдиев, 18 Сержан Шәкіратов сияқты күйшілердің орындаушылық мәнерлері де өз кезегінде жалғасын тауып, жеке мектеп болып қалыптасқан үрдіс саналады.

Әрине, олардың әрбіреуінің өз ерекшеліктері, яғни бір-бірінен айырмашылығы бар. Мысалы, Құрманғазы мектебі дауылды, оң қолының ауқымы кең және динамикалық күшінің болуы, Дәулеткерей мектебі биязы, лирикаға әсемдікке жақын, оң қолдың қағыс шеңбері "тар" болады.

Қазанғап өзінің саздылығымен, күйдегі ұзақтық пен қағысымен ерекшеленсе, Дина мектебінде де өзіндік ерекшелігі бар: өзгеріп кететін ырғағы, оң қолдың бес саусағының бірінен соң бірін кезектестіре ойнау, Маңғыстау мектебі сүйрете қағуы (триольді тез алуы), шалыс қағыс алынуы, күй тарту кезінде қағыстармен оң қолдың түрліше ойнату.

Арқа мектебінің басты айырмашылығы шертіп тартылуы, сол қолдарының аппликатурасы, сондай – ақ ол дәстүр күйлерін "текстсіз ән" деуге болады, Жетісу күйлерінде қағыс қағу, перне басу амалдары және саздық ерекшеліктері, эпикалық тұрғыдағы аңыз-әңгімеге лайық ежелгі күй сазын байқатады. Қаратау мектебі шертпе және төкпе қағыстар аралас болып келсе, Алтай – Тарбағатай мектебі де ән тектес, ойнақы, бір сазды ән регистрде қайталау.

Маңғыстау күйшілік мектебі

Маңғыстау күйшілік мектебі мен оны тарту өнері туралы Daryn.online ресурсы толыққанды мәлімет берген. Мақала авторы бұл мектепке атақты жазушы Әбіш Кекілбайұлының пікірін берген:

"Бұл мектеп – мазмұны жағынан ұлан асыр тарихпен ұштасатын эпикалық кең тынысты, әр қайсысы бір-бір дастанға пара-пар күйлері тыңдаушының көңілін ғана емес, көзін де баурап алатын бай мимикалы, алуан қағысты, күрделі техникасымен, өжет пафосымен, өткір темпераментімен ерекше даңққа бөленген".

Маңғыстау күйшілік мектебінің ойналуы жағынан оң қолда кездесетін ерекшеліктер:

  • Сүйретпе қағыс (триольді тез алу)
  • Шалыс қағыс (теріс қағып өту)
  • Күй тарту кезіндегі қағыстармен түрлендіріп ойнату (жест)
  • Орап ойнау
  • Күй ойнау барысындағы қағысты екі саусақпен іліп ойнау әдісі

Қазақ ұлтының, оның ішінде Адай ұлысының мыңдаған жыл бабаураған Баба-Сарынды өлтіріп алмай бүгінге жеткізген: Мұрат Өскінбайұлы, Шамғұл Ыбырайымұлы, Боздақ Ырзаханұлы, Алым Жаңбыршыұлы т.б.күйші-домбырашылар, делінген мақалада. 

"Маңғыстау күйшілік мектебінің айрықша сыныбындай бүгінгі көзі тірі, бізге жеткізген Сержан Шәкрат,  Айтберген Жаңбыршы, Роза Айдарбаева, Рухия Батыршева, Рахат Мәдреев, Әзірбай Мұратұлы. Маңғыстау күйлеріне айырықша назар аударып, нотаға түсірген: Т.Мерғалиев, Қ.Ахмедияров, А.Тоқтаған", - делінеді мақалада.

Жетісу күйшілік мектебі

Халық өнерін зерттеуші Сағатбек Медеубекұлы қазақ халқының Жетісу өңіріндегі күйшілік дәстүрі жайлы зерттеу мақала жазған. Автор бұл мақаласында музыка танушы ғалым Базаралы Мүптекеевтің еңбегі ерекше атап өтуге тұратынын жазған.

"Бұған дейін зерттеу нысаны болмаған күйшілердің мұраларын жинау үшін ұрпақтары тұрған өңірлерді өз күшімен жаяу-жалпылап іздеп жүріп ернішектің шашақан тарысын еңбекқор диханшыдай еңбектеп жүріп жинады. Жарыққа шығарды. Ғылыми айналымға қосты. Сөйтіп, жасы отызға келгенде Жетісу өңірінде қазақ күй өнерінің ұлы шаңырағы барын айдай әлемге дәлелдеді", - деп жазады автор.

Жетісу өлкесінің күй мектебі дегенде Қожеке Назарұлы күйші айтылады. Қожеке өзі куә болған, өзін толғандырған өмір құбылыстарының баршасын күй тілінде баяндап отырған. Бұл күнге дейін Қожекенің жүзге тарта күйлері жеткен. Оның күйлері күні бүгінге дейін Жетісу, Алтай, Ертіс, Тарбағатай, Бұратала, Іле өңірлерінде тартылады.

Жетісу күй мектебінің дарынды күйші-сазгері Нұрғиса Тілендиевті де айтпай өтуге болмас.

Бұл мектеп туралы домбырашы Базаралы Мүптекеев "Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр" атты монография жазып шыққан. Белгілі күйші Жанғали Жүзбай мақаласында Мүптекеев туралы былай деп жазған:

"Ол – Жетісу күйшілік мектебін қай­та жаңғыртқан тұңғыш фольклортану­шы, осы тақырып аясында диссертация қорғаған һәм хрестоматиялық күй жинақтарын жазған өрелі ғалым. Саналы ғұмырында Жетісумен қатар Арқа, Қаратау, Алтай, Іле, Байөлке аймақ­тарының күйшілік мұрасын жи­нақ­таумен айналысты, оларды жүйе­леді, кәсіби мектеп түзіп ғылыми айна­лымға енуіне тер төкті".

Алтай күйшілік өнері

Бұл мектеп Шығыс Қазақстан өңірі Еліміздің шығыс өңірінде қалыптасқан домбырашылық өнердің тамыры тереңнен бастау алады.

Шығыс өңірінің күйшілік дәстүрі аймақтық жағынан кең ауқымды қамтиды. Өйткені Шығыс Қазақстан (Семей, Шыңғыстау, Шұбартау, Аягөз, Тарбағатай), Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі, сонымен қатар, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы қазақтарының күй мұралары осы дәстүрге жатады. Бұл өңірдегі, негізінен, архаикалық үлгідегі аңыз-күйлерден тұратын күйшілік, домбырашылық өнердің тамыры тереңнен бастау алады.

Әсіресе, теріс бұрауда (квинта) тартылатын "Шыңырау", "Тауқұдірет", "Ақсақ марал", "Ақсақ қыз", "Ақсақ аю", "Бұлғын-сусар", "Балжыңгер", "Сұрмерген" сияқты күйлер – аңыз-әңгімелерімен астасып жатқан көне жәдігерлер.

Шығыс Қазақстан домбыра күйлерінің "Сары өзен", "Беласар", "Қорамжан", "Ащы күй" сынды тағы бір бөлігі – қазақ пен қалмақ шапқыншылығы дәуірінен көрініс беретін тарихи шығармалар. Ал "Салкүрең", "Телқоңыр" және тағы басқа халық күйлері – өте ерте замандардан жеткен туындылар.

Баян-өлкедегі күйшілік мектеп

Баян-Өлкедегі күйшілік мектеп туралы қарастырылған кітапты музыка зерттеушілері Асылбек Байтан мен Алтынбек Хумарзах жазып шыққан.

Авторлардың еңбегіне сүйенсек, Баян-Өлгейдегі күй дәстүрін жалпақ Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің аясына сыйғызуға болады екен. Арғы қайнар бастауын Сарыарқамен сабақтастырып Байжігіттен тартатын Қобда беті қазағының күйшілік дәстүрін Шыңжаңдағы Бейсембі мектебімен біте қайнасып жатыр.

"Күйге қатысты мұндағы басты ерекшелік болса ол – сыбызғышылық болар. Себебі, Баян-Өлгей қазақтары арасында қай заманда да осы сыбызғымен күй тарту үрдісі атадан балаға жалғасып, еш үзілмеген. Домбыра мен сыбызғыда жеке де, қатар үндесіп те ойнала беретін "Арбиян қоңыр", "Жорға аю", "Кер-9 без қыз", "Ертістің толқыны" т.б. толып жатқан халықтық күйлер аңызымен бірге айтылып, шертіліп келе жатыр.

Кешегі социалистік дәуірді бірыңғай жамандай беруге де болмас. Осы жылдары дербес қазақ аймағы құрылып, алғаш қызыл отаудағы әуесқойлар тобынан басталған төл өнеріміз кәсіби музыкалды драма театр деңгейіне көтеріліп, ұлт руханиятының қаншама жауһарлары жинақталды", - делінген еңбекте.

Баян-Өлгейдегі күйшілік мектебі дегенде біздің есімізге ең әуелі "Бешең ауылы" аталған әулеттен тараған күйшілер шоғыры аталады, дейді музыкатанушылар. Монғолияны мекендеген қазақтардың оннан тоғызын құрайтын Абақ керейдің бақат руының бір тармағы төлек атасы – молынан өскен ел. Он екі ата абақ керейдің бірі шерушінің алты руы – ожық, шаппас, ұзынмылтық, құрман, саңырау, бақат.

Шаппас руы тарихи жағдайларға байланысты ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шыңжанның Сауыр, Толы өлкесіне қоныс аударуына байланысты, Монғолия жеріндегі "алты шеруші" деген ұғымға төлекті сыйдырып жататыны бар. Шын мәнінде төлек – бақат руының бір атасы дегенімізбен, соңғы екі ғасыр жүзінде марқалап өсіп, небір айтулы тұлғалар: ел бастаған көсемдер, қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер мен ғылымбілімде елеулі іс атқарған адамдар туып шыққан.

Бешең аулының Исабай Ақжарқынұлы, Бердібай Матайұлы, Бодық Сайболатұлы, Сағынған Сатайұлы, Сейітжан Бейісұлы, Тоғай Сақтағанұлы, Доламбай Жылыбайұлы тағы басқа күйші азаматтары – әрқайсы өз жанына күй шығарумен қатар, өздеріне дейінгі күй мұрасын кейінгі буынға аманттап отырған.

Арқаның күйшілік мектебі

Арқаның күйшілік мектебі – шертпе күй мәдениетінің алтын қазығы деуге тұрарлық үлкен өнер. Себебі, Арқа иісі қазақтың тарихи ортақ мекеніне айналған өңір, үш жүздің еншісі бөлінбегенін айғақтап тұрған қасиетті Ұлытау да осында. Домбырасымен «Ақсақ құланды» толғаған күй атасы – Кетбұға өмір кешкен Жошы ұлысыда Арқа өңірінде дәурендегені шежіреден аян.

Журналист Жанар Оразымбет мақаласында әйгілі күйші Әбікен Хасенов туралы деректер келтіріп, күйшінің бұл мектептің күйлеріне тән қасиеттерді атағанын жазған.

"Арқаның күйлері Қаратау жақтағыдай бірқалыпты, біркелкі тартыла салмайды. Арқаның күйлері  өте күрделі болып келеді. Әбікен атамыздың кейінгі жары Шәкен апай маған бір барғанымда, 1990 жылдары,  күйтабағын сыйлаған еді. Содан бас алмай тыңдап, жиырма жылда әзер үйрендім. Ол өте құдіретті күйші" -дейді қалкен Қасымов ағамыз. "Бұрын бұл күйлердің мән-мағынасын ұқпадық, оның арғы жағына терең бойламадық. Оған біздің Кеңестік жүеде ержетіп, санамыздың қызыл империяның саясатымен тұмшалануы себеп болды. Ендігі мақсат осы күйлерді ұрпақтарымызға жеткізу, оны аманат етіп қалдыру" дейді күйші", - деп келтірген автор мақаласында. 

"Сарыарқа күйлері – ұлы даланың алтын қазынасы" атты еңбегінде Қайрат Динара "Арқа күйлерінің нағыз түпнұсқа түрі Әбікен Хасенов арқылы жетті" дейді. Бұл сөзін автор "Қазақ музыка фольклорының тарихнамасы" еңбегіне сүйеніп жазған.

"Бұл мектептің ертеден дамыған киелі сарынын жаңа заманның ызғарына қарамастан (Кеңес дәуірінде шертпе күй "феодализмнің сарқыншағы" деп танылып, тартылуына қатаң тиым салынған, Арқаның талай күйшілері сол зобалаңның кесірінен атылып та кеткен, бұл нәубетті Әбікен де бастан кешті, Сәкен Сейфуллиннің арашасымен аман қалған болатын) келешектің қолына ұстатқан дарынды күйші қазіргі күні Арқа ғана емес, жалпы шертпе өнерінің шыңы болып саналады.

Әбікен Хасенов Тәттімбетті түгел тартып, Әбди, Сембек, Қыздарбек, Айдостардың да мұраларын арттағы ұрпаққа тастап кеткен саңлақ домбырашы. Нағыз балбармақ шебер домбырашы Әбікен атамыз өз жанынан да күй шығарған, оның аты шулы "Қоңыры" аспаптық музыкамыз тарихындағы теңдессіз туынды болып саналады", - делінген ғылыми еңбекте.

Арқа күйшілерінің шығармашылығын алғаш зерттеп, ноталық жазбаларын тиянақтаған – Уәли Бекенов, оның "Шертпе күй шеберлері", "Күй табиғаты" атты кітаптары аса құнды ғылыми-әдістемелік еңбектер.

"Зерттеушінің өзі де Арқа күйлерін талдап тартатын сұңғыла шертпеші ретінде қазақтың есінде аты қалды. Тәттімбет күйлерінің жинағы 1988 жылы Е.Үсеновтың құрастыруымен тұңғыш рет жарыққа шықты, 2005 жылы А.Тоқтаған мен М.Әбуғазиннің редакциясымен толықтырылып қайта басылды. Тәттімбет тәліміндегі күйлердің толық топтамасын Б.Ысқақов жазып шықты.

Бұл еңбекте Тәттімбет күйлерінмен қатар оның мектебін құрайтын Арқа күйшілерінің бәрі қамтылған. Арқа мектебінің жалауын жықпай жүрген көзі тірі шеберлер қатарында дарынды домбырашыларымыз – Біләл Ысқақов, Мұхаметжан Тілеуханов, Дәулетбек Садуақасаов, Пазыл Тұтқабеков, Майрам Ұлмағамбетов, Ахмет Байбосынов, Жалғас Садуақасовтар", - деп келеді еңбекте.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2083082-elimizdin-ar-onirine-tan-kui-turleri-qandai-qazaqtyn-kuisilik-mektepteri/

pixel