Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы, Есік, Қызылағаш: Қазақстан тарихындағы ең жойқын селдер мен су тасқындары

Опубликовано:

Су тасқыны
Су тасқынынан зардап шеккен ауыл. Көрнекі сурет: inbusiness.kz

Қазақстан тарихында елге қиындық туғызған бірнеше су тасқыны болды. Табиғи апаттың қай кезде де ауыртпалығы бар. Бұл жазбамызда елімізде болған су тасқындары мен оның қандай шығын әкелгені жайлы ақпарат ұсынамыз.

Қазақстан жыл сайын су тасу мәселесімен бетпе-бет келеді. Әсіресе көлдер мен өзендердегі су деңгейінің тасуынан мына аймақтар зардап шегеді:

  • Шығыс Қазақстан;
  • Түркістан облысы;
  • Қарағанды облысы;
  • Қостанай облысы;
  • Ақмола облысы.

Су тасқынының болуына қандай жағдайлар әсер етеді? Су тасқыны мынадай жағдайлардан кейін болуы мүмкін:

  • қыста қардың қалың жаууы;
  • көктемде күннің ерте жылынуы;
  • нөсер жауындар;
  • су деңгейінің жоғары болуына байланысты өзендер мен су қоймаларының тасуы;
  • су арналары, бөгеттер немесе суару арналары сияқты гидротехникалық құрылыстардың бұзылуы.

1921 жылы Алматыда болған су тасқыны

Бұл Қазақстан тарихындағы ең ірі су тасқынының бірі. Шілденің 8-інен 9-ына қараған түні Алматыда жауын-шашын мен еріген қар суынан жойқын сел жүріп өтті. Іле Алатауының барлық өзенінде сел болды, әсіресе Кіші және Үлкен Алматы, Талғар, Есік өзендерінің ағысы қатты болған еді. Кіші және Үлкен Алматы өзендеріндегі сел 7,0-10 миллион текше метрді құраған.

Бес-алты сағатта Алматының едәуір бөлігі лайға толып, қирандыға айналды. 65 үй қирап, 174 шаруашылық ғимарат бұзылды, сондай-ақ бас арық пен Весновка өзеніндегі бөгет жартылай бүлінген. Бұл тасқыннан 500-ден астам жоғалған, 140 адам қайтыс болған (оның ішінде 63 бала бар).

1963 жылы болған Есіктегі тасқын

1963, 1973 және 1977 жылдары жауын-шашынның, қардың еруі мен мұздың еруінен Қазақстанның көп бөлігін, оның ішінде оңтүстік және шығыс облыстарын су басты. Бұл егін мен инфрақұрылымға айтарлықтай шығын әкелді.

1963 жылы 7 шілдеде Есік өзенінің жоғарғы ағысындағы Жарсай көлінде сел болып, Есік көліндегі су деңгейі күрт көтерілді. Су тасқынының әсерінен табиғи бөгет бұзылып, Есік көлі жойылды. Есік қаласында екі көше қирап, Есік көлінің маңындағы ауданда демалып жүрген 52 адам қаза тапты.

Демалушыларды құтқару үшін жақын жердегі әскери бөлімге дабыл берілді. Сарбаздар 2 мыңға жуық демалушыны құтқарды. Аш, қажыған адамдар қайғылы оқиғадан бірнеше күннен кейін таудан табылды. Олардың көбі саңырауқұлақ теріп жүрген адамдар болатын.

Су тасқыны
Алматыдағы "Горельник" туристік базасын бұзып өткен сел. Көрнекі сурет: forbes.kz

1993 жылы Ақтөбеде болған су тасқыны

1993 жылдың көктемінде Қазақстан ең ірі су тасқынына тап болды. Ақтөбе су қоймасының бөгеті жарылды.

Ресми мәлімет бойынша, 669 елді мекен зардап шекті, оның ішінде 41 облыс орталығы мен 11 қала. Апат салдарынан 10 адам қаза тауып, 12,7 мың тұрғын эвакуацияланды, 30 мыңға жуық адам баспанасынан айырылды. Сондай-ақ 875 шақырым жол, 718 шақырым электр желісі және басқа да инфрақұрылымға зиян келтірілген. Тасқыннан Ақтөбе және Батыс Қазақстан, Атырау облыстары да қатты зардап шекті.

2008 жылы Қазақстанның оңтүстігінде болған су тасқыны

2008 жылдың ақпан айында ауа райы күрт жылынып, қар ерте еріді. Соның салдарынан Қазақстанның оңтүстігінде су тасқыны болды.

Нәтижесінде 2,5 мыңнан астам үйді су басып, 13 мың тұрғын зардап шекті, бір адам қаза тапты. Келтірілген шығын 130 миллион долларға бағаланды.

2010 жылы Қызылағаштағы су тасқыны

2010 жылдың 12 наурызына қараған түні Алматы облысы, Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылының маңында бөгет жарылды. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауыр апаттың бірі еді.

Тасқын салдарынан 45 адам қаза тапты, оның сегізі бала, 300-ге жуық адам жарақат алды. Ауылдағы үйлердің 80 пайызы қирады, 146 ғимаратты екі метрге жететін толқын толығымен шайып кетті, 251 үй бұзылды. Келтірілген залал 8 миллиард теңгеден асады.

Қызылағаш ауылы
Су тасқынынан зардап шеккен Қызылағаш ауылы. Көрнекі сурет: abai.kz

2011 жылы Батыс Қазақстанда болған су тасқыны

2011 жылы Батыс Қазақстан облысында су тасқыны болды. Екі адам қаза тауып, тағы 16 мың адам жарақат алды.

2,5 мыңнан астам үй мен 7 мыңнан астам саяжайды су басқан. Жалпы шығын 70 миллион доллардан асты.

2012 жылы Оңтүстік Қазақстанда болған су тасқыны

2012 жылы толассыз жауған жаңбыр салдарынан Қазақстанның кейбір облыстары, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы су астында қалды. Су тасқынына жаңбыр мен күннің кенеттен жылынуы себеп болған еді. Арыс, Отырар, Ордабасы аудандары мен Шымкент қаласы маңындағы 25 елді мекен су астында қалды.

Алайда ең ауыр зардап 28 ақпанға қараған түні су тасқынының екінші толқыны келген кезде болды. Су тасқынынан 969 үй қирады, оның ішінде 428 үй толығымен су астында қалды, 2260 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Су тасқынының зардабын қалыпқа келтіру үшін 713 млн теңге бөлінді.

2014 жылы Көкпектідегі бөгеттің бұзылуы

2014 жылдың 31 наурызында Қарағанды ​​облысында күшті су тасқыны болды. Соның салдарынан Көкпекті су қоймасының бөгеті су массасының қысымына төтеп бере алмай, опырылып құлады. Бес адам қаза тауып, жүзге жуық үйді су басты. Көптеген тұрғынға суық тиіп, ауруханаға түсті.

Материалдық шығын 87,6 млн теңгеге шықты. Көкпекті су қоймасын жалға алған Владимир Крючков үш жылға бас бостандығынан айырылды.

2017 жылы Атбасарда болған су тасқыны

2017 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласындағы бөгет төрт жерден жарылды. Су тасқынына қардың еруі салдарынан теміржол көпірінің жанындағы бөгеттің бұзылуы себеп болған. Көпірге жақын маңдағы үйлер су астында қалды.

Сол жылы егіс алқаптарында жауған жауын-шашын мен қардың салдарынан Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеевское су қоймасына көп мөлшерде су құйылды. Су қоймасындағы су рекордтық деңгейге жетіп (3 метр 38 сантиметр), 1968 жылы салынған кезден бері есептегенде барлық деңгейден асып түсті.

Осы тасқынның салдарынан Қарағанды ​​облысының 22 елді мекеніндегі 140 тұрғын үй мен 274 ауланы су басқан. Су тасқынынан Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе облыстары да зардап шекті.

Атбасардағы тасқын
Атбасарда болған су тасқыны. Көрнекі сурет: sputnik.kz

2018 жылы Өскеменде болған су тасқыны

2018 жылы Шығыс Қазақстанда Өскемен қаласы мен облыстың оннан астам ауылы су тасқынынан зардап шекті

Жертөлелерді су басып кетпес үшін аулалардағы суды сорғымен тартып отырды. Өскеменнің екі ауданында төтенше жағдай жарияланды. Құтқарушыларға Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан көмек көрсетілді.

2023 жылы Қазақстанның қай өңірлерінде су тасыды?

  • 2023 жылдың наурыз айында Ойыл өзенінің шекті деңгейден асуы салдарынан Ақтөбе облысындағы Қаратал ауылының айналасын су шайды. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы орган көмегімен 400-ден астам адам алдын-ала эвакуацияланды. Сондай-ақ төрт мың бас мал қауіпсіз жерге шығарылды. Су тасқыны салдарынан жағалауды су шайып, 11 үйді басып қалды.
  • Петропавлда қала ішіндегі 672 саяжайды су басты. Қостанай облысының Железнодорожное ауылында 30-дан астам адам мен жан-жануар алдын-ала эвакуацияланды.
  • 2023 жылы Шымкентте толассыз жауған жаңбыр салдарынан қала көшелерін су басты. 170-тен астам құтқарушы суды сору жұмыстарын жасау үшін мотопомпаларды пайдаланып, 800 қап инертті материалды төседі.
  • Жетісу өңірінде толассыз жауған жауын салдарынан Ескелді ауданындағы ауыл тұрғындарының аулалары мен жеке үйлеріне су жиналды.
  • Өткен жылдың ақпан айының басында Түркістан облысында 200-ден астам адам эвакуацияланған болатын. Елдің оңтүстігінде де су тасыды. Қызылжар ауылында еріген қар суы жеке үйлердің ауласын басып қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2084297-almaty-esik-qyzylagas-qazaqstan-tarixyndagy-en-zoiqyn-selder-men-su-tasqyndary/

pixel