Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ерлік, батылдық, әскерилер туралы тақпақтар топтамасы

Опубликовано:

Әскери адамдар
Шеруге шыққан сарбаздар. Көрнекі сурет: egemen.kz

Адам баласы ерлік жасауды алдына мақсат етіп қоймайды, бұл атадан балаға берілетін мирас та емес. Ерлік – адамға тән игі қасиет пен рухани жігердің көрінісі. Бұл жазбамызда ерлік, батылдық тақырыбында жазылған өлең шумақтарын ұсынамыз.

Бұл жазбадағы өлеңдер мен тақпақтар "Балдырған", "Балалар әлемі" басылымдарынан және bilim-all.kz, massaget.kz, zharar.com, martebe.kz сайттарынан алынды.

Ерлікті жырлайтын қандай өлең жолдары бар?

Ерлік, даңқ еңбекте

Сапарғали Бегалин

Тау орнына көлдер орнап,

Құм орнына өсірдік гүл,

Табиғатты еркін қолға ап,

Жаңарттық біз, жайнады өмір.

Кіп-кішкене бидай дәнін,

Балқытады баптап еңбек,

Қара түнек қастық зәрін —

Жауыздықты көмген жерлеп.

Ерлік, даңқ— бәрі еңбекте,

Тағдыры да табиғаттың,

Еңбек ие жер мен көкке,

Өршіл күші адамзаттың.

***

Ер болып туып анадан

Жарылқасын Аманұлы

Ер болып туып анадан,

Ездік еткен жігіт пе?

Жауға сілтер семсерін,

Кездік еткен жігіт пе?

Қадірлеген халықпыз,

Ерлік пенен мәрттікті.

Жоғалтпаған мәрттігін,

Жағы түскен қарт тіпті.

Жақсылыққа жақсылық,

Жасамаған жігіт пе?

Дос арасын ащы ғып,

Тасаланған жігіт пе?

Екі сөйлеп көрмеген,

Өнегелі халықпыз.

Қолдан намыс бермеген,

Ер ісіне қанықпыз.

***

Бақытты боп жүргенім

Сенің арқаң, Ұлы Отан.

Елім менің – тірегім,

Құшағында гүл атам.

Шығысыңнан арайлы,

Күліп атқан құба таң.

Сенен бақыт тарайды

Баршамызға Ұлы Отан.

Сарқылмайтын қуатым,

Тірегімсің сен, Отан.

Мәңгі соғып тұратын

Жүрегімсің сен, Отан!

Ешкім іштей батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады. Бауыржан Момышұлы

Ерлік

Темірхан Медетбек

Азаттыққа құрық сап

қаратпастан бетiне

ойран ашып,

бүлiк сап

жау тисе елдiң шетiне.

Намыс,

кек боп ашылып,

туын ұстап ерлiктiң,

бес қаруын асынып

шыға келген Ерлiк бұл.

Тулақтай жер бермеген

қара тас боп қарысып...

"Ала өгiздей мөңiреген"

адырнаның дауысы.

Зұлымдыққа түйрелiп

ұшқан екен жебелер.

Жатқан екен астында

қара тастар иленiп,

төңкерiлiп төбелер.

Айналып кек жалынға ол

қорғаған бар қазақты,

Азаттықтың жолында ол

көрген барлық азапты.

Еңсенi езер тұманды ап

заман келiп түнерген.

Ерлiктi сол бұғаулап

жер аударып жiберген.

Ауызынан оқ шашып,

атқан оны арнаға

Денесiне от басып

асқан оны дарға да.

Қамын ойлап елiнiң

қайта түлеп,

түрiнiп,

ерлiк бiрақ бәрi бiр

шыға келген тiрiлiп.

Дүниенi тозақ қып

келсе тағы зұлымдық.

Көмейiне ол ажалдың

тыққан өзiн тығын қып.

Найзағай боп жай тасы

намыс болып қайнаған,

өмiр үшiн айқасып,

өлiмге өзiн байлаған.

Ардақ тұтар ел бiткен

кеткен оны тiресiп.

... Жер үстiнде Ерлiктер

ескерткiш боп тұр өсiп!

***

Отан, ерлік туралы тақпақтар

Жанын қиған ел үшін,

Тоқта достым, сабыр ет.

Үнсіз тұрып бір минут,

Басыңды иіп, тағзым ет.

***

Жер үшін, Отан үшін лаулағандар,

Азамат қой айтқан серттен аумағандар,

Шекара шебіндегі ну ормандар,

Халқына қалқан болып қаулағандар.

Ерлігің аңыздар мен шежірелер,

Ойлардан, өлең болып саулағандар,

Ер болып сертінен аумағандар.

***

Қиындық кезең сындары,

Ерліктің отын мұздаттың.

Соғыстың сұрапыл жылдары,

Тағдыры талай қазақтың.

Ерлікке толып өткені,

Ұмытылмай тұрды ер ісі.

Соғыстың соңғы көктемі,

Солдаттың асқақ жеңісі.

***

Отан — сенің ата-анаң,

Отан — досың, бауырың.

Отан — өлкең, астанаң,

Отан — аудан, ауылың.

***

Отан — тарих, Отан — тіл,

Жасаған елің, ер халқың.

Отан — өлең, Отан — жыр,

Көтерген көкке ел даңқын...

Отан осы, достарым,

Көңілге мұны түйе біл.

"Отан" деп өс, жас қауым,

Оны ардақтап, сүйе біл.

Бауыржан Момышұлы
Халық қаһарманы - Бауыржан Момышұлы. Көрнекі сурет: baldyrgan.kazgazeta.kz

Бауыржан Момышұлы

Авторы: Олжас Қасым

"Отаным, жерім" деп,

Көрсеткен айбарын.

Көтерген "елім" деп,

Жеңістің байрағын.

Ерлігі тараған,

Аңызға айналған.

Оралды ол аман,

Еліне майданнан.

Ұқсағым келеді,

Бауыржан батырға.

Мектебім, себебі,

Батырдың атында.

***

Хиуаз Доспанова

Соғыс өртін жайған маңда,

Қару етіп батылдықты.

Хиуаз апа қан майданда,

Көрсетті анық батырлықты.

Төбесінде самғап жаудың,

Зеңгір көктен оқ боратқан.

Арқасында сол жандардың,

Тәуелсіздік ақ таңы атқан.

Батыр аты ардақталар,

Азат, бейбіт ұлы елімде.

Қаһармандар ел мақтанар,

Халқымыздың жүрегінде.

Әскери қыздар
Мерекелік шеруге шыққан әскери қыздар. Көрнекі сурет: baq.kz

Әскери адамдарға арналған өлеңдер мен тақпақтар

Соғыстың соңғы көктемі

Мұқағали Мақатаев

Жасылмен бояп қойған ба,

Жап-жасыл таудың бөктері.

Қырлар да, мынау ойлар да,

Жап-жасыл болып көктеді.

Соғыстың соңғы көктемі.

Көп болды, жасыл тауларға,

Жап-жасыл бұлттар шөккелі.

Әкелді шуақ бар маңға,

Соғыстың соңғы көктемі.

Соғыстың соңғы көктемі,

Көп болды нұрын төккелі.

Жап-жасыл анау аспан да,

Аспан да, сірә, көктеді.

Бойына таудың асылып,

Шұғыла тұрды, көк меңі.

Қызғанып, гүлін жасырып,

Қылтанақтар да көктеді.

Соғыстың соңғы көктемі.

Жап-жасыл шыбық, тал-дағы,

Орманның жасыл шекпені.

Қуанта, бірақ, алмады,

Сонау бір үйді шеттегі,

Соғыстың соңғы көктемі.

***

Әскердегі ағама

Оразақын Асқар

Соғыс өртін жайған маңда,

Қару етіп батылдықты.

Хиуаз апа қан майданда,

Көрсетті анық батырлықты.

Төбесінде самғап жаудың,

Зеңгір көктен оқ боратқан.

Арқасында сол жандардың,

Тәуелсіздік ақ таңы атқан.

Батыр аты ардақталар,

Азат, бейбіт ұлы елімде.

Қаһармандар ел мақтанар,

Халқымыздың жүрегінде.

***

Туын жықпай қолдағы,

Опат болды елі үшін.

Кеудесімен қорғады

Азаттықтың жемісін.

***

Жас ұрпақ, асыр сап

Шырқайды ерлікті ән қылып,

Алып таулар шөксе де,

Ер бейнесі жасайды мәңгілік!

***

Туған жердің әр тасы

Маған ыстық қашаннан.

Бұйраланған аршасы;

Қорғайтын — ер боламын.

***

Ағалар саптан шықпасын,

Аналар қабақ шытпасын,

Бақытқа жетіп бар адам,

Сәбилер тыныш ұйықтасын!

***

Мен қазақпын, ұланымын елімнің,

Мен қазақпын, тірегімін жерімнің.

Ұланымын туын көкке көтерер

Болашаққа алға бастап жетелер.

Қазақ халқында "Ерлік дегеніміз білекте емес, жүректе" деген сөз бар. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Бейбіт күннің қадірін білу үшін ата-баба ерлігін өскелең ұрпаққа жеткізу міндет. Осы орайда ерлік пен батылдықты арқау еткен әрбір шығарманың, өлең жолдарының маңызы зор болмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2090591-erlik-batyldyq-askeriler-turaly-taqpaqtar-toptamasy/

pixel