Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сүйгені суға кетіп, көз жұмған": сазгер Мэлс Өзбековтің "Келші, айым" әні кімге арналған

Опубликовано:

Нота белгілері
Нота дәптері және бәйшешек гүлі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ сахнасында орындалып жүрген әндердің ішінде тағдырлы туындылар да бар. Олардың бірінің шығу тарихын білсек, енді бірін білмеуіміз мүмкін. Бұл жазбамызда жүректі тебірентер ерекше әдемі, тағдырлы әндердің тізімін жарияладық.

Ұлы Отан соғысы кезінде дүниеге келген әндер

Екінші дүниежүзілік соғыс талай жанның жанына жара салды, қаншама ананы зар жылатты, жас ғұмырды қыршыннан қиды. Соғыс жылдарындағы оқиғалар тағдырлы әндердің өмірге келуіне себепші болды. Зұлмат жылдардың қиындығын көрген жандар іштегі дертін әнмен жазуға тырысты. Сол жылдары дүниеге келген әндердің жүректі қозғамауы мүмкін емес. Сондай әндердің бірі – "Қара кемпір".

"Қара кемпір"

Әнші, композитор Алтынбек Қоразбаевтың елге танымал "Қара кемпір" әні әрбір қазақтың жүрегін сыздатты.

Қос құлыны Жексенқұл мен Қосшықұлды майданға аттандырып, өле-өлгенше келіп қалар деген үмітпен күткен меркілік қара кемпірдің тағдыры көкіректі қарс айырады. "Екі ұлың да соғыс даласында ерлікпен қаза тапты" деп естірткенде жынданып кеткен ана қос ұлының өліміне сенген жоқ. Батысқа қарап қолын көлегейлеп, қырға шықты. Қызылсайдың әрбір сай-тасында үмітін үзбеген ананың үні мен ізі қалғандай. Саманнан салынған ұядай ғана қара кемпірдің қарашаңырағы – бүгінде тарих. "Алтынбек Қоразбаев "Қара кемпір" әні арқылы боздағын күткен ананың образын жасап, әннен ескерткіш орнатты", - дейді "Соғыс тұсындағы тағдырлы әндер" мақаласының авторы Айжан Өзбекова.

Сағындым Жексенқұлым, Қосшықұлым,

Өзекті жарып шыққан қос шыбығым.

Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның,

Зарына құлағыңды тосшы бүгін.

Қос құлынын күткен Қали ана қырғыздың қызы еді. Қазақтың азаматымен отау құрды. Күйеуі ерте қайтыс болып кетті. Қос құлыншағы Жексенқұл мен Қосшығұлды 18-19 жасында майданға аттандырды. Күтті. Арада бес-алты ай уақыт өткенде "екі ұлыңыз қаза тапты" деген "қара қағаз" келеді. Қаралы хабарды естіген Қали әжеміз жынданып кеткен. Бірақ ешкімге зияны жоқ адам еді.

Мен Қали ананың талай рет қойын бақтым. Бір аяғына пима, екінші аяғына галош киіп, 10-15 қой-ешкісін алдына салып, ауылдың сыртына кетіп қалатын. Ауыл азаматтары асар жасап, саманнан екі бөлмелі үй салып берді. Бір бөлмесінде азын-аулақ малы, екінші бөлмесінде өзі ұйықтайтын. Көмір жоқ, ағаш жақты. Сексенге қараған шағында қартайып, қайтыс болды. Үйінде тамақ істемейді. Ауыл адамдары таңертеңгі шайын, түскі, кешкі тамағын береді. "Жексенқұлым, Қосшығұлым келеді. Мыналар – солардың малы!" - деп күбірлеп сөйлеп, өз-өзімен әуре болып жүретін. Қос ұлына арнап, жүн-жүннің арасына, киіздің астына ақша тыға берген. Облигациялар, займдар, оның бәрі кейін ешкімге керек болмай қалды ғой. Тіпті бірде ауыл сыртына тікұшақ қонғанда: "Барып сұраңдаршы, менің қос ұлымды көрді ме екен?" деген көрінеді.

Кемпірдің сырын білетін жұрт оған: "Иә, балаларыңызды көріпті. Олар аспанда ұшып жүр екен!" - деп, ұшқыштардың хабарын қара кемпірге жеткізген. "Айттым ғой, Жексенқұл мен Қосшығұлым тірі. Олар әлі келеді!".

Бұл Қызылсайдың бүкіл жұртына мәлім оқиға. Қали әжеміздің тағдыры ешқашан менің есімнен шыққан емес, - дейді композитор Алтынбек Қоразбаев.

"Ана туралы баллада"

Бұл әнді ең алғаш Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Люция Төлешова орындаған. Әннің авторы – Жақсыгелді Сейілов. Майданға кеткен ұлдарын сағынған ананың жан сыры ақтарылатын әнді ән жүректі тербейді. Бұл әнді орындаған әншінің анасы мен әкесі соғысқа қатысқан, әкесі майданнан оралмаған. Әншінің орындауында соғыс туралы ән көп.

"Жас қазақ"

"Жас қазақ" әні соғыстың ортасында жазылған. Әннің сөзін жазған - жазушы Ғабиден Мұстафин. Әннің авторы – Рамазан Елібаев. Бұл әнні жарыққа шығуына Рамазан Елібаевтың майдандас досы, қазақтың батыр ұлы Төлеген Тоқтаровтың өлімі себеп болған.

Қазақ сахнасында орындалып жүрген тағдырлы әндер

"Қарағым-ай"

Бұл әннің әуенін сазгер, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев, мәтінін халық ақыны Шөмішбай Сариев жазған. Орындаған: ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әніші - Нұрлан Өнербаев.

massaget.kz сайтында жарияланған Ғазиза Ұзақтың "Қарағым-ай" – әкенің қызына арнаған әні мақаласында бұл әннің шығу тарихы былай жазылған:

Кеңес Дүйсекеев көп балалы отбасында тәрбиеленген. Бес жасында әкесі өмірден өтеді. Ұл балалардың ішінде жалғыз өскен Күлшат әпкесі ұстаз болу мақсатымен педагогикалық жоғары оқу орнында оқыған. Өкінішке қарай он тоғыз жасқа қараған шағында ол кенеттен қайтыс болады. Артынан о дүниеге әкесі атанады.

Кейін Кеңес Дүйсекеев ер жетіп, өнерге қанат қаққан тұста ол жауқазын ғұмыры орта жолда қиылған әпкесінің рухына тағзым жасау ниетімен ән шығаруға бел буады. Ән ұзатылып бара жатқан қызға арналған ән болуы тиіс деген ой келеді.

"Егер де әкем мен әпкем тірі болғанда, өз серігін тауып, босағасынан ұзатылып бара жатқанда, әкем ақ батасын беріп, қызына осы әнді айтар еді" - деген ойда болады. Бұл әкесінің қызына арналған әні болады. Осылай "Қарағым-ай" әні дүниеге келеді. Әуеннен кейін, әннің мәтіні жазылады.

"Келші, айым"

Бұл әннің тарихы тым ауыр. Әннің қалай дүниеге келгені жайлы "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "Танымал әннің тарихы: "Келші, айым" мақаласында былай жазылған:

"Композитор Мэлс Өзбеков консерваторияда оқып жүрген кезінде Айымзада атты қызға ғашық болады. Қос жүрек бірін-бірі түсініп, махаббаттың шарабына мас болып жүргенінде, жазғы каникул да келіп қалады. Екеуі қимай қоштасып, жаңа оқу жылында кездесуге уағдаласыпты. Демалыс аяқталысымен, Мэлс Алматыға қарай құстай ұшады. Іздегені – Айымзада. Оқу орнына барса, әлі келмеген екен. Не істерін білмей, сыртта тұрғанында мұны танитын курстас қыздардың бірі суық хабар жеткізеді. Айымзада каникул кезінде өзенге шомылып жүріп, суға кетіп қайтыс болған екен. Мұны естіген Мэлстің жай-күйі айтпаса да түсінікті. Көл басына барып, мұңайып отырып, әуеннен тыншу сұрайды. Сезімге толы "Келші, айым" әні осылай дүниеге келген екен".

"Нурикамал"

Аспандағы айма дедім,

Жастық шағым қайда менің.

Жүрегімді елжіреткен,

Жаным қандай жайдар едің.

Бұл әнді композитор Тұрдықылыш Ізтай мен оның жары, ақын Хан­бибі Есенқара екеуі бірге жазған. Алайда ән екеуі­нің ортақ сезімі жайында емес.

Тұрдықылыш Ізтай табиғат аясындағы бір отырыс­та Нурикамал деген сұлу қызға ғашық болады. Сол кеште бойжеткенді биге де шақырған көрінеді. Бірақ Нұрикамал бас тартыпты. Сазгер түнімен пианино ойнап, сезімін әнге қосуға тырысады. Мұны сезген ақынның жары әннің сөзін жазып, "Айтқың келгені осы ма еді?" деп өлеңді жолдасына өзі берген.

Ақын Ханбибі Есенқарақызы естелігінде: "Ол бойжеткенге ғашық болмау мүмкін емес еді. Бұл әнді Естайдың Қорланы сияқты бағаладым", - деген екен.

Хакім Абай: "Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын тесері бар", - деген. Ілкіде айтып өткен әндер жылдар өтсе де, тыңдарманын жоғалтпаған, керісінше уақыт өткен сайын жастардың жүрегіне жетіп жатқан туындылар. Себебі бұл шығармалардың өзіне тән ауыр тағдыры бар. Ал тағдырлы әндердың ұзақ жасайтынын уақыттың өзі көрсетіп келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2102360-suigeni-suga-ketip-koz-zhumgan-sazger-mels-ozbekovting-kelshi-aiym-ani-kimge-arnalgan/