Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің нақыл сөздері

Жарияланған күні:

Әл-Фараби
Шығыс ойшылы - Әл-Фараби. Көрнекі сурет: bilimdinews.kz

Әл-Фараби – адамзаттың екінші ұстазы атанған ұлы тұлға. Шығыс ойшылы кейінгі ұрпаққа тарихи, мәдени және рухани мол мұра қалдырды. Ғұламаның саяси-әлеуметтік трактаттары қазақ ғалымдарының ғана емес, әлем елдерінің назарын аудартты. Бұл жазбамызда Әл-Фарабидің адами болмыс, мінез-құлық, білім-ғылым төңірегіндегі нақыл сөздерін ұсынамыз.

Әлемнің екінші ұстазы

Әл-Фарабидің толық есімі кім? Әл-Фарабидің толық есімі – Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки. Оның есіміндегі "тархан" сөзі ғұламаның дәулетті отбасынан шыққанын білдіреді.

Әл-Фараби дүниеге келген Фараб қаласы IX-X ғасырларда саяхатшылар мен саудагерлерді қызықтырған ұлы Жібек жолының бойындағы ірі саяси, мәдени және рухани орталық, керуен жолдарының торабы болған еді. Әбу Насыр 20 жасына дейін өзі өмір сүрген Фараб қаласында ғылыми білімнің негізін алды. Ол Отырар кітапханасындағы философиялық және ғылыми еңбектермен танысты. Отырар кітапханасы кейбір ғалымдардың пікірінше сол кездегі атақты Александрия кітапханасынан кейінгі ең бай және кітап пен қолжазбалар санының қоры бойынша әлемдегі екінші кітапхана болған деседі.

Әл-Фараби есейген шағында Бұқараға, Самарқандқа, Шаш қалаларына барып біраз уақыт оқып, еңбек етеді. Білімін әрі қарай жетілдіру үшін Бағдат қаласына барады. Дәл осы жерде әйгілі аудармашылар мектебі жұмыс істеген еді. Әл-Фараби ол жердегі тәлімгерлерінен бірнеше тілді меңгереді. Ол түрік, араб, грек, парсы тілдерін жетік білген. Мұның дәлелі ретінде ғалымның жазған еңбектерін айтуға болады.

Әбу Насыр Әл-Фараби Аристотельдің және Платонның еңбектеріне жазылған түсіндірмелердің авторы, сондықтан да Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған. Шығыс ғұламасы Аристотельдің "Риторика", "Логика", "Поэтика" секілді еңбектеріне түсіндірме жазған.

Әл-Фарабидің мінез-құлыққа, адамгершілікке қатысты нақыл сөздері

Әл-Фарабидің мінез-құлық, болмыс, адамгершілікке қатысты қандай нақыл сөздері бар? Шығыс ойшылы адамның мінез-құлқына байланысты мынадай нақыл сөздер айтқан:

  • Ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты.
  • Ғаламда әр адамның өз орны бар.
  • Шыншылдық адалдықпен ағалас.
  • Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді.
  • Мінез-құлық міні – рухани кеселге жатады.
  • Өзгенің пікірін иемденіп кету – надандық һәм ниеті қара адамға лайық іс.
  • Бейқамдық сәтсіздікке бастайды.
  • Ең тамаша әрекет – бақытқа қол жеткізетін еркіндік.
  • Өз бойында жоқ қасиеттерге құмар кісі көлгір келеді.
  • Мінез – жанның айнасы.
  • Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты.
  • Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады.
  • Сұлу саз жан сергітеді.
  • Тән ауырса, жан да ауырады.
  • Шын беріліп қызықтаған нәрсе ғана жүрекке жетеді.
  • Ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуына, жақсы қылық пен жаман қылықтың ара жігін ашуына көмектесетін күш.
  • Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту.
  • Адамның тоқымашы не хатшы болып тумайтыны тәрізді, қайырымдылық пен қайырымсыздық та жаратылыстан бойға өтпейді.
  • Адамның тәндік жаратылысының дамуының негізгі көрсеткіш – денінің саулығы.
  • Бақыт, қуаныш және ләззат сезімдері асқан сұлу, ең әсем және аса көркем дүниелерді қолмен ұстағандай айқын және кемел дүниелер ретінде танып-білу арқылы ғана пайда болып, толық болмысқа ие болады.
Әл-Фараби ескерткіші
Қазақ Ұлттық университетіндегі Әл-Фараби ескерткіші. Көрнекі сурет: kaznu.kz

Әл-Фарабидің білім-ғылым, өнерге қатысты нақыл сөздері

  • Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу.
  • Білім қуған жанның ойы күнделікті күйбеңнен көп алыста жатады.
  • Шын білім – ақиқат, анық білім.
  • Ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтқыр ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұялайды.
  • Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт.
  • Ізгі және қажетті шаруа атқарған адамның бәсі де жоғары болуы керек.
  • Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет ондай болмасқа керек.
  • Өз ісіңнің білгірі һәм шебері атану үшін жақсы жұмыс істеп, жетік білуге ұмтылу керек.
  • Қандай әрекет жасап, қандай іс істер болсаңыз да, игілігін көріп, рахатына бөленуді мақсат тұтқан жөн.
  • Әсіре көп не кем еңбек ету күшке күш қоспайды, қайта қалжырата түседі.
  • Музыка – рухтың, құмарлық пен ынтызарлықтың, әр алуан көңіл-күйдің ісі.
  • Музыканың негізгі міндеті – адамның эстетикалық қажетін өтеу.
  • Өнер біткеннің бәрі бірдей бір адамның құшағына сыймайды.
  • Дұрыс әрекет мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталады.
  • Талпыныс тәжі – табандылық.
  • Өнердің теориясын меңгеру дегеніміз – өнерге қатысты мәселелерді ақыл арқылы ұғыну және талғам қабілетін игеру.
Адамға тән бір жақсы қасиет – өзін қоршаған әлемнің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ете алу.

Ғақлия көзбен қарасаң,

Дүние – ғажап, сен – есік.

Жаһлы көзбен қарасаң,

Дүние – қоқыс, сен – меншік.

***

Өрге жүзген өнегелі ісімен,

Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен.

***

Жүргендер көп достық атын малданып,

Қалмағайсың сен де бірде алданып.

***

Тіршілікте құрыштай бол төзімді,

Сан мәрте ел алдаса да өзіңді.

Тағдырыңды еш уақытта жазғырма,

Кезде дағы әзәзілдер азғырған.

***

Даналар талай нысан тапқанымен,

Тапқан жоқ тектің тегін әлі бірі.

Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені, аса қаталдық – шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады.

Әл-Фараби энциклопедиялық дарынының арқасында философиялық, әлеуметтік, саяси және этика-эстетикалық мәселелерді, сонымен қатар жаратылыстану, математика салаларындағы ауқымды дүниелерді шешімін тапқан ғалым.

Шығыстың ұлы ойшылының адамзат пен табиғат арасындағы құштарлықты арттыруға зор ықпалын тигізуі әлемдік ғылымның даму тарихында өзіндік бағасын алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2107524-alemning-ekinshi-ustazy-atangan-al-farabiding-naqyl-sozderi/