Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қате аударма: неге жұмыс жасалмайды, істеледі

Опубликовано:

Қате аударма
Қате аударма. Иллюстрация: NUR.KZ

Қате аударма маңызды ақпараттың мәнін өзгертіп, түсінбеушілікке немесе жалған ақпаратқа әкелуі мүмкін. Бұл, әсіресе, медицина, заң, техника және журналистика сияқты салаларда өте қауіпті, себебі дұрыс берілмеген ақпарат тіпті адам өміріне теріс әсер етуі мүмкін. Тіл тазалығы да маңызды. Осы себепті "Қате аударма" айдарын жүргізуді қолға алдық.

Қате: Алғаш рет ана/әке атанды

Баспасөзден әке мен ана атану сияқты қастерлі оқиғаны сипаттағанда "алғаш рет" деген тіркесті байқаймыз. Бұл орыс тіліндегі түсінікпен жазылған үлгі. Қазақ дүниетанымында адам бір рет қана ана/әке атанады. Одан кейін қанша баласы дүниеге келсе де, атанбайды. Атанып қойған. Кейін оған екінші я үшінші рет деп санамалаудың қисыны жоқ.

Дұрыс нұсқасы: "ана/әке атанды" немесе "екінші/үшінші... сәбиі дүниеге келді"

Қате: "баратын/келетін/ашылатын болады"

"Сөзтүзер" қате қолданыстар сөздігінде мұндай тіркестер орыс тілінің ықпалымен орныққан, артық сөздерді қолданудың салдарынан туындаған стильдік қате екені айтылған.

Бұл орыс тілінен сөзбе-сөз көшіру салдарынан пайда болған жасанды тіркес. Орыс тіліндегі келер шақты жасайтын "быть" етістігінен "айырылмау" ниетінен туған қате. Ал қазақ тілінде келер шақ қосымша жалғау жолымен жасалады.

"-а/-е/-й көсемге тұлғалы етістік келер шақ (ауыспалы келер шақ) мағынасын бере алады. Сондықтан оған әрдайым бол көмекші етістігін тіркестіре берудің қажеті болмайды", - дейді лингвистер.

Дұрыс нұсқасы: "барады/келеді/ашылады"
Қате аударма мен дұрыс нұсқасы
Қате аударма мен дұрыс нұсқасы. Кесте: NUR.KZ

Қате: "Анықталғандай/Белгілі болғандай"

Бұл орыс тіліндегі "как стало известно" тіркесінің тікелей аудармасы. Қазақ тілінде сөйлемді дәл осылай құрау қате. "Сөзтүзер" сөздігінің бекіткен дұрыс нұсқасы бұл сөзді тіпті қолданбай сөйлем құрау.

Біздің алып-қосарымыз: бұл сөзді сөйлемнің соңында қолдану. Мысалы "Қаза тапқандар қай елдің азаматы екені анықталды". Анықталу сөзінің өзі мағынасы анықталатын контекстіде ғана қолданылғаны жөн деп есептейміз.

Дұрыс нұсқасы: "... анықталды"

Қате: "Алаяққа алданды"

Алдану ұғымын қазақ тілінің лексика жүйесінде тек "кімнен" немесе "неден" деген сұраққа жауап беретін нұсқасы қолданылады. Мысалы "кімнен алданды?". Біздің тұжырымымыз бойынша, "біреуге алдану" – "біреуге жем болу" мен "әлдекімнен алдану" деген тіркестерді араластырып қолданудан туған қате.

Дұрыс нұсқасы: "Алаяқтан алданды"

Қате: "Жұмыс жасау"

Қазақ тілінде әдеби нормаға айналған әрі қалыптасқан тіркес – "жұмыс істеу". "Жұмыс жасау" – белгілі бір өңірлерде ғана айтылатын/қолданылатын, бірақ әдеби нормаға сай келмейтін сөйленіс.

Дұрыс нұсқасы: "Жұмыс істеу"

Құрметті оқырман, айдарымызды жалғастыра отырайық. Келесі кезекте қай сөз тіркестерін талдауды ұсынасыз, пікіріңізді жаза отырыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2109312-qate-audarma-nege-zhumys-zhasalmaidy-isteledi/