Қате аударма: неге өкінішке орайластыру дұрыс емес
Жарияланған күні:
Қате аударма маңызды ақпараттың мәнін өзгертіп, түсінбеушілікке немесе жалған ақпаратқа әкелуі мүмкін. Бұл, әсіресе, медицина, заң, техника және журналистика сияқты салаларда өте қауіпті, себебі дұрыс берілмеген ақпарат тіпті адам өміріне теріс әсер етуі мүмкін. Тіл тазалығы да маңызды. Осы себепті "Қате аударма" айдарын жүргізуді қолға алдық.
Қате: "Жол апаты нәтижесінде"
Нәтиже – бейтарап мәндегі мағыналық реңкі бар сөз. Жол апатының қуаныш райын білдірмейтінін ескерсек, мән-мағынасына қарай "салдарынан" десек қисынын табамыз.
Дұрыс нұсқасы: "Жол апат салдарынан"/"Жол апатынан"
Қате: Өкінішке орай
Орай – "Қазақ тілінің омонимдер сөздігін" алып қарасақ, бір істің, әрекеттің реті, сәті, жөні дегенді білдіреді. Мұнда да жағымсыз я жағымды коннотациясын назардар шығармауымыз керек. Әлденеге орайластыру сәтін салып, жүйесін тауып жасауды білдірсе, жағымсыз формада "қарай" формасын қолданған абзал.
Алайда филолог маман Анар Фазылжанның пікірінше, нағыз қазақша сөйлеймін десеңіз, "бір өкініштісі", "бір қуаныштысы", "бір қызығы" деген қолданыстар осы айтып тұрған ақпаратқа қатысты өзінің эмоциясын білдіретін сөздер. "Дәстүрлі тілде қалыптасқан, дәстүрлі формалар. Сондықтан "өкінішке қарай" да, "өкінішке орай" да дұрыс емес", - дейді маман.
Дұрыс нұсқасы: Бір өкініштісі/өкініштісі
Қате: Қазақ мектеп
"Сөзтүзер" сөздігінде қазақ тіліндегі сөйлем құрылымы бойынша, қазақ мектебу болуы керек. Себебі қазақ мектеп, орыс мектеп, неміс мектеп деп айтылмайды.
"Келтірілген мысалдардың бәрі де изафетке құрылған. Сондықтан қазақ мектебі, орыс мектебі, неміс мектебі болып айтылады", - дейді тіл мамандары.
Дұрыс нұсқасы: қазақ мектебі
Қате: танымалдылық/қарапайымдылық/қонақжайлылық
БАҚ-та және әлеуметтік желі беттерінде көп кездесетін грамматикалық қате осы "танымал" сөзінен сөз тудыру кезінде кетеді. "Танымал" сөзінің өзі сын есім қызметінде тұр. Оған "-ды", "лы" жұрнағын қосудың қажеті жоқ. Ал зат есім тудыру үшін "танымал" сөзіне "-дық" жұрнағын жалғаймыз.
Дұрысы: танымалдық/қарапайымдық/қонақжайлық
Қате: Тұлға сотталды
"Сөзтүзер" сөздігіне сүйенсек, бұл қазақ тіліндегі сөздердің тіркесім заңдылығын ескермеуден туындаған стильдік қате. "Тұлға" сөзі "елге, қоғамға еңбегі сіңген ірі қайраткер, ардақты азамат" мәнінде колданылады. Сондықтан да "тұлғаны соттау" деген тіркес қате. Орыс тіліндегі "личность" (личность осужденного) сөзі қазақшаға сөзбе-сөз аударылып, сөйлемнің мәні, тіркескен сөздері ескерілмеген. Тұлға сөзінің орнына "адам", "кісі" сөздерінің бірін қолдануға болады.
Дұрыс нұсқасы: адам сотталды, кісі сотталды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2113800-qate-audarma-nege-okinishke-orailastyru-durys-emes/