Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өлі көл, Рай көлі, Талдыкөл: Қазақстандағы тылсымы көп көлдерді білесіз бе

Жарияланған күні:

Өлі көл көрінісі
Қазақстандағы көл. Көрнекі сурет: NUR.KZ

Табиғаты көркем қазақ жерінде құпиясы ашылмаған таңғажайып орындар бар. Олардың бірі жан мен тәнге дауа болса, енді бірі ғасырлар бойы тылсым күшін ішіне бұғып жатыр. Бұл мақаламызда Қазақстандағы Өлі көл, Рай көлі және Талдыкөл көлдерінің сырлары жайлы айтамыз.

Тылсымға толы Өлі көл жайлы не білеміз?

Талдықорған маңындағы Сапақ ауылында (2010 жылға дейін Герасимовка деп аталып келді) ұзындығы 100 метр, ені 60 метр болатын Өлі көл деген көл бар.

Бұл көл белгісіз себептермен жаздың аптап ыстығында жылымайды, қақаған аязда суы қатпайды. Су қысы-жазы суық болып тұрады. Көлдің ішінде ештеңе өспейді, балықтар тіршілік етпейді. Тіпті, су асты жәндіктері де өмір сүрмейді. Ал жағасынан шыбын, маса секілді жәндік түрлерін көрмейсіз.

"Қазақстандағы Өлі көл туралы білесіз бе?" мақаласындағы деректерді негізге алсақ, Өлі көлдің суында ұзақ тұруға болмайды екен. Сүңгуірдің ауа баллоны толы болса да, үш минуттан аса уақыт су астында тұра алмайды. Үш минуттан кейін белгісіз себептермен тұншыға бастайды.

Деректерге сүйенер болсақ, мұнда суға батқан адам қатары жыл сайын артып жатқан көрінеді. Олар негізінен жергілікті тұрғындардың кеңестерін тыңдамайтын немесе көлдің жұмбақ қасиеттері туралы ештеңе білмейтін келушілер болса керек. Суға кеткен адам көлдің бетіне қалқып шықпай, көлдің түбінде тікесінен тұрып қалады екен. Жергілікті тұрғындар бұл жерді бірнеше шақырымнан айналып өтеді.

Көлдің түбінде жарықшақ бар, одан улы газ бөлініп, ол барлық тіршілік иесін уландырады деген болжам бар. Ғалымдар сол ауданда бұрындары сынап өндірген кеніштердің орны болған дейді. Алайда әлі күнге дейін бұл көлге қатысты ғылыми зерттеулер жүргізілмеген.

Өлі көл
Қазақстандағы Өлі көл. Көрнекі сурет: ruh.kz

Рай көлі несімен ерекше?

Рай көлі атанып кеткен тұзды көл Ақсу ауданының Матай ауылы аумағында орналасқан. Қасиетті нысан көркемдігімен, табиғи емдік шипасымен қызықтырады. Көлдің суы мен тұнбасының денсаулыққа пайдалы екенін білетіндер жыл сайын келіп-кетуді әдетке айналдырған. Дегенмен бұл көл жайлы білмейтіндер де бар.

Рай көлі атауы қайдан шыққан? Ел аузындағы аңыз-әңгімелерде осы өңірде Рай есімді әйел адам тұрған деседі. Үстіне шыққан жарадан ауыл адамдары шошынып, оны елсіз жерге апарып тастайды. Ол жапан далада күнелтіп, тұзды көлге шомылып жүріп жарадан арылады. Мұны көрген ауыл тұрғындары оны еліне қайтуға үгіттегенімен, көл басында өмір сүре береді. Қартайған шағында қайтыс болады. Басына тобылғылы зират тұрғызылады. Ол зират қазір де бар. Осы аңыз бойынша тұзды көл "Рай көлі" атанып кеткен.

7-su.kz сайтында жарияланған Қажет Андастың "Терең, бірақ батпайсыз әрі мың да бір ем. Рай көлінің құпиясы неде?" мақаласындағы мәліметке сүйенсек, шын мәнінде Рай өмірде болған адам делінеді, ол – Бабеке батырдың жары. Бабеке ер Тоқпанбеттен бата алып, Айтқожа бидің алғысына бөленген. Лепсі өзенінің алқабында "Бабеке тобылғылары" деген жер атауы бар.

Рай көлі емдік, шипалық қасиетімен танымал. Әдетте, судың құрамында натрий мөлшері көп болса, фтор, йод, сульфат сияқты емдік металдардың мөлшері артады. Рай көлінде магний, кальций, калийдің мөлшері жоғары, ал, марганец, кобальт, молибден, мыс пен иод, фтор, бром мен бордың мөлшері аз екені зертханалық талдау барысында анықталған. Сондай-ақ, көлдің табанында шөккен тұнбалардың физикалық-химиялық қасиеті шипажай мен физиоемдеуде қолданылатын емдік балшықтың көрсеткішіне сәйкес келеді. Оның құрамында магний, кальций, натрий, мыс, хром, марганец иондар мен сульфаттың үлесі басым.

egemen.kz ұсынған ақпаратқа сүйенсек, көлге шомылудың да өз тәртібі бар:

Бірінші рет келгендер тұзды көлді тұщы көл деп қалады да, суға сүңгіп кетеді. Со­ның салдарынан ащы тұз көзін аштырмай, аузын ашытып, құлағын тұзбен бітеп, біразға дейін мазасыз күйге түсіреді. Әсі­ресе балалар үшін бұлай шомылу өте қауіпті. Сондықтан басты суға батырмай, су бетінде қалқып жүрген дұрыс.

Көлдің ең терең жері 4 метрге дейін жетеді. Оның бір жері суық, келесісі ыстық болып келетіндіктен денеге, ағзаға берер шипасы әр түрлі. Сол үшін көлдің әр тұсына баруды ұмытпаған жөн. Айта кетерлігі, "Көлге батып кетемін" деп алаңдаудың реті жоқ. Су ішінде аяғыңызды көтеріп қалсаңыз, су бірден көл бетіне қалқытып шығарады. Сондықтан адамдар көлде барынша сергек жүреді.

Шипалы көлге апаратын жолдың өз қиындығы бар. Ол жерге жол талғамайтын көлік арқылы жақсы жетуге болады. Ал ойдым-ойдым, құм арасындағы ойлы-қырлы жол жолаушыны біраз шаршатады.

Рай көлі
Шипалы Рай көлі. Көрнекі сурет: egemen.kz

13 мың жылдық тарихы бар Талдыкөлдің тағдыры қалай болмақ?

Тарихи деректер бойынша Талдыкөл бір-бірімен байланысқан көлдердің тұтас тізбегі болған. Үш көл бір -біріне параллель орналасқан және әуежайға апаратын тас жолдың айналма аймағында қосылған, олардың арасында түбек болған.

ecoinfo.kz экологиялық-сараптамалық порталының мәліметінше, Талдыкөлге шамамен 13 мың жыл. Бұл көл соңғы мұз дәуірі мен голоценнің тоғысында территорияның климаттық ылғалдылығының жоғарылауынан пайда болған.

"Талдыкөл көлдері жүйесінің күзгі альгофлорасы және су-жағалау өсімдіктері" мақаласын негізге алсақ, Талдыкөл көлі Есіл өзенінің бассейніне жатады және табиғи қалалық жабық су қоймасы болып саналады, бұл су қоймасының су ресурстарының көлемі шамамен 4,815 млн м³, су бетінің ауданы 6,019 км2, ал орташа тереңдігі 0,80 м. Натрий мен калий тұздарының басым болуына байланысты өте лас болып табылады, өйткені бұл қала үшін ағынды су қоймасы болған.

Бұқаралық ақпарат құралдарында қала билігінің Үлкен Талдыкөл мен Кіші Талдыкөлдің бір бөлігін рекреациялық аймаққа айналдыру ниеті туралы ақпарат пайда болды, оның ішінде экологиялық туризм үшін.

Талдыкөл көлі 1970 жылы Целиноград қаласының ағынды суларының бу-буландырғышына айналды.

2015 жылы көлдің бетін тазарту үшін австриялық технология бойынша тазарту қондырғысы мен ультракүлгін суды залалсыздандыру қондырғысы салынды. Осы кезде Талдыкөлге ағынды суларды ағызу тоқтатылды.

Кейінгі кезде бұл көлге қатысты мәселе туындағаны белгілі. Бір тарап көлдің орнын құрғатып, құрылыс жүргізуді көздесе, экологтар көлді сақтап қалу маңызды екенін айтып дабыл қағып жатыр. Мәселен Талдыкөлді 168 түрлі құс мекендейтін көрінеді. Бұл туралы табиғат жанашыры Руслан Оразалиев"Құстың 168 түрі қонады". Орнитолог Талдыкөлді сақтап қалудың 5 себебін айтты" сұхбатында былай деген:

"Бұл – құстарды көлге бір келгенде көрді деген сөз емес. Қыс, көктем, жаз, күз уақытында жасаған есебім. Яғни, осынша құс түрін жылдың төрт мезгілінде көрдім. Айталық, қыста солтүстіктен бізде қыстайтын құстар ұшып келеді. Көл мұз құрсауында қалса да, олар жағадағы қамыс арасын паналайды. Одан кейін көктемде жыл құстары Қазақстанның, әсіресе, Орталық Қазақстан мен астана үстінен көп өтеді. Өйткені бұл маң географиялық және территориялық тұрғыда құстардың екі ірі миграция жолының қиылысқан жері. Біздің жер арқылы көптеген жыл құсы ұшып өтуінің себебі сол. Олар Қазақстанда ұзақ жол алдында уақытша тоқтап, қоректенеді, демалып, күш жинайды. Ары қарай қыстайтын аймағына аттанады".
Талдыкөл көлі
Құстардың мекені болған - Талдыкөл көлі. Көрнекі сурет: egemen.kz

2020 жылы Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы мен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы, сонымен қатар экобелсенділер құрылыс, биоәртүрлілік және су ресурсы саласындағы мамандармен пікірталастар өткізді. Нәтижесінде ғалымдар көлді құрғатуға бірауыздан қарсы болды. Экологтардың айтуынша, Кіші Талдыкөлдің табиғи шығу тегі мен қалыптасқан экожүйесі бар. Оны құрғатып, қайта толтырса, ғимараттарды су басуы мүмкін.

Қойнауы қазыналы қазақ жерінде әлі де зерттелмеген жерлер бар. Адам - табиғаттың ажырамас бөлігі. Сондықтан табиғи орындардың өз болмысын, әсемдігін сақтап қалуы маңызды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2116047-oli-kol-rai-koli-taldykol-qazaqstandagy-tylsymy-kop-kolderdi-bilesiz-be/