Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қате аударма: қанша рет ана атандырасыз

Опубликовано:

Қате аударма
Қате аударма. Иллюстрация: NUR.KZ

Қате аударма маңызды ақпараттың мәнін өзгертіп, түсінбеушілікке немесе жалған ақпаратқа әкелуі мүмкін. Бұл, әсіресе, медицина, заң, техника және журналистика сияқты салаларда өте қауіпті, себебі дұрыс берілмеген ақпарат тіпті адам өміріне теріс әсер етуі мүмкін. Тіл тазалығы да маңызды. Осы себепті "Қате аударма" айдарын жүргізуді қолға алдық.

Қате аударма: "Өзін қалай сезінетінін айтты"

Бұл "сказал как себя чувствует" деген орыс тіліндегі тіркестің тікелей аудармасы. Орыс тілінің ықпалымен қазақ тілінде сөйлем құрауға болмайды. Демек, "жағдайын айтты", "денсаулық жағдайын айтты", "күйін айтты" деп жазуға болады.

Дұрыс нұсқасы: "жағдайын айтты", "денсаулық жағдайын айтты"

Қате аударма: "Қандай жағдай болмасын"

Болымсыз етістік – қимыл, іс-әрекеттің болмауын, жүзеге аспауын білдеретін етістік. Қазақ дүниетанымында бұл мысал болымды етістікпен айтылып, жазылады. Ал болымсыз етістік формасында келетін үлгісі орыс тілінің "что бы не случилось" деген қолданыстан тікелей аударудың салдары. Демек, "қандай жағдай болса да" деп сөйлеу, жазу дұрыс.

Дұрыс нұсқасы: "қандай жағдай болса да"

Қате аударма: "Уақытпен тексерілген"

Бұл "проверено временем" деген орыс тілінің ықпалымен тікелей аударудың салдары. "Чем?" деген сұрақтың жауабы қазақ тілінде де "немен?" бола бермейді. Дәл осы нұсқада сөйлеу қазақ тілінің дүниетанымына жат. Қазақ тілінде балама түрін қолданғыңыз келсе, "уақыт сынынан өткен" деп жазуға болады. Алайда бұл нұсқаның өзі тікелей аударылғанын ескеруіміз керек.

Дұрыс нұсқасы: "талай сыналған", "сенімді"

Қате аударма: "өзіне келді"

"Өзіне келу" – "пришел в себя" калькасы. Оның орнына "беті бері қарады", "жағдайы оңалды" деп қолдануға болатын төл түсінік, тілге жат емес ұғым.

Дұрыс нұсқасы: "беті бері қарады", "оңалды"

Қате аударма: "Алғаш рет әке атанды"

Қазақ дүниетанымында бір рет қана әке/ана/ата-ана атанады. Алғаш рет әке атану, екінші рет әке атану – бұл орыс тіліндегі мағынаны тікелей аудурудың салдары. Демек, жай "ана/әке/ата-ана атанды" десек жөн. Ал егер екінші/үшінші/төртінші баласы дүниеге келіп жатса, "екінші баласы дүниеге келді" деп жазғанымыз жөн.

Дұрыс нұсқасы: "ана/әке/ата-ана атанды"

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2117175-qate-audarma-qansha-ret-ana-atandyrasyz/