Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шабуылы адам өліміне әкелуі мүмкін": агрессияға әуес келетін 10 ит тұқымы

Опубликовано:

Ит
Ит. Көрнекі сурет: pixabay.com

Агрессияға әуес келетін ит тұқымдарының дұшпандығы генетикалық деңгейде анықталады. Олардың шабуылы адам өліміне әкеп соғуы мүмкін. Қауіпті ит тұқымдарын Дүниежүзілік жануарлар қоғамының мамандары тізімдеді.

Қай ит тұқымдары қауіпті? Дүниежүзілік жануарлар қоғамының веб-сайтындағы мәліметтер бойынша, адам мен жануарларға шабуыл жасауға бейім ит тұқымдары: питбуль, ротвейлер, неміс овчаркасы, ағылшын бульдогы, бультерьер, доберман-пинчер, қасқыр гибриді, гуль-донг, бульмастиф, хаски.

Питбуль

Әлемдегі ең қауіпті ит қайсы? DogAcademy журналының мәліметтері бойынша, ең қауіпті тұқым – питбуль. Екінші орынды ротвейлер, үшінші орынды неміс овчаркасы алады.

Питбуль – өз алдына жеке тұқым емес. Бұл топқа америкалық питбультерьер, америкалық булли, стаффордшир бультерьері, америкалық стаффордшир терьері кіреді. Питбульдер адам мен басқа жануарларға қатыгез болып кетеді, егер оларды арандатып немесе олардың қажеттіліктерін елемесе, арты жаман болуы әбден мүмкін. Оларға ерте әлеуметтену, күнделікті серуендеу және спорттық ойындар қажет.

Питбуль
Питбуль. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ротвейлер

Ротвейлерлер адамдарды үлкендігімен және бойда қорқыныш үйіретін кескінімен үрейлендіреді. Үй жануарлары жөніндегі сарапшы Крис Дайнессен Роджерстің пікірінше, ротвейлердің зұлымдығы Рим империясы кезінен басталған, сол кезде олар император сарайында күзет қызметін атқарған.

Бұл тұқымдағы иттер өзіне сенімді және батыл. Дұрыс тәрбиеленсе, олар иесіне өте адал және бөтен адамдарға агрессивті келеді. Бұлшықетті күшті күшіктен күзет итін өсіру үшін, оны ерте жастан үйрету қажет.

Ротвейлер
Ротвейлер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Неміс овчаркасы

Неміс овчаркасы қой бағуға бейіл ит тұқымы болып саналады. Ол оңай үйретіледі, сондықтан армия мен құқық қорғау органдарында қызметтік-іздестіру жұмыстары үшін таптырмас тұқым саналады.

Бұл тұқымның иттері өте ақылды, қырағы және қыңыр. Олар тұрақты ақыл-ой ынталандыруды және нақты тапсырмаларды қажет етеді. Тізбекте немесе вольерде зеріктірген өмір оның бойында агрессияны дамытады, сонымен қатар, ит айналасындағылар үшін қауіпті болуы мүмкін. Табиғатынан неміс овчаркасы достық мінезді ит. Егер иесін көшбасшы ретінде құрметтемесе және оған күмәнданса, ол агрессия көрсете бастайды.

Неміс овчаркасы
Неміс овчаркасы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Америкалық бульдог

Америкалық бульдог – күзет және қорғау қызметін жиі атқаратын жұмысқа арналған ит. Бұл тұқымның өкілдері мықты бұлшықетті денеге, кең бетке және салбыраңқы еріндерге ие, бұл сұсы адам баласына қорқынышты көрінеді.

Бульдогтар өткір сөздерге сезімтал және дұрыс үйреткен жағдайда ғана қолға үйретуге көнеді. Бұл тұқымда аңшылық инстинкт дамыған, бұл олардың әлеуметтенуіне теріс әсер етеді. Үй жануарлары отбасына достықпен қарайды, бірақ бөтен адамдар мен басқа иттерді ұнатпайды. Олар өте белсенді және ширақ келеді.

Америкалық бульдог
Америкалық бульдог. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бультерьер

Бультерьерлерді XIX ғасырда Англияда басқа иттерден қорғану және иттер шайқасына қатысу үшін өсірген. Үйретілген үй жануарының өзі қорқынышты сыртқы түрімен үрейлі.

Бұл тұқымның өкілдері сабырлы келеді, бірақ дұрыс тәрбиеленбесе, жануардың инстинкттері басым болады. Бультерьер айналасындағылар үшін қауіпті, бірақ бірінші болып қаппайды.

Бультерьер
Бультерьер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ит жалғыздықты ұнатпайды және ұзақ уақыт бойы бөлмеде жабық қалса, ашуланады. Оған күнделікті физикалық жаттығулар мен белсенділік қажет.

Доберман-пинчер

Доберман-пинчер – жұмысқа арналған ит тұқымы. Ол батыл және ержүрек мінезімен, иесіне адалдығымен және ақылымен ерекшеленеді. Биіктігі 70 см-ге дейін өсетін және салмағы шамамен 40 кг болатын иттің сыртқы көрінісінің өзі бөтен адамдарға қауіп барын бірден аңғартады. Егер оны күзет ит ретінде үйретсе, үй мүлкі үшін алаңдаудың қажеті жоқ. Қауіпті сезінсе, доберман бірден шабуыл жасайды, бұл өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.

Доберман-пинчер
Доберман-пинчер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Үйретілген үй жануары балалар мен үй жануарларына агрессия көрсетпейді. Ол назар аударуды және күнделікті ұзақ серуендеуді қажет етеді.

Қасқыр иті

Қасқыр иті (қасқыр ит) – бұл қасқыр мен үй итінің буданы. Оларды бұрынырақта қасқырдың табиғи инстинктін және үй иттерінің қызметтік қабілеттерін пайдалану үшін өсірген. Қасқыр итінде туғаннан бастап өз аумағын қорғау қабілеті дамыған, сондықтан ол бөтен адамдарға сақтықпен қарайды.

Қасқыр иті
Қасқыр иті. Көрнекі сурет: Wikipedia/Pandora666

Ит адамды қорғауға үйренбеген, өзін және ұрпағын қорғайды. Дұрыс үйретілсе де, мұндай ит күтпеген жерден қыр көрсетуі мүмкін. Қасқыр иттер үре алмайды, сондықтан кез келген қауіпте бірден шайқасқа шығады.

Гуль-донг

Гуль-донг – ең қауіпті ит тұқымдарының бірі. Оны Пәкістанда Bully Gull Terr немесе пәкістандық бульдог деп атаған. Бастапқыда бұл тұқым шайқас үшін ұсталған.

Пәкістандық бульдогтарды басқа елдерде сирек ұстайды, өйткені бұл тұқымның өкілдері агрессивті және қауіпті. Тек өзіне сенімді иесі ғана мұндай үй жануарын тәрбиелеумен айналыса алады. Гуль-донг бағынуға дайын емес және кез келген жағдайда агрессия көрсетуі мүмкін. Бұл күшті және ірі ит пәтерде тұруға жарамайды. Ол серуендеуді және белсенді физикалық жүктемені қажет етеді.

Бульмастиф

Бульмастиф – бұл тек сүйікті адамдарын қорғайтын күзет ит. Қорқынышты тұқымның өкілдері кез келген қаскөйді тоқтата алады.

Бульмастифтер тым үлкен болып өседі және серуендеу мен жаттығуға көп орын қажет етеді. Иттер үйрету кезінде қыңырлық танытады және тек өзіне сенімді адамды тыңдайды. Егер оларды уақытында әлеуметтендірмесе, бульмастифтер кішкентай балалар мен жануарлар үшін қауіпті болады.

Бульмастиф
Бульмастиф. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бұл тұқымның иті ешқашан бірінші болып шабуыл жасамайды, бірақ қауіпті жақындағанын сезіп, жауға лайықты тойтарыс береді.

Хаски

Хаскидің мінез-құлқы тосын. Олар кез келген уақытта алдын ала ескертусіз агрессия көрсете алады. Олардың әдемі көгілдір көздерінен көңіл күйін дөп басып анықтау мүмкін емес. Хаски белсенді және үйде сабырмен өсіруге бағына бермейді, жиһазды қиратып, ұсақ жануарларды қуады.

Бұл тұқымның өкілдерін үйрету қиын. Олар өзін топтың бөлігі ретінде сезінеді және вольерден жиі қашады. Тек ерте жастан бастап үйрету және күнделікті спорттық жаттығулар арқылы хаскидің достық сезімін оятуға болады.

Хаски
Хаски. Көрнекі сурет: pixabay.com

Күзетші немесе аңшы итті таңдағанда, оның физикалық күші, батылдығы және шешімділігі ескеріледі. Туа біткен агрессияны үйрету және тәрбиелеу арқылы ғана жоюға болады. Егер отбасына жұмсақ мінезді тыныш ит қажет болса, аталған тұқымдарды таңдамаған жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2128377-shabuyly-adam-olimine-akelui-mumkin-agressiiaga-aues-keletin-10-it-tuqymy-foto/