Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қате аударма: жемісті балғын деу керек пе

Опубликовано:

Қате аударма
Қате аударма: NUR.KZ

Қате аударма маңызды ақпараттың мәнін өзгертіп, түсінбеушілікке немесе жалған ақпаратқа әкелуі мүмкін. Бұл, әсіресе, медицина, заң, техника және журналистика сияқты салаларда өте қауіпті, себебі дұрыс берілмеген ақпарат тіпті адам өміріне теріс әсер етуі мүмкін. Тіл тазалығы да маңызды. Осы себепті "Қате аударма" айдарын жүргізуді қолға алдық.

Қате: балғын жеміс, балауса жеміс

Бұл өзге тілдің ықпалымен сын есім туғызу мақсатында жасалған қате. "Сөзтүзер" сөздігінде лингвистер "балғын" сөзі ауыспалы мағынада көбіне тірі жан иесіне қолданылатынын жазған.

"Орыс тілінде жеміске де, басқаға да "свежий" деген бір-ақ сөз қолданылса, қазақ тілінде де бәріне қатысты бір-ақ сөз болуы керек деген заңдылық жоқ. Қазақша жаңа піскен, енді піскен, жаңа сауылған, су жаңа, жап-жаңа, шыт жаңа деген сияқты, анықталатын сөзге қатысты өзгеріп келе береді", - деп түсіндіреді сөздік авторлары.

Дұрыс нұсқа: анықталатын сөзге қатысты "жаңа піскен", "енді піскен", "жаңа сауылған", "су жаңа", "жап-жаңа", "шыт жаңа".

Қате: керек пен тиістің айырмасы

Тіл маманы Гүлнар Салықбай "Қажет", "тиіс", "керек" деген модальдық сөздердің ішінде тек "тиіс" сөзі ғана жіктелетінін айтқан.

Лингвистің айтуынша, "баруға тиіспін, баруға тиіссің, баруға тиіс" – дұрыс нұсқа да, ал "қажет", "керек" жіктелмейді. Қазір екінің бірі "бару керекпін", "баруыңыз керексіздер" деп сөйлейді. Ал бұл қате.

Тіл маманы Назгүл Қожабектің айтуынша, "керек, қажет, тиіс" деген үш сөзді тавтологиядан қашу үшін қолданылатын бір мағыналы, бір қызмет атқаратын сөздер деп ұғып алғанбыз. Шын мәнінде олай емес. Әрқайсының өз орны бар.

"Тиістің" сол өз орны оны барыс септіктегі етістікпен тіркестіруді талап етеді. Өйткені, тиіс - жіктеледі, ал керек пен қажет жіктелмейді. Тәуелдік жалғаулы сөзбен тіркесіп тұрған тиісті жіктеп көрейікші: болмауы тиіс, болмауың тиіссің, болмауым тиіспін? "Керек" пен "қажеттің" қате жіктеліп кетуі де осылардың аражігін ажыратпаудан болып жүр. Тиіс жіктелсе, басқасы да жіктеледі деп адастық. Тиіс жіктелуі үшін оның алдындағы сөз барыс септікте тұруы керек", - деп түсіндірген маман Telegram-дағы арнасында.

Дұрысы: тиіс сөзін ғана жіктеу

Қате: басы артық "болады"

"Баратын болады", "міндеттелетін болады", "жұмсалатын болады" – "Сөзтүзер" авторларының айтуынша, бұл орыс тілінен сөзбе-сөз көшіру салдарынан пайда болған жасанды тіркес, орыс тіліндегі келе шақты жасайтын "быть" етістігінен "айрылмау" ниетінен туған. Ал қазақ тілінде келер шақ қосымша жалғау жолымен жасалады.

Сондай-ақ "болады" етістігін орысшадан калькаламай бермеудің тағы бір жолы қимылдың дүркінділігін білдіретін өзге бірліктермен ауыстыруға болады. Мысалы үнемі, әрдайым, кейде және тағы басқа бірліктерді қолдануға мүмкіндік бар.

Дұрысы: барады, міндеттеледі, жұмсалады

Қате: нотариуспен куәландырылған, заңмен тыйым салынған, үкіметпен бекітілген

Бұл орыс тіліндегі "заверено нотариусом", "запрещено законом", " утверждено правительством" деген клишені қазақ тіліне тікелей аудару салдарынан туған қате. Байқасақ, бұл мысалда көбіне көмектес септік жалғауы қате жалғанған.

Дұрысы: нотариус куәландырған, заңда тыйым салынған, үкімет бекіткен

Құрметті оқырман, айдарымызды жалғастыра отырайық. Келесі кезекте қай сөз тіркестерін талдауды ұсынасыз, пікіріңізді жаза отырыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2129409-qate-audarma-zhemisti-balgyn-deu-kerek-pe/